Мақала
«Қазақ киносының тарихы» (I.1.1)
I ТАРАУ.  Қазақстандағы кино өнерінің  алғашқы қадамдары (1920-1930 жж) 1.1.Кинофикация және көркемсуретті фильмдер
Бөлім: Кино
Датасы: 25.01.2017
Авторы: QAZAQ KINOSY
Мақала
«Қазақ киносының тарихы» (I.1.1)
I ТАРАУ.  Қазақстандағы кино өнерінің  алғашқы қадамдары (1920-1930 жж) 1.1.Кинофикация және көркемсуретті фильмдер
Бөлім: Кино
Датасы: 25.01.2017
Авторы: QAZAQ KINOSY
«Қазақ киносының тарихы» (I.1.1)

 Гүлжан НАУРЫЗБЕКОВА

Т.Жүргенов атындағы ҚазҰӨА профессоры, кинотанушы


1.1.Кинофикация және көркемсуретті фильмдер

Әлемдік кино өнері тарихымен салыстырғанда қазақ жерінде кино өндірісі кешеуілдеп дамыды. 20-жылдар тұсына дейін Қазақстан өңірінде кино өндірісі әлі қалыптаса қоймаған еді және кино саласында ұлттық мамандар да болмады. Жас Республиканың бұл жылдары мәдени өмірінде бірінші кезектегі маңызды мәселелер қатарында қазақ даласына кинофикация құбылысын кеңінен тарату болды. Ұлы Қазан көтерілісіне дейін Қазақстан территориясында бар- жоғы 13 қана киноқондырғы жұмыс жасайды және олардың барлығы дерлік жеке кәсіпкерлердің меншігінде болды. Ең алғашқы киносеанс 1910 жылы Верный (қазіргі Алматы) қаласында «Марс» жазғы кинотеатрында өтті. Дәл осы жылы Қазақстанның тағы бірқатар қалаларында жылжымалы кинотеатрлар іске қосылады. Екі жыл аралығында Верный (қазіргі Алматы) қаласының бір өзінде ғана үш стационар кинотеатр жұмыс істей бастайды. Киносеансты табыс көзі деп таныған кәсіпкерлер (Омбы қаласынан келген Фабри, Ташкенттен келген Сейфуллин) бір-бірімен өзара бақталастықта болды, олар кинотеатрлардың мәдени дәрежесі мен көрсетіліп жатқан кинотуындылардың көркемдік деңгейіне аса мән бере қоймады. Көп ұзамай-ақ қазақ даласын кинофикациялау процесі мемлекеттік дәрежеде жүйелендіріле бастады. 1919 жылдың 19 тамызында Халықаралық Комиссарлар Кеңесінің «Фотографиялық және кинематографиялық сауда мен киноөндіріс орындарын мемлекеттендіру» жөніндегі Декреті қабылданады. Осы құжат негізінде 1921 жылдың 24 қазанында Бүкілодақтық Фотокино өндірісінің Қазақстандағы бөлімі құрылады. Жаңа құрылған бұл бөлімшенің  күн тәртібінде  кезек күттірмес  мәселелердің  барлығы дерлік кино өндірісін  қалыптастыру  бағытында  болады, олардың негізгілері:

  • губерниялық аймақтар бойынша фотокино бөлімдерін құру және дамыту;
  • жылжымалы киноқондырғылар жүйесін ұйымдастыру;
  • кинопленкалар, диапозитив өндіретін және оны өңдейтін лабораториялар мен фотоательелер ашу;
  • Қазақстан жеріндегі бұған дейінгі барлық кинотеатрларды мемлекет қарамағына енгізу және оларды бір жүйеден басқару  жұмысын жолға қою.

Ендігі жерде жаңа құрылған Фотокино бөлімі осы бағытта қызу жұмысқа  кірісе бастайды. Кинотеатрлар саны жыл өткен сайын көбейе түседі, бірқатар қалаларда шағын кинобірлестіктер іске қосылады. 1924 жылдың соңына қарай Қазақстан жерінде 44 кинобірлестіктер жұмыс істей бастады, оның ішінде Верный (Алматы) округы бойынша – 10, Ақмола бойынша - 9, Орал округы бойынша – 15 және тағы бірқатар қалаларда бірден-екіден кинотетарлар іске қосылады. Бұл аталып отырған көрсеткіштер Қазақстан өңірінде кинофикация  құбылысының  кең етек жая бастағанын дәлелдейді. Дегенмен де, киноқондырғылар санының жыл санап өсе бастауы алыс жатқан шалғай өңірлерге кино туындыларын насихаттау барысында әлі де болса жеткіліксіз еді. Осы кезеңнен күн санап өсіп жатқан киноқондырғыларды меңгере алар арнайы мамандар даярлау қажеттілігі туады. Қазақстанның бірқатар ірі-ірі қалаларында  киномеханиктер, техниктер, киноинженерлер, кинофикация жүйесіне мамандар даярлайтын қысқамерзімдік курстар ашыла бастайды. Осындай алғашқы оқу орындарының бірі Қызыл-Орда  қаласында ашылған киномеханиктер курсының алғашқы түлектері жылжымалы  киноқондырғылардың жұмысын меңгеріп, Қазақстанның шалғай жатқан ауылдарына сапар шегеді.

Кинофикация жүйесінің  Қазақстан жеріне баяулап болса да кең таралуына сол кездегі үкімет тарапынан көрсетілген көмектің пайдасы зор болды. Проекциялау аппараттарының түр-түрі, позитивтік кинопленкалар және тағы басқа толып жатқан техникалық жабдықтар шет елден сатып алынып жатты. Жас мемлекеттің өзіндік киноөндірісінің қуаты әлі де болса тым әлсіздеу болатын. Бастапқы кезеңдегі киносеанстардың негізгі мазмұны үгіт-насихат құралы ретінде қабылданады. Әр ауданда, әр қалада сеанс алдында өткізілетін кинолекторийлардың басты тақырыптары сол кездегі жаңа үкімет саясатымен тікелей ұштасып жатты. Күн өткен сайын кинотеатрларға көрермендер арнайы ұйымдастырылған жүйе бойынша ағыла бастады. Билеттің бағасы арзандатылды, мектеп оқушылары мен кедей  қауымдастықтарының мүшелеріне ақысыз кіруге рұқсат берілді. Жылжымалы киноқондырғылардың өнімсіз қызметіне сол кездегі жергілікті халықтың хат танымауы да себеп болды. Киношығарманың дыбыссыз “мылқау” жағдайына байланысты кинолекторлар сеанс басталмай тұрып көрермен алдында фильм сюжетінен аз да болса мағлұмат беріп отыруға мәжбүр еді.

Кинофикация құбылысының ел арасына мейлінше  кең тарауына «Көшші» кедей-шаруа қауымдастығы мен тұтынушылар  кооперацияларының да ролі зор болды. Кәсіби одақтар бірлестігі өндіріс орындарында шағын стационар кинотеатрлар құрылысын қолға алады. Кинофикациялау органдарына «Совет киносының достары» одағы да үлкен көмек көрсете бастайды. Бұл Одақтың тұңғыш төрағасы болып белгілі қоғам қайраткері Нығмет Нұрмақов сайланады. Осы Одақтың күшімен республиканың ірі-ірі қалаларында, фабрикалар мен заводтарда кино үйірмелері көптеп ашыла бастайды. Әр киносеанс алдында үйірме мүшелерінің ұйымдастыруымен саяси тақырыптарда әңгімелер өткізу жұмыстары  жолға қойылады.

Дегенмен де, кинофикациялау шараларының осындай жан-жақтылығына қарамастан, қазақ жерінде кино өнерін насихаттау жұмыстары әлі де болса баяу қарқында өтіп жатты. Кино өнерін насихаттау сияқты жаңа құбылыстың дамуына тежеуші болған факторлардың басты себептерінің бірі - ауыл-ауылдарға таратылып жатқан жылжымалы киноқондырғыларды дер кезінде фильм көшірмелерімен қамтамасыз ету жұмыстарының қиындығы еді. Кинопрокат жүйесінің қызметі бақылаусыз болғандықтан  әр киноқондырғыда фильм көшірмесінің нақты бағасы қалыптаса қоймады. Сондықтан да уақыт талабымен жылжымалы қондырғыларды фильмдер көшірмесімен қамтамасыз ету жұмыстарын бір жерден басқару қажеттілігі туады.

Осы мақсатта 1921 жылы арнайы кинопрокат конторы құрылды. 20-жылдар соңына қарай жоғарыда аталып кеткен бірқатар шаралардың нәтижесінде Қазақстан өңірін кинофикациялау қарқыны біртіндеп көтеріле бастайды. 1927 жылғы есеп бойынша Қазақстанда қалалық прокат жүйесінде 21 кинотеатр, 30 клубтық киноқондырғылар болса, ауылдық прокат жүйесінде 41 жылжымалы киноқондырғылар мен 39 стационар кинотеатрлары көрерменге қызмет көрсетті. Республиканың енді ғана аяқтанып келе жатқан кинофикация органдарының қызметіне жұмысшы комитетінің қолдауымен 1928-жылы құрылған «Совет киносының достары» (ОДСК-общество друзей советского кино) атты қоғамдық үйірменің көмегі аса зор болды. Қазақстандағы аймақтық ОДСК жетекшісі қызметіне Нығмет Нұрмақов тағайындалады. Бұл қоғамның негізгі міндеттері  қалалық жерлердегі кино үйірмелерінің жұмысын жолға қою болды. Заводтар мен фабрикаларда, оқу орындары мен мекемелерде кинотеатрлардың репертуарымен таныстыру және киноның маңызы жайында үгіт-насихат жұмыстары жоспарлы түрде іске асырыла бастайды. Киносеанстардан түскен қаражаттың артық түсімі көмегімен үсті-үстіне жаңа киноартельдер құрыла бастайды. Ендігі жерде жылжымалы және стационар киноқондырғыларды іске қосатын киномеханиктер мен кәсіби инженерлер қажеттілігі туады. Сондықтан да, ірі қалаларда мемлекет қолдауымен кино мамандарын даярлайтын қысқа мерзімдік курстар ашыла бастайды.

Ұлттық кадр ретінде кәсіби білім алған Қызыл-Орда киномеханиктер курсының алғашқы түлектерінің бірі Садуақас Каддиевтің қол астындағы жылжымалы киноқондырғысымен ауыл-ауылды аралап, кино өнерін насихаттаудағы аса белсенділігі жайында Бейімбет Майлин «Еңбекші қазақ» газетінің 1930-жылғы 20-қарашадағы санында былай деп жазады: «Садуақас Каддиев өз ісінің шебері, ол үнемі жол үстінде. Оның жылжымалы киноқондырғысы күн демей, түн демей, дамыл көрместен, Марқакөл және Бесқарағай аудандарындағы ауылдарды түгел аралап шықты. Ол тек фильм көрсетіп қана қоймайды, сонымен қатар, әр сеанс алдында кино жайында үгіт-насихат жүргізеді, жергілікті халықты өнердің жаңа түріне қызықтыруға тырысады».

Кеңес кезеңі кинематографиясының тарихы хроникадан бастау алады. 20-жылдар кинорепертуарларында негізінен жас мемлекеттің жаңа саясаты мен идеологиясы уағыздалды. «Кинонеделя», «Госкинокалендарь», «Киноправда», «Совкиножурнал» сияқты апталық киножурналдар ел өмірінде болып жатқан өзгерістерді экраннан үздіксіз көрсетіп жатты. Киноплакат, қысқа форматты кино-очерктер түрінде түсірілген  алғашқы хроникалық сюжеттер совет киносы тарихында революциялық кинопублицистика жанрының қалыптасуына негіз болды.

Қазақстан тақырыбына түсірілген алғашқы көркемсуретті фильмдер

Кинематография өнерінің қалыптасу кезеңінде маңызды роль атқарғанымен де, хроникалық-деректі фильмдер жас республика өмірін жеткілікті дәрежеде көрсете алмады. Техникалық шектеулі мүмкіндіктердің аясы бірен-саран ғана фильмдер түсіруге жетіп жатты. Қазақстан тақырыбына көркем жанрда жаңа экран туындылардың қажеттілігі туралы баспасөз беттерінде қоғамдық пікір таластары үздіксіз жарияланады. Орталық студиялар тарапынан Қазақстан тақырыбына фильмдер жасау талпыныстары нәтижесінде 1928-жылы экранға Д.Фурмановтың әдеби шығармасы желісімен «Көтеріліс» («Мятеж») атты алғашқы көркемсуретті фильм шығады (сценарийдің авторлары М. Блейман, С.Тимошенко; қоюшы-режиссер- С.Тимошенко, операторы Л. Патлис). Авторлардың әдеби нұсқа ретінде Д.Фурмановтың осы шығармасын алуы кездейсоқ құбылыс емес еді.  Жиырмасыншы жылдар тұсында жаңа өкімет идеясын насихаттау мақсатында кинематограф өнімдерін кеңінен тарату өз нәтижесін беріп жатты. Жазба нұсқадағы келтірілетін революциялық қырағылық, кулактар мен байлардың халыққа қарсы іс-әрекеттерін ашу сияқты қасиеттер және сол арқылы таптық күресті нығайту сияқты басты тармақтар экраннан заңды жалғасын табады. «Мятеж» фильмінен кейін Қазақстан территориясында көркем фильмдер өндірісін негіздеу қажеттілігі туады.

1929-жылы Алматы қаласында Бүкілресейлік «Востоккино» акционерлік қоғамының жергілікті өндірістік бөлімі ашылып, пленкаға түсірілген материалдарды өңдеу лабораториялары, шағын көлемді монтаждау бөлмелері жабдықталады.

Жиырмасыншы жылдармен салыстырғанда отызыншы жылдар тұсында Қазақстан туралы түсірілген фильмдердің саны күрт өседі. Бұл тек хроникалық–деректі фильмдерде ғана емес, көркемсуретті киноға да қатысты болған құбылыс еді. Осы жылдары «Дала әндері» (1930ж., сц. авторы Е.Арон, реж.А.Лемберг), «Жұт» (1931ж., сц. авторлары С.Ермолинский, М.Каростин; реж. М.Каростин), «Қаратау құпиясы» (1932ж.сц.авторлары А.Дубровский, Эль-Регистан; реж. А.Дубровский), «Жау сүрлеуі» (1935ж. сценарий авторлары И.Шухов, И.Правов; реж. О.Преображенская, И.Правов) атты алғашқы көркемсуретті фильмдер экранға шығады.

«Дала әндері» көркемсуретті фильмі Қазақстан республикасының 10-жылдық мерей тойына арнайы түсірілді, негізгі мазмұны жаңа өкімет қолдауымен енді ғана аяқ басып дамып келе жатқан Советтік Қазақстан республикасының алғашқы жетістіктері төңірегінде өрбітіледі. Кинематографиялық шығарма заңдылықтарының мүмкіндіктері кеңейіп, осы фильмде павильондық көріністердің шеңбері табиғи табиғат аясына ұласады. Кадрлардың басым көпшілігі  жалпы планмен алынған, «көпшілік қозғалысымен» (народные массы) беріліп отыратын көріністер жаңа қоғамдық өзгерістерге халықтық сипат беру мақсатында жасалған. Оқиға желісін өрбіту барысында жеке кейіпкерлердің тағдыры тарихи деректер көріністерімен үйлесімді түрде алма-кезектеніп отырады, сонысымен де деректілік мағынаға ие болады. Композиция құрылымындағы мұндай бұлыңғырлық көркем шығарма мазмұнын сұйылтып жіберуі де мүмкін, осы орайда «Дала әндері» фильмі төңірегінде сол кезеңдегі киношығарма талаптарына сәйкес келмеді деген де пікірлер айтылып жатты. Алайда, осындай көзге көрінбес кемшіліктеріне қарамастан, «Дала әндері» көркемсуретті фильмін қазақ даласын оның өз ерекшеліктерін сақтай отырып, жаңа тарихи өзгерістер қойнауында сипаттауға бағытталған алғашқы туынды деп бағалаған жөн. Әрине, мұнда жеке кейіпкерлер тағдыры тарихи деректер мен қоғамдық өзгерістер жаңғырығы аласапыранында көлдегі бір тамшыдай ғана майдаланып кеткендіктен де, көркем шығарма суреттеу әдістерін бірден байқай алмаймыз, сол себептен де, фильм композициясындағы сюжеттік тармақтар аса айқын көрініс таппаған. Осы аталып отырған кемшіліктерге қарамастан, «Дала әндеріндегі» актерлық фактура және табиғи талант жеңісін айтпауға болмас. Кино саласында жергілікті ұлт өкілдерінен кадрлар жоқтың қасы болғандықтан да, «Дала әндері» фильмінде ойнаған тұңғыш қазақ актері Серке Қожамқұлов ролі ұлттық киноактерлық мектебінің тарихында алғашқы тәжірибе ретінде жоғары бағаланады. Шығарма авторлары республикада болып жатқан өзгерістер мен жаңалықтар туралы әңгімелей отырып, дала әндері мен күмістей төгілген күй сиқырын қатар көрсетеді.

Бұдан кейін экранға шыққан келесі фильмнің де жетістігі айтарлықтай болды. 1931-жылы экранға шыққан «Жұт» көркемсуретті фильмінің құрылымдық сипаты әлдеқайда нақты, таптық тартыс жеке кейіпкерлер деңгейінде беріледі, бай мен кедей арасындағы шиеленіс фильм оқиғасының дамуында шарықтау шегіне жетеді, сол арқылы әрқайсысының мінезіндегі ерекшеліктер айқындалады. Бас кейіпкер Малай (рольде-Хакім Дәулетбеков) өмірінің жартысын бай есігінде өткізгендіктен адам ретінде жеке басына тән қасиеттерден біртіндеп айрыла бастағандай сыңайда. Барып кел-шауып кел жағдайында қолбалаға айналып кеткен Малайдың болашағынан үміті әбден үзілгендей болады, алайда ендігі жерде жаңа өкіметтің келуімен оның өміріне өзгерістер енеді. Малайдың санасы біртіндеп ояна бастайды. Көп уақыт бойы бай қарамағында жалшы болған батрақтар оның малын көз қарашығындай бағып-қаққан, талай жұттан да аман алып шыққан. Ендігі жерде Малай да басқа  батрақтар сияқты байдың малын өзінікі деп есептейді. Бұлардың саналарының өсуі таптық тартыс мазмұнын қоюлата түседі. «Жұт» фильміндегі негізгі идеялық  мақсат – революциямен келген қоғамдық өзгерістер нәтижесінде таптық сана айырмашылықтарының тереңдегенін көрсету, сол арқылы Қазақстан өңірінде жұмысшылар қозғалысының өріс алғандығын насихаттау. Хакім Дәулетбековтың сомдаған Малай бейнесі өте сәтті шыққан. Осы ролінен кейін ол тағы бірқатар фильмдерге шақырылады.

Келесі көркемсуретті фильм «Қаратау құпиясы» экранға 1932-жылы шықты. Фильмге өмірде болған шын оқиға негіз етіп алынған. Кеңес үкіметі орнағаннан кейін, өндіріс орындарын жаппай индустриялау жұмыстары басталады. Күн санап қаулап өсіп келе жатқан заводтар мен фабрикаларға табиғи ресурстар қажеттілігі жаңа мүмкіндіктер  қарастыруға мәжбүр етеді. Каучук өнімдерін беретін көк-сағыз Тянь-Шянь тауларының батысында, әсіресе, Кеген, Сары-Жас, Текес бөктерлерінде кездесетін болғандықтан, енді сол өсімдікті жинауға экспедиция шоғырланады. Каучуктың қасиеттерін зерттеп жүрген жас ғалымдар тобына жергілікті адамдар шын ниеттерімен көмек көрсетеді. «Қаратау құпиясы» фильмі қым-қиғаш оқиғалар негізінде түсірілген. Негізгі оқиға бірнеше адамнан тұратын экспедицияның каучук өсімдігін іздестіру мақсатымен шыққан жорығы жайында. Экспедиция мүшелерінің жол бойы кездескен қиындықтары сюжеттік тармақтың қосалқы элементтері ретінде негізгі бағытты қоюландыра түседі. Фильмнің авторлары – режиссер А.Дубровский, операторлары - Г.Блюм, А.Зильберник. Көне көз профессордың ролінде СССР Халық артисі В.Гардин, жас ғалымның ролінде – Б.Азаров. Хакім Дәулетбеков бұл фильмде ғылыми экспедицияның жол көрсетушісі ролін орындайды.

Отызыншы жылдар кезеңінде жоғарыда аталып кеткен фильмдермен қатар «Востоккино» тресінен «Жау сүрлеуі» (жазушы И.Шуховтың «Ненависть» романы бойынша (фильмнің режиссеры - О.Преображенская), «Көтеріліс» («Мятеж») (Д.Фурмановтың «Мятеж» романы бойынша, режиссеры - С.Тимошенко) фильмдері жарық көреді.

Бұл аталып отырған «Көтеріліс» («Мятеж»), «Дала әндері», «Жұт», «Қаратау құпиясы», «Жау сүрлеуі» фильмдерінің көркемдік деңгейі экрандық шығарма заңдылықтары тұрғысынан алып қарағанда әлі де жеткіліксіз дәрежеде еді. Дегенмен де, бұл фильмдерді кемшіліктеріне қарамастан, Қазақстанда көркемсуретті киноның дүниеге келуінің алғашқы нышандары болды деп бағалау керек. Бүкілресейлік “Востоккино” акционерлік қоғамының Алматыда ашылған өндірістік бөлімі болашақ киностудияның негізі болып қалануы тиіс еді. Алайда, ол бөлімнің жұмыс істеу мерзімі ұзаққа созылмай, 1931жылы  мүлдем жабылып қалады. 1933 жылы Алматыда “Союзхроника” тресінің Қазақстандағы базасы ашылады да, “Советтік Қазақстан” киножурналын шығару міндеттеледі. Киножурнал Қазақстан өмірі туралы хроникалық-деректі сюжеттерді түсіруге тиісті болды. Ал, 1935-жылдың соңында аталмыш база Алматы кинохроникасы студиясы болып қайта ашылады. Алғашқы жылдардағыдай емес, кино өндірісін жолға қоюға техникалық және шығармашылық күші жағынан толық мүмкіндігі бар жаңа студияның құрылуы Қазақстанда өз алдына жеке кино өнеркәсібінің дүниеге келуінің дәлелі болды. Бұл ұлттық киноөнері тарихындағы аса маңызды кезең. Алматы кинохроника студиясы алғашқы кезеңде тек киножурналдар мен хроникалық деректі фильмдер түсірумен ғана шектеліп отырды.

Қазақстан кино өнеріндегі көркем  жанрдың  дамуының өзіндік ерекшеліктері бар. Отызыншы жылдардың екінші жартысында экранға бірқатар көркем фильмдер шығып үлгерген тұста, ендігі жерде ұлттық көркем кино өндірісін жолға қою  қажеттілігі туды.

«Амангелді» көркемсуретті фильмінің маңызы

Шәкен Айманов өзінің естеліктерінде Республика басшыларының кино мамандарын жинап алып, олардың алдына  аты аңызға айналған Амангелді батыр жайында фильм түсіру қажеттілігін баса айтып, мақсат қойғандығын айтады. Шығармашылық тұрғыдан алғанда Амангелді жайында фильм түсіру  мүмкін еді, алайда, сол кездегі материалдық базаның кемшіліктеріне байланысты техникалық жабдықтау жағы қиынға түсті. Соған қарамастан, аты аңызға айналған Амангелді батыр  жайында фильм түсіру жөнінде шешім қабылданады. Сценарий жазу үшін Москвадан жазушы Вс.Иванов шақырылады. Қазақ жазушыларынан «Амангелді» фильміне сценарий жазу жұмысына Ғ.Мүсірепов және Б.Майлин қосылады. «Ленфильмнен» режиссер М.Левин, «Мосфильмнен» оператор Х.Назарьянц шақырылады. Жұмыс қызу басталып кетеді. Фильмге түскен актерлардың барлығы дерлік театр сахнасынан келді.

Техникалық жабдықтау, павильондық көріністерді түсіру және түсірілген материалды монтаждау жұмыстары толығымен «Ленфильм» киностудиясының шеңберінде жүзеге асырылды. Ал, табиғи көріністердің барлығы дерлік Алматы қаласының төңірегінде  түсірілді. Фильм бастапқыда-ақ бірден екі вариантта түсіріледі: орыс және қазақ тілдерінде. Фильмнің негізгі оқиғасы – 1916 жылы қазақ даласында болған, Амангелді басқарған ұлт-азаттық көтерілісі төңірегінде баяндалады. Көтерілістің шығуының басты себебі әлеуметтік-экономикалық және саяси сипаттағы факторлар еді. Солардың бірі – Ресей патшасының 1916ж 25 маусымдағы армияның тыл жұмыстарына Қазақстанның, Орта Азияның «бұратана» халықтары арасынан 19-дан 43 жасқа дейінгі ер адамдарды шақыру жөніндегі жарлығы тікелей сылтау болды. Қазақстанның далалық аймақтарынан - 100 мыңнан астам, бір ғана Жетісу өңірінен 87 мың адам қара жұмысқа еріксіз алынуға тиіс болды. Осы жарлық шығысымен-ақ, жергілікті болыстар дереу тізім жасауға кіріседі. Патшаның қатал жарлығына және жер-жерде оны орындаудағы әділетсіз тәсілдерге қатты ашынған жергілікті халық бас көтере бастайды. Әр жерде, облыс-облыстарда қарулы көтерілістер ұшқыны шығып, қазақ даласында стихиялық қозғалыстар бірте-бірте ұйымдасқан сипат ала бастайды. Ұлт-азаттық көтерілісінің аса ірі орталықтары Жетісу мен Торғай өңірі болды. Осындай тарихи деректер «Амангелді» фильмінің негізгі драматургиялық желісін құрайды. Амангелді Иманов бастаған 15 мыңға жуық көтерілісшілердің бастапқы қарулы дүмпулерінен ақпан революциясына дейін созылған уақытта қаншалықты күрделі сынақтан өткендігін көрсету  арқылы және жеке кейіпкердің характеріндегі эволюциялық өсу дәрежесіне дейінгі құбылысты экрандық шығарма мысалында байқауға мүмкін болды.

Фильмге арнайы жазылған әдеби сценарий 1936 жылы «Новый мир» журналының №11 санында жарияланып, талқыға түседі.    Түсіру кезеңінде, әрине, бастапқы сценарий вариантына көп өзгертулер мен қысқартулар енгізіледі.

Кеңес кезеңі киносының қалыптасуындағы бастапқы саты көп жағдайда революция идеясымен қаныққан романтикалық сарын арқылы сипатталады. Бұл құбылыс қазақ киносына да тән болды. Ұлы Қазан көтерілісі алдындағы тарихи кезең қамтылған «Амангелді» фильмінде бас кейіпкердің ел өміріндегі елеулі іздері сюжетке арқау болып, шығарма жанрының табиғатын тарихи-биографиялық бағытқа бұруға мүмкіндік береді. Амангелді-халық қалаулысы, демек ол жаңа идеяны тасымалдаушы да болып отыр. Бас кейіпкерді сомдаған Елубай Өмірзақовтың актерлық шеберлігі Амангелді бейнесін кезең сипатымен тұтастықта бере алды. Экрандық шығарма заңдылықтарына орай Амангелді бейнесі оны қоршаған адамдар қарым-қатынасы арқылы тереңдетілді, фильм сюжеті өрбіген сайын бас кейіпкердің де мінезіндегі ерекшеліктер айқындала түседі, сол арқылы характерінің өсу деңгейін көруге мүмкіндік болды. Ол тек қана батыр болып көрінген жоқ, оның бойында қарапайым адамға тән қасиеттердің барлығы да бар. Амангелдінің жүріс-тұрысында қолбасшы ретіндегі бойындағы жинақылық та басым, махаббаты да көріне алды, қателік жібергендерге ашуланады да, бір сөзбен айтқанда, Амангелді мінезіндегі ерекшелік жеке адам ерекшелігі тарапынан жан-жақты ашыла алды. Сол кездегі қазақ театр сахнасының жұлдыздары Серке Қожамқұлов, Құрманбек Жандарбеков, Шара Жиенқұлова, Қанабек Байсеитов, Қалибек Қуанышпаевтардың фильмге қатысуы бұл шығарманың дәрежесін одан бетер көтере түсті. Кең көлемді көпшілік көріністердің ірі пландармен жиі алмасуы бас кейіпкердің ішкі дүниесін тереңдетуге біршама көмегін тигізді.

«Амангелді» фильмі экранға шыққаннан кейін 1939 жылы Қазақстан Орталық Комитеті және Халық Комиссарлар Кеңесінің шешімімен ұлттық кино өндірісін өркендету жолында бірқатар шаралар жоспарланады. Сондай шаралардың маңыздылары қатарында Қазақстан тақырыбына арнайы  жазылған сценарийлер бәйгесінің жариялануы еді. Алғаш ұйымдастырылып отырған ұлттық сценарийлер бәйгесіне 40 астам жұмыс қатыстырылады. Солардың ішінде ең үздігі болып Мұхтар Әуезовтың  «Райхан» сценарийі бас жүлдеге ие болады. Осы кезеңнен енді қазақ ұлттық көркем киносының қалыптасу және даму тарихы басталады.

Қолданылған материалдар:

"Қазақ киносының тарихы" (оқулық) ҚР Білім және ғылым министрлігі, Т.Жүргенов атындағы ҚазҰӨА, Б.Р.Нөгербек, Г.Қ.Наурызбекова, Н.Р. Мұқышева – Алматы: ИздатМаркет, 2005.