Мақала / #студентСөзі
Көшкін. Тобыр санасындағы үрей
Өз даусыңнан қорықпауға шақырған спектакль
Бөлім: Театр
Датасы: 02.10.2019
Авторы: Жансая Тұрмағанбет
Мақала
Көшкін. Тобыр санасындағы үрей
Өз даусыңнан қорықпауға шақырған спектакль
Бөлім: Театр
Датасы: 02.10.2019
Авторы: Жансая Тұрмағанбет
Көшкін. Тобыр санасындағы үрей

Абай көшесінің бойында орналасқан кішкентай ғана театрдың ішінде алып тақырыптарды көтеретін биік дәрежедегі спектакльдер қойылатыны оның жанынан жай өте шығатын адамдардың басым көпшілігіне беймәлім. Бұл театрдың репертуарындағы барлық спектакльдер хақында ауыз толтырып көсіле талдау жасауға болады. Олардың ішінде аса тоқталып өтуге тиістісі – «Көшкін» спектаклі. Репертуар тізіміне орныққанына 3 жылға жуық уақыт болғанымен, әлі де болса көрермен қарасы толастамайтын спектакльдер қатарында.

Қорқыныш. Өз жан даусыңды естуден, естіртуден қорқу. Ғасырлар тұрғызған қамалды тесуден қорқу. Көшкін орнауын күту. Табиғат құбылысы деп қараған дүниең, ішкі аласапыраның боп шығуы әбден мүмкін. Қай өнер қай дәуірде болмасын негізгі объектісі етіп адам мен оның бостандық, ерік-жігерін нысанаға алатыны белгілі. Ал оның сахна өнеріндегі нағыз боямасыз, қоспасыз көрінісін тәуелсіз театрлардың аясынан айқын көре аламыз. Олардың бірі – бүгінде өз аудиториясын тапқан талантты дүлдүлдердің басын қосқан – «Жас сахна» театры.

Елу-алпыс шақты қызыл орындықпен қоршалған шағын сахнадағы оқиға ондағы саналы көрерменнің әрбірін бей-жай қалдырмағаны былай тұрсын, таудай эмоция мен әсердің астында қалдырарына куә боласыз. Өйткені қойылған спектакльдің құнды драматургиясы бір бөлек, сахнаға әр берген сәнді сценография, шебер режиссура, үздік актерлік ойын бір-бірімен үндесе түскенде онда отырған әр адам эстетикалық ләззатқа бөленіп, рухани жаңарып қалады бір сәтте. Сценограф Айгерим Бекмухамбетованың суреттеуімен қойылған Тунжер Жуженоглудың шығармашылығындағы «Лавина» пьесасы режиссер Барзу Абдраззаковтың шеберлігін тағы бір дәлелдеді.

Бүгінгі күні «сәнді режиссураға» айналған «шелектеп краска төгу, аспаннан жаңбыр жауғызу» сияқты көрерменді елең еткізетін жауыр болған «ұтқыр» шешімдерді пайдаланбай-ақ, біртұтас ғажап туындыны әкелді сахнаға. Режиссер Абдразаковтың әр актермен жеке жасалған жұмысы айқын көрінеді. Өйткені, барлық кейіпкердің ойға алған мақсаты бар жадында. Қарт әжейді сомдаған актриса Жанель Серғазинаның ойынын ерекше атап өткен жөн. Орыс тілді спектакльге «қазақ кодын» енгізе білгені үшін, басқа рольдерінің біріне ұқсатпай асқан шеберлік танытқаны үшін топтан суырылып шығады. Сондай-ақ, жас жігітті ойнаған Мадияр Сарыбайдың сахналық серіктестерімен үндесе білгенін, оның әйелін сомдаған актриса Ақниет Орынтайдың көзіндегі нанымды көзқарасты, Әшім Ахметовтың роль дәнін дәл тапқандығын, Нұргүл Алпысбаеваның тұрмыс бейнетінен қажыған әйелдің бейнесін аша білгендігін, жап-жас Вахид Изимовтың бір отбасының үлкен ақсақалының жанын жегідей жеген мұңын шебер жеткізе алғанын, сахнаға шыға сап кейіпкерімен біте қайнасып, спектакль темпоритмін жеделдете түскен Тоғжан Таханова мен Бақтияр Байсерік, Даняир Ариповтардың ойынын да айтпай кету мүмкін емес. Спектакльдің сәтті шығуына сеп тигізген негізгі фактор да актерлік құрамның ансамбль құрай білгендігінде болса керек.

Тыйым салу салты мен табу сөздерін пайдалану біздің дәстүр-танымымыздың айнымас бөлшегіне айналғандай. «Былай етуге болмайды!» деп қатып қалған бұзуға мүлде батпайтын қағидалардан тұрады күллі өміріміз. Ал «НЕ ҮШІН? НЕГЕ?» деген көкейдегі негізгі сұраққа жауап алмаққа ұмтылмаймыз. «Неге» дегенді айтудан емес, жауабын естуге қорқамыз. Өйткені, сенім берік, парасаттан жоғары. Сахнаға тобыр басшысы (актер Б.Байсерік) кіріп келген кезде осы айтылған сөздердің растығына куә боламыз. Оның әр сөйлемін аяқтамастан көпшіліктің «Дұрыс-дұрыс, дұрыс...» деген мақұлдай әрі бас ұрған аянышты кейпін көргенде, ұранды ести қосыла кеткен дербес пікірден ада тобырға деген аяушылық туады.

Табиғат заңдарына бағынған далалықтар үшін тоғыз ай, тоғыз күнге толмайынша дүниеге бала әкелген әйелден артық жау жоқ. Ол үшін адам тағдырын құрбан ету де түк емес. Бастысы – ережеге бағыну. Бұған дейін осыған ұқсас оқиғамен бетпе-бет келіп, бауырынан айрылған қарт бұл сұмдықтан мәңгілікке құтылу үшін жан даусымен айқайға басқандағы қалғандарының көзіндегі қорқынышын айтып жеткізу мүмкін емес. Имандарын үйіре жерге жығылған күйі демдерін ішке тарта «Енді не болар екен?» деген қорқынышты ойда қалған олардың сенімдерін шындық жеңіп шықты ақыры. Сол кезде орта жасар ер адамның (актер Ә.Ахметов): «Лавина жоқ!», - деп әндете көңілденгеніне, көшбасшының (актер Б.Байсерік) сенер-сенбесін білмей: «В смысле лавина жоқ?!.», - деген жауабы көрерменді ду күлкіге қалдырды. Шаттанған баладай кеудесін қуаныш кернеген отбасы мүшелерінің бақытына ортақтасасың. Өйткені, бәріміз сол отбасында бармыз. Көрермендер кейіпкерлермен қосыла «көшкінді» ойға да алмастан, рахаттана айқайға салды. «Даусыңды шығарудан қорықпа!», - деді сонда актерлердің біреуі.

Бүгінгі күні әсем шаһарымыздың әр түкпірінен орын тепкен өз алдына дербес ашылған жеке театрлардың алған бағыттары мен ұстанған ұрандары осыған меңзейді. «АртиШок», «Жас сахна» бастаған тәуелсіз театрлардың қарасы «Laboratory316», «BUNKER» сияқты өнер бірлестіктерімен күн сайын көбейіп келе жатқаны қуантады. Бұл жағдайда «келесі спектакльге мемлекет қанша қаражат бөледі екен?» деп театр әкімшілігі немесе «Режиссер мен директордың таныстары тағы да басты рольдерді алып кететін болды-ау» деген актерлер тарапынан да назды пікірлер туындамайды көбіне. Олар осынысымен берік ұжым, ешкімнен ештеңе күтпейтіндіктен табанды еңбек иелері.

Осылайша, талантты талап иелерінің бір ойға, бір мүддеге тоғысуынан – биік өнер туады. Ал нағыз өнер бағаланбай, еленбей жататыны (біз жиі куі болатын үрдіс) – үлкен өкініш, әрине. Дегенмен, олардың айтары бар, көрсетері көп. Нақты бағытты ұстанған жас театр – «Жас сахнаға» болашақта биік белестерді бағындырарына бек сеніп, шын көңілден сәттілік пен табыс тіледік.