Еліміз тәуелсіздік алғалы бері Қазақстан театрларының шетелдерге шығуы, фестивальдарға қатысуы қалыпты ахуалға айналды. Сахна ұжымдары мемлекетаралық мәдени байланыстар аясында және өз бастамаларымен республика сахна өнерін шетелдерге танытып жүр. Фестивальдар қатары өз елімізде де жыл санап көбейіп келеді. Өйткені «Қазақстан-2050» стратегиялық бағдарламасында атап көрсетілгеніндей, «...біз мемлекеттілігіміздің рухани мәселелер экономикалық, материалдық мәселелерден ешбір кем бағаланбайтын даму кезеңіне келіп отырмыз...». Алдағы мақсат – әлемдік мәртебелі, деңгейі биік фестивальдардың толыққанды қатысушысы болу. Әрине, бұл – қол жетпейтін арман емес, ал, әлемдік сахналық үдерістер ортасынан көріну үшін алда бірталай жұмыс бар екенін іштей бәріміз де іштей сеземіз. Осы үлкен жұмыстың салиқалы бастауы - елімізде «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында ұйымдастырылып отырған Дүниежүзілік «Астана» театр фестивалі. Және бұл үлкен шара еліміздің Мәдениет тұжырымдамасында «2030 жылға қарай біздің еліміз кәсіптік шеберлікті жоғарылату мен шығармашылық өсудің халықаралық жетекші мектебіне айналуға тиіс» деп атап көрсетілген міндеттердің жүйелі түрде жүзеге аса бастауының көрінісі.
Биыл екінші рет өткізілген фестиваль, бірінші мақаламызда да айтылғандай, республика сахнагерлеріне белгілі бір деңгейде әлемдік театрлар сахнасын ашып, ондағы заманауи рухани-эстетикалық ізденістер, бүгінгі театрдың мазмұн, түр, форма байлығын көзбен көруге мүмкіндік берді. Сонымен қатар шетелдік сахнагерлер, мамандардың қазақ сахна өнері туралы танымы кеңейді, білімі артты. Олай дейтініміз – Бүкіләлемдік «Астана» фестивалінде республика театрлары лайықты өнер көрсетіп келеді. Бірінші мақалада шетелдік театрлар туралы сөз қозғасақ, ендігі аз-кем сөз отандық қойылымдар туралы. Сонымен қатар оқырмандарға фестивальдің Сарапшылар алқасы құрамында болған шетелдік мамандар - театртанушы ғалым Б.Пикон-Валлен мен сыншы, өнертанушы Д.Шалис-Асатиани (Франция), есімі әлемге танымал көрнекті режиссер, Қазақстанда да бірнеше спектакль қойған Й.Вайткус (Литва), продюсер, режиссер Д.Папавалардың (Ұлыбритания) талқылау барысында, сондай-ақ жеке сұхбаттарымыз кезінде айтқан азды-көпті пікірлерімен де таныстырғанды жөн көрдік. Фестиваль шымылдығын еліміздегі ең жас сахналық ұжым ашты.
Ғ.Мүсірепов.Е.Брусиловский. «Қыз Жібек». «Астана-мюзикл» театры. Қоюшы-режиссері А.Маемиров.
Соңғы екі-үш жылда қазақ лиро-эпосының жауһары «Қыз Жібектің» ұлттық сахналарда жолы болып тұр. Шеруді М.Әуезов атындағы академиялық драма театр бастап, еліміздің жас театры «Астана-мюзикл» қоштап, «Рухани жаңғыру» мемлекеттік бағдарламасы аясында Республика Мәдениет министрлігінің «Жаһандық әлемдегі қазақстандық заманауи мәдениет» жобасымен өткен жылдың соңына қарай Еуропа елдерінде триумфалды турне жасап қайтса, эстафетаны жуырда ғана «Қыз Жібекті» Кореяда көрсеткен Астана Жастар театры жалғастырды деуге болады Өткен жылы жаңа «Қыз Жібегін» «Астана-опера» да ұсынды. Бұлай болар жөні бар, өйткені әлемік мәдени мұра тізіміне енгізілген бұл жыр - халқымыздың ұлттық рухани коды, мәңгілік махаббат символы!
Халқымыздың ұлттық рухани коды «Астана-мюзиклдың» «Қыз Жібегінде» барынша танылады. Бұл қойылымда Ғ.Мүсірепов либреттосы шамалы ышамдалып, соңы өзгертіліп, Е.Брусиловскийдің халық шығармашылығына негізделген музыкасы жанрға сай өңделген. Ұжымның көркемдік жетекшісі, креативті идеялары мол талантты режиссер А.Маемиров қойылымын әу бастан-ақ жоспарлы түрде осылайша бағдарламалағаны көрінеді. «Астана-мюзикл» нұсқасындағы «Қыз Жібекте» режиссер ежелгі Дала театрын еркін реконструкциялайды. Қасиетті қобыз үнімен (қобызшы А.Омаров) басталатын мюзиклда Дала философы Абыз (жырау актер С.Қамиев) мәңгілік махаббат баянын жырлауға кіріседі. Сайын дала төсіндегі жарқын да жасампаз өмір. Махаббат, сұлулық, қызғаныш. зұлымдық, әулет мәртебесі, ұрпақ жалғастығы. Үлкен сахнада - ата-бабаларымыздың сонау ғасырлар қойнауынан жеткен психологиялық аскетизм, этникалық-этикалық контексті мол ұлы мәдениеті, түрлік-реңдік палитрасы бай өмірінің үлкен панорамасы. Музыкалық құрылымына «Астана сазы» ансамблі үлкен үлес қосатын мюзиклға кейіпкерлердің, жинақтап айтқанда халықтың жанын, рухани-адамгершілік әлемін танытатынның барлығы - жанды дауыста орындалатын әндер, жоқтау, қоштасу, айтыс өнері, би, бата, қарғыс, сондай-ақ көрікті көш, киіз басу, жамбы ату, қазақша күрес, киелі ағаш, түстегі аян, тағы да басқа салт-дәстүр жырлары, жоралғылары синтезделген. Халық өмір салты, ритуалдардың мәдени формасы мюзиклда жаңаша жарқырайды. Бас кейіпкерлер Қыз Жібек - И.Ризабекова, Төлеген - О.Игілік, Бекежан – Р.Усманов, сондай-ақ Төлегеннің айнымас досы, ақын Шеге – А.Амандықов пен анасы Қамқа - А.Бермұхамедовалардың дауыс әлеуеттері мен актерлік шеберліктері бір-біріне сай этно-мюзикл жасампаздық атмосферамен аяқталады.
Бас кейіпкер Жібектің әдеттегінше суға секіруі қолындағы бір тал гүлін үзетін мәнді жестке айырбасталуы бекер емес. Жырда «...хабарсыз кетсең тым ұзақ Сансызбай шығар соңыңнан» делінетіндей, қойылым соңында лиро-эпостың өзге вариантындағыдай, Жібекті Төлегеннің інісі Сансызбай (актер А.Замзарханов) іздеп келеді. Оған бас киім кигізіліп, Жібек екеуі жараса қатар әулеттерімен тұрған соңғы сахна стоп-кадрдай - өмірдің жалғастығын, ұрпақ жалғастығын мағыналатады.
Бос кеңістікте ойналатын қойылымда көп семантиканы кейіпкерлердің киімдері (киім суретшісі А.Сырбаева) береді. Әлеуметтік статусы жоғары басты кейіпкерлердің киімдері статусына сай бейне тапқан, көпшілік сахнасы кейіпкерлерінің киімдері де бай Бірер сахнада Қыз Жібектің, өзге де қыздар киімдеріндегі жалт-жұлт әшекейлер де байқалады (киім қазақтардың дәстүрлі дүниетанымының маңызды құрамдас бөлігі екені еске алғанда, мұның қаншалықты орынды екенін айту қиын.) Шағын сөздің соңында көркем этно-мюзиклдың шығуына қоюшы-режиссер А.Маемировпен бірге режиссер Е.Нұрсұлтан, хореограф Қ.Сиязбек, балетмейстер А.Садықова, хормейстер Г.Берекешев, дирижер Б.Ақтаев және киім суретшісі А.Сырбаева бар қойылым тобы үйлесімді де табысты жұмыс жасағанын айту орынды. «Қыз Жібек» этно-мюзиклы бүгінгі қазақ сахнасында жетпейтін басты бір буын - ұлттық салт-дәстүрлер театрының қаншалықты маңызды екенін және оның заманауи көркем болуының қажеттілігін көрсетеді және осы олқылықты толтырудың жақсы бастамасы деу керек. Мюзикл туралы шетелдік мамандардың пікірі өте жақсы.
Йонас Вайткус, көрнекті режиссер (Литва): - «Астана-мюзиклдың» «Қыз Жібегі» қазақ халқының рухани-мәдени мұрасы қаншалықты бай екенін көрсетеді. Осындай бай мұрасы бар халық мықты халық. Мен М.Әуезов театрында «Қорқыттың көрін» қою барысында қазақ мәдениетімен біраз таныстым, дегенмен де мюзикл арқылы байқалатын осындай бай руханилық, мағына, эстетика өзге мәдениет өкілдерінің үлкен қызығушылығын тудыратыны сөзсіз. Жас театрдың жас актерлерінің өз жанрларында үлкен қызығушылықпен, жалынмен, беріле жұмыс жасайтыны, ұшқырлығы сүйсінтеді және құрмет тудырады. Жас ұжымға және олардың басшысы, ұстазы Асхатқа үлкен шығармашылық табыстар тілеймін.
Д.Шалис-Асатиани, сыншы, өнертанушы (Франция): - «Қыз Жібек» этно-мюзиклын алғаш рет Францияда көрген болатынмын. Менің көрермендік тәжірибем бай десем мақтанғаным емес. Алайда өз өмірімде осындай спектакльді бірінші рет көрдім. Тілдік кедергелерге қарамастсан үлкен әсер алғанмын, бұл жолы да та солай. Осынша сұлулық! Қандай эстетика! Режиссердің халықтың мол қазынасына деген соншалықты ыждағатты да нәзік бір көзқарасы, талғамы байқалады. Мюзиклдың драматургиялық негізі жақсы. Мені ұлттық костюмдердің осыншалықты байлығы таң қалдырады. Мюзиклдан қазақ халқының мәдениетін сезініп қана қоймай, тарихынан да хабардар болдым.
Ғ.Есім. Таңсұлу. М.Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық драма театры. Қоюшы-режиссері А.Кәкішева.
Фестиваль кезінде Астанадағы гастрольдік сапарын табысты өткізген қара шаңырақ театрдың «Таңсұлуы» - мамандардан жақсы бағасын алған, көрермендер сүйіп көретін спектакль. Ғ.Есім әңгімесі бойынша қойылымға, тарихи деректерге қарағанда, 18 ғасырда өмір сүрген қазақ батырларының бірі Қожабергеннің жары, аса сұлу да ақылды Таңсұлудың тағдыры арқау болған. Жаугершілік замандағы ұрыста батыр мерт болып, қалмақтардың тұтқынына түскен Таңсұлу туралы туралы «Жапал батыр мен Таңшебер қыз» жырында (жыр мемлекеттік «Мәдени мұра» бағдарламасымен жарық көрген 100 томдық «Бабалар сөзі» сериясында бар) нақты жырланады. Құрсағындағы баласы үшін өзін мерт етпей, небір қиындық, азапқа көніп өмір сүрген Таңсұлудың ұлы - осы Жапал. Жырда ол өсіп-ержетіп, анасының ақыл-жігерімен еліне қайтып, жаудан кек алады. Ал, әңгіме негіз болған спектакльде де сюжет бірталай өзгеріске ұшыраған. Қайратты да намысшыл, ұрпағы үшін бәріне даяр қазақ әйелінің бейнесі режиссер А.Кәкішеваның қойылымында тарихи кейіпкер шеңберінен шығып, ұлы даланың жазылмаған заңы – тектілік пен намыстың символы Таңсұлу қазақ әйелінің жинақтық бейнесіне, Ана символы деңгейіне көтеріледі.
Спектакль Бақсының (актриса Г.Жақыпова) кеңістік кезіп жүруінен басталады. Мұнда антикалық сюжеттерде де аз кездеспейтін тағдыр, қазақы танымда «жазмыштан озмыш жоқ» пәлсапасы бар. Сахна айқара ашылғанда далалық идиллияны, табиғат пен сұлулықта өмір кешкен бақытты отбасын көресіз. Халқымыздың өмірсалтын көркем бейнелеген сценография мен кейіпкерлер костюмдері (суретші Қ.Халықов), әсемдікті, табиғатпен үйлесімділікті паш ететін пластика (биін қойған Ш.Сапарғалиқызы), жан әлемін беретін музыка (композитор Ә.Омарова) актерлік шебер ойынмен жанданып, сахна сол кезең атмосферасына тұнып тұрады. Ана (актриса Г.Тутова) мен перзент жап-жас ару Таңсұлу (актриса А.Бақытжанова) арасындағы махаббат, ене мен келін (актриса Б.Қажынәбиева), қайынсіңлі мен жеңге арасындағы сүйінішті де нәзік қарым-қатынастар, қазақ отбасының моделін, ұлттық космосты танытады. Этноритуалдарға да саналы түрде басымдық берілетін спектакль тереңдегі ұлттық жадыны оятады, сүйініш, мақтаныш, сонымен қатар әлдебір сағыныш сезімдерін бастан кештіреді, демек, режиссердің түпмақсаты жүзеге асады. Алғашқы премьерасынан бері төрт жыл өткен «Таңсұлу» мемлекеттік «Рухани жаңғыру» бағдарламасынан бері аса өзекті болып отырған «ұлттық кодтың» сахналық көркем тілмен жеткізілуі. Фестиваль көрермендері қойылымдағы фикс-идеяны, ұлттық болмыс бояуларын жақсы қабылдады.
Көрнекті режиссер Й.Вайткус «Таңсұлуды» «авторлық спектакль» деді. Жаны бар пікір. Өйткені қойылым өмірлік тәжірибесі, рухани-көркемдік тәжірибесі мол және азаматтық үні айқын режиссердің қолтаңбасын танытады. Жақын тарихқа зер салсақ, кезінде бізде көрнекті режиссер Ә.Мәмбетов алып келген қойылымдық режиссура қазақ театрын жаңа сапалық белеске шығарған еді. «Таңсұлу», бір есептен, Мәмбетовтің шәкірті А.Кәкішеваның осы режиссурадағы заманауи көркемдік ізденістері, дәстүр жалғастығы.
Спектакльдер әр жолы әртүрлі сезімде, температурада ойналатыны белгілі жайт. Фестивальдік «Таңсұлу» қызуқанды ойынымен ерекшеленді. Астанадағы Бейбітшілік және Келісім сарайының 1500 орындық үлкен сахнасындағы залындағы көрерменге посыл жасағаны ма - актерлер эмоционалдық температураны тым жоғарылатып, музыка мен жарықтың да мөлшерден асқан сәттері болды. Бұған қойылымды негізінен жақсы қабылдаған шетелдік сыншылар да назар аудартты.
Йонас Вайткус, көрнекті режиссер (Литва): - «Таңсұлу», меніше, өте индивидуальды, авторлық спектакль. Режиссердің тарихқа, ұлттың өткеніне, әйелдің қазақ қоғамындағы роліне көзқарасы. Осы мақсатта көркемдік құралдарды барынша пайдаланған. Бояуы қалың, эмоциональды қойылым адам жанына әсер етеді. Сонымен қатар қойылымда музыка, жарықтың шамадан көп пайдаланылуының кері де әсері бар...
Б.Пикон-Валлен, театртанушы ғалым (Франция): - Өте қызғылықты спектакль. Әйел жаны туралы осынша терең шығарманы әйел режиссер ғана қоя алады. Әрине, менің ұлтым, мәдениетім басқа болғандықтан кей тұстарын түсіне алмағанымды жасырмаймын.. Дегенмен де Таңсұлудың өз сұлулығымен қоштасуын эстетикалық тұрғыдан басқаша беруге болар ма еді деген ой келеді. Еуропа театрына негізінен минимализм тән, содан да болар маған мұндағы би мен музыка көп сияқты көрінді.
Д.Шавлис-Асатиани сыншы, өнертанушы (Франция) - «Таңсұлу» – қазақ халқының этномәдениетін,ертедегі тұрмыс-тіршілігін көз алыңызға әкеледі. Таңсұлудың махаббаты, тағдыр теперішіне түскен өте ауыр өмірі. Қойылым эмоциялық тұрғыдан маған қатты әсер берді. Басты рольдегі актрисаның шеберлігі тәнті етті. Еуропалық мектептен шыққандарға мұндағы музыка мен жарықтың көп болып көрінуі заңды шығар. Әр режиссердің танымы, тақырыпты көруі, сахналық бейнесін табуы әртүрлі болады. Бұл – әйел жанын терең білетін әйел режиссердің туындысы. Өкінішке қарай, бүгінде әлемдік театрда әйел режиссерлер саусақпен санарлық. Меніңше, қазақ театрлары классика мен ұлттық қойылымдарды бірдей жоғары деңгейде алып келеді. Сіздерде «аристотельдік театр» деуге болатын бағыт бар. Бұл классикалық театр. Көп адам мұны түсінбеуі мүмкін. Өйткені мәтінді жоғары эмоциямен айтуды патетика деудің орны жоқ.«Таңсұлуды» бәлкім құрылымын сәл өзгертіп, шетелдерде ұялмай көрсетуге болар еді.
У.Шекспир, аудармасы М.Әуезов. Отелло. Қ.Қуанышбаев атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық музыкалық драма театры. Қоюшы-режиссері Т.Теменов.
Қай театрдың да репертуарында Шекспир шығармасы болуы, ал үлкен фестивальдарда Шекспирден спектакль көрсетілуі мәртебе. Бүкіләлемдік I «Астана» фестиваліне «Отеллоны» былтыр Оңтүстік Кореяның «Мулькель» театры алып келсе, биыл Қ.Қуанышбаев театры ұсынды. Қазақ сахнасында сиректеу қойылатын «Отеллоны» режиссер Т.Теменов қызғылықты интерпретациялаған.
Жалпы рухани тынымсыз, көркемдік ізденістер аясы кең, әдеби багажы мол Теменов классиканы өзінше интерпретациялап (әдебиетті қашанда театрдың қайнаркөзі деп білетін, осы фестивальға Ф.Кафка бойынша спектаклі қатысқан Э.Някрошюс ойға оралады), өзгеше бір мағыналар ұсынуға шебер режиссер. Шығармаларында ізгілік пен зұлымдық табиғатын зерттеуге ұмтылатын режиссер. Оның Ғ.Мүсірепов театрындағы «Ай-Қарагөз» (М.Әуезов. «Қарагөз»), «Теңіз жағалай жүгірген тарғыл төбет» (Ш.Айтматов), «Кармен-сита» (П.Мерименің «Кармені» желісімен), Қ.Қуанышбаев театрындағы «Аққудың көз жасы» (Ш.Айтматов. «Жәмилә», «Боранды бекеттегі» Раймалы мен Бегімай туралы аңыз) спектакльдерінің бәрі де өзіндік, теменовтік интерпретациялар. Режиссер жаңа сахналық шығармасы «Отеллода» әдеби нұсқадағы біраз эпизодты қысқартып, көріністерді ықшамдаған, мұның өзі оқиғалардың негізгі желіден еш ауытқымай, экспрессивті түрде дамуына жол ашқан. Финалдық эпизодты өзгерткен, Ягоның болмысын визуализациялаған.
Махаббат пен ғадауат трагедиясы әлем-ғаламдық кеңістікте өтіп жатқан сияқты. Симметриялық тікбұрыштар принципімен бірнеше планға бөлінген сахна кең панорамалы. Негізінен қара мен қызыл және ақ түстер батыл контрастта алынған («Кармен-сита» ойға оралады). Агрессивті саналатын қызыл түс қара түспен үйлесімі табылып қолданылмаса кері эффект беретіні белгілі. Мұнда суреткерлік өлшем бар, барлығы үйлесімді (қоюшы-суретші Қ.Мақсұтов). Яго бастаған әскерилердің киімі қара, Отеллоның киімі де, шаш қоюы да бөлек, бөтен екенін айқындайды, ал, ақ түс Дездемонаның еншісі (киім суретшісі Ш.Елембаева). Темпоритмі бір төмендемейтін спектакльде кейіпкерлердің қым-қиғаш қарым-қатынастары сөз сайыс, күш сайыстардың бәрінде әдемі айқындалған. Байқап қарағанда театрдың жас буыны түгелдей дерлік қатысатын күшсайыс, семсер шайқастар бетпе-бет емес, жанаспасыз ұрыстай. Кейде кинокадрлардай қимыл-қозғалыс пластикасы таза (сахна сайысы М.Вишневский). Белгілі сюжет біріне бірі жедел жалғасатын оқиғалар күмәнсіз (Дездемона) және екіұдайлы (Отелло, Яго) сезімдер ағынында кернеуі жоғарылай түсіп, соңы трагедияға ұласады да күтпеген финалға шығады.
Отелло - актер Қ.Қыстықбаев түр сипаты келіскен, ержүрек әскербасы, сонымен қатар бір басында комплексі де жетерлік адамның бейнесін толымды жасаған. Түр-сымбаты келісті, сезімі аппақ қауырсын Дездемонаның (актриса А.Танабаева) еріне деген махаббаты еш дүдамал тудырмайтындай сенімді (екі кейіпкер, әсіресе Отелло орамал сахнасында ептеп мелодрамаға бой алдыратынын айтпағанда). Табиғатынан таза, сенгіш, әлемге тек өз призмасынан қарайтын ерлі-зайыптылар өмірі трагедиямен аяқталады.
Қойылымдағы өте қызғылықты трактовка Яго - актер Н.Өтеуілов жасаған образ. Оның кеңістіктегі бүкіл оқиғаны «басқарып» отыратын кейіпкері ақылды, мақсаткер, коммуникациясы мықты, психолог, тек мұның бәрі жамандыққа қызмет етеді. Ол өзінің бақай есеп үстемдігінен ләззат алады. Қойылымда Ягоның альтер-эгосын көреміз. Біз жоғарыда атаған кореялық «Мулькель» театры қойылымында Отеллоның жанында (экранда) көлеңке - қара сайтандар айналып жүретін. Отеллоның көңіліне күдік кірді болды, экрандағы сол қара сұлбалар оған анталай тап беретін. Ал, Теменов спектаклінде акцент Ягоға жасалған, оның альтер-эгосы (актриса А.Әділгереева) өзі үшін шешуші деген сәттерде үнемі қасынан табылады. Қойылымда Дездемонаны да, өзін өзі де өлтірген Отелло емес, Яго болып шығады. Ал, сенгіш болсын, аңғал болсын мейлі, өз еркін өзі билей алмайтын, бүкіл әлемге тек өз призмасынан қарайтын Отеллоны жеңу қиын еместей. Сондықтан да ол финалда Шекспирдегідей әшкереленбейді, керісінше өліп жатқан Отелло мен Дездемонаның төсегінде, миығынан күліп, алма кесіп жеп отырады (бұл «бүлік алмасынан» ниеті бұзылғанда өзге кейіпкерлер де жегенін еске алайық). Жауыздық салтанат құрады. Отеллолардың бейсана еріксіздігін пайдасына жаратып отырған бүгінгінің Яголары осындай - зұлымдық атаулы өңі өзгеріп, респектабельді қалып алып отыр... Белгілі шекспиртанушы А.Бартошевичтің «Шекспир - қандай да труппаның кәсіби әлеуеттілігі мен толысқандығын анық көрсете алатын лакмус қағазы» дейтін пікірі бар. Ойналған сайын көркемдене түсері хақ «Отелло» театрдың, режиссер Т.Теменовтің шығармашылық үлкен табысы деу орынды.
Йонас Вайткус, көрнекті режиссер (Литва): - «Отелло» өте ауыр пьеса. Бұл қойылым режиссурасы өте қызғылықты, актерлік құрам да күшті, олардың пластика мықты. Яго кейіпкерін көрерменге өте қызықты етіп ұсынады. Режиссер трагедияны өзіндік көзқараспен, кинематографиялық стильмен шынайы алып шыққан, ірі пландарды жақсы пайдаланған. Спектакльдің энергетиксы залға беріледі, режиссер көрермен залын да үйіріп алады. Ескеретін нәрсе - қойылым музыкасы тым қатты болып кететін тұстар баршылық. Сонсоң сөз, дауыс қуатындағы айырмашылық жағына назар аударылса артық болмас еді.
Б.Пикон-Валлен, театртанушы ғалым (Франция): - «Отелло», меніңше, мюзикл принципімен қойылған. Отеллоны сомдаған актердің шеберлігіне еш шүбә жоқ, бірақ, мен үшін акцент Ягоға қойылғаны қызғылықты көрінді. Отеллодан гөрі Яго туралы, оның қолынан келетін зұлымдық туралы көбірек ойландырды. Режиссер кино принциптерін ұтымды пайдаланған. Оқиғалар бірінші план, екінші план, үлкен план арқылы беріледі. Мұның өзі қойылымға объем береді. Қойылымда музыкалық әдіс де ұтымды пайдаланылған. Әу баста қатты музыка менің де жүйкеме тиді, бірақ қойылым принципінен алғанда қабылдадым. Маған қойылымдағы грим ұнады. Театр көрерменін күйініш-сүйінішке түсіруі шарт десек, мен спектакль бойы осы күйініш-сүйінішті бастан өткердім.
Д.Шавлис-Асатиани, сыншы, өнертанушы (Франция):- Мен спектакльден өте үлкен әсер алдым. Ягоның жанында жүретін әйел ғажап. Қойылым соның шығуымен басталады. Мұнда үлкен мән бар. Режиссер «Отелло» тақырыбына өзіндік көзқараспен келген. Басты кейіпкер Яго. Ол - бүгінгі адамзаттың болмысын көрсететін ең заманауи кейіпкер. Қойылымның костюмдері керемет, талғам жоғары. Мен мұны стилист, костюмдер тарихын зерттеуші ретінде айтамын. Ұжымға үлкен табыс тілеймін.
Г.Хугаев, аударма Қ. Төлеуішов. Қара шекпен. Ғ.Мүсірепов атындағы мемекеттік академиялық балалар мен жасөспірімдер театры. Қоюшы-режиссері А.Маемиров.
Көрнекті осетин драматургы Г.Хугаев кезінде «Болып еді бір төбет...» пьесасына үлкендерге арналған ертегі деген анықтама берген. Алғаш рет 2002 жылы Татарстанның Ғ.Камал атындағы мемлекеттік театрында «Қара шекпен» деген атаумен Ф.Бикчентаев қойған бұл әфсана әсіресе түркі тілдес театрларда, ал, соңғы екі-үш жылда қазақ театрларында да көп сахналанды. «Қара шекпенді» 2004 жылы Батыс Қазақстан облыстық театрында сахналаған режиссер А.Маемиров осы материалға 2015 жылы қайта оралып, Ғ.Мүсірепов театрында қойды. Түркиядағы театр фестивалінде жақсы бағаланған қойылым театр репертуарында табысты жүріп жатыр, Бір ғана Шопаннан (актер Б.Қараманов) өзге кейіпкерлерінің барлығы аңдар болып келетін бұл «Қара шекпен» адамдар әлемі туралы әфсана. Мұндағы әр аң кейіпкер адамдардың белгілі бір типі. Тұзар актер Д.Базарқұловтың шебер орындауында эпицентрге айналатын спектакльде басты қарым-қатынастарда адам баласының мінездік-психологиялық типтері, ұстанатын өмірлік құндылықтары айқындалады. Бүткіл адам баласына ортақ махаббат пен достық, парыз бен қарыз, адалдық пен сатқындық. Тіршілік үшін аяусыз күрес, құлқын, қанау, күштінің әлсізге қиянаты, «бас иемін шыбындап...» ахуалдар, көзсіз бас ұру, тағысын тағылар... Кейіпкерлері әлеуметтік-иерархиялық қарым-қатынастарда да таныла түсетін актерлер - Е.Рамазанов (Көкжал), Ж.Мақашева (Көкшулан), Л.Кәденова (Қосүрей), Қуқар (Е.Кәрібаев), Сылаң (Г.Байбосынова), сондай-ақ Кико (Д.Сүлеменов), т.б. - сахнада өмір кешудің өзіндік тәсілін тауып, әдемі де толыққанды ансамбльдік ойын көрсетеді. Актерлік ойындар психологиялық-пластикалық тұрғыдан ондыққа тиеді. Еркін де ұшқыр қимылдар. Әсіресе, Тұзар мен Көкшулан тұнып тұрған грация (балетмейстер Р.Билибаев). Бастан-аяқ қарқыны бәсеңсімейтін, психологиялық толыққанды қойылымда, сөз жоқ, режиссердің фантазиясы мен философиясы тұнып тұр.Бос кеңістік, сахна ортасында өтпе жол, сол жақ шеті жоғарыда Қуқардың ұя-мекені нобайланады және оң жақ бұрыш түкпірге қарай көрінетін темір конструкциялы қойлар мекені (суретші И.Расылхан). Сахна бірде үй жануарлары мекен-жайына, бірде Көкжал патшалығына, екінші актыда Тұзар қара шекпенді күзетіп жатқан «қарлы» далаға айналады. Бірақ, Шопан үшін Тұзар төбет «жеті қазынаның бірі» емес. Екеуінің қарым-қатынасындағы идиллияның сын сәтте күл талқаны шығып, қожайыны үшін арып-аршыған адал төбет сол қожайынның бір оғынан мерт болады. Өкінішті өмір. Трагикалық финал. Сонда Тұзар не үшін арып-аршыды? Неге бүкіл өмірін қожайынға арнады?.. А.Чеховтың Ваня ағайыныкі сияқты мұнда да жалған парыз, мағынасыз құрбандық проблемасы туындамай ма... Тағы да қиын сауалдар. Шетелдік сарапшылардың былайша ой тарқатты.
Йонас Вайткус, көрнекті режиссер (Литва): - Барлық жастағы көрерменге арналған көркем қойылым. Сахнадағы кейіпкерлерде біздердің әрқайсымызда болуы мүмкін мінез-құлық көрінеді. Спектакльдің интонациясы жақсы табылған. Кейіпкерлер характерлерінің негізгі өзегін таба білген актерлердің аңдарды адамдарға айналдырғаны сүйсіндіреді. Режиссердің материалды көре білуі, сахнаға осылайша шығара білгені ұнады. Спектакльдің екінші акты созылыңқы көрінді. Тұзардың өз-өзіне аяушылығы көп, ол қайраттырақ болса, осынының эстетикасын ойлану керек сияқты. Бұл пьесаны қоюға өзімнің де қызығушылығым туды. Әрине, басқаша қоюға. Актерлер тамаша. Осындай спектакльде жарқын ойын көрсетіп, берген сабақтарыңыз үшін рахмет.
Д.Папава Гурджи, режиссер, продюсер (Ұлыбритания): - Ең бірінші кезекте актерлерге роль дұрыс бөлінгенін айтар едім. Сценография мен костюмдердің үйлестігі жақсы. Ансамбльдік ойын бар. Образдар нақты, дәл. Мысалы, Көкжал – патша екені анық танылады. Қосүрейдің ойыны – ең жоғары пилотаж... Адами салмақты қарым-қатынастар. Екінші актыда эмоциялар ойнай бастайды. Режиссер эмоционалдылықты актерлер арқылы жүзеге асырған.
Б.Пикон-Валлен, театртанушы ғалым (Франция): - Жалпы сахнада аңдарды ойнау қиын. Оның үш түрі бар. Бірінші Дисней, екінші поэтикалық, үшінші Товстоногов. «Аттың тарихы» (әңгіме режиссер қойған Л.Толстойдың «Холстомері» туралы –ӘБ) керемет еді, бірақ, онда аттың имитациясы болды. Пекин операсында құйрығы көрінсе аттың өзі болып шығады. Ал, бүгінгі спектакльде барлығы басқаша, бір сөзбен түйгенде, актерлер кейіпкерлерінің ішкі жан дүниесін ойнайды.
М.Әуезов. Қарагөз. С.Мұқанов атындағы Солтүстік Қазақстан облыстық қазақ сазды драма театры. Қоюшы-режиссері Ф.Молдағали.
Қазақ режиссурасына талантты жас буын келді. Заманауи жаңа бағыттарда жұмыс жасауға талпынған олардың үлкен шоғыры өткен жылы Мәдениет министрлігінің қолдауымен Қазақстан Театрлары ассоциациясы ұйымдастырған жас режиссерлердің тәуелсіз ұлттық театрда жаңашылдықтың бастауы болған режиссер, марқұм Қ.Сүгірбековке арналған форум-фестивалінде көрінген. Солардың бірі - Ф.Молдағалидің қойылымындағы «Қарагөз» фестивальдік бағдарламадан тыс көрсетілді. Жанры саунд драма. Осы жаңа жанрдың негізін салған ресейлік әмбебап өнер иесі В.Панков шеберханасында дәріс алған жас режиссер трагедияны өзгеше оқиды.
«Қарагөздің» 1917 жылғы алғашқы нұсқасын «Ай Қарагөз» спектакліне режиссер Т.Теменов те негіз етіп алғаны белгілі. Солтүстікқазақстандық сахнагерлердің бұл спектаклі - «Қарагөздің» сахналық тарихындағы алғашқы батыл көркемдік эксперимент. Екі нұсқасы біріктіріліп, оқиғалар ықшамдалып алынған спектакль Қарагөз (актриса М.Өсербаева) бен Наршаның (актер Н.Асылхан) диссонанстық үнсіз диалогынан басталады. Саунд драма шарты бойынша сахна түкпіріндегі жеңіл шымылдық артынан домбыра, қобыз, сыбызғы, жетігенмен ойналатын әр кейіпкер мазмұн-тағдырына сай музыка (Атырау облыстық театрында жас режиссер Г.Қамысбаева қойған «Мәңгүрт» қойылымы еске түседі). Ал, жалпы музыкалық лейтмотив ретінде Арқада өткен атақты әнші Сапалай Исатайұлының «Мұхида-Шайбан» атты ғажайып әні алынған. Пьеса мәтіні сахналық бос кеңістікте мейілінше шымыр қимыл қарекет, мағыналы пластикамен ойналады, сөз мейлінше аз. Кейіпкерлердің бет-жүз эмоциясы, дауыс, қимыл ырғақтары өзгеше, әсіресе жаңа трактовкамен көрінетін Мөржан бәйбішеде (актриса А.Супатаева). Стилизация жасалған костюмдер. Бүрме етек көйлек, қынама камзол, кәмшат бөрік киіп жүрген Қарагөз жоқ. Кейіпкерлердің ішкі болмысын костюммен ишаралау бар (киім суретшісі А.Сырбаева.) Мысалы, Жабайдың костюмі – бір жартысы жарлы тұрмысын, келесі жартысы бай ауылға ұқсап баққан сиқын танытатындай.
Қойылымда алдыңғы планға Нарша шығады. М.Әуезов театрында Ә.Мәмбетовтің 1981 жылғы, Б.Атабаевтың 2005 жылғы қойылымдарында Наршаға ерекше көңіл бөлінгені еске түседі. Бірақ, бұл қойылымдағы Сырым-Қарагөз-Нарша үштағанында, біздіңше, мағыналық акценттер өзгерген. Режиссерлік шешім бе әлде актерлік ойыннан ба қазіргі қалпында қойылымнан Қарагөз үшін жан алып, жан беретін ақын Сырымды (актер А.Қасым) көре алмайсыз, тіпті оның қылықтары да ер азаматқа сай емес. Ал, Қарагөздің шын сүйетін, абырой-намысын ойлайтын шын жанашыры Нарша екені тайға таңба басқандай. Қойылымның пластикалық композициясындағы ең күрделі сахна - Қарагөз бен Сырымның көлденең тартылған қос арқанда ғашықтық оңаша кездесуі. Олар қылкөпірдің үстінде тұрғандай. Кездесулері көпке әшкере болғанда Сырым тез кетіп қалады, Жер бауырлаған Қарагөз мына дүние-ғаламда еш қорғансыз, қорғаусыз. Дүйім жұрттың алдында жаны жалаңаштанған Қарагөзді масқарадан қорғағандай шапанымен қымтап, аяп, аялайтын Нарша. Текті азаматтың жан дүниесіндегі алапат арпалыс «баяу кадрдағы» бейэмоцияларда. Қарагөз дертті болғанда «Қарагөз жазылмаса маған да жазылу жоқ» деп Сырымды шақыртатын Нарша. Ал, Сырым Қарагөзді құшып тұрып ол өзін танып ұмсынғанда жиіркенгендей, итеріп тастап тағы да кетіп қалады. Қарагөз осы алапат стресстен есін жинап алатын сияқты... Өте қызғылықты да батыл көркем трактовка. Қойылым финалында Көкке жалбарынып, нұр-жаңбырға шомылған Қарагөз.
Спектакльдің жалпы пластикалық композициясы сәтті ойластырылған. Оқылатын мағыналар аз емес, айталық, Ақбала мен Дулаттың қарым-қатынас сырын Ақбала орамалының сахнаның сол жағынан оң жақ түкпірге қарай ұзақ тарқатылуы аңдатады - энергетикалық канал. Немесе ишаралық жесттер - Мөржан бәйбіше Сырымның мойнындағы таңба алқаны жұлып алады – оның елден аласталатынынан хабар. Бәйбіше таңбаны өсершіл Жабайға береді. Ұзату сахнасында Мөржан және есірік ұрғандай бүкіл тойшыл қауым. Олар үшін Қаракөз доп сияқты - қақпақылдап аямай бір-біріне «лақтырады» және содан өздері рахаттанады. Абсурдтың дәл өзі. (Бұдан алдымен Қарагөздің әкесі жынданады.) Қарагөз құдды бір қолдағы ойыншық. Кейін оны Текті аттап өтеді, ақыр соңында Сырым... (Б.Атабаев қойылымында Қарагөздің мүрдесін аттап өтетін миға сыймастай сахна бар еді). Режиссер Молдағали бастаған шығармашылық ұжымның - композитор М.Жақыпов, хореограф Ш.Мұстафина, сахна, жарық суретшілері Е.Сүлейменов, Б.Ниязов, саунд-дизайнер Р.Төрежан - «Қарагөзді» жаңаша оқуы осындай таным-әсерлер береді. Ал, еліміздің жас режиссурасында классиканы сахналаудың жаңа бір кезеңі басталуы үлкен қуаныш.
Й.Вайткус, көрнекті режиссер (Литва): - Жас режиссердің «Қарагөзі» өте қызғылықты заявка. Ол үшін қуандым. Мұндай қойылымда сөздің айтылуы басқаша болатындықтан, мысалы, Нарашаға өз интонациясы керек. Спектакльге Оннегердің «Жанна д Арк» немесе Бергтың «Войцектегідей» музыка жазылғанын, сол туындылардағыдай сөз, музыка, пластиканың жоғары деңгейлі үйлесімде көркем бейнесін тапқанын қалар едім. Режиссер ойшыл жас екен, егер қызығушылығын жоғалтпай, спектакльді сақтап, бұдан да жоғарыға қол созса, сөз, хор, речитатив – бәрі біріге келе өзіндік интонациясын беретін композитор тауып жұмыс істегені дұрыс болар еді. Оған үлкен табыс тілеймін.
Қазақстандық сахнагерлер өнерінің лайықты қорытындысындай болған «Қарагөзге» өзге де пікір білдірушілер әлі жұмыс жасайтын тұстарына назар аудара тұра жақсы баға берді. Ал, шетелдік мамандар қазақ театрларының қойылымдары ұлттық болмыс-космосты танытатынын, ұлттық музыкалық дәстүрдің мықтылығын, актерлік ойындардың мазмұндылығын ерекше айта отырып, ол спектакльдер арқылы қазақ халқының мәдениетін, ұлттық даралығын танығандарын, мұндай мәртебелі фестивальдің ұйымдастырылуы мемлекеттің сахна өнерінің дамуына ерекше маңыз беруін білдіретінін айтты.
Фестиваль қалың көрермен үшін, республика сахнагерлері үшін үлкен рухани мереке. Облыстардан режиссерлер, суретшілер, актерлер театрлар жолдамаларымен де, жеке бастамаларымен де келіп, спектакльдер көріп, шығармашылық ізденіске жақсы стимул, жанды да жақсы тәжірибе алды. Жақсы тәжірибе демекші, «Жаманға салысып жақсы бола ма? Жақсыға салысып жақсы болады-дағы» деп жазады ғой хакім Абай Жиырма үшінші қара сөзінде. Шетелдік озық театрлардан тәжірибе алатын бір жайт – қойылымдарындағы жарық пен музыкалық өте жоғары мәдениеті. Жарық пен музыка спектакльдің негізгі компоненттерінің бірі болғандықтан қазақ театрларындағы жарық суретшісінің және музыкалық режиссердің мәртебесін көтеру қажеттігі туындайды. Өйткені ұлттық сахнаның мықты деген қойылымдарының өзінде құлақ жаратын даңғырлаған музыка, фонограмма, сондай-ақ жарық партитураларының нашарлығы көркемдік деңгейге нұқсан келтіріп-ақ жүр. Ал, мұндай жағдайлардың объективті-субъективті себептерін айқындап, біріншіден, театрларды заманауи техникалық жарақтандыру, екіншіден, арнайы кәсіби мамандар дайындау, жұмыс жасап жүрген кадрлардың кәсіби деңгейлерін көтеру сияқты кезек күттірмейтін мәселелерді шешу – уақыт талабы.
Дүниежүзілік «Астана» театр өнері мерекесі жылдан жылға тәжірибесі молайып, уақыт өте келе шетелдерге жақсы танымал, беделді өнер мерекесіне айналары хақ. Бағдарламаға бауырлас елдер қойылымдарын іріктеу, фестивальдің шығармашылық алаңын кеңейте түсу мақсатында арнайы кәсіби баспасөз штабын жасақтау, фестивальге қатысушы көрнекті сахнагерлермен арнайы пресс-кездесулер, шеберлік сыныптарын өткізу, тағы басқа шаралар алдағы уақыттардың үлесі екеніне қол қоя отырып, Қазақстан Театрлары Ассоциациясы мен фестивальді ұйымдастырып-өткізуге ат салысқан барлық ұйымдар мен азаматтарға үлкен шығармашылық табыстар тілеу міндет. Елорданың, сахна өнерінің мәртебесін көтерумен қатар қоғамымыздың мәдени- рухани құнарының артуына игі ықпал тигізетін Дүниежүзілік «Астана» фестивалі туралы мақаламызды шетелдік белгілі сахнагерлер және Ассоциация басшылары пікірлерінің бір парасымен түйіндегенді жөн көрдік.
Беатрис Пикон-Валлен, театртанушы ғалым (Франция):
- Мен Қазақстанда алғаш рет осы көктемде болдым. Алматыда Т.Жүргенов атындағы Өнер академиясында кезесулер, шеберлік сабақтарын өткіздім. Энергетикасы мықты, өзіне сенімді қала, адамдары, табиғаты керемет! Астанада бірінші рет болуым. Футуристік деуге болатын бұл қаланың сәулеті, қарқынды дамуы, жаңалыққа деген ұмтылысы таң қалдырады. Мен әлемді көп аралаймын. Әлемде қонақжайлылық, ашық көңілдер жетісіңкіремейді. Сіздердегі керемет қасиеттердің бірі қонақжайлылық, осы ашықтық па деймін. Біз Астананың көрікті жерлерін араладық. Музейлерде, театрларда, Алжирде болдық. Қазақ халқы көп қасіретті бастан кешкенімен рухы мойымаған, тарихы терең, өте бай музыкалық мәдениеті бар халық екенін сезіндім. Кәсіби театрларда, жеке орындауларда керемет әндер естідім. Домбыра екі шегі ғана бар қарапайым аспап болып көрінеді, бірақ, оның тереңдігі қандай. Өнерге деген құштарлығы жоғары, тамырдан ажырмаған халықсыздар. Заманауи мәдениетті, өнерді жасау үшін міндетті түрде осындай рухани терең тамыр болуы шарт. Қазақстан көпұлтты ел ретінде танымал. Осы бейбіт ахуалда ұлттық даралықты, елдің рухани болмысын танытатын «Астана» фестиваліне жарқын болашақ тілеймін.
Йонас Вайткус, көрнекті режиссер (Литва):
- Фестивальдің үлкен бір жетістігі - ашық, білмекке құмар көрермен әртүрлі театрды көрді. Егер көрерменді толғантса ол мықты фестиваль болғаны. Ал, көрермендерде үлкен қызығушылық болды. Астанадағы үлкен залдар көбіне толып отырды. Екіншіден, фестивальдік бағдарлама барлық параметрден ойластырылып, сәтті жасалғанын атап айтқым келеді. Әлемдік сахна өнерінің қызғылықты палитрасы ұсынылды. Кәсібилер үшін, көремін, үйренемін деген жас режиссерлерге, студенттерге, жалпы өнер қауымына үлкен тәжірибе. Бұл үшін, әрине, фестивальді қолдаған министрлікке, ұйымдастырушыларға көп рахмет. Шынымды айтсам, бұл фестивальға Сарапшылар алқасы құрамында немесе қонақ ретінде емес, өз спектакліммен, режиссер ретінде қатыссам деген ой туды. Фестивальда қазақ театр режиссурасының бүгінімен танысып, актерлердің талантын, жаңа, еркін буын өнерін көрдік. Қазақ театр режиссурасының жас легі келе жатқан сияқты. Жаңа дүниелерді, жаңа драматургияны меңгеру үшін, әрине, уақыт керек. Әлемдік классика қашанда сұраныста болады және театрлар үшін үлкен мектеп. Сонымен қатар түп тамырдан айырылмай, өзімізді әлемге таныта білуіміз шарт. Әріптестерге үлкен шығармашылық табыстар тілеймін.
Асанәлі Әшімов, Қазақстанның Еңбек ері, КСРО және Қазақстанның халық артисі, Мемлекеттік сыйлықтардың лауреаты, Қазақстан Театрлары ассоциациясының төрағасы:
- Мұндай деңгейдегі, осындай кең ауқымдағы фестиваль біздің елде осымен екінші рет өтті. Әлем сахнасының мықты қайраткерлері, театрлары Елордада өнер көрсетті. Олардың Астана туралы ой-пікірлері өте жоғары. Кейбіреуі тіпті мұндай қалада боламыз деп ойламағандарын айтады. Осындай ірі, халықаралық жобалар біздің елдің беделін арттырады, шетелдіктердің біздер туралы көбірек білуіне мүмкіндік береді. Әрине, фестивальдің ұлттық сахна үшін берері де көп. Фестиваль жұмысы жемісті болды. Бұл – біздің ұлы ұстазымыз Асекең, Асқар Тоқпановтан бастап, Әзекең, Әзірбайжан Мәмбетов, кешегі Бәйтен, Жақып, Қадыр, Райымбектер, басқа да небір мықтыларымыздың арман еткен фестивалі ғой. Бұл – Тәуелсіздігіміздің, аса қадірлі Елбасы Н.Назарбаевтың мемлекеттік сарабдал саясатының бір нәтижесі. Ал, енді осындай үлкен-үлкен шаралар жарғақ құлағы жастыққа тимей жұмыс істейтін Мәдениет министрлігінің арқасында жүзеге асып жатады. Дүниежүзілік II «Астана» фестивалі үлкен табыспен өтті. Осы орайда мен өз атымнан, Ассоциация атынан республика Мәдениет және спорт министрлігіне, осындай жақсы істерге ұйытқы болып жүретін іскер азамат, министрлік басшысы А.Мұхамедиұлына көп рахмет айтып, жұмыстарына табыс тілеймін. Еліміздің мәртебесі арта берсін.
Асхат Маемиров, ҚР еңбек сіңірген қайраткері, PhD докторы, Қазақстан Театрлары ассоциациясының вице-президенті:
- «Астана» - өнерді мемлекеттік қолдау аясында, «Рухани жаңғыру» аясында дүниеге келген, орны мен миссиясы бөлек фестивль. Түркітілдес елдердің өздеріне тән бірнеше фестивалі бар. Еуропалық өнер мерекелері де аз емес, оларға республика театрлары жиі қатысып жүр. Қытай елінде Азия елдерінің айтулы фестивальдары ұйымдастырылады. Ал, «Астана», фестивальдік тұжырымдамамызда көрсетілгендей, Еуропа мен Азияның, Шығыс пен Батыс театр кеңістігін біріктіру мақсатын ұстанады. Елдер мен құрылықтарды ғана емес, дәстүрлер мен мәдениеттерді жақындастырмаққа ұмтылатын «Астана» фестивалінің жақсы имиджі қалыптасып келеді. Екінші халықаралық бас қосудың ұйымдастырылуы, көркемдік деңгейі ойдағыдай болды деген сенімдемін. Өйткені фестивальдан елдеріне оралған ұжымдар, сахнагерлер елімізге, фестивальға үлкен ырзашылықтарын білдіріп жатыр. Келесі жылғы фестивальға қатысуға ниет етушілерден хабарлар да бар. Әлемдік фестивальдік картадан өз орнын алуы тиіс бұл өнер мерекесі республика сахнагерлерінің кәсіби ұшталуына, әлемге интеграциялануына жақсы тірек. Заманауи театр өнерінің қазіргі ахуалын, негізгі бағыт-бағдары мен даму болашағын жақсы түсінуге бастайды, жаңа ізденістерге жол ашады. Әріптестерге, театр ұжымдарына шығармашылық табыстар, премьералар тілеймін, фестивальдарда жақсы спектакльдермен кездесейік!