«ЭКСПО-2017» ЖӘНЕ ЖАҢА КЕҢІСТІККЕ ШЫҚҚАН ҚАЗАҚ САХНА ӨНЕРІ
(екінші мақала)
Елімізде осындай кең ауқымда, биік деңгейде бірінші рет өткізілген фестивальға қазақстандық бес ұжым – «Астана Мюзикл», «Астана Жастар», М.Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық драма театры, Қ.Қуанышбаев атындағы академиялық музыкалық драма және М.Горький атындағы академиялық орыс драма театрлары қатысты. Қойылымдарының тақырыбы, жанры әртүрлі болған бұл фестивальдік қойылымдар қазақ сахна өнері толассыз рухани-көркемдік ізденістерде екенін танытады. Бізде әдетте театрларға сын көп айтылатыны жасырын емес. «Сын түзелмей, мін түзелмейді», дегенмен де, қазақ театрындағы жылт еткен жақсылықты тану, зерделеу, оны рухани айналымға түсіру, яғни, актуализациялау сынды дәстүр жалғасын табуы керек. Бірінші мақаламызда шетелдік қойылымдарды қарастырсақ, енді республика театрларының фестивальдік қойылымдары туралы сөз қозғап, әсіресе, жаңа қойылымдары туралы таратыңқырап әңгіме өрбітсек дейміз. Қазақ театрларынан бірінші болып фестиваль сахнасына «Астана Мюзикл» жастар театры шықты.
«РОМЕО МЕН ДЖУЛЬЕТТА»
Ж.Пресгурвик, аударған Г.Салықбай. «Астана Мюзикл» театры. Қоюшы-режиссері А.Маемиров.
Бейбітшілік пен Келісім сарайында ашылған мәртебелі фестивальдің лайықты бастамасы болған «Ромео мен Джульетта» – ЭКСПО-2017 халықаралық көрмесіне мемлекеттік деңгейде арнайы дайындалған жоба екенін айтуымыз керек. Ең алдымен, француз композиторы Ж.Пресгурвиктің әлем жұртшылығына ғасырдың басынан бері аса танымал атақты «Ромео мен Джульеттасының» лицензиясы сатылып алынған. Содан кейін мюзиклды қою үшін арнайы топ жасақталған. Және бұл мықты шығармашылық топ актерлерден ұшқырлықты, әншілік, хореографиялық, тіпті, спорттық шеберлікті талап ететін мюзиклды елордалық жас театр «Астана Мюзикл» ұжымымен екі ай бойы дайындаған. Оларға ешбір материалдық-техникалық кедергісіз жұмыс жасауға мүмкіндік тудырылған. Нәтижесі керемет!
Шекспирдің өрімдей екі жастың кіршіксіз де қасіретті махаббатын жырлайтын атақты бұл шығармасы бойынша әлемде көптеген драма, опера, балет қойылғаны белгілі. Бұдан қазақ театрлары да шет қалған жоқ. Әріге бармағанның өзінде, тәуелсіздік кезеңінде «Ромео мен Джульетта» М.Әуезов театрында (реж.О.Салимов), Батыс Қазақстан және Маңғыстау облыстық театрларында (реж.Қ.Қасымов, Д.Жұмабаева) қойылса, Ғ.Мүсірепов театрында екі рет (реж.Й.Коцоурек, Ж.Жұманбай) қойылды.
«Ромео мен Джульетта» бойынша көрнекті режиссер Ф.Дзеффиреллидікінен кейін де бірнеше көркем фильм түсірілді. Романтикалық махаббат трагедиясы мюзикл жанрында да өзіндік көркем бейнесін тапты. Мюзикл дегенде, әрине, еске бірден Л.Бернстайнның алдымен Бродвейде қойылып, сол негізде 1961 жылы музыкалық фильм болып түсірілген, ал жуырда ғана Америка Кино академиясы ХХ ғасырдың үздік мюзиклдарының бірі деп таныған атақты «Вестсайд хикаясы» еске түседі (кеңестік кезеңде біздер бұл мюзиклды жиырма шақты жылдан кейін көрген едік). Содан кейінгі атақты мюзикл, сөз жоқ, француз композиторы, Шекспирдің ұлы шығармасының сюжеттік желісі бойынша либреттосын да өзі жазған Ж.Пресгурвиктің «Ромео мен Джульеттасы» (сценограф және хореограф Реда).
Шекспир кейіпкерлерінің кейбірін қысқартып, шығарманың өз контекстінен шығатын Ақын және Тағдыр бейнелерін енгізген мюзикл авторы өрімдей екі жастың қасіретті махаббаты туралы трагедияны бүгінгі күнмен үндестірген. Алғаш рет 2001 жылы Париждегі Конгрестер Сарайында үлкен табыспен өтіп, үзбей екі жылдай жүрген мюзиклды миллиондаған көрермен тамашалаған. Артынша Еуропа елдерінде тарихи шеруі басталған мюзикл Америка, Азия елдерінде де үлкен табыспен өтті. Ал қазақ көрермендері бұл атақты мюзиклмен Ютуб желісі арқылы таныс, француз және орыс тілдеріндегі «Верона», «Түнгі Верона корольдері», тағы басқа да әндері қазақ көрермендерінің, әсіресе, жастардың сүйіп тыңдайтын шлягеріне айналғалы қашан.
Әлемді шарлаған атақты мюзикл «Ромео мен Джульеттаны» енді қазақ сахнасынан көргенде, Бейбітшілік пен Келісім сарайының кең сахнасында бір-бірінен өте жарқылдаған, шетінен талантты жастардың ойынын тамашалағанда біздердің де жанымыз жарқырап, тұла бойымызды мақтаныш кернеді!
Мюзикл шарты – талантты, көрікті де сымбатты артистер, әдемі әндер мен ұшқыр билер, яғни, дауыс драматургиясы мен қимыл-қозғалыс драматургиясы, түрлі-түсті жарық драматургиясы көркем мағыналы сценография мен костюмдер болса, бұл «Ромео мен Джульеттада» осының бәрі бар. Сахналық сымбаты мен костюмдері көздің жауын алатын өте жарқын қойылымда сөз, вокал және пластиканың үйлесімі табылған. Сондықтан да сахнадағы сұлу да ұшқыр қимыл-қарекет, бір сәт те тоқтамайтын тартыс, ән мен би, жастық энергетикасы залды кернейді.
Шымылдық ашылғанда көгілдір сағымда мұнартқан тұтас бір әлем. Веронаның дәулетті екі әулетінің жауластығын тоқтатуға шақырған ханзаданың (актер А.Аманқұлов) және леди Монтекки мен Капулеттидің (Л.Темірхан, А.Әбдікәрімова) ән партияларынан кейін күрделі пластикалық мәтіндер «сөйлей жөнеледі». Екі клан арасындағы бітіспес жауластықты, қатыгездікті, адамның миы жетпес өшпенділікті бейнелейтін, геометриялық құрылымы, экспрессиясы жағынан француздық «Ромео-Джульеттадан» гөрі, америкалық «Вестсайд хикаясына» үндестігі басымдау сезілген көпшілік сахналары, сондай-ақ, екінші актыдағы Тибальт-Меркуцио, Ромео-Меркуцио айқас сахналары өте әсерлі. Ресейлік режиссер-хореограф және қоюшы-балетмейстер Надежда және Николай Подошва-Захаровтар қойған бұл пластикалық мәтіндер жеке де, ансамбльдік формаларда да көркем жүзеге асқан. Мұның жарқын бір көрінісі – Капулетти сарайындағы бал сахнасы. Жалпы, пластикалық мәтіндер Ромео (С.Мұқашев), Бенволио (О.Игілік), Тибальт (Р.Усманов), Меркуцио (А.Ғұмаров), т.б. кейіпкерлерді даралай түсуге бастайды. Мюзиклда бастан-аяқ пластикаға құрылған күрделі, пәлсапалық рөл – Тағдыр. Кейіпкерлер ортасында жүргенімен символдық мәні бар, актриса Ә.Жиренбаева сәтті бейнелеген бұл кейіпкер өзге актерлерден эмоционалдық аса сергектікті әрі салқынқандылықты талап етеді. Осы сезіну терең болған сәттерде көрермен алаң мен күдік шырмауында қалып отырады.
Үлкен де кең сахна функционалды пайдаланылған. Сол жақта Монтекки, оң жақта Капулетти сарайлары. Екі жақтың қақтығыстары осы сарайлар алдындағы ашық алаңда өтіп отырады. Белгілі сценограф Қ.Мақсұтов француз нұсқасындағы концепцияны басшылыққа алғанымен, ұлттық, шығыстық нақыштарды әдемі үйлестірген. Ромео мен Джульеттаның сахна биігіндегі қалқан фонындағы, тағы да басқа бірталай көріністерде сценография ұлттық мазмұнмен ажарлана түседі. Қойылымға ерекше әр, рух беріп тұрған сахналық костюмдер түс-реңк жағынан қызғылықты шешімін тапқан (костюм суретшісі А.Сырбаева). Көк, кей тұстарда сұркөк түсте киінген Монтеккилер жағы мен қызыл, алқызылдау түстегі Капулеттилердің костюмдері Қайта өрлеу дәуірі мен ұлттық нақыштың заманауи стилизациясының әдемі үйлесімінде тігілген. Және актерлердің қимыл-қарекеті, билер мен трюктер жасауына қолайлы.
Бүгінгі театрда жарықтық партитураның сәтті болуы – спектакль көркемдігінің басты кепілдерінің бірі десек, Бейбітшілік және Келісім сарайының жарықтық-техникалық жарақтануы әр театрдың-ақ арманы болардай екен. Ал жарық режиссерлері І.Телтаев пен А.Ихсан қойылымның тынысын жақсы сезініп, тиісті мағына-реңк беруде кәсіби жұмыс жасағанын айту керек.
Мюзиклдағы негізгі жүк, әрине, музыкалық партитураларда. «Астана Мюзиклда» дауыс диапазоны жақсы, әншілік таланты бар жастар жиналыпты. Ромео – С.Мұқашев пен Джульетта – Ж.Шалқардың жеке және дуэттік партиялары, сезімдік құбылыстарын жеткізуі әсерлі. Леди Монтекки мен Капулеттилердің, неке қию сахнасындағы Лоренцо (С.Қамиев) – Ромео-Джульетта; Джульеттаның Париске ұзатылары айтылар сахнадағы Граф Капулетти (Д.Шыныбек) – леди Капулетти – Джульетта; Граф Капулетти – леди Капулетти – Сүт ана (А.Бермұхамбетова) – Джульетта партиялары мюзикл көркі. Ал Ромео мен Джульеттаны өлім қосқан финалдағы жаппай зар – музыкалық партиялардың шырқау шегі. Лоренцоның жаны жылап, Монтекки, Капулеттилер бірігіп әр түрлі регистрде жоқтау айта келе өлім үстінде татуласатын бұл сахнаның әсері, эмоционалдық қуаты күшті. Осы тұста мюзикл хормейстрлерінінің еңбегін ерекше атау шарт. Белгілі хормейстер Ғ.Берекешов, әріптестері А.Беркінова, А.Ақаевалар актерлер даусымен барынша жұмыс жасағаны көрініп тұр. Көптеген партитуралардың орындалу мәдениеті жоғары, әндердің музыкалық өрнектілігі, биік нотаны алуы жағынан ақау кем.
Мюзикл болған соң, әрине, төрт аяғынан тең басқан жорғаша тайпалып тұруы шарт. Шамамен елу шақты жас актер бар күш-жігерін, қуатын сала жұмыс жасаған қойылымға қатысуға өзге театрлардан белгілі сахнагерлер шақырылыпты. Біз көрген қойылымда Сүт ана рөліне шыққан белгілі актриса А.Бермұхамбетованың музыкалық та, пластикалық та, сөз құдыреті жағынан үлкен шеберлік танытқанын бөле-жара атағымыз келеді. Сонымен қатар, Лоренцо әкей рөліндегі С.Қамиев те өте мазмұнды рөл жасады. Біздіңше, бұл өте жақсы тәжірибе. Алдағы уақытта жастардың шеберлігі шыңдала, қойылым жарқырай түсері анық. Бұл тұста интонация мен музыкада ерекше тазалыққа жетуді және мүмкін өте нәзік микрофондармен өте нәзік жұмыс жасау жағын ескеру керек сияқты.
Мюзиклды дайындаған үлкен шығармашылық топтың басында, әрине, қоюшы-режиссер тұр. Бүгінгі қазақ режиссурасы кейінгі буынының талантты өкілі, қойылымдарында қашанда ауқымды ой айтып, көркемдік жинақтауларға шығатын, ұшқыр да сергек азамат А.Маемировтің спектаклі – өрімдей екі жастың кіршіксіз де адал махаббаты туралы аңыз ғана емес, жылдан-жылға созылған баянсыз жауластықпен ұрпағының түбіне жетіп, болашағына балта шауып отырған сорлы қоғам туралы да көркем баян болып шыққан. Мюзикл, біздіңше, діни, нәсілдік жауластық тоқтамай отырған бүгінгі әлем туралы да ой тастайды және бір есептен, осынысымен де бағалы.
Мюзиклдың алғашқы қойылымын көргенде, түйген ойларымыз осындай. Қойылымды фестивальдің Қазылар алқасы да жоғары бағалады. Франциядан арнайы ұшып келіп, келесі қойылымын көрген автор Ж. Пресгурвик, ЭБАҚ пен БАҚ-тағы пікіріне қарағанда, жас театрдың өнеріне аса риза болып, өзі көрген спектакльдердің үздігі деп таныпты.
«Ромео мен Джульетта» мюзиклы ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің, демек, мемлекеттің халықаралық көрмеге дайындаған арнайы жобасы екенін сөз басында айттық. Мұндай арнай жобалар, әрине, үлкен қаржымен жүзеге асырылады. Жұмсалған шығын, төгілген маңдай тер ақталды деуге болады. ЭКСПО-2017 тұсында қазақ өнері жаңа кеңістікке шықты. Бұл – бүкіл қазақ сахна өнерінің қуанышы. Қоюшы-режиссердің айтуынша, «Ромео мен Джульетта» алдағы уақыттарда Алматыда және облыс орталықтарында да көрсетілмекші. Ендеше, алматылық көрермендердің бұл мюзиклды тамашалайтын күні алыс емес.
«АСАУҒА – ТҰСАУ»
У.Шекспир, аударған М.Әуезов. Астана Жастар театры. Қоюшы-режиссер Н.Жақыпбай.
Премьерасы 2013 жылдың желтоқсанында өткен «Асауға-тұсау» бірнеше республикалық, халықаралық фестивальдарда көрсетіліп, бәрінен де жүлде алған, жұртшылық сүйіп көретін спектакль. Қазақ сахнасында өзгеше сипатта шыққан бұл классикалық комедия, бір есептен Жастар театрының визиттік карточкасы, театрдың Көркемдік жетекшісі Н.Жақыпбайдың шығармашылық қолтаңбасын айқындайтын қойылымдарының бірі. Ұлттық театр тарихында сахна поэтикасына ерекше мән беріп, драмалық спектакльде пластиканы еркін үйлестіре ой айту, біздіңше, шығармашылығы ойдағыдай зерттеліп, рухани айналымға толық түспей дүние салып кеткен үлкен режиссер Е.Оразымбетов шығармашылығының басты сипаттарының бірі болатын. Бұл тұста режиссердің 80-жылдардың соңында Ғ.Мүсірепов театрында қойған Шекспирдің «Дуалы түнгі думан» комедиясын еске алуға болады. Ал қазақ ұлттық режиссурасының бүгінгі көшбасшыларының бірі Н.Жақыпбай аға әріптесінің рухани-көркемдік ізденістерін өзгеше жазықтықта жалғастырып, аясын кеңейте түскендей.
Көптеген эксперименттерге барып, алғашында Т.Жүргенов академиясы жанынан «Мен» театрын құрып, 1997 жылы М.Әуезовтің 100 жылдығына арналған республикалық фестивальда «Көксерек» әңгімесі бойынша қойған спектаклімен көзге түскен Жақыпбай бұл бағыттағы ізденістерін ешқашан тоқтатқан емес-ті. Мақсаткер суреткер ақыры өз ойындағы театрын құрды. Классикалық драма театрларда сөзге ерекше салмақ беретін әлдебір «ауырлықтан кетіп», сахнада пластиканы сөзбен «тең құқықтас» компонент етіп орнықтырды.
«Асауға-тұсауда» актерлер қимыл-қозғалысының еркіндігі, эксцентрика – драмалық пластиканың биігі. Бір сәт сахнада ерсілі-қарсылы, бей-берекет жүгіретіндей, енді бір сәт дөрекілікке бой алдыратындай көрінетін актерлердің ойыны бірте-бірте гармониясын тауып, мағыналы пластика, мағыналы сөз, ұшқыр әзіл-қалжың, әдемі музыка табиғи үйлесімін табады. Петручио-Ә.Ахметов пен Катарина-А.Рахипова тайталасы, Петручионың тым асау Катаринаны «бас білдіру» хикаясындағы небір трюктер қойылымның бүгінгілік контексіне бастайды. Өзге кейіпкерлерінің де трактовкалары соны шыққан «Асауға-тұсаудың» жаңаша сахналық оқылымына фестивальдің Қазылар алқасы да ерекше назар аударды.
Т.Милковски, Польша ІАСТ бөлімінің президенті, әдебиет және театр сыншысы: – Спектакль тұнып тұрған энергия. «Асауға-тұсаудың» би мен музыкаға құрылған инсценировкасын Канададағы (Стратфорд) Шекспир фестивалінде көрген едім. Жастар театрының феминистік идеясы айқын бұл қойылымы Шекспирдің қашанда заманауи екенін танытады.
М.Кристиан Сирежол Сорбонна университетінің профессоры, өнертану докторы: – Спектакльде сахналық қуат пен контрастардың мол екеніне қатты, музыканың көптігіне ептеп таң қалдым.Феминистік интерпретация дегенге қосылуға болады. Қойылым би, акробатика, энергиясымен баурайды.
И.Исрафилов, Әзірбайжан мемлекеттік ұлттық академиялық театрының директоры, өнертанушы, профессор: –Шекспир әр түрлі поэтикада қоюға мүмкіндік беретін автор. Шындығында да актерлер орасан энергия жұмсады. Қойылымда ойдан шығарылған сәттер мен жүгіріс көптеу көрінді. Вахтанговтың, театр қуаныш сыйлауы керек дейтін пікірі бар. Қойылым көрерменіне қуаныш сыйлайды.Кешегі спектакльмен туыстас (сөз «Ромео мен Джульетта» мюзиклы туралы – ӘБ). Қазақ театры өте талантты жастар тәрбиелеп отырғаны қуаныш. Махаббатты, адамгершілікті паш ететін қойылымды сезіммен қабылдау керек.
Лаша Чхартишвили, И.Чавчавадзе Мемлекеттік университетінің заманауи грузия театрларын зерттеу орталығы директоры, өнертану докторы: – Театрда жастар бар, ресурс бар, мотивация бар. Меніңше, Шекспирді заманауи тәсілде қоюдың жақсы бір үлгісі. Ұжымға шығармашылық табыс тілеймін.
«БЕЙБАРЫС СҰЛТАН»
Р.Отарбаев. Тарихи драма. М.Әуезов атындағы академиялық драма театры. Қоюшы-режиссері Ю.Ханинга-Бекназар.
Дүниежізілік фестиваль жұмысына қатысумен қатар, Астанадағы гастролі осы қойылыммен ашылған қара шаңырақ театр бұл күндері қарқынды жұмыс жасап, Жастар театрында жеті спектаклін көрсетті. Осы кезеңде Елордада мәдени шаралардың көп болғанына қарамастан, гастрольдік сапарын табысты өткізді. Ал премьерасы 2013 жылдың маусым айында өткен «Бейбарыс сұлтан» – жұртшылық сүйіп көретін спектакль. Әуезовтіктердің көркем интерпретациясында бекзаттық, адамгершілік пен намыстың, туған елге деген алапат сағыныштың әфсанасы, отансүйгіштің, патриотизмнің үлгісіндей болып өрнектелген қойылым бұған дейін де Беларуcсия мен Түркиядағы Халықаралық фестивальдарға қатысып жүлделі оралған. Әфсана дейтініміз – бұл қойылымда Бейбарыс өзі гүлдентіп, өзі дәуірлеткен Мысыр елінде қастандық пен қызғаныштың құрбаны болмайды, тақты да, тәжді де тәрк етіп, бәрінен баз кешіп, туған даласына, Ақ Жайығына бет түзейді. Бейбарыс – талантты да тартымды актер, жастардың кумирі Азамат Сұрапбай. Оның кейіпкері көркем, бекзат, иманды, аса намысқой. Кинорежиссер Б.Мансұровтың фильміндегі атақты актер Н.Жантөриннің ойшыл, философ, жеті өлшеп, бір кесетін стратег Бейбарысына мүлдем ұқсамайды. Спектакльдегі актер А.Сұрапбай – Бейбарыс та стратег, бірақ, ұшқыр, тұла бойы тұнған от-жігер, өршіл рух иесі. Ол қандай да жауыздықтың зауалы болатынына сенеді, адам боп ғұмыр кешу пәлсапасын бәрінен де биік қояды. Үнемі қимыл-қарекетте көрінетін актер өз кейіпкеріне спектакльдің жалпы атмосферасына сай ырғақпен өмір кештіреді.
Бейбарыстың қандыкөйлек дос-жолдас, қиын жолдағы серіктестері Құтыз – А.Шаяхметов пен Қалауын – Е.Дайыров алғашқы сахнада бауырластық сертінде қандай шынайы болса, тақ үшін тайталастарында да сондай табиғи. Осы үшеуін құл базарында Саудагермен (Н.Әбілов) сатып алып, бүкіл интриганы өрбітетін бас уәзір Хуан пірәдардың шын бет-бейнесін белгілі шебер Б.Тұрыс қарыннан май сыққандай етіп біртіндеп ашса, Шах (Б.Қаптағай), Фатима (Ш.Жанысбекова), Айбек (Ж.Байсалбеков) Сарайдағы ашық та, астарлы да тартыстарда көрінеді.
Қойылымда жоғары кернеулі эмоционалдылық, әлдебір романтикалық лиризм бар. Ол, әсіресе, Бейбарыс пен Құтыз, Қалауын; Бейбарыс пен жары Тәжібақыт (З.Карменова) ғашығы Пұлжетпес (С.Бақаева) және анасымен (Ш.Асқарова) көріністерде сезіледі. Сахналық қимыл-қарекет жарық партитурасымен ерекше жанданатын қойылым сценографиясында бос сахна бірде көбігін шашқан Ақжайық, бірде Мысыр сұлтандарының сарайы, бірде соғыс даласы болып өзгеріп отыратын (қоюшы-суретші Е.Тұяқов), стилизацияланған костюмдері (Л.Возженикова) келіскен спектакльдің пластикалық шешімдері (Г.Мұхамеджанова) сахналық сайыстары (Ә.Байлин) және сол кезең рухын беретін музыкамен (Е.Құсайынов, «Тұран» тобы) айшықталған. Қалың көрермен, әсіресе, жастар сүйіп көретін «Бейбарыс сұлтан» шетелдік театр мамандары тарапынан жақсы бағаланды.
Т.Милковски ( Польша): – Қойылымдарыңыз үшін театр ұжымына рахмет. Маған бәрі түсінікті болды, спектакль романтикалық театры дәстүрінде қойылыпты. Бейбарыс тағдырын биік рухта береді. Көз алдымдағы жанды картиналардан сол заманда болғандай әсер алдым. Актерлердің эмоционалды ойыны көрермендерге де әсер етіп, зал мен сахнаның байланысы, түсіністігі айқын сезіліп отырды. Сахна өнерінде мұндай байланыстың маңызы үлкен.
М.Кристиан Сирежол (Франция): – Бұл қойылымакадемиялық театр өзіндік бағытында, өз дәстүрінде дамып отырғанын көрсетеді. Маған, бірақ, спектакльдегі патриотизм тақырыбы түсініксіз, сондықтан да қабылдауым қиын болды.
И.Исрафилов (Әзірбайжан): – Қазақ және әзірбайжан театрларының поэтикасында туыстық болғандықтан, бұл спектакльдің идеясы, көтерер жүгі маған жақсы түсінікті. Өте қызғылықты қойылым. Кез-келген қойылым не, неге, қалай деген сауалдарға жауап бере білуі керек. Спектакльден осы сауалдарға жауап табасыз, – дей келе жас актерлерге тым қатты декламация жасаудан абай болуы керектігін еске салып, М.Әуезов театрына шығармашылық табыстар тіледі.
«ПҰТҚА ТАБЫНУШЫЛАР»
А.Яблонская. М.Горький атындағы мемлекеттік академиялық орыс драма театры. Қоюшы-режиссері Й.Вайткус.
«Жаңа драма» ағымының аса талантты өкілі, А.Яблонскаяның «Пұтқа табынушылар» пьесасы бойынша көрнекті литвалық режиссер Й.Вайткус қойған спектаклін М.Горький атындағы театр негізгі бағдарламадан тыс көрсетті. Осы шығармасы үшін «Искусство кино» журналының жүлдесін алуға Мәскеуге ұшып барғанда Домодедово әуежайында болған лаңкестік әрекеттен қаза тапқан талантты жастың бұл шығармасын режиссер бұдан бұрын Литва орыс драма театрында сахналапты. Ол қойылымы жақсы резонанс алған Й.Вайткустың «Астанада жаңа, минималистік қойылым жасап көруге бел байлаған» эксперименті де аса сәтті. Пәлсапалық қуаты мықты, көрерменін бей-жай қалдырмайтын қойылым театр репертуарында үш жылдан бері табыспен жүріп жатыр, бірнеше халықаралық фестивальде көрсетіліп, жоғары баға алған.
«Пұтқа табынушылар» – тіршілігінің кетеуі кеткен бір отбасының өмірін арқау еткен аса көркем психологиялық драма. Аса көркем болатыны – ең алдымен, әдеби материал мықты, содан кейін режиссура мен интеллектуалды актерлік ойын мықты. Театрдың катарсистік құдыретін сезіндіретін қойылым.
Жалғыз қыздарына да, бір-біріне де жылуы жоқ, өйткені, екі әлемде өмір кешетін ана (актриса О.Бойко) мен әке (А.Лукашевич); кезінде күнәсін жуамын деп, сәбиіне де қарайламастан дінбасының ақылымен көптеген жыл бойы монастырьдан монастырь кезіп, ендіоралып, балаларын христианшылдыққа тартпаққа ұмтылып бағатын үлкен шеше (Н.Матвеева). Университетте сабақ беретін жас ұстазымен (Р.Чехонадский) бірге болса ғана көңілінде күн орнайтын, ғашығынан енді кездеспейтінін естіген соң өмірмен қоштаспаққа әрекеттенетін Кристина (П.Харламова). Қойылым атмосферасын осы бір сұмдық оқиғаға дейін және кейін деп екіге бөлуге болады. Бір отбасында тұратын, бірақ, бір-біріне жат кейіпкерлерді ақырында қайғы біріктіреді – Кристинаны қайтсек аман алып қаламыз деп жанталасқан олар өз өмірлерін зерделеуге бет бұрып, жан дүниелері катарсистен өте бастайды.
Қойылымның формасы актерлерден асқан шеберлікті, кейіпкерінің өмірімен екі жүз пайыз бірегейленіп кетуді талап етеді. Өйткені, қай спектаклінде де ауқымды ой айтатын Вайткус актерлерге осындай талап қойған – әдетте актер атаулы жүгінуге дайын тұратын физикалық қимыл-қарекеттерге (қол сермеу, әрлі-берлі жүру, жүгіру,т.б.) мүмкіндік бермеген. Түкпірде жалғыз шамның әлсіз жарығы бар қап-қара декорациялы сахнада (қоюшы-суретші Қ.Мақсұтов) қара, сұр киінген бес-алты адам. Бір біріне жапсырыла қойылған бір қатар орындықтарда тырп етпей отыр. Әр кейіпкерді зал түкпірінен түскен жарық ірі планға шығарғанда, көзін жұмған күйі монологын бастайды. Жеке-жеке бұл монологтар бірте-бірте қайшылықты, тартысты диалогтарға айналады. Кейіпкерінің бүкіл көңіл-күйін, тұтастай өмірін орындықтың үстінде тырп етпей отырып кешіп шығатын актерлердің шеберлігі керемет! Сахнада сөз салтанат құрады! Психологиялық, тіпті, дүниетанымдық небір тартыстар дауыстың реңкімен, эмоциямен беріледі. Бұл көркем спектакль бүгінгі таңда сөз театрының күні өтіп барады, көрермендер құлаш-құлаш монологтарды тыңдап отыруға құлқы жоқ деген пікірлердің күл-талқанын шығарады. Құлаш-құлаш монологтары жеткілікті, екі сағатқа жуық жүретін қойылымды көрермен сахнадан көз алмастан демін ішке тарта отырып көріп шығады.
Спектакль сенім туралы, адамгершілік, имандылық туралы. «Пұтқа табынушылар», біздіңше, пьесада және спектакльде, бір есептен, өзінің ергежей сеніміне «табынған» кейіпкерлер. Олар рухани тазару-жаңарудың қиын жолынан өтеді. Ең алдымен, жақыныңның жанына жалау бола алмасаң – өзгеге жақсылық жасай алмайсың. Имандылық адамның жүрегінде, дейді спектакль. Адамда, сенімінің күйреуі де, сондай-ақ, адам баласының жалған, көзсіз сенім жетегінде кетуі де қауіпті екенін алға тартады. Ұғымымызда, қандай да көркем шығарма өз заманының, қоғамының көкейкесті мәселелеріне үн қатуы керек. Бұл қойылым христиандық сенім туралы ғана емес, бүгінгі таңда адамзат баласы бетпе-бет келіп отырған көзсіз діни фанатизм ахуалы және оның себептері туралы да астарлы ой айтады. Бұл бүгінгі қазақ қоғамы үшін де өзекті мәселе – жалған діни сенімге бой алдырып, ата-ана, туған ортасынан, тіпті, ұлтынан безінетіндер отбасында сүйіспеншілік, жылу көрмеген, рухани тірегі аз жастар қатарынан шығатынын өмірдің өзі көрсетіп отыр…
Жалпы, еліміздегі орыс театрларының ішінде осы ұжым республика өміріне қатыстылығын, тәуелсіз Қазақстан елінің театры екенін жақсы проекциялайтынын, соңғы жылдары қазақ драматургиясынан бірнеше спектакль қойғанын айтуымыз керек. Бұл театр басшылығының, әсіресе, директоры Е.Хасеновтің шығармашылықты ұйымдастырудағы қажырлы еңбегі, стратегиялық саясатының жемісі де болса керек. Спектакльге халықаралық Қазылар алқасы өте жоғары баға берді.
Г.Пряхин, жазушы, академик, «Художественная литература» баспасының директоры (Ресей): – А.Яблонскаяның осы пьесасын көптеген театр қойды. Бұл – мен көрген спектакльдердің ішіндегі ең мықтысы, Анна туралы реквием. Актерлер мықты драмалық материалдағы подтекстерді ашып, бар жан-тәнімен ойнайды. Дүмше діншілдік рухани кеңістігі бос адамның санасын жаулайды, ал, биік әдебиет адам баласын жамандықтан арашалайды, ізгілік, жақсылық жолында біріктереді. Сіздер спектакльдеріңізбен осыны айттыңыздар.
Т.Милковски ( Польша): – Мықты қойылған спектакль. Мазмұн мен форма келісті үйлесімін тапқан. Көрерменге беретін импульсі мықты. Сахнадағы ахуалдарды кейіпкерлермен бірге бастан өткергендей күйініп-сүйіндік. Сіздерге үлкен рахмет. Бұл қойылым мен үшін фестивальдің жарқын естелігі болады.
И.Исрафилов (Әзірбайжан): – Діни сенім-наным мәселесін адамгершілікпен байланыстыра қарастыратын қойылым терең ойға қалдырады. Аса өзекті мәселеде театр көрерменге не айту керек, олармен не туралы сөйлесуі керек деген сауалдарға жауап береді. Бүкіл ой-идея сөз арқылы беріледі. Актерлердің техникасы, ансамбльдікойыны асқан ырзалық тудырады.
М.Кристиан Сирежол (Франция): – Керемет спектакль, бүгінгі орыс қоғамындағы күрделі және қайшылықты жайттарды, діннің қоғамға әсерін батыл қозғаған пьеса өте қызғылықты. Сіздер осының бәрін сөзбен, мимикамен жеткіздіңіздер. Спектакль қарқындылығы, қуаты
биік кәсіби деңгейлеріңізді танытады.
Лаша Чхартишвили (Грузия): – Шындығында да әсері өте мықты спектакль. Бірақ, әдеби негізі мықтыдегенге келісе алмаймын. Өйткені, басталуы, дамуы, шарықтау шегі мен шешімі бар драматургияға емес, сахналық мәтінге құрылған. Бұл – бүгінгі театрлар шығармашылығында мықтап орын алған тәсіл. Қойылым – фестивальдің үлкен табысы.
«КЛАССИКАНЫ, ҚАЗАҚТЫҢ КӨРКЕМ ПРОЗАСЫН БАҒАЛАҢЫЗДАР!»
А.Әшімовтің режиссерлерге тілегі осы
«ҚОРҒАНСЫЗДЫҢ КҮНІ»
М.Әуезов. Қ.Қуанышбаев атындағы академиялық музыкалық драма театры. Инсценировка авторы және режиссер Ә.Оразбеков.
Елімізде өткізілген алғашқы дүниежүзілік театр туындысының фестивалі бағдарламасында қазақ әлемінің космосы М.Әуезов туындысының болуы концептуалды тұрғыдан өте жарасар еді. Іс жүзінде осылай болды да, өнер мерекесінде Астанадағы Қ.Қуанышбаев атындағы театрдың М.Әуезовтің классикалық «Қорғансыздың күні» әңгімесі бойынша режиссер Ә.Оразбеков қойған спектаклі көрсетілді. Жалпы, шығармашылығында рухани ізденістері мол осы режиссердің М.Әуезов әлеміне ерекше сүйіспеншілігін байқамау мүмкін емес. Ұлы суреткер космосына үңілетін ол соңғы алты-жеті жыл көлемінде «Абай», «Айман-Шолпан», «Таңғы жаңғырықты» («Қараш-қараш оқиғасы» бойынша сахналық желісін жазған Қ.Ысқақ) сахналады. Ал соңғы еңбегі – «Қорғансыздың күні». Және бұл режиссердің әңгімеге екінші рет оралуы. Сахналық нұсқасын өзі жазып, өз подтекстерін белгілі ақын С.Ақсұңқарұлы жырлары арқылы жеткізілген қойылымы алғаш рет осыдан он шақты жыл бұрын Қарағанды облыстық С.Сейфуллин атындағы театрда шығып еді.
М.Әуезовтің небәрі жиырма төрт жасында жазған алғашқы классикалық әңгімесінің сюжеті баршаға белгілі. Спектакль дегеніміз, өз алдына жеке көркем шығарма болғандықтан, режиссер қандай да классикалық шығарманы сахнада көрсету үшін ғана қоймаса керек. Жаңа қойылымында режиссер Ә.Оразбеков те кезінде ұлы суреткерді мазалаған өзекті мәселелер негізінде өзі үшін, бүгінгі қоғам үшін аса өзекті деген күрделі сауалдарға жауап іздейді. Сондықтан да бәлкім, прологта символдық бейнелер Жарық (Ж.Оспанов) пен Түнекті (О.Жақыпбек) көреміз және ол екеуінің бітіспес тартыс-тайталасы спектакльдің бастан-аяқ лейтмотиві сыңайлы. Бұл ретте кимыл-қозғалыс пластикасын рөл мағынасына сәйкестендіре білетін актерлер белгілі ақын С.Ақсұңқарұлының жалынды жырларымен өрілген тартыс-айтыс пафосын да көркем жеткізеді. Жалпы, шешімдері бейнелі қойылымда үйге ұя салған қарлығаш, сахна төрін тұтас жауып тұрған жырым-жырым сұрқай жұқа мата, көктен түсіп тұрғандай саты-баспалдақ, екі парлы дөңгелек (өмір доңғалағы – тағдыр) сынды мағыналық символдардың айтары көп (қоюшы-суретші Ш.Елембаева).
Режиссер «мәтін ішіндегі мәтін» принципінен бас тартып, бүкіл оқиғаны ашық алаңға шығарады. Прозалық нұсқада Ғазизаның әкесінің көзі тірісіндегі бақытты шағын бір сәт еске алуы мен кемпірдің кездейсоқ меймандарға ағынан жарыла айтқан әңгімесі спектакльде толыққанды көріністерге айналған әрі режиссер тарапынан толықтырылған. Бақытты отбасы (Жақып әке – Е.Нұрымбет, кемпір – Н.Тәшімова, келін-Б.Мақсұтова). Үйлеріне қарлығаштың ұя салғанына қуанған, жасынан зерделі жас қыз Ғазизаның (Ж.Ибраева) жарқын күлкісі. Мұның бәрі алда күтіп тұрған трагедияны қоюландыра түсу үшін қызмет етеді. Бұл идиллия туыстары «адам сияқты бір мінезі, бір ісі жоқ, жаннан асқан дүниқоңыз» Дүйсен (К.Нұрланов) келіп, зар илеп, көмек сұраған сәттен бастап бұзылады. Жақып абырой бермес туысқа көмектесіп, ақыры өлім құшқан соң осы отбасының әлеуметтік ортадан көрген қорлығы… имансыздық – жап-жас қызға әкесіндей адамның, хайуан Ақанның көрсеткен озбырлығы, ақыры Ғазизаның өлімі…
Жалпы, М.Әуезовтің алғашқы кезең әңгімелерінде өткен ғасыр басындағы қазақ ахуалы, ұлттық этнопсихология жақсы бейнеленсе, қойылымда осы нақты әлеуметтік ортаның картинасы жасалған. Жоғарыда аталған Дүйсен мен оған сайма-сай әйелі (С.Тоқманғалиева), өз ұпайын түгендеп жүрген жарамсақ, имансыз Қалтай (Қ.Бұғыбай) мен зорлықшыл хайуан Ақан болыс (Е.Малаев). Жалпы, әйел баласын кемсітушілік, қорлау. Мұны қалыпты жағдай деп қарайтын және күштінің зорлық-зомбылығына әбден көнген көпшілік…
Режиссер ізгілік пен зұлымдықтың мәңгілік тайталасын лейтмотив етіп алады, сонымен қатар, адам баласының үнемі таңдау алдында тұратынын, бейсана қарекет жақсылыққа апармайтынын зерделетеді. Мысалы, кемпір Дүйсеннің опасыз адам екенін біле тұра туысқандық парызды алға тартып, өз ұлын оның малын қайтаруға баруға қоярда-қоймай көндіреді – бұл әңгімеде жоқ эпизод. Көп нәрсе адамның ниетіне байланысты екенін айтады – сондықтан да спектакль бойы Жарық жарық кейіпкермен (Ғазиза), Түнек Ақандармен бірге жүреді.
Жақсы мен жаманды саналы түрде ажыратып, оған баға беретін деңгейге көтерілмейінше, өзге ахлақтық құндылықтарды байыптау мүмкін емес. Қойылымда бас көтеруді білмейтін, көңілі соқыр көпшілік – Абай айтқан тобыр осының көрінісі. Өкініштісі – тобыр – қай заман, қай кезеңдегі қандай да бір саяси қоғамның, дұрысы құрылымның басты құрамдас бөлігі… Өнер дегеніміз – шексіз интерпретациялар. Біздіңше, режиссер Әлімбековтің, спектакльге қатысқан шығармашылық ұжымның Әуезов жауһарын интерпретациялуы осындай ойларға бастайды. Классиканы уақыт биігінен оқу деген осы болса керек. Халықаралық Қазылар алқасы «Қорғансыздың күніне» жақсы баға берді.
Асанәлі Әшімов, Қазақстанның Еңбек Ері, Қазақстан Театрлары ассоциациясы төрағасы, Қазылар алқасының төрағасы: театр үшін аса бай материал және ұлы суреткер прозасынан жасалған инсценировкалар аса сәтті болады. «Қорғансыздың күні» сәтті шыққан спектакль. Әлімбек Оразбеков рухани режиссерлеріміздің бірі. Қойылым режиссурасы, актерлердің ойыны қызғылықты. Тек финал созылыңқы, бір емес, үш финал бар, мұны ойлану керек. Республикамызда театрда да, кинода да жақсы режиссерлер бар, олар көркем материалды аса бай ауыз әдебиетімізден, ауқымы кең, ойы терең прозалық шығармалардан іздеу керек. Мысалы, А.Сүлейменов пен О.Бөкейдің драматургиясымен қатар прозасы қандай! Басқа да жазушылардың көркем прозасынан іздесеңіздер, көп нәрсе табасыздар. Бұл бізде әлі игерілмеген тың, режиссерлеріміз ойланатын мәселе. Классиканы, қазақтың көркем прозасын бағалаңыздар!.. «Қорғансыздың күні» үшін режиссерге, театрға алғыс айтып, шығармашылық табыстар тілеймін.
М.Кристиан Сирежол (Франция): – Басында жастарға арналған, бүгінгі күннің проблемалары көтерілетін шығар деп ойладым. Өйткені, ойын стилі әдеттегідей, жастарға арналғандай көрінді. Сосын мен бұл пьесаға қатты қызықтым. Заманауи, көркем қойылым. Бұл қандай драма, реалистік пе әлде символистік пе деген сауал туады. Меніңше, символистік драма. Қоғамда ер адам мен әйелдің рөлі қандай? Бұл өте маңызды мәселе. Драманың өзін айтпағанда, спектакльде негізгі ойыннан тыс көркем ойлау жүйесі бар. Маған дөңгелекті пайдалану өте қызық болып көрінді. Қойылымның символдық сипатына жауап беріп тұр.
Лаша Чхартишвили (Грузия): – Қызғылықты спектакль. Зорлық-зомбылық, жақсылық пен жамандықтың күресі сияқты бүгінгі күнде де өте актуальды мәселені көтереді. Режиссура, актерлік ойындар, әсіресе, Түнек рөліндегі актердің пластикасы, ойын мәнері ұнады. Үш финал бар дегенге қосыламын, қайсысында да қатты айқас, бірақ, кімнің жеңіске жеткені белгісіз. Бүгінгі Еуропа мен Азияда да отбасында, қоғамда қатыгездік көп екенін көріп отырмыз. Классиканы модернизациялау керек, беру формасын да. Глобальды тақырып, қызық трактовка.
Т.Милковски (Польша): – Бүгінгі таңда әлемдік әдебиет пен театрдың терең дәстүрлерін игеру кезеңі жүріп жатыр. Бұл қойылымды осы арнада сөз ету керек. Дәстүрлі формада қойылған спектакль. Маған костюмдер, жалпы, антураж ұнады. Мұндағы екі элемент – көкке кететін саты мен дөңгелек қойылымның басты кілті, басты ойды беретін код. Актерлердің өзара қарым-қатынасы, түсіністігі бар. Ал басты кейіпкер қыздың лирикалық сипаты басым.
И.Исрафилов (Әзірбайжан): – Спектакль ұнады. Қойылымның әфсаналық мазмұны материалдың өзінен шығып тұр. Ал түпнұсқа материал, яғни, әдеби негіз өте мықты. Бұл классикалық трагедия емес, халық трагедиясы. Жалпыадамзаттық трагедия. Режиссер терең қазады, қойылымы соңында үміт қалдырады, жарық бар. Мизансценалары көркем, актерлер талантты. Қалтай рөлі ерекше ашылған. Көпшілік жақсы.
Қазақ театрларының қойылымдары туралы пікірлердің бір парасы осындай. Шетелдік мамандардың қазақ театрымен алғашқы таныстығы ойдағыдай өтті дей аламыз. Кейде артық-кем тұстары болып жатса, ал өздері жақсы білетін материалдарда толымдырақ пікірлер білдіріп отырса ол да, заңды. Ал тұтастай алғанда, бұл өнер мерекесі республика сахнагерлерінің барлық буынына берер тәжірибесі мол. Шетелдердегі деңгейлері әр түрлі халықаралық фестивальдарға аз қатысып жүрмеген қазақ театрлары өзін өзгелермен салыстырып байқап, небір өнер фестивальдарында лайықты бәсекелес бола алатынын көрсетті. Бұл үлкен үмітке жетелейді.
«Астана» фестивалінен кейін ЭКСПO-2017 көрмесі аясында еліміздің ұлттық этникалық театрларының республикалық өнер мерекесі өтті. Ұйымдастырушылардың айтуынша, Дүниежүзілік Бірінші «Астана» театр фестивалі енді жүйелі түрде өткізіледі. Фестивальдік қозғалыс жалғаса бергей.