1993 жылдан бастап Қазақстанда кәсіби кинотанушылар дайындау ісі қолға алынды. Бұл бастаманы саналы ғұмырын ұлттық кино зерттеулер ісіне арнаған көрнекті ғалым, ұстаз Бауыржан Нөгербек көтерген еді. Бүгінде еліміздегі жетекші екі жоғары өнер оқу ордасында жыл сайын бірнеше кинотанушы маман дайындалады. Олар қазақстандағы қарқынды дамып жатқан кино саласы мен кинематографтың өзекті мәселелерін зерттеуге атсалысуда.
Кинотанушы Б.Нөгербек тоқсаныншы жылдардың басында ұлттық киноның өміршеңдігі мен таяу арадағы даму болашағы жәйлі өз ойын былай білдіреді: «Қазақ кинематографының сақталып қалуының жалғыз жолы, парадокс секілді қабылданғанымен, таза ұлттық емес, кең ауқымды авторлық, жанрлық, көпшілік, коммерциялық және элиталы кино жасау. Көркемдік өнерпаздық емес, авторлық, кәсіпқой, шебер, жаныңды селт еткізер фильмдер. Олар мәдени, кинематографиялық білімі бар көрермендерге арналуы тиіс. ...авторлық бастама, сөз жоқ, жеке дүниетанымнан сыр шертеді. Одан жалпыұлттық рухани дүние құралады. Бәлкім, сол кезде біз шетелдік масс-мәдениеттің нөпіріне төтеп беріп, аяғымызға нық тұрып, саяси терминмен айтқанда, егемен Қазақстанныңтәуелсіз киносын жасай алармыз...» Арада 30 жылдан астам уақыт өткенде, кинотанушы болжағандай, отандық кино сан түрлі бағытта даму кезеңіне өтті. Есесіне бұл үрдіс қазақ кинотану ғылымының алдына да көптеген міндеттер қойды.
Соңғы жылдардағы Қазақстандық жаңа медианың қарқынды дамуына орай ұлттық кино зерттеулер ісі, әсіресе сын саласы бірнеше тың мәселелермен бетпе-бет келіп отыр. Кино сыны интернет кеңістіктің тың мүмкіндіктерімен қоса, назар аударуға тиіс кедергілеріне де жиі кез болуда. Осы мәселелердің өзінен-ақ медиа кеңістікке жаңа көзқарас қажет екенін түйсіну қиын емес. Бұл мақаламызда кең мағынадағы медиа анықтамасы және әлеуметтік медиа ұғымы, кино сыны мәселелеріне тоқталамыз. Сонымен қатар медиа кеңістікте сапалы кино талдау алаңын қалыптастыруға қажетті бірнеше ұсыныстар айтатын боламыз.
Медиа белгілі бір түрдегі ақпаратты беру тәсілдері, коммуникация құралдары сонымен қатар медиа үдерісінің өзін де қамтитын өте кең ұғым. Латын тіліндегі medum сөзі дәнекер немесе орта деген түсінік береді. Яғни ақпаратты жасау, өңдеу және тарату. Медиа термині бұқаралық ақпарат құралдары, фотосурет, кино, баспа ісі, радио және телевизия, интернет, жарнама, тіпті архитектура өнерін де қамтитын коммуникация өндірісінің жиынтығы. Заманауи контексте медиа ақпаратты тұтынушыға беру үшін қолданылатын технологиялық құралдар мен коммуникациялық тәсілдерді де қамтитынын айта кетуіміз керек. Осы арада ерекше көңіл бөлетін дүние медианы бұқаралық ақпарат құралдары, телекоммуникация немесе басқа аралас ұғымдардың өзімен шатастырудың қажеті жоқ. Керісінше, медиа осы айтылғандардың бәрінің жиынтығы.
Отандық медиа өзінің бес түрлі даму кезеңін бастан кешті:
1. Алғашқы ақпарат құралы (тек мәтін түрінде)
2. Баспа құралдары (мәтін мен фотосуреттер, журналдар)
3. Электронды тасымалдаушылар (телеграф, телефон, радио ісі)
4. БАҚ (телеарналар ісі)
5. Сандық медиа (интернет, әлеуметтік желілер, мобильді қосымшалар т.б.)
Мақсатты аудиториясына қарай медиа түрлері масс медиа, директ медиа және жаңа медиа болып бөлінеді. Бүгінгі таңда әлеуметтік желі алаңының қарқынды дамуы нәтижесінде «әлеуметтік медиа» ұғымы пайда болды. Қазір біз әлеуметтік медиа кезеңінде өмір сүріп жатырмыз. Әлеуметтік медиаға ақпарат тұтыну мен алмасу жағынан ыңғайлы және жылдам веб байланыс құралдары да жатады. Бүгінде кино сыны әлеуметтік медиа аудиториясында жиі талқыланатын салаға айналып отыр. Нақтырақ айтқанда академиялық және журналистикалық кино сыны мен киноның социологиялық зерттеулері цифрлы-әлеуметтік медиа кеңістікке көшіп жатыр.
Кино туындыны талдау, түсіндіру және баға беру кино сынының дәстүрлі мақсаты екені түсінікті. Кино жыл өткен сайын халық көп қажетсінетін және тұтынатын өнер түріне айналуда. Себебі кино дербес өнер болудан тыс креативті индустриялды өнім ретінде қарастырылады. Көрермендер киноны тек кинотеатрдан ғана емес теледидар, ноутбук, планшет пен смартфондар арқылы да көруді әдетке айналдырды. Киноны кеңседе, жолда, демалыста тіпті ұшақтарда отырып та тамашалай аламыз. Көрермен кинодан өнерге тән биік эстетика ғана емес, ақпарат, тіл, сән және трендтер мен басқа да идеяларды қабылдау үшін көруде. Ендеше заманауи кино сыны да елімізде қолға алынып жатқан креатив индустрияның дамуына ілесе алуы керек. Қазіргі таңда аудиторияның коммуникацияға қатысу классификациясына орай медиа «ыстық» және «салқын» медиа деп те бөлініп жүр. Ал біз сөз етіп отырған тақырып, яғни кино сыны (теледидар және кино тақырыбы) «ыстық» медиаға тән құбылыс [1, 15 б.]. Демек бұл тұрғыда да тақырып өзекті.
Әлеуметтік медиа кинорецензент үшін оң мүмкіндіктер бергені бір жағынан қуантады. Себебі кино сайттары мен инстаграм, фейсбук, ютуб сынды әлеуметтік желілерде фильм туралы кәсіби, тәуелсіз сыни мақалалар анағұрлым кең аудиторияға жылдам жете алады. Кәсіби кино сыншы жазылған рецензиясын немесе шолуын түрлі әдістермен белгілеп, қалаған оқырманы мен аудиторияға бөлісе алады. Алайда әлеуметтік медиа осы артықшылықтармен қоса бірқатар мәселелерді де туындатып отыр. Қазір шоу жасау мақсатында жазылатын жеңіл немесе хайп сарынындағы жазбалар көрерменнің сапалы рецензияны оқуға деген ынтасына кедергі келтіруде. Газет пен журналдар жаңалықтардың негізгі көзі болып тұрған кезеңде көрермен кино туралы тек мамандардың пікірімен ғана бетпе-бет келетін еді. Ал, бүгін мазмұнды дүниені оқуға бейім тұтынушының алдынан арзанқол жазбалар жиі бой көрсететін болды. Киноның төрешісі сыни мақалалар емес, керісінше афиша астындағы рейтингтік жұлдызшалар болған. Ал біз сол жұлдызшалар кімдердің қолымен басылып жатқанына назар аударуымыз керек.
Жаңа медиа кезеңінде кәсіби кино сыны қандай болуы керек және ол әлсіреп кетпей ме деген заңды сұрақ туындайды. Қазақ кино сыны үшін соңғы технологиялық дамуды толыққанды сезінетін уақыт келді. Шыны керек, көрермен қазір кинотеатрға бармас бұрын немесе смартфонымен қандай да бір фильм көрер алдында бұрынғыдай кәсіби шолулар мен рецензияларға аз жүгінетін болған. Бүгінгі таңда бір ғана ютуб желісінде «qaz kino», «кино шолу», «кино айтушы», «қысқа шолу», «sen izdegen» сынды, т.б. бірнеше қазақ тілді арналар белсенді жұмыс істеп жатыр. Алайда сапасы сын көтермейтін осы арналардың бәріне ортақ кемшіліктерін атап өткен жөн:
Бірінші: арна жүргізушілерінің көпшілігі мизансцена, монтаж, камера орналастыру, жарық қою секілді базалық дүниелерді біле бермейді.
Екінші: кино тарихын жете білмейді. Тіпті қазақ киносын өткен ғасырдың 90-шы жылдарынан бастайтын арна жетекшілері де кездесіп жатады.
Үшінші: «бәрі сыншы» категориясындағылар фильмнің өзі туралы емес, одан алған жеңіл сезімдерін сын ретінде ұсынып, киношығарманың бастан-аяқ оқиғасын баяндаумен шектеліп жатады. Бұл талдау емес, керісінші кино сынын өлтіру, т.б.
Дегенмен, отандық медиа кеңістікте өнімді жұмыс істеп тұрған бірнеше киносайттар бар. kinostan.kz, brod.kz, vosmerka.kz, oner.kz секілді тағы басқа порталдарда сыни мақалалар мен сұхбаттар, кинохабарлар, басқа да жаңалықтар жарық көруде. Аталған сайттардың ішінде vosmerka.kz сайты ғана бірден-бір кәсіби кинотанушылық портал саналады. Бірақ сайттың тек орыс тілінде екендігін ескерсек, қазақ тілді пайдаланушылар үшін Қазақстанда бірде-бір кино портал жоқ екені қынжылтады. Oner.kz сайты қазақ тілінде болғанымен, ол тек киноға емес, өнердің барлық салаларына арналған.
Елімізде киносыншылардың қаламақысы туралы мәселелер де жиі айтылып жатады. Бізде «Соңғы муза», «Ашық көрсетілім», «Гауһартас» секілді телебағдарламалар, «Filmfan» атты радио бағдарламада немесе «Егемен Қазақстан», «Қазақ әдебиеті» секілді республикалық беделді БАҚ-тарда киносыншылардың көзқарастары мен еңбектері көрерменнің талғамы мен өресін шыңдауға ықпал етіп жатыр. Алайда қаншама құнды сұхбаттар мен жазылған дүниелер үшін ең төменгі қаламақы да берілмейтіні шындық. Қарапайым ғана бір мысал. Ток шоуларда студиядағы көпшілік көрерменге қаражат төленеді де, ал кино бағдарламалардың студия көрермені түгілі, сарапшыларының өзіне ештеңе төленбейді. Яғни кино сынына қажетті мемлекеттік қолдау атымен жоқ.
Әлеуметтік медианың тағы бір мәселесі ретінде кинотанушылар пікірі жарнама тасқынының астына қалып жатқанын ашық айтуымыз керек. Қазір кейбір кинорежиссерлар мен сценаристердің, кино журналистердің сапалы жазбалары да желі қолданушыларына қолжетімді болғаны қуантады. Бірақ, бұл кино сынымен барлық адам айналысқаны дұрыс деген сөз емес. Біздің назарымызда ең бастысы сапалы рецензияны қайткенде көп оқырманға ұсынуға болады деген сұрақ болуы керек. Медианы пайдаланатын адамның көптігі соншалық, бүгінде кез-келген тақырыпқа кез-келген адам сын жаза алатын күйге жеттік. Бұл кино сынына да қатысты. Тіпті соңғы кездері «барлығы сыншы» деген жаңа тіркес те пайда болды.
Бүгінгі әлеуметтік медиа кезеңінде дұрыс пікірлердің сапасы жоғары, саны да көп болғаны лазым. Бұл тұрғыда кинотанушылар үшін тек киноның ғана емес, кино сынының да мәселелерін көтеру қажеттігі сезіледі. Осы орайда тағы бір тілге тиек ете кететін дүние «Киноман» журналы туралы болмақ. 2000 жылдардың ортасында биік кәсіби сапаның үлгісін көрсеткен мерзімді басылым, көп ұзамай жабылып қалған болатын. Бүгінде елімізде бірде-бір кино туралы кәсіби журнал жоқ. Өткен жылдары бірінші саны шыққан «Жас толқын» және қайта жандануды көздеген кеңестік дәуірде шыққан, кейіннен тоқтап қалған «Жаңа фильм» журналдарының да тағдыры бұлыңғыр.
Жүйелі кино сыны алдындағы кедергілер медиа этикадағы келеңсіздіктерге де жол беріп отыр. Әлеуметтік медианың мүмкіндіктері тудырған ең жаман тенденцияның бірі – адамдар өзі түсіне алмаған жақсы фильмдерге шектен тыс қатал болуда. Тіпті жақсы туындыларға да шүйлігу үрдісі белең алды. Кейбір көрермен фильмде өнер тілі бар екенін жаза бастаса, басқалары оның сол көзқарасы үшін жеке басына дейін шабуыл жасауға барып жатады. Бұл ретте медиа кеңістікке жаңа дижитал мәдениет керек екенін де айта кетуіміз керек.
Біз медиадағы кәсіби кино сынының ықпалын сақтап қалу үшін бірнеше маңызды ұсыныстарды ортаға тастағымыз келеді. Ол үшін желіде сапалы кино шолу арналары мен парақшалар ашу ісін қолға алу керек. Екіншіден «Киноман» секілді журналдарды қайта жаңғырту қажет. Сонда ғана жаңа медиа дәуірінде кино сыны тек фильмді қабылдау емес, керісінше көптеген оқырманы бар дербес қызықты әдеби жанрға айналады. Үшіншіден, кино сыны жаңа Қазақстандық санаға әсер ету үшін сыншы «пікір көшбасшысына» айналуы керек. Ол үшін сыншының еңбегі лайықты бағаланып, шетелдік тәжірибедегідей қаламақы жүйесі қойылуы керек. Төртіншіден, сапалы сынның салыстырмалы үлесін арттыру үшін әлеуметтік медиаға кинотану саласында білім алып жатқан жоғары курс студенттері өз парақшалары арқылы дербес жұмыстарын жариялап отырғаны жөн. Бесіншіден, жылдамдық та маңызды. Иә, кейбір жүйелі талдаулар кешігіп жарық көретіні де бар. Алайда бастапқы пікірлердің бейтарап және сапалы болуы өте маңызды. Себебі медиа ол тірі аудитория, реакциялар сол сәтте-ақ беріліп жатады.
Біз айтып отырған осы мәселелердің соңғы нүктесін медиа кеңістікке бейімделген, креативті кәсіби сын ғана қоя алады.
Қолданылған материалдар: