Мәскеу қаласында «Мәскеулік тұсаукесер» атты достастық елдері арасындағы халықаралық кинофестивалінің жеңімпаздарын марапаттау рәсімі өтті. Фестивальдің негізгі байқауына қатысқан Эмир Байғазиннің «Өзен» фильмі байқаудың Бас жүлдесіне қол жеткізді. Одан бөлек, осы фестивальде жұмыс істеген киноклубтардың халықаралық қазылар алқасы отандық фильмге «Үздік толықметражды фильм» («Мағынасының тереңдігі, ауыспалылығы және поэтикасы үшін») жүлдесін табыстады.
Естеріңізге сала кетсек, Аслан туралы трилогияның соңғы бөлімі – «Өзен» фильмі өркениеттен алыс жерде тұратын, қаладан келген қонақтан кейін өмірлері күрт өзгере бастаған бес ағайынды туралы баяндайды.
Естеріңізге сала кетсек, «Өзен» фильмінің әлемдік тұсаукесері Венеция кинофестивалі шеңберінде өткен болатын. Бұл фестивальдің «Көкжиектер» бағдарламасында Эмир Байғазин үздік режиссер (Best Director) атанды. Сондай-ақ кино тақырыбында жазатын әлемнің белді бұқаралық ақпарат құралдары аталған кинотуынды жайында жақсы пікірде жарыса жазды. Ал фильмнің Солтүстік Америкадағы тұсаукесері биыл қыркүйек айында Халықаралық Торонто кинофестивалі аясында өтті. Кинотуынды фестивальдің «Тұғырнама» («Платформа») конкурстық бағдарламасында көрсетіліп, қазылар алқасының құрметті аталымына және Screen Daily тәуелсіз киносыншылардың рейтингісі тізімінде алдынғы қатардан көрінді. Жыл сайын өтетін XII Asia Pacific Screen Awards салтанатында «Өзен» фильмі «Режиссурадағы табысы үшін» сыйлығына үміткер болды. Фильмнің азиялық тұсаукесері Токио кинофестивалінің конкурстық бағдарламасы аясынды өтті. Ал Лос-Анджелестегі Asian World Film Festival-де «Өзен» фильмі қазылар алқасының жүлдесіне – «Нағыз кино тілімен бейнеленген көңіліңді бірден баурап алатын фильм» жүлдесіне ие болды. Одан бөлек, Эмир Байғазин Голливудтың шетел баспасөзі қауымдастығының грантына («Алтын Глобус») ие болды.
«Өзен» фильмі Роттердам, Гетоборг, Варшава сынды ірі фестивальдердің ресми бағдарламаларының шеңберінде көрсетілгені туралы айта кеткен жөн.
Фильмнің жарыққа шығуына бірнеше мемлекеттер атсалысты, олар: Қазақстан (ҚР Мәдениет және спорт министрлігі, Ш.Айманов атындағы «Қазақфильм» АҚ, Emir Baigazin Production), Норвегия (Norsk Filmproduksjon) және Польша (Madants). Бұл туынды сценарий күйінде MPA APSA Азия-Тынықмұхиттық киноассоциациясы грантының қолдауына ие болды. 2017 жылы маусым айында бұл жоба алғаш рет Карловы Вары Халықаралық кинофестивалінің кинонарығында таныстырылып, сол жылы қыркүйекте киножоба Варшава халықаралық кинофестивалі кинонарығында Pitch and Meet жобалар байқауында бірінші орынды иеленген болатын. Картинаның пост жұмыстары 2018 жылы жаз айында Польша кинематография институтының қаржылай көмегімен Варшавадағы Orka және Dreamsound студияларында жүргізілді.
Қазіргі таңды Эмир Байғазин «Өмір» атты жаңа фильмді түсіруді қолға алғалы отыр.