«Өнердің өзге түрлерінің мүмкіндігі таусылған тұста, мультипликация салтанат құрады» – деп еді әйгілі болгар режиссері Тодор Динов. Расында да, осы қанатты сөздің жаны бар. Бүгінгі таңда мультипликацияның көркемсуретті және деректі киноның қолынан келмейтін дүние жасауға қауқары бар. Мультипликациялық фильм бала қиялының поэтикалық әлеміне жан бітіре алады. Сонымен қатар, мультипликация, кеңестік майталман кинорежиссер Сергей Михайлович Эйзенштейн армандаған,өте күрделі, интеллектуалды кино жанрын да меңгеріп алды. «Загреб» мектебі мультипликаторларының фәлсәфалық миниатюралары, болгар суретшілерінің поэтикалық фильмдері, әпсаналары, чехословак, поляк, румын және өзге де шеберлердің қысқа қайырылған терең ойға толы мультфильмдері кинематограф дамыған барлық елдерге мәлім. Осының бәрі республикамызда мультипликация өнерінің пайда болып, дамып келе жатқаны қаншалықты маңызды екенін тағы бір дәлелдеп отыр.
Режиссер әрі суретші Әмен Әбжанұлы Хайдаров – қазақ мультипликациясының негізін қалаушы. «Қарлығаштың құйрығы неге айыр?» деген алғашқы фильмі осы аттас халық ертегісінің желісімен жасалған. Бұл мультфильм 1968-жылы Ленинградта өткен ІІІ Бүкілодақтық кинофестивальде сыйақы алып, жүлдемен марапатталған. Кейін қазақ мультипликациясының «қарлығашы» 48 елді аралап, 1975-жылы Нью-Йорктегі ІІІ Халықаралық мультфильм фестивалінде «Қола Праксиноскоп» сыйлығына ие болды. Режиссер таңдаған бейнелеу мәнері, ерекше поэтикалық ырғақ пен пластикалық шешімнің бірегейлігі фильмнің сәтті шығуына сеп болғаны анық.Фильмнің режиссері әрі қоюшы-суретшісі Әмен Хайдаров бейнелеу мәнерінде халық өнерінің стильдік элементтерін шебер қолдана алды.
Бағзы заманда адам баласын ажалдан арашалап қалған, халықтың сүйіспеншілігіне бөленген қарлығаш жайлы фильм-ертегіден Әмен Хайдаровтың шығармашылық өмірбаяны мен қазақ мультипликациясының тарихы басталады. Ал, бұның себебі, «Қарлығаш» Қазақстандағы және Орта Азия республикаларындағы суретпен салынған алғашқы фильм болғандығында ғана емес. Бүкілодақтық кинематография институтының көркемсурет факультетінің түлегі, әлемдік мультипликация саласының жетістіктерінен мол хабары бар Әмен Хайдаров, әйгілі мультфильм мектептеріне еліктеуден саналы түрде бас тартады. «Қарлығаш» ұлттық ерекшелікті іздегенімен тартымды. Американың ұлы режиссері Уолт Дисней мультфильмдерінің жарқын әрі танымал болғаны, мультипликат жасау техникасының жетілгені соншалық, көптеген елдерде, соның ішінде, біршама уақыт бізде де Диснейдің бейнелеу стилистикасына еліктеушілік белең алған еді. Дисней мұрасының сыртқы пошымын меңгерудің салдарынан, мультипликацияның ұлттық ерекшеліктері жойыла бастаған-тын. Сол себепті, Әмен Хайдаровтың алғашқы фильмі, өзінің көркемдік ұстанымы ретінде мультипликацияда бейнелеудің ұлттық нақышын іздегенімен қымбат.
Халық аңызына құрылған «Ақсақ құлан» фильмін де кинематографистер қауымы мен көрермен жылы қабылдады. Орта Азия республикалары мен Қазақстанның VIII аймақтық фестивалінде бұл туынды дипломмен марапатталды. «Ақсақ құлан» – өнердің мәңгілік асыл құдіретін асқақтатқан ғажайып аңыздардың бірі. Сүйікті ұлы Жошының мерт болғанын Шыңғыс ханға естіртуге ешкімнің батылы бармайды. Суық хабар әкелгенді қатал жаза күтеді. Тек ұлы жырау Кетбұғаның домбырасынан төгілген қоңыр күй ғана қағанға ұлының мерт болғанын сездіреді. Ашуға мінген Шыңғыс хан – қаралы хабар жеткізген шабарманның аузына қорғасын құюға серт бергенін ескеріп, домбыраны жазалауға бұйырады. Сол заманнан бері домбыраның бетіндегі ойық, яки, балқытылған қорғасыннан қалған із пайда болған деседі. Фильм авторлары ассоциациялық қабылдауға сүйеніп, халықтың осы аңыздан хабары барын ескеріп, негізінен мультфильмнің музыкалық көркемделуіне баса назар аударады. Композитор Нұрғиса Тілендиев «Ақсақ құлан» атты халық күйін фильмде үйлесімді қолдана білді.
Әмен Хайдаров фильмдерінің әлемі контрастқа толы, көмескі реңк жоқ. Ол тек ақ пен қараға, халық ертегілеріндегідей Жақсылық пен Зұлымдыққа бөлінген. Әйгілі әзілкеш, өткір тілдің иесі Қожанасырдың бейнесін жасаған кезде де, Әмен Хайдаров жеңіл, ойнақы, комедиялық фильм жасаудан қашып, өзінің көркемдік ұстанымына берік болып қалады. Ол фильм-әпсананы түсіреді. Мұндай жанр сюжеттің өзгеше құрылуын, әрекеттің өзгеше өрбуін қажет етеді. «Қожанасыр – құрылысшы» фильмінде автор алдыңғы фильмдерінде орын алған баяндаудан алшақтайды. Экранда – оқиғасы шапшаң драматургия көрініс тапты. Жапанда баспанасыз қалған Қожанасыр тастан үй қалауға кіріседі. Құрылыс барысында ол көршілерінің кеңесіне құлақ түріп, Батыс пен Шығыстың сәулет өнерін араластырып, ойға сыйымсыз әлдене тұрғызады...
Заманауи мультипликацияның осы күрделі жанрындағы Әмен Хайдаровтың дебюті сәтті болды. «Қожанасыр – құрылысшы» фильмі Тбилисидегі V Бүкілодақтық фестивальде кинематографиялық ізденіс үшін арнайы жүлдемен марапатталып, Загребтегі (ЮСФР) І Халықаралық мультфильм фестивалінде көрсетілді.
«Қарлығаштың құйрығы неге айыр?», «Ақсақ құлан», «Қожанасыр – құрылысшы» мультфильмдері жанры мен орындалу техникасы тұрғысынан әртүрлі. «Қарлығаш» – дәстүрлі ертегі, «Ақсақ құлан» – эпикалық аңыз, «Қожанасыр» – фәлсәфалық әпсана. Алғашқы екі туынды суретпен салынған, үшіншісі картоннан кесілген жалпақ қуыршақтар техникасымен жасалған. Алайда, жанры мен көркемдік шешімі тұрғысынан алуан-түрлі көрінгенімен, шебердің бұл туындыларында тақырыптық үндестік бар, олардың бәрінде де Жақсылық пен Зұлымдықтың күресі бейнеленген. Бірінші туындыда қарлығаш үш басты Айдаһармен күреседі, «Ақсақ құланда» ұлы жырау Кетбұғаның әуені су мен жылқының мультипликациялық бейнесінде Шыңғыс ханның әскерімен соғысып, жеңіске жетеді. Әрине, бұл күрес шынайы етіп көрсетілмейді, тек шартты түрде ғана. «Қожанасыр – құрылысшы» фильмінде дәлел кері жақтан келтіріледі. Еңбекке бейімделмеген адам ойға сыйымсыз үй салып, күлкіге қалады. Жақсылық пассивті болмауы тиіс, ол алға басып, қарсылық көрсетуге дайын болуы қажет. Балалардың бойында Жақсылық пен Зұлымдыққа деген көзқарасты қалыптастыратын Әмен Хайдаров шығармаларының түпкі ойы осындай.
Талапты суретші ретінде, Ә.Хайдаров әркез алған асуына қанағаттанбайды. Үнемі ізденіс үстінде болу – оның шығармашылық ұстанымы. «Қырық өтірік» атты тың туындысы осының айғағы. Автор бұл фильмде үйреншікті фольклорлық бейнелерден алшақтауға тырысқан. «Қырық өтірік» фильмінде кейіпкерлердің мінез-сипаты әлдеқайда кеңейген – жай ғана жақсы бала емес, нақты Тазша бала, жай ғана зұлым хан емес, өзіндік сөйлеу мәнері, мінез-құлқы айқындалған, яғни, дараланған кейіпкер.
Әмен Хайдаровтың ғажайып мультипликаторлық өнері қасиетті миссияны атқаруда – әлемнің көптеген елдерінің балаларын қазақ халқының бай фольклорлық мәдениетімен, ертегілер мен аңыз-әпсаналарымен таныстырып келеді.
Қазақ КСР Мемлекеттік сыйлығына ұсынылған «Қарлығаштың құйрығы неге айыр?», «Ақсақ құлан», «Қожанасыр – құрылысшы», «Қырық өтірік» атты мультипликациялық фильмдер топтамасы – Қазақстан бейнелеу мәдениетінің жарқын көрінісі.
Қолданылған материалдар:
«Казахстанская правда», 1980 ж., 3 шілде