10-12 мамыр аралығында Семей қаласында алғашқы ALASH қысқаметрлі фильмдер фестивалі өтеді. Фестиваль «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында болады.
ALASH кинофестивалі еліміздегі тәжірибелі және жас киногерлер арасында өтеді. Байқаудың басты мақсаты – кино өнеріне Шығыс Қазақстан облысының назарын аудару, сондай-ақ, аталмыш аудандағы кинематографтың дамуына үлес қосу. Фестивальдің авторы әрі директоры - Райымбек Төлеуғазы.
Байқауға бүкіл Республика бойынша көркемсуретті қысқаметрлі фильмдер қатыса алады. Ұсынылған фильмдердің хронометражы 20 минуттан аспауы тиіс. Жанр мен тақырыпқа шектеу жоқ. Өтініштерді қабылдау 2018 жылдың 9 сәуіріне дейін жалғасады.
ALASH кинофестивалі екі кезеңнен тұрады. Бірінші кезеңде арнайы комиссия фильмдерді байқау бағдарламасына іріктеп алады. Екінші кезеңде фильмдер көрсетілімі болып, жеңімпаздар анықталады.
Үздік жұмыстар 8 номинация бойынша бағаланады: «Үздік режиссер», «Үздік сценарий», «Үздік операторлық жұмыс», «Үздік әйел ролі», «Үздік ер адам ролі», «Композитордың үздік жұмысы», «Үздік монтаж» және «көрермендер көзайымы». Сонымен қатар, қатысушылар демеушілерден арнайы жүлделер мен естелік дипломдарға ие болады.
Қатысушылар фильм мен түсірілім тобы жайлы мәліметтерді және байланыс нөмірлерін erke_rej@mail.ru электронды мекен-жайына жіберу қажет.