Ұлттық мәртебе иеленген М.Әуезов атындағы қазақ мемлекеттік академиялық драма театрының сахнасында Ақпан айының 7-20 аралығында төрт бірдей спектакльдің тұсауы кесіліп, театрсүйер қауымды бір қуантқаны сөзсіз. Қазақ театрларының ішінде алғашқы болып премьераларды бірден топтама етіп ұсынған ұжымның еңбегі орасан. «Екеуміз» (О.Жанайдаров, реж: Н.Дубс), «Оң қол» (Т.Әбдік, реж: А.Шарипов), «Барымен базар» (Т.Нұрмағанбетов, реж: Н.Жұманиязов), «Туған күн» (Б.Қажынабиева, реж. Е.Қарибаев) секілді спектакльдер бірінен соң бірі ұсынылып, көрермендерді бір елең еткізгені рас. Дей тұрғанмен, қойылымдардың бірі көркемдік сапасы, тұтастығы, режиссурасы тұрғысынан тәнті етіп жатса, келесілері көңіл көншітпей жатқанын жасырмақ емеспіз. Ендеше, премьералар шеруін бастаған – режиссер Наталья Дубс сахналаған драматург Олжас Жанайдаровтың «Екеуміз» драмасы хақында бірер сөз болсын.
Бұл спектакль, расында, ұлттық театр қоржынындағы қойылымдар ішінде көркемдік деңгейін көрсеткен жақсы спектакльдер қатарын толықтырды (жіпке тізердей олар да көп емес еді). Рас, көңіліміз тасығаннан гөрі, семіп қайтатын спектакльдер аз емес қазақ театрында. Бұл жолы көзайым болуымызға сеп болған жақсы материалдың жақсы режиссер оқылымында жас артистердің талабын көрсеткен еңбек жемісі деп білдік.
2009 жылы жазылған ресейлік қандасымыз драматург Олжас Жанайдаровтың «Двое в кафе» пьесасын тиянақты, кәсіби, шебер оқылымында ұсынған режиссер Наталья Дубстың қолтаңбасы сахналық тың интерпретация, өзгеше шешімдерден де, актерлердің ойын өрнегінде де менмұндалап тұрды.
Рас, біраз режиссерлер ұғымында «Ромео мен Джульеттаны» қою қажет болса, міндетті түрде сахна төрінде балкон болуы шарт деген тар түсінік бар-ау. Оны қоймаса, құдды спектакльдің «сверхзадачасы» орындалмай қалатындай көрінуі мүмкін деп ойлайтын болуы керек. Олай емес екеніне театр тарихында өзіндік дара ізденісі, есімі қалған небір новаторлар, революционерлер көз жеткізген. Наталья Дубс есімі де еліміздегі театрал қауым арасында таңсық емес.
Төрт кейіпкер – он актер. Кафе емес, орындықтар. Кез келген ұсынылған тосын жағдайға (предлагаемые обстоятельства) қызмет етуші солар. Картиналар ауысқан сайын нақты «сауатты» мизансценаға құрылған әрекеттер, орындықтардың мінсіз қалып ауыстыруының өзі спектакльдің тиянақты, мәнерлі, кәсіби деңгейде жасалғанының айғағы. Оқиғаға әр беріп, сахналар арасын байланыстырған, қойылымның темпоритмін тізгіндеген ырғақты музыка. Кейіпкерлердің ішкі күйзелісін көрсеткен үйлесімді пластика. Осылардың барлығы драматургиядан алшақ кетпей, кем қалмай, тұтастай гармония жасағаны қандай ғажап.
Пьесадағыдай оң жақ есік, сол жақ есік, сырттағы жаңбыр дыбысы, суы тамшылаған қолшатыр, каппучино, даяшы қыз жоқ болса да, режиссер материал дәнін өз қиялына егіп, оған жоғарыда аталған «ингредиенттерін» және қосып, күткен жемісін алды деп білеміз.
Көп орындықтың ортаңғы біреуінде ұзын бойлы, шашы бұйра, қолына кітап ұстап отырған жас жігіттің (актер Әділет Базарбай) жанына әлдекімге өкпелі екенін жасыра алмаған сұлу әйел (актриса Ажарлым Бақытжанова) келгенінен оқиға бастау алады. Бұл – Саша. Катяның күйеуіне артқан өкпесіне қалыпты көзқарас танытып, жағдай онсыз да белгілі болғанына қарамастан: «Анық-қанығын өзінен сұрап білмейсіз бе?» дегенінен әр нәрсеге байыппен қарап, ақылмен саралайтын жігіт екеніне көз жеткіземіз. Кездескен адамына бірден ашыла қоймайтыны да «басқа жерге отырайын» деп, әңгімесін айтып, темекісін бұрқыратқан (пьеса бойынша) әйелден бойын аулақ ұстауға тырысқанынан көрініп тұр.
Екеуі жақын отырмаса да, репликаларынан кафедегі бір столға жайғасқанын түсіну қиын емес еді. Дей тұрғанмен, «не істеп отыр екеуі?» деген күбір-күбір көрермен комментарийі, ауық-ауық «ештеңе түсінген жоқпын, мынау қайсысының әйелі еді, мына қыз кім» деген мұқиятсыздығын танытқан сөздері құлағыңа келгенде, «шайнап ауызға салып бергенге» бой үйреткен қазақ көрерменінің басым бөлігі әлі күнге осындай тәсілдерді «айды аспанға шығару» деп қабылдағанын қашан қояр екен деген ой жылт етеді екен басыңда. Жә, ол өзі бір шегі жоқ, таң атырып, кеш батыратын, біз, театртанушылар айтып, жаза беруден жалықпайтын театр айналасындағы мың мәселенің біреуі ғана ғой.
Әрі қарай Алексей бейнесін құзырына алған актер Қуаныш Бейсеғалиев кейіпкер бітіміне өзгеше өң бере білді. Сүйіктісіне (сүйіктісі емес-ау, өзі солай ойлап жүрген қызына) «пупсик» атанған бұл Алексей тек бір қыз емес, жалпы пенде баласының көңілін жыққысы келмейтін, өзінен бұрын өзгенің «комфортын» биік қоятын көнбіс адам. Бірақ, ренжісе, қырсықтау мінезін жасырмайды. Сүйікті композиторының атын Лена дұрыс айтпағаны үшін қызылкеңірдек болуға бар. Ал, үшінші Алексейді сомдаған актер Нұрғиса Қуанышбай Катяға қалай ғашық болып, сүйіктісіне қалайша опасыздық жасағанын онша аңдамай қалған, ақылға бағынбайтын сезімнің адамын келісті сомдады. Ғашық екенмін деп, Ромео болып кетпей, «алексейлік» болмысты ол да берік ұстаған.
Дүниеде ең терең, жұмбақ болмыс – адам жанына үңілуге тырысқан режиссер бір Алексейдің үш түрлі қырын, мінезін үш актерге бергені, сәйкесінше үшеуі бір бейнені үш түрлі бояумен суреттегені қызықты шешілген. Сол секілді Саша да театрдың жас артистері Азат Тұрарбеков, Ғалымбек Оспанов, Ришат Журунбайлардың кескіндеуімен ұтымды жасалған.
Әйел логикасын логикаға сыйдыру мүмкін емес деген бар ғой. Сезімнен талғамды биік қойған Алексей де Катаяның қылығын түсінбей әлек. Күйеуін метрода бір қызбен қол ұстасып отырғанын көрсе де, оны бетіне баспақ түгілі, ләм-мим деп тіс жармайтын, іштей тынатын, күйеуінен бала сүйе алмайтынын біле тұра, оны қоя бергенде, қанша тепкісін көріп келсе де, сол күйеуден бас тартпайтын – әйел. Жанын түсініп, жылы сөз айтқанға еритін де, бағалайтын адам барын сезініп, соның құшағына енуге дайын тұратын да – әйел. Актриса Ажарлым Бақытжанқызы мен Мадина Келгенбай Катяның үйдегі және түздегі осынау екі мінезін өзара бөліскен. Ажарлым Бақытжанқызының Ленасы алғашқы сахнадан-ақ ашық, тікмінез екенінен хабар берсе, Мадина Келгенбайдың Ленасы күйеуінің қасында мүлде басқаша.
Әйел мен күйеуінің арасындағы проблемалар, конфликт, екеуара түсінбестік, күш көрсету – барлығы театр тілінде шешімін тапқан. Мәселен, Сашаның орындығына келіп жайғасқан сәтте Ленаға орынның жетпей қалуы, бүгінде (бәлкім, барлық замандағы) әйелдің қоғамдағы орнын, оған деген қарым-қатынасты төрт актердің актрисаны бір-біріне лақтыра ойнауымен берілгені, күйеуінің қол көтергенін тікелей емес, орындықтарды сахнаның түп жағына үсті-үстіне лақтыруымен көрсетуі соның дәлелі.
Өзін сүймеген адамға өзін арнауға дайын тұратын, иттік жасаса да, сол адамды кешіруге дайын тұратын да – әйел. Ол – Лена. Лена бейнесі де қос актриса Әсел Сайлауова мен Захира Рақымжан ойынында ерекше леп берді. Алғашқысы Ленаның қылықты келбетін, Алексейдің құшағында жадырап сала беретін бойжеткенді көрсетсе, екінші Ленаны ойнаған актриса Захира Рақымжан Алексейдің таны-түсінігіне мүлдем қарама-қайшы, талғамы аса жоғары емес, жалпы, бүгінгі күндегі арзан қызығушылықтарға, құр жылтыраққа әуестенген қыз баласын шебер көрсеткен. Екінші нұсқадағы Ленаның жын ұрғандай секеңдеуі, әр сөзге тоқтап ойланғысы келмейтіндігі, саналы адамға тұрпайы көрінген әрекеттері типтік образ жасауда гротескілік сипат беруімен ақтаулы деп білеміз. Дәл солай асыра сілтеушілік осы жерге сұранып та тұрғандай.
Әр адамның өз шындығы бар. Ақиқат – жұмбақ. Режиссер оқиғаны әр кейіпкер жанынан қарастырып, әрқайсысының айтары бар екенін жеткізген. Кейіпкерлердің авансценаның екі жағына кезек-кезек келіп, өз монологтарын оқығаны «Семейные драмы» секілді телебағдарламалар стилін еске салады. Бұл мәтінер пьесада монолог ретінде жазылмаған да. Кейбірі кейіпкерлер арасындағы қысқа диалогтардан алынып, енді бірі шығармашылық құрамның өздері қосқан сөздер. Орындаушылар құдды біреуге ішкі сырын ақтарғандай, ешқандай пафоссыз, арасында импровизациясы тұздық болған әңгімесін айтады.
Сахнадағы он артист өздеріне берілген рольдерін кезегі келгенде ойнап отырып, қажет тұсында хормен кейіпкерлердің негізгі ойларын жеткізіп отырды. Мысалы, Ленаның қоймастан сұрағанына хордың жалынышты тонмен: «Айтшы!» дегені, «Саған ұнайтын нәрсенің бәрі оған ұнамайды», «Джузеппе!», сондай-ақ, Алексейдің өз-өзінен қашқанын көпшілік сахнадағылардың актерді қуып жүріп, қолын қайырып қыздың алдына әкелуімен көрсеткені де қызықты шешімдердің бірі болды.
Қойылымның сәтті шығуында режиссердің үлесі басым екені оның суреткерлік қолтаңбасынан тайға таңа басқандай білініп тұрды. Сонымен қатар, әкемтеатр актерлерінің жаңа қырын ашып, оларға шығармашылық леп бергені де анық сезіліп отырды. Артистердің көздеріне от ойнатып, жалын беретін, жаңа серпін сыйлайтын тағы да – режиссер екенін дәлелдегендей. Осы тұрғыда Наталья Дубстың ұлттық театрда өткен аз уақыт болса да тәжірибесінің театр артистеріне ерекше дем бергені, актерлердің бұрынғыдан өзге басқа мектеп көргеніне бек қуаныштымыз.
Вердидің аты кім? Оның Джузеппе екенін анық біліп отырған көрермен аз болса да, спектакль өз миссиясын орындады.
Қош, «Екеумізге» барып, екеуміздің (театр және біз) арамыздағы жіңішке қылды бір шертіп қайттық. Үні жағымды сияқты. Иә, әдемі.