Бүгін, яғыни 16 наурыз күні Алматыдағы Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясында Ш.Айманов атындағы "Қазақфильм" АҚ-ның "Дебют" шығармашылық-өндірістік бірлестігінде түсірілген қысқа метрлі фильмдердің көрсетілімі өтті. Кинокартиналар ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің тапсырысы бойынша түсірілген. Көрсетілімді "Көзімнің қарасы" мадени-танымдық клубы мен "Қазақфильм" киностудиясы ұйымдастырып отыр. Көрермендерге 2016 жылдың соңында өндіріске жіберіліп, жақында дайын болған "Пәтер" (Е.Бораншы), "Жесткий тип" (Б.Жұманов), "Миша" (А.Әуелбек), "Письмо" (А.Мұсатаев) және "Таксист" (Д.Махмұт) қатарлы туындылар ұсынылды. Кешке фильм авторлары, актерлер, БАҚ өкілдерімен қоса ұстаздар және студенттер қауымы қатысты.
"Дебют" шығармашылық-өндірістік бірлестігі 1988 жылдан бері жыл сайын отандық кинематографты бірқатар жаңа есімдермен толықтырып келеді. Бірлестіктің негізгі мақсаты жас кинематографистерге қолдау көрсету. Көрсетілімнің ашылу сөзінде "Біздің көздейтініміз – дебютант-режиссерлерге өзінің шығармашылық потенциялын ашып көрсетуіне мүмкіндік жасау. Сценарий жазудан монтаждау үрдісіне дейін дем беру. Бүгінгі дебютанттардың арасында кейбіреулері өз өмірін кинематограф өнерімен байланыстырып, режиссер атанса, бұл жақсы көрсеткіш", - деді Ш.Айманов атындағы "Қазақфильм" АҚ, "Дебют" шығармашылық-өндірістік бірлестігінің көркемдік жетекшісі, белгілі кинорежиссер Дәрежан Өмірбаев.
Көрсетілім аясындағы жас режиссерлердің тырнақалды туындылары әр-түрлі тақырыптарды қамтыды. Ербол Бораншы өз фильмінде елдегі ірі қалаларда жаппай етек алған пәтер мәселесін арқау еткен. Фильм оқиғасы жалдамалы пәтер іздеп, Алматыдағы "Жетім бұрышты" жағалаған жас жұбайлардың өмірінен басталады. Біз өмір сүріп отырған қоғамның өзекті мәселесін алдыңғы планда ұстай отырып режиссер фильмде алуан типтегі кейіпкерлер образы мен деталдарды сәтті үйлестіре білген. Айта кетерлігі, фильм қазақстандағы баспана мәселесін арқау еткен алғашқы көркем туынды саналады.
Баймұрат Жұмановтың "Жесткий тип" атты фильмі өмір тығырығына ұшыраған ересектер әлемін ашуға тырысады. Фильм драматургиясы өз ырғағымен баяу дами отырып, әрбір адамның өз проблемасы болатындығы сынды пәни шындығына үңіледі. Басты кейіпкер ретінде де режиссер рөлін сәтті сомдай алған.
Көпшілікке ұсынылған үшінші картина А.Әуелбектің бүгінгі таңдағы ел өмірінде белең алып отырған, қорғансыз адамдарды құлдықта ұстау тақырыбындағы "Миша" туындысы болды. Фильмегі кәсіби актерлық шеберлік, режиссерлық шешімдер, біртұтас атмосфера – шығарманы айтарлықтай сәтті туынды деуге дәлел бола алады. Ауыр трагедиямен аяқталатын экрандық туындыда комедиялық элементтер де сәтімен көрініс тауып жатты.
Өмірдегі ата-ана қамқорлығынан мезгілсіз алыстап кеткен өспірімдер жәйлі сыр шертетін келесі туынды "Письмо" деп аталатын А.Мұсатаевтың фильмі еді. Картинада жетім балаларға арналған үйдегі әлімжеттік пен жүрек сыздатар аура, бала арманы, көрген түстер жинақтала келіп қамқорлыққа мұқтаж бала жанын бере алды. Фильм дебюттік жұмыс ретінде отбасы құндылығын өз ракурсынан лайықты көрсете алуымен ерекшеленеді.
Көрсетілім аясындағы соңғы экрандық туынды Дәулетжан Махмұттың "Таксист" фильмі болды. А.Чеховтың "Зар" хикаятының желісімен түсірілген картина күйзеліске түскен адам жанын өзгеше қырынан ашуға талпынады. Режиссер өзгеше драматургиялық желіге құрылған оқиға арқылы жасамыс ер адамның рухани соққыдан шығу жолын көрсетеді. Шынайы өмір мәні мен одан алыстап кетудің ара-жігін алға тарта отырып, дебютант өзінің авторлық көзқарасын айтуға тырысқаны байқалады.
Соңғы жылдары мемлекеттік қолдау аясында "Дебют" бірлестігінің шығармашылық көлемі кеңейіп, жылына 6-7 қысқаметрлі фильмдердің экранға шығуына мүмкіндік беріп отыр. Сондай-ақ, "Қазақфильм" киностудиясында түсірілген қысқаметрлі фильмдер халықаралық кинофестивальдерде лайықты бағасын алып, марапаттарға ие болып келеді.
Реті келгенде айта кету керек, Ш.Айманов атындағы "Қазақфильм" АҚ - Қазақстандағы кино өндірісі мен өндірістен кейінгі кезеңде тұрған өнімдермен айналысатын негізгі кинокомпания. "Қазақфильм" киностудиясының тарихы 1934 жылдан бастау алады, дәл осы жылы Алматы кинохроника студиясы құрылды. 1941 жылы Алматы көркем фильмдер студиясы деп өзгертіліп, киностудияның өндірістік негізі барынша нығая түсті. 1941 жылы Алматы киностудиясы Қазақстанға көшірілген "Мосфильм" және "Ленфильм" киностудияларымен бірлесіп, Бірлескен Орталық киностудия болып қайта құрылған болатын. БОК Алматыда 1944 жылғы дейін жұмыс істеді. Соғыс жылдары кезеңінде отандық көркем фильмдердің 80 пайызын аталмыш Орталық киностудия шығарды. 1960 жылы "Қазақфильм" атауына ие болды. 1984 жылы киностудияға ұлттық кинематогрфияның көрнекті қайраткері Шәкен Аймановтың есімі берілді. Бүгінде аталмыш киностудияда жыл сайын оннан астам толықметрлі көркем, анимациялық және деректі фильмдер сонымен қосы бірнеше дебюттық кинокартиналар түсіріледі.