Спектакльде «Абай жолы» романындағы қарт Қодар мен келіні Қамқа екеуінің жазықсыз жазаға тартылуы және осы қанды оқиғаның бала Абайдың жанын жаралағаны көрсетіледі. Қойылым режиссері Ж.Хаджиев: «Менің «Абайға» келуім еш кездейсоқ емес. Жазушы өзінің жүрек қалауы таңдаған тақырыпты жаза алса, режиссер де сол секілді өзі іздеген тақырыпты тапса, пьесаны сахналауға бар күш-жігерін салады. «Абайды» қою менің арманым болатын. Абайдың шығармашылығын, оның адами болмысын әркім өз көзқарасы тұрғысынан таниды» [1,62 б.] - дей келіп, романдағы Қодар мен Қамқа екеуінің тағдыры туралы өз ойын жергілікті қаламгер Кенжебай Ахметовке айтып арнайы жаздырғанына тоқталып өткен. Авторлар халықтың бейнесін Соқыр мен Керең арқылы көрсетті. Сондықтан, режиссер спектакльдегі әрекеттің тізгінін Соқыр - Сағызбай Қарабалин мен Керең - Сағат Жылгелдиевке берді. Ұзын арқанның екі басынан ұстап алған олар бірін-бірі жетелей жүріп, ел арасында Қодар мен Қамқа туралы жел сөздің белең алып кеткені туралы өзара әңгіме қозғайды. Сүйіндіктің тапсырмасымен Қодарды іздеп барып оған жолыққанда күйіктен ыза буып Аллаға тіл тигізген қайғылы адамның әр сөзін басқаша топшылап, кері қайтады. Осы сахнадағы Соқыр - С.Қарабалин мен Керең - С.Жылгелдиевтің әрекеті отқа май құйып, оқиғаны ушықтырып жібереді. Екі актер де рольдерін дұрыс түсініп, өз кейіпкерлерінің даралықтарын ашып берді. Олардың надандығы мен керенаулығының жазықсыз жандардың мезгілсіз ажал құшуына себеп болғаны орындаушылардың ойынында нанымды шықты.
Абай өмір сүрген қоғамның Соқыр мен Кереңдей меңіреулігін режиссер өткір әшкерелеген. Өйткені, қоғам Қодар мен Қамқаның өміріне соқырдың көзімен қарап, зарына саңыраудың құлағындай бітеліп құлақ аспады. Көр соқыр мен тас кереңді тыңдаған қоғамнан ешқандай да қайырым күтуге болмайтынын режиссер бейнелі жеткізе алды. Ж.Хаджиев осындай мейірімсіздікті көзімен көрген бала Абайдың жүрегіне қара тастай ауыр салмақ түсіп, өмір бойы қараңғылық пен зұлымдыққа қарсы күресінің басталу себебін де ұқтыра алған.
Спектакльдегі Құнанбай бейнесіне режиссер басқаша интерпретация берген. Оның шешімінде Қодар мен Қамқа туралы ел ішінде гулеген өсекті тия алмаған сұңғыла сұлтанының амалсыздан қатал үкімге барғаны шарасыздықтың нәтижесі болып көрсетілді. Бірақ Руслан Ахметовтың ойынында дала әміршісінің бейнесі өз деңгейінде сомдалмады. Оның Құнанбайында өзгелерді ықтырып, айтқанын екі еткізбейтіндей өткір мінез, ызғарлы көзқарас болған жоқ. Асығыс қабылдап жіберген шешіміне өкініп, іштей жан азабын тартуы да актердің ойынында нақтыланбады. Ақылды, айлалы Құнанбайдың психологиялық толғаныстары мен қан төгу трагедиясына бару үрдісін, оның бойындағы қайшылықты ашуға орындаушының шеберлігі жетпеді.
Спектакльде Құнанбайдың айналасында жүретін Бөжей - Кәдірбек Демесін, Байсал - Сәкен Рақышев, Майбасар - Жомарт Зейнәбіл, Жұмабай - Сүндет Бектау, Жиренше - Рахман Омаров, т.б. режиссер берген бағыттан ажырап қалған. Бұл актерлер кейіпкерлердің мінез ерекшеліктерін аша алмады. Спектакльдің әлеуметтік мазмұнын тереңдететін Қодар мен Қамқаның тағдыры таразыға тартылып жатқан сахнада жалындап жанған бір актер болмады. Олар ойнаған кейіпкерлердің жүріс-тұрыстары, сөз саптаулары, сезім серпілістері көркемдік биікке көтерілген жоқ. Шиыршық атқан психологиялық тартысқа құрылған бұл сахнаның эмоциялық қуатын актерлер өз ойындарымен жандандыра алмады.
Сол сияқты Абайдың әжесін ойнаған Жібек Лебаева, Ұлжан - Ақбота Қаймақбаева, Айғыз - Ақмарал Дайрабаева ойындары да көрермендерді әдемі әсерге бөлемеді.
Ж.Лебаеваның бойында Зереге лайық кескін-келбет, сыр-сымбат болғанымен де өзінің ролін сан-алуан бояулармен құлпырта алмады. Немересінің асты-үстіне түсіп шектен тыс өбектей беру Абайдың тәлім-тәрбиесіне бар күшін жұмсаған әже мұратын дұрыс түсінбегендіктен туған. Бүкіл қазақ әйелдерінің асыл қасиеттерін бойына жиған Зере бәйбішенің тектілігі мен даналығын Ж.Лебаева ойынынан көре алмағанымыз өкінішті.
Ұлжан мен Айғыз рольдерінде ойнаған актрисалар да өз кейіпкерлерін терең зерттемеген. Олар Абайға рухани сүйеу болып, парасаттылық пен адамгершілік нәрін бойларына жинақтағананалардың бейнесін жасамады.
Жас Абайды ойнаған Ернат Күншібаев оқудан оралған баланың сағынышқа толы көңіл-күйін иланымды жеткізді. Алайда кейінгі сахналарда Абайдың ерекше бітім-болмысы актердің қимыл-қозғалысынан, бет-жүзінен, дауысынан байқалмады. Актер сахнада ары-бері жүгіріп, сыртқы эмоциямен Абайдың көңіл-күйін беруге тырысқанымен оның ақындық дарынын, ойлылығын шығаруға шеберлігі жетпеді. Әсіресе, Қодар мен Қамқаны өлім тұзағына түсірген әкесінің қатыгездігі жас Абайдың жан-дүниесін қалай күйзелткенін орындаушы ішкі толғаныспен көрсете алмады. Спектакльдің шарықтау шегі болып саналатын бұл сахнада Абай өмірінің жаңа парағы басталатынын актер өз ойынымен айқындау керек еді. Бірақ, Е.Күншібаев кейіпкердің рухани әлеміне тұтастай ене алмағандықтан ақынның әлеуметтік ортасына деген алғашқы қарсылығы түсініксіз қалыпта қалды. Бұдан актердің өз ролін ақылмен саралап зерттемегендігін және өз бетінше ізденбегендігін көрдік.
Спектакльдегі аса бір психологиялық дәлдікке, тас-түйін, ішкі ырғаққа құрылған бейнелер - Қодар мен Қамқа. Сахнада аз көрінсе де Қодар роліндегі Мақсат Сәбитов өз кейіпкерін қайсар мінезді, айтқанынан қайтпайтын бірбеткей, өсек-өтірікті жаны сүймейтін адал адам етіп бейнеледі. Қарашоқы қойнауында мәңгілікке жерленген ұлының бейітіне белгі қойып, күңіренген Қодар өзіне сусын әкелген келіні Қамқа - С.Ерзатқа әкелік мейіріммен қарап, үнсіз егіледі. Осы көріністе актердің жүзінен іші күйікке толған адамның жан азабын, тілмен айтып жеткізуге келмейтін қасіретін бірден аңғаруға болады.
Қамқаны ойнаған Сәния Ерзатқызы жас келіншектің жан-дүниесін нәзік түсініп, жүйелі әрекет жасады. Сахнаға бірнеше минут қана шығатын актрисаның шынайы да нақышты ойыны Қамқаның қандай адам екенін ұқтырып өтеді. Қазақ келіндеріне тән ибалық пен сыпайыгершілікті актриса әсем қимылымен, биязы дауысымен жеткізді. Марқұм күйеуін түсінде көргенін атасына айтқан кезде Қамқаның жарына деген ыстық сезімі мен оған деген сағынышы жасқа айналып көрермендерді тебірентерлік дәрежеде шықты. Бұл екі орындаушының ойындары өзара жымдасып, режиссер ой-тұжырымына үйлесімді тоғысқан.
Спектакль оқиғасы айналмалы сахнаның дөңгелек алаңында өтеді. Соның нәтижесінде сахналық әрекеттің динамикасы күшейіп, спектакльдің көркемдік тұтастығы сақталған. Ж.Хаджиев пен суретші С.Омаровтың ұшқыр қиялдары бір арнада тоғысып өте бейнелі, көздің жауын алатындай декорация тудырған. Сахнаның екі жағындағы жақпар тастардан ызғар есіп, көсіліп жатқан кең жазира даланың көрінісі ерекше әсерге бөлейді. Алыстан мұнартқан Қарашоқының сұлбасы трагедиялық оқиғаның атмосферасын қоюлата түседі. Осынау демін ішіне тартып сұрланып жатқан сайын дала төсіндегі небір оқиғаларға мелшиген қара тастар куә болып тұрғандай әсер тудырады.
Қорыта айтқанда, бұл спектакльде Ж.Хаджиев Абай өмір сүрген әлеуметтік ортадағы надандық пен қатыгездіктің бала жан-дүниесіне тигізген әсеріне философиялық сипат беріп өзінің режиссерлік ой-тұжырымының күш-құдіретін көрсете білді. Марқұмның көзі тірісінде «Телғараның» көрермендер үшін көркемдік-танымдық әсері жоғары болғанын жасырмаймыз. Біздің сын пікіріміз спектакльдің дәл қазіргі жағдайына байланысты айтылып отыр. Алдағы уақытта аталған спектакль театр репертуарында жүретін болса, онда актерлердің барлығы да өз рольдеріне жауапкершілікпен қарауды күшейткендері жөн. Себебі, бұл тақырып төңірегінде режиссер ұзақ жылдар ізденіп, толғанып әрбір кейіпкердің сөзін асыл тастай қырнап, мінез ерекшеліктеріне дейін орындаушыларға түсіндіріп жұмыс жасады. Бұған сахнадағы мизансценалардың мүсіндігі, сценографиясы мен кейіпкер киімдерінің және музыкасының биік талғаммен құрастырылуы дәлел. Ал, режиссердің мақсат-міндетін уақыт өте келе естен шығарып, өз кейіпкерінің құр сөзін ғана айтып, бейне жасауға немқұрайлы қараса, бұған актерлер қауымы кінәлі деп білеміз. Театр ұжымының басшылары да бірнеше жылдар бойы сахнадан түспей жүріп келе жатқан спектакльге қамқорлықпен қарап оның құлдырауына жол бермеуін сұрар едік.