Алматыда ІІ республикалық «Байқоңыр» қысқаметрлі фильмдер фестивалі өз мәресіне жетті. Қазақстандық жас режиссерлердің туындыларын сарапқа салатын биылғы кино аламанға ұзын саны 35 фильм – көркем кино, деректі кино және анимациялық фильмдер аталымдары бойынша іріктеп алынып отыр. Конкурстан тыс жекелеген фильмдердің көрсетілімдерімен қатар «48 сағатта түсірілген» фильмдер де көпшілікке көрсетілді. «Байқоңыр» кинофестивалінің өзіндік ерекшелігі студенттерден бөлек кез-келген отандық режиссер өзінің қысқаметрлі туындысын додаға жібере алатындығында дейді шараны ұймдастырушылар.
Әрине, фестиваль аясындағы алаңға негізінен жас режиссерлердің туындылары жиналып отыр. Себебі кино өнеріне алғашқы қадам көбінесе мол қаржыны талап етпейтін қысқа фильмдер түсіруден басталып жатады. Ал, бұл фестивалдің біздер үшін ең басты ерекшелігі қысқа фильмдер арқылы бүгінгі қазақстандық өмірдің келбетін, болмысын ашуға тырысқан жас шығармашылық толқынның аяқ алысын аңғаруға мүмкіндік бергендігі еді.
Фестивалдің екінші күні көркем кино секциясы бойынша алғашқы болып Бигелді Әбдібек пен Айнұр Сембаеваның «Мәди» атты картинасы көрсетілді. Фильм кішкене ұлынан мезгілсіз айырылған әкенің қасіретін баяндайды. Әлбетте, тың тақырып емес. Алайда картина авторлары отбасындағы баланың орны қаншалықты маңызды екендігін ерекше формада көрсетуге талпыныс жасайды. Тіпті фильм соңына дейін оқиғаның не туралы екендігін болжау қиын. Әдетте бұндай драматургиялық һәм режиссерлік шешімдерге бара беру көптеген режиссерлердің жұмысында кездесе бермейтін тәсіл. Кейіпкердің дағдарысы оның бақытты кезімен әлсін-әлі салыстырыла көрсетіледі. Өз отбасын сақтап қалу үшін соңғы мүмкіндікті ұстап қалғысы келген әке есінен адасып та үлгерген болатын. Бұл үшін ол, тіпті қылмысқа барудан тайынған жоқ. Соңы трагедиямен аяқталатын фильм көпшілікке отбасы ұғымының бағасын түсінуге үндеп тұрғандай еді.
18 минуттық «6-пәтер» фильмінде Олжас Ахметов қаржылық тығырыққа түскен отбасындағы таңқажайып оқиғаны баяндайды. Жұмыссыз отағасы өзіне қол салмақ болған сәтінде кездейсоқ мол ақшаға кез болады. Ақша пайда болысымен бәрі де өзгере бастайды. Біздің қоғамның әлеуметтік осал түсын осылай көрсеткісі келген режиссер комедиялық элементтерге толы картинасымен жинақы дүние жасай алған болатын. Картинадан сәтті әрі кәсіби деңгей көрінеді. Өлім аузында тұрған кейіпкердің тағдыры бір ғана төңкерілген “9” цифрмен шешіліп кете ме? Отбасын сақтап қалуға қысымы көп, құбылмалы қоғамымызға автор осы ракурстан қарағысы келген сыңайлы.
Қазақстанды дендеген жемқорлық пен ұрлықты студент режиссер Самғар Рақым "Малыбайдағы оқиыға" атты 15 минуттық кинокартинасында астарлы түрде шебер көрсете алды. Фильмді көріп отырып еріксіз біздегі биліктің ел қазынасын бөліске салып жатқан шенеуніктері еске түседі. Халықтың бар қолынан келгені анау тоналған «Талғардағы банк» секілді ұрлап кетті-ау деген шарасыз әрі әлсіз күбір ғана болатын. Жас шығармашылық топтың жұмысынан сапалы операторлық һәм драматургиялық жұмыс менмұндалайды. Бұл фильм өткен жылы «Saryarqa» кинофестивалінде жүлделі орындардың бірінен көрінген болатын.
«Дебют-2016» жобасы аясында түсірілген режиссер Ербол Бораншының «Пәтер» фильмі болса еліміздегі баспана тапшылығы сынды ең күйіп тұрған тақырыпты көтерген дүние болды. Алматыдағы «Жетім бұрышты» жағалаған мыңдаған үйсіз-күйсіз отандастарының тағдырын бір ғана жас отбасының сергелдең өмірімен көрсеткен бұндай фильмдер өте сирек түсірілетінін де айта кету керек. Деталдарды пайдалану, диалогтарының шымырлығы, кәсіби монтаж қатарлы сәтті шешімдер фильмнің көркемдігін бірден аңғартады. Финалдағы көріністе режиссер «Қазақстандық арманға» сенуге болатындығы сынды үмітін де жасырып қалмайды. Маңыздысы біздегі жабайы урбанизацияның бір қырын режиссер өз стилінде көрсете алды.
Қазақстандық қоғамдағы сенім мен отбасы мәселесін тағы бір қырынан айшықтаған «Шыңырау» фильмі де көрерменге көп сұрақ тастайды. Режиссер Рахымжан Қалдыкөз мойыны алыс ауылдағы балаға зәру жас отбасының ішкі қасіретін ұлкен экранға алып шығады. 12-13 минуттық фильм исламға дейінгі Әулиелік наныммен бір Жаратушы арасындағы сенім өткелін нәзік көрсетеді.
Конкурс аясында эксперименттік талпыныстағы фильмдер де кездесіп жатты. Хәл үстінде жатқан анасына деген балалық жүректің қорқынышын үй жануарының көзімен берген Рафаэль Абузаровтың 17 минуттық «Дос» фильмін көре отырып, жас режиссердың батылдығына таңданысыңды жасыра алмайсың. Көптеген адамдар отбасының бір мүшесі ретінде мойындай бермейтін үй жануарларының ішкі әлемін киногер көрсетуге тырысып бағады. Әлемдік кинода «Жануарлар ракурсы» дағдылы әдіс саналғанымен, біздің жастар киносындағы бұл алғашқы аяқалыстардың бірі саналатыны тағы бар.
Белгілі ақын Мұхтар Шахановтың «Ғайша» атты поэзиялық шығармасы желісімен түсірілген Сәбит Әбдінің осы аттас фильмі туралы да айта кету керек. Театр мен киноның мүмкіндіктерін қатар қолданған кинопоэзияда таптауырындық үлгіден ада шешімдерге талпынушылық аңғарылады. Режиссер шағын дастандағы оқиғаны салқын эмоциямен, ерекше жарық үлгісі және қарапайым сахнаны қолдана отырып қайта жаңғыртады. Тақырыбы ұлы махаббатты бағалауға арналған шағын фильм көпке ұқсамайтын даралығымен бізді жалықтырмай баурап отырды.
Қазақфильм киностудиясының «Дебют-2016» жобасы аясында түсірілген тағы бір фильм «Жесткий тип» картинасы да «Байқоңырда» бақ сынады. Тағы да отбасы мүңы, әлеуметтік мәселе. Біз өмір сүріп жатқан қоғамға камера көзімен жасалған зерттеу. Баймұрат Жұманов бас рөлді өзі сомдай отырып «суық келбетті» адамның өзінен де қатігездеу қоғамнан алған еншісін байсалды көрсетеді. Тырнақалды картинасынан артық шарықтау, кем-кетік дүние байқалмайды, керісінше ұтымды драматургиялық құрылымға режиссерлік шеберлік, сәтті актер ойыны қосылып тұтас бір жұмыр дүие көрініп тұрды. Фестивалдің соңғы күніндегі көркем кино бөлімін Нью-йорк кино академиясының шәкірттері түсірген «The boon» фильмі аяқтады. Фильм оқиғасына арқау болған қызықты оқиға – панасыз қаңғыбастың қоқыс жәшіктері арасынан кездейсоқ тастанды бала тауып алуымен басталады. Кәсіби операторлық жұмыс, шебер актерлық ойын мұнда да бірден көзге түсіп жатты. Фильм драматургиясындағы ең ұтымды тұсы өмірден мұлде үмітін үзген қайыршының тағдырын мұлде басқа арнаға бұрып, үміт отын қайта жаққан кінәсіз сәбидің бейнесі еді. Режиссер «періштесіне», бомж бен нашақор ананың ішкі әлеміне кейіпкерлерін оңай бастап кіре алды. Фильм біздерге махаббат құдіретінің бәрін де өзгерте алатындығына тағы бір рет көз жеткізгендей болды. Ең бастысы режиссер соны көрсете алды да.
Әлбетте, «Байқоңыр» аясында түрлі секциялар бойынша көрсетілген конкурстық және конкурстан тыс әр фильмнің өз айтары бар. Бір мақаланың аясында соншама көп дүниеге тоқталу оқырманымызды жалықтырып алуы бек мүмкін. Өзге бөлімдер бойынша да біздің әріптестеріміз өз пікір-пайымдауларын білдіріп жатыр. Біздің еншіміздегі шағын шолуымыз осылай болды.