Мақала
Жетісу театрының жетістіктері
Жер жәннаты – Жетсіу өңірінің рухани орталығы Талдықорғанның Бикен Римова атындағы қазақ драма театры екені талас туғызбас
Бөлім: Театр
Датасы: 14.12.2017
Авторы: Меруерт Жақсылықова
Мақала
Жетісу театрының жетістіктері
Жер жәннаты – Жетсіу өңірінің рухани орталығы Талдықорғанның Бикен Римова атындағы қазақ драма театры екені талас туғызбас
Бөлім: Театр
Датасы: 14.12.2017
Авторы: Меруерт Жақсылықова
Жетісу театрының жетістіктері

Республика театрлары арасында өз келбеті мен ойып алар орны бар өнер ордасының шығармашылығымен терең танысудың сәті түсіп, репертуардағы алты спектакльді көріп-талқалауға мүмкіндік алдық. Осы ретте «Сыншылар апталығын» өткізіп, өз бағыт-бағдарын танып-білуге ниет еткен театр басшылығының арнайы шақыруына алғысымызды білдіреміз.

Сыншылар назарына ұсынылған алғашқы қойылым жазушы-драматург Д.Рамазанның «Керей-Жәнібек» тарихи драмасы. Қоюшы-режиссері Базарбек Тоқымтаев. Қазақ хандығының құрылғанына 550 жыл толуына орай дүниеге келген аталмыш спектакльдің идеясы жас ұрпақты патриотизмге тәрбиелеп, тамырын тереңге тартқан тарихтың толғақты сәттерін жаңғырта отырып, болашақта ел бірлігін, ұлт тұтастығын сақтауға шақырады.

Драматургиялық материалдың салмағы келелі көркем тілге құрылғанымен, сөз тартысын сыртқы әрекетпен көмкеруде шабан тартқан осал тұстары да жоқ емес. 1960 - 1980 жылдардағы драматургия эстетикасында жазылған пьесаға заманауи үн беруде режиссердің көп ізденгені байқалды. Суретші Қарлығаш Шалабаева қазақтың сахарадай сары даласының келбетін және сол қиын-қыстау кезеңнің бейнелік шешімі ретінде қоңырқай-сарғылт түсті маталарды пайдаланып, пьесадағы әр түрлі жерлерде өтетін оқиғалардың орнын жеткізетін, әрі олардың басын тоғыстыратын сахналық безендіруді жүйелі түрде жақсы жүзеге асырған. Оқиғаның финалдық сахнасындағы Қазақ хандығының символы іспетті ақ күмбезді сарайдың пайда болуы әсерлі метафора екені сөзсіз. Суретші қиялының осындай жемісті жетістіктерін өз ойымен ұштастыра білген Б.Тоқымтаевтың режиссерлік шешімдері де орнымен оқылып жатты. Мәселен, тайқазанды ортаға алған алқалы топтың кеңесу сәті тарихи шығармаға ғұрыптық көрік беріп, оқиғаның маңызын арттырған. Тайқазан орналасқан мосының үш бұты үш жүздің белгісі десек, әр бір жүздің өкілі тайқазанға тәу етуі де ұтымды теңеу қатарында.

Режиссердің пайым-тұжырымын жеткізуші актерлерде драматургиялық негізге сай өз рольдерін жауапкершілікпен орындап шықты. Бас кейіпкерлер Керей – «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері, «Еңлікгүл» сыйлығының лауреаты Сағындық Жұмаділ мен Жәнібек – актер Еркебұлан Айдымбаев сомдаған сұлтандардың бейнелері «елім» деп еңіреген тарихи тұлғаларды көз алдымызға әкелді. Керей-С.Жұмаділ ақыл тоқтатқан, оң-солын анық таныған салиқалы саясаткер ретінде көрінсе, ал Е.Айдымбаев өз кейіпкерінің жастық албырттығына, бірбеткей батырлығына баса назар аударған. Сондай-ақ, актер Б.Тоқымтаев сомдаған Асан-Қайғы баба бейнесі ерекшеленіп есімізде қалды. Асан-Қайғы-Б.Тоқымтаевтың сырт тұлғасы, жағымды қоңыр даусы, шешен сөз бен асыл ойларды жеткізудегі шеберлігі көңілге де, көкейге де қонып жатты. Спектакльге қатысқан барлық актерлер берік орындаушылық ансамбльге қол жеткізген. Әсіресе, Әбілқайыр – Дәулет Қанат, Жиренше шешен – Мақсат Ақжолов, Рәбия Сұлтан бегім – Айгерім Бекболатова, Қотан тайшы – Серік Нұрхалық, Ақжол би – Абай Нұғманов, Қобыланды батыр – Ерлік Қалибек, т.б. ойын мәнері әсерлі болып, спектакльдің көркем идеясын ашуға көп ықпалын тигізді.

Дегенмен, қойылымның әлі де толықтырар тұстары жоқ емес. Мәселен, спектакльдің ерекше атмосферасын сезіне алмадық, себебі қойылымның екпін-ырғағы анықталмай қалған. Актерлер ойынында әлі де болса жаттандылық басым. Батырларды кескіндейтін актерлердің костюмдері мен гримдері және роль орындау мәнерлері де бірдей, даралықтары жоқ. Музыкалық партитура оқылмайды. Спектакльге салтанаттылық, күш-жігер, рух жетпейтін жатты. Бірақ бұл ескертпелер болашақта шешімін табар деп сенеміз. Қорыта айтқанда, театрдың ірі тарихи тақырыпты мегерудегі талпынысы құптарлық, бүгінгі жастарға берер тағлымы мол спектакль дейміз.

Тарихи тұлғалардың өмірінен сыр шертетін келесі бір спектакль «Ілияс» деректі драмасы. Жетісу өңірінің, қала берді күллі алаш жұртының айбынды ақыны, қазақ поэзиясының «Құлагері» атанған Ілияс Жансүгіровтің 120 жылдығына арналып қойылған. Пьеса авторлары көрнекті филолог-ғалым, ілиястанушы Мұратбек Иманғазинов пен режиссер Назым Өтеулинова. Драма Ілиястың жарық дүние есігін ашу сәтінен басталып, оның ержетіп, хат таныған, сосын қоғам қайраткері кезімен, соңғы демі шыққан сәтіне дейін қамтыған. Жіті ауысып отыратын сахналық эпизодтар, бөлек-бөлек оқиғаны арқау еткендіктен пьесада бас кейіпкердің мінезі диалектикалық даму, драмалық тартыс үстінде ашылмайды. Шығарма Ілиясты қоршаған орта мен ХХ ғасыр басындағы қоғам және өнер қайраткерлерінің өмірінен деректер берумен шектеледі. Пьесада қобызшы Молықбай, Барлыбек Сырттанов, Майра Уәлиқызы, Әсет Найманбаев, Маман Тұрысбек сынды қазақтың белгілі азаматтарыжолайы көрсетіліп, оларға аз-маз тоқталып өтеді. Қысқарта айтсақ, драматургиялық материалдың танымдық мәні басым екендігі талас туғызбайды, бірақ Ілиястың жан-сырын, оны алаңдатқан мәселелерді, ақынның асқақ арманын естідік десек жалған сөйлегеніміз болар. Пьеса авторларының кәсіби маман емес екенін ескере отырып, жалпы болашақта театр ұжымдары пьеса жазуды кәнігі драматургтерге тапсырса дұрыс болар еді деп отырдық.

«Ілияс» спектаклінің сахналық нұсқасы драматургиядан кеткен кемшіліктерге қарамастан жоғары деңгейден көрінген. Драмадағы иллюстративтік желі, плакаттық бағыт мұнда да қайталанады. Дегенмен, жас режиссер Назым Өтеулинова «жоқ» деп қол қусырып қарап отырмай, жоқтан бар жасағаны құптарлық. Режиссердің тұжырымына сай спектакль деректі драма эстеикасында жасалған. Н.Өтеулинова ақын өмір сүрген кездегі зұлмат заманның тынысын жеткізіп, Ілияс және ол сияқты қаншама қыршынынан қиылған қазақтың көзі ашық, көкірегі ояу азаматтары көрген қорлықты дәлме-дәл көрсетуді көздеген. Режиссер өз ой-тұжырымын деректі кадрлар арқылы да оңтайлы сөйлеткені көңілге қонады. Спектакльдің қайсыбір тұстарында (Ілиястың дүниеге келу кезі, Ілиястың анасының түсі, т.б.) орнымен қолданылған көлеңкелі (теневой) шешімдер режиссердің кәсіби даярлығының жеткілікті екенін байқатты. Әсіресе, Н.Өтеулинова роль орындаушыларды сәтімен іріктеп алғаны оның режиссерлік жүгін жеңілдеткен.

Жас Ілиясты ойнаған Е.Айдымбаев поэзия мен білімге құштар, әсемдік пен көркемдікті жанымен түсінетін, жастық жалыны асқақтаған бозбала ретінде көрінді. Жас Ілияс – Е.Айдымбаев, ақынның алғашқы ғашығы Айтолқын – А.Кенбаева, жас кезіндегі досы Шамай – Ш.Мүкен арасында өтетін оқиға барысында үш актердің әдемі триосы спектакльдің сәтті сахналары қатарында. Үш актер өз кейіпкерлерінің іс-қимылын, сөйлеу мәнерін жақсы таба алған.

Пьесада атқаратын жүгі шамалы болса да Жансүгір (Ілиястың әкесі) – Б.Тоқымтаев, Көкіш (Ілиястың анасы) – А.Төлеуова, Майра Уәлиқызы – Р.Қапашева, Маман Тұрысбек (Мамания мектебінің негізін қалаушы) – С.Нұрхалық, т.б. жасаған сахналық бейнелер халық көңілінен шығары сөзсіз. Осылардың арасында кең тынысты әншілігімен, серілігімен топ жарып, әр сөзімен, әрекетімен оқиғаға қан жүгірткен Ә.Найманбаев роліндегі Кендебай Темірбайұлының шебер ойыны назарымыды бірден баурады. Оның сахналық тұрпаты мен костюмінен, еркін қозғалысынан актерлік бабының кемелдігін байқау қиын емес. Режиссер К.Темірбайұлына әнші-ақын Әсеттің ролін беруде жаңылыспаған. Оның актерлік қабілеті бұл бейнені дөңгелетіп жіберуге сұранып-ақ тұр.

Ал орта жастағы Ілияс бейнесін артист Абай Нұғманов өзінше өрбітеді. Ұстамды да, эмоцияға сараң ойын мәнерін ұстанған актер өз кейіпкерін қарапайым адамнан қарағанда халық түсінігіндегі ақын бейнесіне жақын етіп кейіптейді. Бұл ретте, пьесада Ілиястың қоғам қайраткерлігіне қалай көтерілгені туралы ештеңе айтылмайтынын еске алсақ, актердің ойын мәнерінің осы төңіректен шыққанына таңырқамаймыз да. Пьесада жоқ дүниені актер өз жанынан қоспасы анық.

Ілиястың жұбайы Фатима бейнесін жасаған актриса Аян Қожбанова өз кейіпкерінің лирикалық бояуына баса назар аударған. Фатима-А.Қожбанова нәзік те, сезімтал әйел ретінде есімізде қалды.

Тергеуші роліндегі актер С.Жұмаділ ойыны нағыз «шаш ал десе, бас алатын» өкіметтің жандайшабы болып шыққан. Адамды азаптаудың небір құйтырқы қырларын меңгерген тергеуші - С.Жұмаділ сол кесапат заманның зұлымдығын жеткізуші бола білді.

Осылайша, театр актерлері мен режиссердің татулықпен атқарған еңбегінің арқасында Жетісу өрені, ақиық ақын Ілияс Жансүгіровтің сахналық бейнесі дүниеге келіп, көпшілікпен қауышты. Спектакль кемшіліксіз емес, оның басты себебі драматургияның жоқтығында екенін жоғарыда тілге тиек еттік.

Расында, драматургия күрделі сала. Соның ішінде комедия жазу одан да бетер қиын шаруа. Ал айтар ойы салмақты комедияны дүниеге әкелу екінің бірінің қолынан келмейтін қияметті іс екені айтпаса да түсінікті.

Отбасылық құндылықтар бүгінде ұсақталып, ерлі-зайыптылар арасындағы махаббат пен сенім ашық саудаға түсіп жатқаны да жасырын емес. Балгер мен экстрасенстерден көмек сұрау, дуа жасау қазірде сәнге айналғаны да шындық. Сонымен қатар, қолдан жасалған әр түрлі «қоғамдардың» да отбаслық өмірге етене араласып, «артық еткеннің орнына, тыртық ететіні» сәттері де жоқ емес. Міне, осындай өзекті мәселені көтеретін белгілі драматург С.Балғабаев қаламынан туған «Ең жақсы еркек» комедиясы театр репертуарына осы маусымда қосылыпты. Режиссері – Болат Ұзақов, суретшісі – Қарлығаш Шалабаева.

С.Балғабаев «Ең жақсы еркек»

Әйел мен еркек арасындағы мәңгілік тартыс, қызғаныштың кесірі, кредит алып той жасау, т.б. өмірде кездесетін кейбір келеңсіз жайттарды күлкі тілінде сөйлткен автор идеясын режиссер сахнада сәтімен жалғасырып, жанр табиғатына сай дамыта алған.

Кейіпкерлердің ара-қатынасы мен мінез ерекшеліктерін ашуға ден қойған Б.Ұзақов актерлік құрамның барлық қарым-қабілетін өз пайдасына ұтымды пайдаланған. Сөйтіп, кейіпкерлердің мінез тартысы арқасында тіршіліктің шындықтары ашыла түсіп, сахналық әрекет ширыға береді.

«Ең жақсы еркек» құрметті атағын жеңіп алған Алпанның өмірі бір-ақ сәтте өзгереді. Алпан роліндегі артист Ерлік Қалибек оқиға барысында өз кейіпкерінің өзгерісіне сай түрленіп, әрекет етеді. Актер дуаға дейінгі және дуадан кейінгі Алпанның жүріс-тұрысын, сөз саптауын дөп басқан. Оның ішкі-сыртқы пластикасы, ситуацияға сай икемлеуі актерлік мол қабілетін байқатты. Комедияның күллі жүгін арқалап шыққан актердің ойыны көрерменді баурап алары анық.

Оқиғаның дамуына әсер етіп, әрекеттің көрігін қыздырған Нәсихат Мәслихатовна роліндегі Қазақстанның халық артисі Алмахан Кенжебекованың ойыны қызулы қуатымен тартады. Отбасылық өмірдің жақсылығын насихаттайтын қоғамдық ұйымның меңгерушісі - А.Кенжебекова ойынынан үй шаруасымен шұғылданғысы келмей, немере мен шөбереге мойынсұнбай, басшылық тізгінін қолынан түсіргісі келмейтін белсенді қоғам мүшесін көреміз. Оның жүріс-тұрысы, бұйыра сөйлетін өктемдігі, сахналық келбеті, жасанды шашы, костюмі бұл бейнені толықтырып, актерлік шеберлігінің мықтылығын тағы бір танытты. Сахнада бір секундта бос тұрмайтын актриса өз ырғағымен қасындағы серіктестерінде күш-қуат беріп, тартыстың ширығуына септігін тигізіп бақты.

Комедияға қатысқан актерлер мықты ансамбль түзе білген. Розабану (тілші-фотограф) – Мәкен Нұрмұхамбетова, Мария-Магдалена (экстрасенс) – Әлихан Ыдырышева, Ақкербез – Ақмарал Төлеуова, Ләтипажан (жас қыз) – Фариза Рысбекқызы, Айләззат (биші) – Айгерім Бекбулатова, Гұлмайдан (Алпанның жұбайы) – Гүлжазира Тлепбергенова, Спанидияр – Ғанидулла Оңалбайдың өзара тіл табысуы, бірін-бірі сезіну комедияның қызуын арттырған. Ақкербез роліндегі А.Төлеуованың табиғи естілетін сыңғырлаған күлкісі, атына заты сай кербезденген іс-әрекеті өмірде өзінен басқаны жақсы көрмейтін, бірінші орында «мені» тұратын қыз-келіншектерді еске салады. Актриса өз кейіпкерінің ерекшеліктерін дұрыс түсініп, комедиялық күйді серпілтеді.

Өмірлік шындықты арқау еткен бұл комедия тек қазақ халқына ғана емес, жалпы адамзатқа тән мәселелерді көтеруімен құнды. Ал Талдықорған театрының шығармашылық тобы бұл комедияны қазақыландырмай еуропалық деңгейде дейін көтере білгеніне қуанып қалдық. Күлдірте отырып ой тастау оңай шаруа емес, бірақ ұжым осы жауапты істі ойдағыдай жүзеге асыра алған.

Шекспир «Ромео мен Джульетта»

Әрбір театрдың репертуарында Шекспир туындыларының орын тебуі оның шығармашылық мүмкіндігін айқындайтын көрсеткіш деуге болады. себебі Шекспир шығармалары театр актерлерінің шеберліктерін шыңдауға мол мүмкіндік береді. Солардың арасында өскелең ұрпаққа шынайы махаббатың үлгісін көрсетуде «Ромео мен Джульетта» трагедиясының маңызы зор. Шекспирдің төгілген тілі, ондағы романтика мен лирика тұнған сезімдер, адал махаббат, бітіспес тартыс, нақақтан болған өлім, барлығы-барлығы еріксіз өзіне баурайды. Сондықтан бұл ғашықтық оқиғасын қазақ театрлары да жиі сахналайды. Трагедияның бірнеше нұсқасын, әртүрлі режиссерлік шешімде көргеніміз бар. Әр режиссер суреткер болғандықтан бұрынғы сүрлеуді қайталамай, классикаға жаңаша заманауи үн беруді көздейді, өзіндік интерпретациясын, айрықша концепциясын іздері анық.

Талдықорған театрының төрінде аталмыш пьесаны жас режиссер Айдын Сахаман қойыпты. Дегенмен, осы жолғы «Ромео мен Джульеттадан» нақты режиссерлік оқылымды сезе алмадық. Спектакльдің сыртқы формасы да, бейнелік шешімі де, тіпті, кейіпкерлердің өзара қарым-қатынастары да табылмаған. Жекелеген сахналық көріністердің әсері (мәселен, Ромео мен Джульеттаның некелесу сәті, т.б.) болмаса, спектакльдің өн-бойында тұтастық жоқ. Қойылымның тағы бір ұтылған жері Ромео мен Джульетта бейнелерінің толыққанды шықпауы дер едік. Сахнадан шынайы махаббат жалынын көрмеген соң, жалпы бұл оқиғаның не үшін, кім үшін өтіп жатқанын түсіне алмай отырдық.

Спектакльде өнер көрсеткен жеке-дара актерлердің ойыны болмаса, қоян-қолтық еңбек еткен ансамбль түзілмеген. Бұл ретте, Джульеттаның күтушісін ойнаған актриса Сандуғаш Мұңайтпасованың шеберлігін атап айтумыз керек. Қайта Өрлеу дәуірінің бар жақсы нышандарын бойына жинаған С.Мұңайтпасова жасаған күтуші бейнесі ойнақылығымен, нанымдылығымен, жарқындығымен ерекшеленіп тұрды. Жинақтай айтқанда, қойылымда пысықтайтын кемшіліктер жетерлік. Дегенмен, труппаның күрделі классикалық шығарманы сахналауға қарым-қабілеті жететінін байқадық.

Ұжымның балаларға арналған базарлығы да бар екен. Көрнекті жазушы-драматург Д.Исабековтың «Құстар фестивалі» пьесасын қоюшы-режиссер Н.Өтеулинова бүлдіршіндерге лайықтап қойыпты. Спектакль балаларға бағытталғандықтан режиссер пьесаның сатиралық-әлеуметтік астарын жеңілдетіп, саналы түрде сыртқы сюжетке ғана мән берген.

Сахна шымылдығы ашылғанда көңілді де ойнақы музыканың әуеніне билеген құстардың балын көреміз. Сценографиялық жасаулау да сәбилердің қабылдауына қолайлы, қызылды-жасылды әсем түстермен әрленген орман ағаштары мен гүлдерге толы. Бұл жерді мекендеген сан алуан құстардың сахналық киімдері де аса тартымды. Жас балақайлар әрбір қанаттыны еш қиындықсыз тани алады.

Ән байқауына қатысқан құстар тобының арасында Әтеш (артист Б.Шошабаев) басқарған тауықтар (А.Қожбанова, А.Төлеуова) мен балапандар (Г.Тлеуғали, А.Ақтөреева) жанұясы және Қарға (Е,Қалибек) мен оның отбасы (Ана қарға -А.Бекбулатова, Бала қарға - Е.Айдымбаев) дараланып тұрды.

Әсіресе, Тоты роліндегі С.Мұңайтпасова сөз қайталушы құстың дыбыстық, үндік мәнерін, пластикалық сипатын келісті етіп ойнайды. Оның Тоты екенін жазбай танисың. Актрисаның ізденісі бұл жолы да тайға таңба басқандай оқшауланып байқалды.

Сөз соңында, спектакльдің музыкамен көркемделуі, кейбір құстардың костюмдері мен пластикалық ерекшеліктерін қайыры бір қараудың артығы болмас дейміз.

Қазіргі таңда діни экстремизм қаулап тұрған шақта театр бұл проблемадан шеттеп отыра алмасы анық. «Адасқанның алды мұз, арты жалын» демекші, бүгінде дін жолына түстім деп адасып, әртүрлі кертартпа бағыттардың ықпалына іліккен жастар аз емес. Талдықорған театрының «Хақ жолы» әлеуметтік драмасы осы өзекті мәселені көтереді. Драматург, әрі режиссер А.Ихсанның бұл шығармасы діни экстремизмді ауыздықтауға деген алғашқы талпыныстардың бірі десекте, пьеса драматургия заңдылықтарына толық жауап бере алмайды. Шығармада әрекет пен сөз арасында қайшылықтар кездеседі.

Режиссер Б.Ұзақов өз қиялы мен дүниетанымына жүгіне отырып драмаға жаңа ғұмыр беруге тырысқан. Көптеген сахналық метафораларды қолдана білген ол драмалық тартысты қоюландыра түсіпті. Қажет жерлерінде дәстүрлі емес діни ағымдардың жетегінде кеткен ұл-қыздарын іздеп, қасіреттен қан жұтқан ата-аналардың хал-күйін көрсететін бейнекадрларды да пайдаланған. Спектакль идеясына тыңғылықты еңбек еткен осындай режиссерлік амал-тәсілдер әупірімдеп осал драматургиялық шығарманы өрге тартады.

Спектакльге қатысатын труппа мүшелері режиссер ұсынған шешімдерді дұрыс түсініп, әрекет етеді. Бас кейіпкер Сәбит роліндегі Біржан Шошабаевқа әлі де ізденіс пен мол байқампаздық керек-ақ. Ғаділ (М.Ақжолов), Имам (Б.Тоқымтаев), Бүркіт (А.Нұғманов), Гүлжәмилә (А.Төлеуова), Жәнібек (Е.Қалибек), Нұржамал (А.Қобжанова) рольдері өз міндетіне сай қойылымның көкейкесті мақсатына жұмыс жасаған.

Осылайша, «Хақ жолы» спектаклі көрермендері қандай қиындық болмасын дұрыс жолдан таймауға, болашақтан үміт үзбеуге шақырып, өмірде жақсылық пен ізгіліктің де барын көрсетеді.

Қорыта айтқанда, Талдықорған театрында өткен «Сыншылар апталығы» екі тарапқа да пайдасын тигізгені анық. Бір байқағанымыз ұжымның шығармашылық мүмкіндіктері мол. Дегенмен, болашақта театр отандық және шетелдік әртүрлі режиссерлермен, суретшілермен жұмыс жасауды мықтап қолға алуы тиіс. Театр репертуарын толықтыру үшін «жаңа драма» немесе жаңаша эстетикада жазылған заманауи пьесаларды қойып, фестивальдік бағыттағы да қойылымдарға мән бергеннің артығы жоқ деп ниет білдірер едік.

театртанушы Меруерт Жақсылықова