Режиссерлері Ерлан Нұрмұхамбетов (Қазақстан) және Лиза Такэбаның (Жапония) «Уақыт жолдары» фильмі XXIII Халықаралық Шанхай кинофестивалінің (SIFF) аясында көрсетіледі.
Коронавирус пандемиясына байланысты кейінге шегерілген Қытайдың ең үлкен кинобайкауы – Халықаралық Шанхай кинофестивалі шілденің 25-і мен тамыздың 2-і аралығында өтеді. Бұл туралы фестивальдің ресми сайтында жарияланған.
Байқаудың ұйымдастырушылары биыл фестиваль онлайн және офлайн форматында өтетінін, сондай-ақ, COVID-19 індетінің алдын алу шараларын сақтау қатаң бақылауда болатынын хабарлады. Іс-шараға қатысушылар үшін кинотеатрлар мен ашық аспан астындағы кино көрсетілімдер, онлайн-көрсетілімдер, SIFFFORUM кинематографиялық форумы, креативті-инвестициялық киножобалардың тұсаукесері ұйымдастырылады. Ал «Белбеу және Жол» кино апталығы шеңберінде Қазақстан мен Жапония бірлесіп түсірген «Уақыт жолдары» фильмі көрсетілетін болады.
Айта кету керек, осы бағдарлама аясында «Уақыт жолдары» фильмінен бөлек АҚШ, Мысыр, Ұлыбритания, Грекия, Үндістан, Венгрия, Түркия, Қытай, Германия және басқа да елдерден 15 картина ұсынылады.
Қала кинотертрларындағы көрсетілім кестесі SIFF сайтында жарияланған, ал онлайн платформадағы билеттердің сатылымы 20 шілдеден басталады.
Естеріңізге салайық, «Уақыт жолдары» фильмін Қазақстан мен Жапония бірлесіп түсірген. Қазақстан тарапынан ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің тапсырысымен Ш.Айманов атындағы «Қазақфильм» киностудиясы жұмыс істесе, Жапония тарапынан – «Tokyo New Cinema» компаниясы қолға алған.
Фильмде тыныш өмірінің шырқын бұзып, барымташылар отағасын аяусыз өлтірген отбасы туралы баяндалады. Марқұмның 12 жасар баласы Олжас, барымташылардың қолынан мерт болған әкесінің өліміне қайғырып, зұлымдықпен күресіп, отбасыларына түскен ауыртпалықты қарындастарымен бірге кешеді. Қорғансыз қалған Олжастың отбасына ғайыптан пайда болған бөгде біреу қол ұшын созады.
Фильмде басты рөлдерді Канн кинофестивалінде үздік актриса атанған, Алтын пальма бұтағының иегері Самал Еслямова, танымал қазақстандық актер Дулыға Ақмолда сомдайды. Олжастың рөлін Мәди Менайдаров есімді жас актер ойнайды. Басты рөлдердің біріне жапондық актер Мирай Морияма шақырылған.
Халықаралық Шанхай кинофестивальі 1993 жылдан бастап өтеді. 27 жыл ішінде бұл шара Қытай киноиндустриясының дамуының куәсі болды және мәдени пікір алмасу мен ынтымақтастықтың халықаралық алаңына айналып үлгерді.