Ш.Айманов атындағы «Қазақфильм» АҚ президенті, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Арман Әсенов киностудияның толықтай техникалық модернизациясы бойынша жұмыстарды жүргізуде. Бұл еліміздің басты кино алаңы – «Қазақфильмнің» өркендеуі бағытында жасалып жатқан басты мәселелердің бірі. Осыған орай киностудия әкімшілігі кеңесу үшін әлемнің үздік мамандарын тартуда.
Жақында ғана киностудия модернизациясы жобасы шеңберінде Арман Әсеновтың арнайы шақыруымен Һолиуд продюсері А.Фрадис 5 күнге созылған жұмыс сапармен Алматыға келген болатын. Келіссөздер барысында «Қазақфильмнің» президенті шетелдік қонаққа киностудияның тыныс-тіршілігімен таныстырып, павильондар мен техникаларын көрсетіп, киностудияның жеткен жетістіктері, қиындықтар мен алдағы жоспарларымен бөлісті. Киностудияның басшысы шетелдік қонаққа белгілі казақстандық фотограф Николай Постниковтың еліміздің табиғаты суреттелген «Ұлы дала бояулары» атты авторлық альбомын естелікке сыйға тартты.
Айта кетсек, А.Фрадистың модернизация мәселелері бойынша үлкен тәжірибиесі бар. Ол өзінің кинодағы мансабын Одесса киностудиясында бастаған. Кейін 1970 жылы АҚШ-қа көшіп, Һолиудта американдық киножобалардың насихатталуына үлкен үлес қосқан. Сондай-ақ ол посткеңестік кезеңде киностудиялар жұмыстарының ұйымдастыру ерекшеліктерімен жақсы таныс және әлемдік прокатқа бағытталған блокбастерлер шығаратын американдық кинокомпаниялар мен продюсерлерге қажетті өзекті мәліметтерді біледі. Атап өтсек, А.Фрадис «Мосфильмнің», Украина мен Кореядағы киностудиялардың модернизациясына белсене атсалысқан. Ол Мәскеудегі «Октябрь» кинотеатрының құрылысы жобасының әзірлеу жұмыстарына, сондай-ақ «НТВ Кино» компаниясын ұйымдастыруына белсене қатысқан.
Һолиудта қомақты қаржымен туындылар түсірілетіні жасырын емес. Басқа елдерде белгілі бір дәрежеде баламалы қызмет көрсететін студиялардың жоқтығынан олардың өндіріске жұмсалатын қаражаты да азаймайтыны белгілі.
Сондықтан да, «Қазақфильмде» жаппай жаңғырту жұмыстары жүргізілген жайғдайда отандық киностудияның қызметі шетелдік компаниялар арасында бағасы жағынан бәсекелес болып, үлкен сұранысқа ие болары сөзсіз.
Естеріңізге сала кетсек, 2019 жылы Қазақстанның кино өндірісі саласында үлкен өзгерістер орын алды. Былтырғы жылдың 3 қаңтарында Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Кинематография туралы» заңға қол қойды. Бұл заңдағы өзекті аспектілердің бірі – Қазақстан аумағында (бюджеті 1 млн. доллардан кем емес) фильмдер түсіретін шетелдің кинокомпаниялары өндіріске жұмсалған қызметтердің құнын 30%-ға дейін қайтару мүмкіндігі – rebate жүйесі енгізілген. Бұл тәсіл Казақстанның кино өндірісіне қосымша инвестицияларды тартуға мүмкіндік береді, ал ол үшін әлемдік стандарттарға сай заманауи киностудия қажет.
Ш.Айманов атындағы «Қазақфильм» АҚ президенті А.Әсенов және Aurora Films Entertainment Corporation компаниясының директоры А.Фрадис кездесу нәтижесінде «Қазақфильм» киностудиясының модернизациясы жобасы аясында бірлесіп жұмыс істеу туралы хаттамаға қол қойды. Ынтымақтастықтың келісімі бойынша шетелдің қонағы «Қазақфильмнің» бүгінгі техникалық мүмкіндіктері бойынша сараптық қорытынды жасап, әлемдік стандарттарға сай киностудия модернизациясының толық жоспарын ұсынатын болады. Серіктестердің кезекті кездесуі осы жылдың тамыз айына жоспарланған (Лос-Анжелес қаласында).