Ш.Айманов атындағы «Қазақфильм» акционерлік қоғамының құрамындағы «Дебют» студиясы жас кинематографистердің шығармашылық қадамдарына қолдау көрсету бағытында біршама
жақсы талпыныстар жасап отыр. Бүгінгі жас талант - болашақ киногер. Дебюттік фильмдер шығармашылық бірлестігінің директоры Анар Қашағанова мен көркемдік жетекшісі Дәрежан Өмірбаевтың белсенді ұйымдастыру жұмыстары өз нәтижесін беріп отыр: 2014-2015 жылы бар болғаны 2 фильм түсірілген болса, 2015-2016 жылы 7 фильм, 2016-2017 жылы 6 фильмге қаражат бөлінді. Қысқаметражды фильмдер өндірісін осылай бірте-бірте жүйелі түрде жолға қою - ұлттық кино өнеріміздің болашағына жаңа мүмкіндіктер әкелетіні сөзсіз.
Үлкен кино өнеріндегі алғашқы шығармашылық қадамдарын «Дебют» рқылы бастап отырған биылғы жас кинематографистердің басым көпшілігі Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының түлектері мен студенттері.
Киножобаны қаржыландыру арзанға түспейтіні белгілі, алайда, «Дебют» арқылы бөлінетін әр фильмнің 7 млн. теңгені құрайтын бюджетінің өзі жас режиссерлар үшін үлкен мүмкіндік болып отыр. Осы көрсетіліп отырған қаржылық қолдаудың болашақ режиссерларды ынталандыруға септігі мол. Олар ізденеді, түсіру алаңында ұйымдастыру жұмыстарын меңгереді, практикалық тұрғыда өмір тәжірибесінен өтеді.
Қысқаметражды фильм үлкен кино өнеріне қадам жасайтын алғашқы мүмкіндік. Бұл іріктеу жайлы Дәрежан Өмірбаев жас режиссерлардың осы уақытқа дейінгі түсірген жұмыстарын көріп барып, іріктеуден өткізгені туралы айтты. Осылайша іріктеу өте сапалы деңгейде өтті.
«Дебют» студиясынан жарық көрген фильмдердің алғашқы жетістігі де байқала бастады. Солардың бірі 2016 жылы түсірілген Ербол Бораншының «Пәтер» фильмі 2017 жылы Байқоңыр қысқаметрлі кинофестивіліне қатысып, «Үздік режиссер» номинациясын жүлделеді. Осы орайда режиссердың бүгінгі және бүгінгі күнге дейінгі шығармашылығымен танысып, сұхбат жүргізуді жөн көрдік.
Т.Қ.Жүргенов академиясын драматург мамандығы бойынша тәмәмдаған екенсіз, қазіргі таңда шығармашылық жолдың қай саласында қызмет етіп жүрсіз?
Бүгінгі күнде режиссер ретінде бейнебаяндар, деректі фильмдер, көркем деректі фильмдер түсіремін сондай-ақ, сценарист ретінде анимациялық фильмдерге, көркем фильмдерге, деректі фильмдерге сценарий жазамын.
«Пәтер» қысқаметражды фильмін түсіріпсіз, ол фильміңізді түсіру алдында идея қалай келді?
Негізі осы тақырыпта студент кезімде сценарий болған, кейін Ерболат Әбікен есімді жазушы жігіттің «Пәтер іздеп жүрмін» деген әңгімесін оқыдым, сол арқылы өз сценрийімді толықтырып фильм түсіру ойымда болған, кейін Қазақфильмдегі ұстаздармен ақылдасу кезінде әзірге қысқаметрлі фильм түрінде түсіруге ұсыныс айтты, солай сценарийімді жобаға ұсындым, олар қабылдап фильм түсірілді.
Жалпы фильм желісіне тоқтала кетсеңіз және фильмді түсіру барысында сценрийге өзгерістер енгізілді ме?
Фильм желісі оқу бітірген жас отбасының қоғамға бетпе-бет араласу кездегі өмірін көрсетеді. Қалада өмір сүру үшін жатар орын іздеу барысындағы қоғамның бейнесін ашып көрсету басты мәселе болды. Ал, сценарий жаз айларына арналып жазылған болатын. Детальдар ретінде жаңбыр жауып тұратын, жасыл шөптер мен ағаштарды көрсетету ойымызда болған, бірақ бізге қаржы қысқа қарай бөлінгендіктен бір ай уақыт ішінде түсіріп бітіруге тура келді. Сценарий дайын болғандықтан мезгілдерге сәл өзгеріс енгіздік, мысалы, қар орнына жаңбырды көрсету секілді тәсілдер пайдаландық.
Бұл тұңғыш туындыңыз емес шығар, сценарист, режиссер ретінде осы уақытқа дейінгі жұмыстарыңызды айта кетсеңіз?
Студент кезімде яғни, 2007 жылы Шәкен жұлдыздары кинофестиваліне қатысқан «Көңілдер-ай» қысқаметрлі фильмін түсірдім, фильм Дидар кинофестивалінен гран-при жеңіп алды, 2013 жылы «Жазылмаған заң» атты қысқаметрлі фильм түсірдім. Ал, толықметрлі фильмдерден 2009 жылы «Қазақфильм» киностудиясында Жасұлан Пошановтың «Алматы-Шымкент» толықметрлі фильміне сценрий жаздым, 2011 жылы Қазақфильмде Арман Алдажар түсірген «Немере» атты толықметрлі фильмге сценарий жаздым, ол фильмде біраз фестивальдерге жолдама алды, 2012 жылы балалар тақырыбында «Құдіретті қару» фильмін түсірдім, 2016 жылы жаз айында күй мен күйші туралы «Ақарал» атты тарихи көркем фильм түсірдім.
Әр режиссердің фильмдерінде өзіндік ерекшеленіп тұратын тәсілдері болады ал, сіз фильм түсіру кезінде белгілі бір бағытты ұстанасыз ба?
Менде шығармашылық адам ретінде қатып қалған қағида жоқ, алайда, маған жақын дүниелер Сахара мәдениеті. Студент кезімде түсірілген «Көңілдер-ай» фильмінде сахарада киіз үй ішінде және атпен жүретін кадрлар болатын болса, ал «Жазылмаған заң» фильмінде жайлауда қазақ сахарасында ғасырлар бойы қалыптасқан өзіндік мәдениет, салт-сана, өздеріне тән менталитет, жазылмаған заңдары болған соған байланысты көтерілген тақырыптық фильм. Фильмді көрген киносыншылар жақсы деп бағалады.
Алдағы уақытта сценарист, режиссер ретінде жоспарларыңыз қандай?
Әрине, шығармашылық адам болған соң талпыныс, ізденістер бар. Жазылып қойған өткір тақырыптарға дайын сценарийлер бар, алдағы уақытта жоба ретінде ұсынамын деген ойдамын. Дәл осы кезде сценрист ретінде 2015 жылдан бастап түсіріліп келе жатқан балаларға арналған толықметрлі «Мұзбалақ» атты анимациялық фильмін жасап жатырмыз. Барлық шығармашылық режиссерлық жұмыстары дайын қалған сызып жасау жұмыстары біткен соң, осы жылдың соңына дейін көрермен назарына ұсынамыз деген ойдамыз.
Айта кететін жайт, режиссердің «Пәтер» фильмі Камбоджадағы 6-шы Халықаралық Chaktomuk қысқаметражды фильмдер фестивалінің іріктеуінен өтіп, негізгі бағдарламасында бақ сынамақ. Фестиваль Пномпен қаласында қазанның 25-і мен 30-ы аралығында өтеді.
Сөзден іске көшкен Ербол Бораншы сынды жас режиссерларымыздың саны артса, сапалы дүниелер туындап, қазақ киносының болашағы бар деген сенім ұялайды.