"Балуан Шолақ" тарихи көркем фильмінің түсірілімдері аяқталды

Ш.Айманов атындағы "Қазақфильм" киностудиясында ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің тапсырысы бойынша өндіріске жіберілген "Балуан Шолақ" көркем фильмінің түсірілімдері аяқталды.
"Балуан Шолақ" тарихи көркем фильмінің түсірілімдері аяқталды

Қазіргі таңда фильмнің өндірістегі ағырғы этапы монтаждау кезеңі жүріп жатыр. Аталмыш тарихи туынды әнші және композитор, аты аңызға айналған балуан Балуан Шолақ туралы баяндайды. Фильм режиссер Нұргелді Садығұловтың көркем фильмдегі алғашқы қадамы.

Қазір монтажды бітіргелі отырмыз. Монтаж – фильмнің үшінші және соңғы рет туылатын сәті. Монтажға көп уақытым кетті, себебі түсірілген материал ауқымды әрі қызықты. Монтаждың соңғы нұсқасын ''Қазақфильмнің'' Эксперттік кеңесіне көрсетеміз. Содан кейін ғана дыбыстау жұмыстары, графика және түстеу жасаймыз, – деді Нұргелді Садығұлов.

 

 

Сондай-ақ, режиссер Бурабайда өткен түсірілімдер туралы да сөз етті: Көкшетаудағы түсірілімдер өте сәтті өтті деп ойлаймын, себебі мен үшін табиғат таптырмас актер. Түсірілім кезінде жаңбыр жауып, боран болды. Соған қарамастан түсірілім тобы да, актерлер де бір адамдай жұмыс істеді. Соның арқасында алдымызға қойған мақсатымызға қол жеткіздік. Монтаждап болған соң, эпилог керек деген шешім қабылдадым. Фильмнің эпилогын түсірсек, фильм әсерлі болады әрі тақырып кеңінен ашылады деп сенемін.

 

 

Фильмнің түсірілімдері Алматы облысы, Павлодар қаласы және Бурабайда өткен. Алматы облысы, Кеген және Жалаңаш ауылдарында фильмнің негізгі бөлігі түсірілген. Көпшілік сахналарға үш жүзге жуық адам қатысқан. Режиссердің айтуы бойынша, фильмде компьютерлік графика көп жасалады. Көрермен қауымнан біраз ақпаратты жасырып қалғысы келген режиссер бұл жөнінде көп тоқталмады. Десе де, режиссер фильмді түсірудегі басты мақсаты жайында айтып қалды: Ең бастысы мен үшін Балуан Шолақтың бейнесін үлкен экранға әкелу және сол дәуірді көрсету. Қаншалықты сәтті немесе сәтсіз шыққанын экран көрсетеді. Түсірілген материал жүз пайызға ұнайды деп айта алмаймын. Кейде монтаждан ашумен кетемін, кейде қуанышпен шығамын. Актерлер барын салды. Десе де, Балуан Шолақтың рөліндегі Еркебұлан Дайыров, Ақылбайды сомдаған Медғат Өмірәлиев пен Долгоносовты ойнаған Александр Багрянцевті ерекше атап өткім келеді.

 

 

Айта кетейік, фильмге екі бірдей трейлер және екі саундтрек әзірленіп жатыр. Шығармашылық топ оларды жақын арада көрермен назарына ұсынады. Фильм жылдың соңында көрермен назарына ұсынылады деп жоспарлануда.

Дереккөз: www.kazakhfilmstudios.kz

Сізге қызық болуы мүмкін: