Мақала
«Қазақ киносының тарихы» (II.2.1)
2 ТАРАУ. Қазақ ұлттық кино өнерінің қалыптасуы (1940-1950жж) 2.1.Ұлттық кинодраматургияның алғашқы кезеңі
Бөлім: Кино
Датасы: 03.02.2017
Авторы: QAZAQ KINOSY
Мақала
«Қазақ киносының тарихы» (II.2.1)
2 ТАРАУ. Қазақ ұлттық кино өнерінің қалыптасуы (1940-1950жж) 2.1.Ұлттық кинодраматургияның алғашқы кезеңі
Бөлім: Кино
Датасы: 03.02.2017
Авторы: QAZAQ KINOSY
«Қазақ киносының тарихы» (II.2.1)

Гүлжан НАУРЫЗБЕКОВА

Т.Жүргенов атындағы ҚазҰӨА профессоры, кинотанушы


2.1.Ұлттық кинодраматургияның  алғашқы кезеңі

Қазақстан дербес киноөндірісінің  өркендеуіндегі алғашқы кезең 1929 жылы ашылған “Востоккино” акционерлік қоғамының Алматылық бөлімшесінің  қызметімен байланысты. Ұлттық кино өнерін  өркендету үшін  өндірісті жолға қою аздық етеді, сонымен қатар ұлттық кадрлар даярлау қажет және ұлттық  кинодраматургиясының   қалыптасуына  жағдайлар жасалуы міндет. Көркем жанрдың дамуы ең алдымен кинодраматургия  саласын дамыту деген сөз. “Востоккино” тресінің  алматылық бөлімшесі өзінің маңызды  мәселелері қатарында сценарийлер жазу ісіне көп көңіл бөлуге тырысты, алайда  бұл саланы ойдағыдай  дамытуға мүмкіншіліктер бола бермеді. Ашылмай жатып қайта жабылып қалса да, бар-жоғы екі жыл ғана қызмет  еткен  “Востоккино” тресі  Қазақстан кино өнері саласында  кинодраматургия жанрының қалыптасуына  бірқатар талпыныс жасайды. Осы кезеңде “Востоккино” тресінің   сценарий бөлімін басқарған жазушы Ілияс Жансүгіров  қазақ қаламгерлерін кино саласына тартуға  тырысады. Кино өнері тек экрандағы көрініс қана емес екендігі белгілі. Әлемдік кино тарихынан білетініміздей алғашқы  қысқаметражды  фильмдердің  өзі алдын-ала қағазға  түсірілген жоспар  бойынша жүзеге асырылған. Кино өнерінің  даму тарихындағы әр кезеңде «киносценарий» ұғымы мазмұнына орай режиссерлік жоспардан  бастап  күрделі әдеби туындыға  дейінгі аралықта  өзгертіліп отырды. Өндіріске жіберуге лайықты  киносценарийлердің тапшылығы “Востоккино”  қоғамының жабылуына бірден-бір себеп болды деген пікірін Ілияс Жансүгіров  баспазөз беттеріндегі  үздіксіз жарияланып жүрген мақалаларында  басты мәселе ретінде қарастырады. 1930 жылдың 4-ші қарашасында “Еңбекші қазақ” газетінде жарияланған “Мың мылқауға тіл бітті” атты мақаласында Ілияс Жансүгіров Қазақстан кино өндірісінің  басқа республикалар кино өндірісінен әлдеқайда артта қалып қойғандығын айта келе, ұлттық кино өнерімізді өркендету ісіне, әсіресе, сценарий жазу ісіне біздің жазушыларымыздың аса көңіл қоймай отырғандығын батыра айтады.

Егер кейінге шегініс жасап, қазақ киносы тарихының  бастапқы кезеңіне шолу жасар болсақ, ұлттық кинодраматургияның дамуын бірнеше кезеңдерге бөліп қарастыруға болады.

Ұлттық драматургияның дамуындағы алғашқы саты – Қазақстан тақырыбына орыс кинодраматургтерінің  жазған сценарийлері. Бұл күнде үздік киношығармаларға  айналып отырған  “Востоккино” акционерлік қоғамының Қазақстан тақырыбына түсірілген алғашқы деректі фильмі “Түрксіб” (1929ж, сц. авторлары: Е.Арон, А.Мачерт, В.Шкловский; реж. В.Турин; операторлары: Е.Славинский, Б.Францисон) және көркем  жанрдағы алғашқы туындылардың бірі  “Дала әндері” (1930ж., сц.авторы Е.Арон; реж. А.Лемберг) фильмдерінің  экранға шығуына  себепкер болғандар – Москва, Ленинград киностудияларынан келген  орыс кинодраматургтері еді. Бұдан кейін де экранға шыққан “Жұт” (1931ж., “Қаратау құпиясы”- 1932ж.,  “Жау сүрлеуі” – 1935ж.,) фильмдеріне сценарий жазу орыс киномамандарының үлесінде болды. Отызыншы жылдар тұсында экранға шығып жатқан алғашқы көркем фильмдердегі орыс кинодраматургтерінің Қазақстан тақырыбындағы киносценрийлерінде ұлттық характер ерекшелігіне терең бойлай алмағандықтары  байқалады. Дәл осы кезеңде Қазақстан кино өндірісінің  өсіп-өркендеуіне ұлттық кадрлардың қажеттілігі күн  тәртібіндегі маңызды мәселелердің біріне айналды. Әсіресе, сценарий жазу ісіне  ұлт ерекшелігін көрсете білетін жергілікті қаламгерлерді тарту қажеттілігін түсінген Ілияс Жансүгіров, Бейімбет Майлин сынды  жазушылар осы мәселе төңірегінде шығармашылық зиялы қауымға үндеу жолдайды. Әр мекемелерде жиналыстар өткізіледі. Өздерін толғандырған мәселелер төңірегінде  жинақтаған тұжырымдарын баспасөз  беттерінде талқыға салады. Осындай көп шаралардың бірі- «1916 жылғы Ұлт-азаттық көтерілісі»  тақырыбына жарияланған сценарийлер конкурсы болды. Алайда, бұл бастама сәтсіз аяқталады, ұсынылған бірқатар сценарийлік жобалар ішінде өндіріске жарамды бірде-бір материал болмай шықты. Нәтижесінде, ұлт-азаттық көтерілісі тақырыбына фильм  түсіру жоспары кейінге ығыстырылып, оны жүзеге асыру тек 1938 жылы ғана мүмкін болды. Ол - “Амангелді” фильмі еді. Фильмнің сценарийін жазуға қазақ жазушыларынан Бейімбет Майлин және Ғабит Мүсірепов қатысады. Сценарийдің негізгі жобасын жазу орыс  кинодрамтургі Вс.Ивановқа жүктеледі. Қазақстанда дербес кино өндірісі әлі қалыптаса қоймағандықтан да, “Амангелді” көркемсуретті фильмін түсіру “Ленфильм” киностудиясында жүзеге асырылады. Киношығарманың негізгі мазмұны қазақ азаматтарын қара жұмысқа алу мақсатында жүргізілген патшалық саясатқа наразылық білдіріп қарсы шыққан 1916- жылғы ұлт-азаттық көтерілісі сияқты тарихи нақты деректерге сүйеніп құрылған. Сценраийде көптеген оқиғалар орын алған, кейіпкерлер әлемі де жеткілікті дәрежеде, алайда, басты ой-тұжырымдар Амангелді бейнесі төңірегінде шоғырланады. Батырдың мінезіндегі  ерекшеліктер оның төңірегіндегі болып жатқан оқиғалар  тарапынан үнемі  өзгеріс үстінде беріледі. Фильмнің басында Амангелді қарапайым  көп қазақтың бірі, таптық тартыс тұсында тым батылдық көрсете де қоймайды, алайда оның мінезіндегі еркіндік біраз эпизодтардан көрініп қалып жатады. Фильм соңына қарай  Амангелді аты аңызға айналған батыр қолбасшы болып шығады. Басты кейіпкердің мінезіндегі мұндай эволюция оны қоршаған басқа кейіпкерлердің оған деген қарым-қатынасы арқылы дәл шешімін тапқан. Фильмдегі басты-басты рольдерді қазақ драма театрының актерлары  орындайды. 1916 жылғы ұлт-азаттық көтерілісін бастаушылардың бірі болған тарихи кейіпкер Амангелді Иманов ролінде талантты актер Елубай Өмірзақов.

Сонымен, қазақ киносы тарихында кинодраматургияның қалыптасуына алғы шарттар  1925-1938 жылдар аралығында қалыптаса бастайды.

Мұхтар Әуезовтың кинодағы шығармашылығы

 Ұлттық кинодраматургияның даму тарихын жазушы М.Әуезов шығармашылығымен тұтастықта қарастыру қажет. Мұхтар Әуезов шығармашылық мұрасы қазақ кино өнерінің дамып өркендеуіне елеулі әсерін тигізді. Архив құжаттары мен баспасөз  деректеріне жүгінер болсақ, жазушының қазақ киносы тарихының әр кезеңінде  қосқан үлесінің аса зор болғандығына көз жеткіземіз. Отызыншы жылдар тұсында қазақ киносы  әлі жеткілікті дәрежеде қалыптаса қоймады, Техникалық мүмкіндіктеріне орай  1938 жылы түсірілген «Амангелді» фильмі мен 1940 жылы түсірілген «Райхан» фильмдері «Ленфильм» киностудиясының меншігіндегі туындылар болып есептеледі. Алғашқы көркемсуретті  («Дала әндері», «Жұт», «Қаратау құпиясы», «Көтеріліс») фильмдерге сценарий жазуға қазақ жазушылары араласа қоймады. Ұлттық  кинодраматургияның алғашқы ұшқыны «Амангелді» фильмінің  сценарийінен бастау алады. Бұл фильмге сценарий жазуға Всеволод Ивановпен бірігіп, Бейімбет Майлин және Ғабит Мүсіреповтер араласады. Ал, 1939 жылы жарық көрген  «Райхан» киносценарийі Мұхтар Әуезовтың жеке өзінің экрандуға арнайы жазған туындысы ғана емес, сонымен қатар бұл шығарма жалпы ұлттық кинодраматургия саласындағы алғашқы дербес ұлттық сценарий болып есептеледі. Қазақстан өнерінің тарихи қойнауына көз жіберсек, отызыншы жылдардың орта шені Әуезов шығармашылығының кәсіби шыңдалған тұсы болса, дәл осы кезең  қазақ киносының енді ғана аяқ алып келе жатқан бастапқы сатысы еді. Экрандық шығарманың тұңғыш үлгісін жасаған жазушы Мұхтар Әуезов Қазақстан  киносында  кинодраматургия саласының дамуына жол салып берді.

М.Әуезовтың киноға келуінің алғашқы нәтижесі 1939 жылы Республика көлемінде өткізілген ұлттық тақырыптағы сценарийлер конкурсында бірінші жүлдені жеңіп алған «Райхан»  киносценарийі болды.  Ұлттық кинематограф тарихында Әуезов шығармашылығының орнын орыс драматургтерінің  қатысынсыз жазылған алғашқы ұлттық киносценарий  «Райханның» авторы немесе қазақ кинодраматургия саласының негізін қалаушылардың бірі деп айтар болсақ, жазушының қазақ киносы тарихындағы алар орнының бастапқы кезеңін ғана қамтыған болар едік. Жазушы, ғалым Мұхтар Әуезов әдеби шығармашылық және  ғылыми ізденіс жұмыстарын еш тоқтатпастан, ел өміріндегі елеулі қоғамдық оқиғалардан  да тыс қалмайды. Сол себептен де Ілияс Жансүгіровтың қазақ зиялылырына  арнаған үндеуіне жауап ретінде  алғашқылардың қатарында  кино саласының дамуына  өз үлесін қосуға дайын екендігін айтып, ниет білдіреді. Сөйтіп, жазушы ретінде танымал болып қалыптасқан қаламгер Мұхтар Әуезов 1939 жылы Республика көлемінде жарияланған ұлттық тақырыптағы киносценарийлер байқауына осы саладағы алғашқы туындысы «Райханды»  ұсынады. Бірінші жүлдеге ие болған бұл сценарий нұсқасымен ізінше  «Ленфильм»  киностудиясында  көркемсуретті фильм түсіріледі.

Суреткер шеберлігінің шығарма кейіпкерлері арқылы заман суретін, ел тағдырын ұлттық нақышпен дәл жеткізу мүмкіндігін  Мұхтар Әуезов «Райхан» киносценарийі арқылы дәлелдеп берді.  Бас кейіпкер Райхан бейнесі арқылы  қазақ даласына революция  әкелген жаңалықтардың бірі - әйел бостандығы тақырыбын шығармасына  арқау еткен жазушы тарихи деректі оқиғаларды жеке кейіпкерлердің әртүрлі қабылдаулары арқылы күрделендіріп, оқиға маңыздылығына еріксіз көңіл аудартады. Шығарма құндылығы да осы тұрғыдан ерекше айқындалады. Райхан бейнесі қазақ экранында енді ғана көріне бастаған жаңа кейіпкер болғандықтан, оған қойылатын талаптар да жоғары болды. Шығыс әйелінің бас бостандығын алуға ұмтылысы, жеке тұрмыс ерекшеліктеріне  бейімделу әрекеттері арқылы жаңа өмір суретін беру әдісі отызыншы жылдарда тек қазақ киносына ғана тән болған жоқ. Әйел бостандығы басқа да Орталық Азия Республикалары киношығармашылығындағы басты деген тақырыптардың бірі болды. Мұның дәлелі -  жиырмасыншы-отызыншы жылдар аралығында экранға шыққан «Чадра» (1927ж. «Өзбекфильм», реж. Авербах); «Дочь святого» (1931ж, «Өзбекфильм», реж.Фрейлих); «Дурсун» (1940ж. «Туркменфильм», реж.Иванов-Барков); «Гаджи-Кара» (1929ж. «Әзірбайжанфильм», реж.Микаэлов) тағы басқа бірқатар үздік  киношығармалар болды.

Әр Республикада  кино өндірісін жолға қоюдағы негізгі мақсат – Кеңес дәуірінің  келуімен орнаған жаңа өмірді насихаттау болғанымен де, “Райхан” киносценарийінің  озық шығып, бірінші орынға ие болуының басты себептерінің ішінде оқиғаны өрбітуде  мазмұн  тереңдігінің тақырып талабына сәйкестігіне қоса, көркемдік суреттеу әдісінің  ерекшелігі де болса керек. “Райхан” сценарийі  Мұхтар Әуезовтың  кинодраматург ретінде жазған алғашқы жұмысы болғандықтан, бұл сценарийдің әдеби варианты  мен режиссерлік өңдеуден өткен нұсқасы арасында біраз  айырмашылықтардың бар екендігі байқалады. Оның бірден-бір  себебі – қазақ жазушыларының сценарий формасын кино заңдылықтары тұрғысынан қарастырудағы тәжірибелерінің әлі де жетіспеушілігі еді. Дегенмен де, материал композициясының оқиғаға кіріспе бөлімінен-ақ көрерменге соншалықты әсерлі болуы өнердің барлық салалары мен түрлеріне қажетті басты талаптарының бірі екендігі ұмытылмайды. Әуезов өз сценарийінде осы ерекшелікті басты құрал ретінде пайдаланады.

Киноматериал немесе театр қойылымы құрамындағы негізгі түйін көрерменді оқиға  мазмұнына біртіндеп тереңдету болса, сахнада бұл әдіс актер ойыны арқылы жүзеге асырылады. Егер театр қойылымында көрерменді толғандырары – актер ойынындағы ішкі тебіреніс көрінісі десек, киношығармада көрерменді «қозғайтын күш» - оқиға мазмұнын тереңдетер жеке көріністердің өзара дұрыс байланысы. Сондай байланыс болған жағдайда ғана жеке көріністерді олардың бір-бірімен байланысы арқылы салыстыра отырып, қажетті деген бейнелік қатарды көрермен өздігінен ой қиялында елестете алады.

Кинодраматургиялық шығарманың басқа шығармалардан ерекшелігі – мұнда көркем әдебиеттің де, кино өнеріндегі бейнелеу әдістерінің де мүмкіндіктері кеңінен пайдаланады. Орталық оқиға сипатына көзге көрнекті ірі қақтығысты пайдалана отырып қоғам сипатын жеке кейіпкер бейнесін оның өз өмірінде болған күрт өзгерістер арқылы сомдау-кинодраматургия заңдылықтарының бірі екендігі белгілі. Экрандық шығарманың мүмкіндіктері тұрғысынан кинодраматургия - әдебиет пен киноның аралық туынды ағымы ретінде Совет киносының тұңғыш кинодраматургтерінің (В.Туркин, А.Возненсенский) шығармашылықтарынан басталған және бұл ағым жиырмасыншы жылдардың екінші жартысындағы кино теориясына үлкен жаңалықтар әкелген С.Эйзенштейн, В.Пудовкин, Л.Кулешов, А.Довженко еңбектерінде кеңінен талқыланады, тәжірибелік ізденістер нәтижесінде алғашқы заңдылықтар жүйелендіріледі.

Мұхтар Әуезовтың драматург ретінде қазақ киносына келуі советтік кинодраматургияның өз заңдылықтарының қалыптасқан тұсына сәйкес келді. Әрине, ол осы заңдылықтар шеңберінен еш алшақтамай, киносценарий шығармаларына ұлттық сипат беруге күш салады. Жазушының кинодраматургиялық алғашқы шығармасы «Райхан» сценарийіндегі ұтымды драматургиялық шешім – бас кейіпкер қарапайым қазақ әйелінің мінезіндегі сырт оқиғалар әсерінен бірте – бірте өзгеретін күрделілік. Қазақ даласына келген революция толқыны «Райхан» мазмұнындағы «орталық оқиға» функциясын атқарып тұр. Жаңа өмір жаңалығы Райханның да санасына күрт өзгерістер әкелді. Бұған дейін ол қарапайым көпшіліктің бірі ғана еді. Бастапқыда суреттелетін бай ауылының көрінстері бақ-дәулеттің, молшылықтың дәлелі. Жазушы оқиға өтер ортаны суреттеуде дәлдік детальдарға кеңінен тоқталады. Ауыл өмірі ұлттық сипат алар сөз өрнектерімен беріледі. Революция тақырыбы шығарманың негізгі идеясы болғанмен де, бас кейіпкер Райхан санасындағы күрт өзгерістер оқиға мазмұнына елеулі салмақ беріп тұр. Егер кейіпкер мінезіндегі “эволюциялық” қозғалыстың байқалуын саты-сатыға бөліп жіктер болсақ, кинодраматургия жанрының шығарма көлеміндегі мазмұндық құрамды күрделендіру принциптерінің белгілерін байқаймыз. Қоғамдық өзгерістің бірден-бір айқын мысалы «Райхан» сценарийіндегі революция жаңғырығымен келген ауыл өміріндегі жаңа көрінстер болса, осы өзгерістер ендігі жерде өз бетінше жеке кейіпкер (Райхан) психологиясының «қозғаушы күшіне» айналады. Райхан сценарийіндегі бастапқы тұсында бас бостандығы байдың қолында саудаға салынған мүсәпір кейіпкер. Бай мен Райхан арасындағы аса нанымды «ызғар» көрініс қолмен ұстап танылғандай әсер қалдырады. Десек те, екінші жағынан, жалпы шығыс әйелінің «төмен етектіге» тән жасқаншақтық қасиеті де байқалып жатыр. Жексен байдың созған аяғын Райхан қағып тастай алмады. Басын иіп, шалдың мәсісін шешіп жатыр. Бұдан әрі әлі де болса көзге аса көріне қоймаған кейіпкерлік тартыс жалғаса түседі, біртіндеп шымырлана бастаған оқиға қазығы мейлінше  айқындала бастаған сайын Райхан бейнесін кейіпкер ретінде бейнелеудің шарықтау шегіне жеткізген тұсы да алыс емес деген тұжырым жасауға жетелейді. Бостандыққа ұмтылған Райханның бейнесі аса бай суреттелген күнделікті күйбең тірліктің құрбаны кедей – кепшіктің ортасынан шыққан жинақы образ болып қабылданады. Шығармадағы қосалқы кейіпкерлер (ұста Андрей, ақын Бақберген, Есім, Сәлімдер) бас кейіпкер бейнесін күрделендіруде үлкен роль атқарып тұр. Солардың итермелеуімен жаңа өмірге ұмтылған Райхан, соңында сол қоғамдық өзгерісті өзі тасымалдаушы болып шығады. Айналада болып жатқан жаңа істерге белсене араласады. Райханның бұдан былай көп жағдайда көзқарасы да мүлдем басқаша. Райхан тек бас бостандығын алып қана қойған жоқ. Қаладан оқу бітірген ол, енді туған ауылына білгір маман болып келіп отыр, бір кезде талай қорлық көрсеткен байдың ауылына Райхан басқарма ретінде жоғарыдан арнайы жолдамамен жіберілген. Ауылдастарының жаңа бастыққа деген көзқарастары әртүрлі. Кедей-кепшік ауылдастары кеше ғана бай есігінде жүрген Райханның соншалықты дәрежелі болып қайтқанына сенімсіздікпен қарайды. Бай шонжарлардың бұл құбылысқа деген ашу-ызасы сырт көзге білінбейді, олардың ішінде ит өлгендей тым-тырыс. Көпшілігі тіпті, жаңа өкімет өкіліне жылы қабақ танытып, Райханның алды-артын орайлайды.

Сценарийдегі тағы бір күрделі бейне – Райханның шешесі Зейнеп. Сценарийдің бастапқы сатысында Зейнеп ауыр тұрмысқа тап болған, бауыр еті баласын аяған сезімдегі ана. Райхан құм арасында тезек теріп жүрген тұста, оның алыстан сыңсыған әнін естіген шешесі қызына жанұшыра жүгіреді. Шешесін көрген Райхан ағыл-тегіл көз жасын төгіп жібереді. Жаңа өкімет орнап, заман өзгерген тұста Зейнептің сана сезімі де біраз өзгеріске ұшырайды. Ендігі жерде ол жай Зейнеп емес, ол енді жаңа өкімет өкілі болып келіп отырған Райханның шешесі. Оның түсінігінде ауыл адамдары, әсіресе, бұрынғы адуынды Жексен бай мен оның бәйбішесі мұны аса қадірлейді. Зейнеп үшін жаңа өмірмен келген жаңалықтың ең маңыздысы осы болып отыр. Кемпірдің осал жерін оңай тапқан бай мен бәйбіше мұны аяқ –асты үлде мен бүлдеге орап қарық қылып тастағаны. Зейнепті Райханға қарсы қоюдың басы осы кезеңнен сипат алады да, ендігі жерде кейіпкерлік тартыстың тағы бір қосалқы тармағы айқындала бастайды. Зейнеп пен қызы Райхан арасындағы конфликтінің өзі жеке бір сюжеттік тармақты алып жатыр.  Адасқан ана қызын дұрыс жолдан тайдырдым деп ойлап жүрген жоқ. Алайда, еркінен тыс солай етуге мәжбүр болып қалады. Өз қателіктерін кешігіп барып түсінеді. Зейнептің өмірінде көрмеген қорлығы жоқ.  Бір адамның басынан асып төгілер қайғы –қасіреті баршылық, бүгінгі күнге дейін орны толмас өкініштері де көп болды. Сондықтан да болар, экраннан көрінген Зейнеп бейнесі сара жолдан еріксіз адасып қалған бақытсыз жан болып қабылданады.

1940 жылы экранға шыққан “Ленфильм” киностудиясында Мұхтар Әуезовтың осы аталып отырған сценарийі бойынша “Райхан” көркемсуретті фильмі түсіріледі. Фильмді режиссер Моисей Левин қойды. Райханның экрандағы бейнесі бұған дейін кеңес кезеңі қарсаңындағы қазақ әдебиетінің ағартушы жазушылар шығармаларында Қамар сұлудың (Сұлтанмахмұт Торайғыровтың шығармасында), Ғайшаның (Спандияр Көбеевтің шығармасы бойынша) бейнелері арқылы толықтырылады деуге болады. Жеке кейіпкерлерінің образын ашу барысында Мұхтар Әуезов қазақ ауыз әдебиетінің де үлгілі кейіпкерлерінің ерекшеліктерін ескере отырып, сол ерекшеліктерді орынды пайдалана біледі. Қазақ фольклорлық шығармаларындағы Қыз-Жібек, Баян-сұлу, Айман-Шолпан бейнелеріндегі характерлік суреттеу элементтері міндетті түрде Райхан мінезінің ерекшелігін тереңдетуге көмегін тигізеді.

«Райхан» фильмі экранға шыққаннан кейін Мұхтар Әуезов киносценарий жазу ісіне құлшына араласады.

1942 жылы Мұхтар Әуезов С.Эйзенштейннің талантты шәкірттері кинорежиссерлар В.Кадочников пен Ф.Филипповпен бірлестікте «Дала батыры» атты киносценарий жазады. Сценарийдің сюжеттік желісі қазақ ауыз әдебиетінің лиро-эпостық жанрдағы жыры «Қозы Көрпеш Баян сұлудан» алынған. Сценарийдің екінші нұсқасы Орталық киностудияның сценарийлер бөліміне тапсырылады. «Дала батырының» режиссерлік сценарийі бекітіліп, фильмді өндіріске жіберуге шешім қабылданады. Өкінішке орай, даярлық жұмыстары жүре бастаған тұста қоюшы-режиссер болып бекітілген В.Кадочников мезгілсіз қайтыс болады. Фильмнің дайындық жұмыстары тоқтатылады. Москва қаласында әдебиет пен өнер институтының мемлекеттік орталық архивінде осы жобаға арнайы жасалынған режиссерлік эскиздер сақталған. Сценарий орыс тілінде жазылды. Оның 83 парақ қолжазба варианты Қазақстан орталық Мемлекеттік Архивінің Көркем фильмдер киностудиясының қорында.

Сценарийдің оқиғасы бас кейіпкерлер Сарыбай мен Қарабай арасында өрбітіледі. Лиро-эпостық жырдың желісімен жазылғандықтан негізгі сюжеттік тармақтар сақталынған, қосалқы желілер бойынша оқиға мазмұнын толықтыру барысында автор тарапынан әдеби шығармаға тән бірнеше суреттеу әдістерін пайдаланғаны байқалады. Сценарий құрылымына оқиға көлемінде кейіпкерлік тартысты әсерлендіру мақсатында әдеби нұсқада келтірілмеген персонаждардың енгізілгені де орынды болып тұр. Халық ауыз әдебиетінің ертегі жанрынан мыстан кемпір бейнесі, фольклорлық шығармадан – самұрық құс және бақсы бейнелерінің енгізілуі сценарий құрылымын күрделендіруге әсерін тигізген.

Кинодраматургиялық заңдылықтарды мейлінше терең меңгеріп, экрандық шығарма көлемінде оның ерекшеліктерін ескере отырып жазылған сценарий «Абай әндері» (1945ж, реж. Г.Рошаль) фильміне жазылды. Фильм Қазақстанның дербес құрылған киностудиясының ең алғашқы туындысы болып есептеледі. Бұл сценарийде Абай сынды ұлы ақын өмірінің соңғы он жылы қамтылған. Жеке кейіпкердің бейнесін айқынырақ сипаттауда ақын шығармашылығының шарықтау тұсы және сол кезеңге сәйкес келіп тұрған ақынның талантты шәкіртерінің өмірі мен олардың шығармашылықтары қамтылады. Абайдың шығармашылығы және ақын айналасындағы жас ақындардың оған деген көзқарастары күрделі қамтылған. Абай ақындығының айналасындағы шәкірттеріне әсері сияқты күрделі мәселелер Мұхтар Әуезовтың көркем туныдыларында ғылыми еңбектерінде жан-жақты терең зерттеледі. Абай шәкірттерінің ішінде, әсіресе, Ақылбай, Мағауия, Көкбай сияқты жас ақындардың шығармашылықтары зерттеуші ретінде Мұхтар Әуезовты қызықтырғаны соншалық, ол 1942-жылдан бастап өзі ұстаздық еткен Қазақ Мемлекеттік Университетінің филология факультетенің оқу бағдарламасына «Абайтанудан» ақын айналасында болған жас шәкірттер шығармашылығына арнайы курс енгізеді. Ақылбай шығармашылығынан «Дағыстан», «Зұлыс» поэмаларын, Мағауия шығармаларынан «Еңлік-Кебек», «Медғат-Қасым» поэмаларын қарастырады. Көкбай шығармаларынан Абай әсерімен туған ұсақ өлеңдері мен “Сабалақ” көлемді поэмасына жан-жақты тоқталып, теория тұрғысынан кең талқылайды. Бұл шәкірт ақындардың шығармаларындағы Абай мектебіне тән ерекшеліктер аталынып, тақырып, мазмұн үйлесімділігі жағынан зерттеледі.

Оқиғаның бұдан былайғы өрбітілуі Абай мен жесірін даулап, қуғынға шыққан Нарымбет арасындағы сөз тартысы арқылы келтіріледі. Әмеңгерлік даумен Айдарға тағылған айыптың ақ-қарасын айқындайтын би үкімі сияқты суреттеулер заман талабынан алшақтамай, шешендік сөз тартыстары арқылы мейлінше әлеуметтік тұрғыдан дәл берілген. Оқиғаның жанама тармақтары арасында ерекшеленіп тұрғаны – Шәріп пен Айдардың ара-қатынасы. Талантты жас ақын Айдарға абай ықыласының ерекше екендігін байқайтын Шәріптің қызғаныш сезімі оны ақылынан адастыруға шақ. Ішінде пышақ айналмайтын күншіл Шәріп тек өзін ғана Абайдың бірден-бір ізбасар шәкірті санайды. Сондықтан да Айдардың Абай алдындағы беделіне іштарлықпен қарайтын Шәріп талай қателіктер жібереді. Ал, Абай түсінігінде Шәріп шышында да болашағынан үміт күттірер талантты ақын. Осындай қарама-қайшылық характерлік сипаттары Шәріп бейнесін сөзсіз күрделендіріп тұр. Шәріп бейнесі мысалында бір кейіпкердің бойындағы жағымды-жағымсыз қасиеттерінің алмасып отыруы арқылы көркем шығармалардағы ішкі психологизм табиғатының үлгісі шебер сипатталады. Биографиялық нақты деректерден көркем жанрдағы шығармаға ауысу процесіндегі жазушының көздеген негізгі  мақсатындағы дәл табылған суреттеу әдісі – ақын жан-дүниесіндегі қиналыс сезімдерін оның шабытпен келген өлең-жырлары арқылы беруі болды. Халықтың тұрмысы, таптар арасындағы тартыс, әлеуметтік теңсіздік пен әділетсіздік сияқты қоғамдағы келеңсіз оқиғалар Абай трагедиясының басты себептері ретінде беріледі. Мұхтар Әуезовтың «Абай әндері» сценарийі бойынша 1945 жылы Алматы дербес киностудиясы өзінің алғашқы көркемсуретті фильмін экранға шығарады. Фильмнің қоюшы- режиссері  Григорий Рошаль.

Қазақ кинодраматургиясы елуінші жылдар тұсында

«Алматы» киностудиясының өндірістік мүмкіншіліктері нығайып, ұлттық кино өнеріміз аяғын еркін баса бастаған тұста қазақ кинодраматургиясының бұдан былайғы даму сатыларына басқа да  танымал жазушылар белсене араласады. Елуінші жылдар тұсында қазақ киносына  ұлттық жазушыларымыздың  зейіні мейлінше арта бастайды.  Осы кезеңде  кинематограф пен ұлттық әдебиет байланысының күшейе бастаған тұсы деп айтуға экранға сол жылдары шыққан бірқатар фильмдер мысал бола алады. Жазушы Әбділда Тәжібаевтың кинодағы шығармашылығы «Жамбыл» (1952ж) фильміне сценарий жазудан басталады. Н.Погодинмен бірлестікте жазылған  биографиялық жанрдағы  бұл сценарийге Жамбыл ақынның ұзақ өмір жолындағы басты кезеңдері оның шығармашылығымен тұтастықта қарастырылған әдісі негіз етіп алынды.

Шоқан Уәлиханов өміріне арналған сценарийдің авторлары (С.Ермолинский, М.Блейман)  ғалым-этнограф, заманының озық ойлы қоғам қайраткерінің өміріндегі  ең бір  күрделі кезеңді қамтиды, әр эпизод мазмұнына кейіпкердің мінез ерекшелігіндегі терең қатпарларын ашуға күш салады. «Оның уақыты келеді» («Его время придет») фильміне жазылған сценарийдің экранға барар жолы қиындық, тосқауларға толы болды.

1952 жылдың 23 қазанында «Казахстанская правда» газетінде «Против искажения образа Чокана Валиханова» деген атпен мақала шығады, онда былай делінген: «Взявшись за большую важную тему, С.Ермолинский, однако не изучил глубоко жизнь Чокана и подал ее в ложном свете. Сценарий не раскрывает духовный мир Чокана Валиханова не только как просветителя, но и как ученого. В трактовке С.Ермолинского Валиханов- это разведчик с авантюристическим уклоном. Показ научной работы Валиханова не интересует автора ».

Көркемдік Кеңестің бірауыздан шешімін ала алмаған сценарий авторларына шығарма құрылымына көп өзгертулер енгізуге орынсыз ұсыныстар жасалынады. Біраз таластардан кейін ғана Мұхтар Әуезовтың қолдау көрсетуімен сценарийдің бастапқы вариантын сақтап қалуға мүмкін болды. Мұхтар Әуезов Шоқан жайындағы киносценарийді жақтап, «Казахстанская правда» газетінің 1952 жылдың 28 қазан күнгі санында өз мақаласын жариялайды. Ол былай деп жазады: «Сценарий в истинном смысле слова является достойным творением. Казахстанская общественность должна быть благодарна авторам».

Кезінде осындай  үлкен дау тудырған сценарий бойынша режиссер Мажит Бегалин 1957 жылы  «Оның уақыты келеді» көркемсуретті фильмін экранға шығарады. Бұл фильм қазақ киносының Шоқан өміріне арналған ең үздік шығармасы және биографиялық жанр үлесіне өз жаңалықтарымен келген бірден бір құнды туынды болып отыр.

Елуінші жылдардың  екінші жартысында көркемсуретті фильмдер өндірісі біртіндеп қарқын ала бастайды. Егер 1953 жылы шамамен 8 фильм шығарылған болса, 1954 жылы экранға шыққан көркемсуретті фильмдердің саны 15-ке жетеді. 1955 жылы көркем фильмдер саны жылына 23-ке дейін көтеріледі. Үш жыл ішінде көркем фильмдер саны үш есе артты.  Сценарий бөлімінің жұмысы өндіріс қажеттілігін  қанағаттандырып үлгіре алмай жатты. Экранға бірқатар көркемдік деңгейі төмен ортанқолды фильмдер шыға бастайды. Осы кезең аралығында  А.Галиевтың «И в шутку и всерьез», «Мальчик мой», «Спроси свое сердце», М.Ерзинкянның  «Песня зовет», «Хочу увидеть океан» сценарийлері  қазақ ұлттық кинодрамтургиясына еш жаңалық әкеле қоймады.

Осындай уақытша пайда болған тоқыраудан шығып, біртіндеп өрлеу  кезеңі қазақ кинодраматургиясында  елуінші жылдардың екінші жартысы мен алпысыншы жылдар  тұсында басталады.

Қолданылған материалдар:

«Қазақ киносының тарихы» (оқулық)

ҚР Білім және ғылым министрлігі, Т.Жүргенов атындағы ҚазҰӨА,

Б.Р.Нөгербек, Г.Қ.Наурызбекова, Н.Р. Мұқышева – Алматы: ИздатМаркет, 2005.