Мақала
Қазақ дәстүрлі қару-жарақтарының заманауи үлгідегі көркемдік бірлігі
Қолөнердің ішіндегі металл өңдеумен ұсталық өнер өз заманында шарықтау шегіне жетіп дамығаны белгілі. Қазақ қару-жарақ өнерінің бүгінгі күндегі жағдайы аса мәз емес және оның себептері бәрімізге аян
Бөлім: Бейнелеу өнері
Датасы: 15.02.2017
Авторы: Oner Portal
Мақала
Қазақ дәстүрлі қару-жарақтарының заманауи үлгідегі көркемдік бірлігі
Қолөнердің ішіндегі металл өңдеумен ұсталық өнер өз заманында шарықтау шегіне жетіп дамығаны белгілі. Қазақ қару-жарақ өнерінің бүгінгі күндегі жағдайы аса мәз емес және оның себептері бәрімізге аян
Бөлім: Бейнелеу өнері
Датасы: 15.02.2017
Авторы: Oner Portal
Қазақ дәстүрлі қару-жарақтарының заманауи үлгідегі көркемдік бірлігі

Қолөнердің ішіндегі металл өңдеумен ұсталық өнер өз заманында шарықтау шегіне жетіп дамығаны белгілі. Қазақ қару-жарақ өнерінің бүгінгі күндегі жағдайы аса мәз емес және оның себептері бәрімізге аян. Өткен замандардағы қазақ жауынгерінің бейнесі мен қару-жарақ жиынтығын бүгінде білетін адамдар сиреп бара жатыр. Компьютерлік ойындар мен көгілдір экрандар арқылы жас буын еліміздің этнографиялық құндылықтарынан көрі, батыстың құндылықтарын жақсы білетіні көңілге қаяу салатыны рас. Бұлжұмыс мәдени мұрамызды жаңғырту мақсатында кенже қалып жатқан дәстүрлі қару-жарақ өнеріміздің бүгінгі келбетін ашып көрсетуге бағытталған.

Бүгінде еліміздің көптеген аудандарында дәстүрлі қолөнерге арналған оқу-орындар жеткілікті. Қолданбалы сәндік өнердің ішінде қару-жарақ жасау шеберханасы дегенді естімейміз. Дәстүрлі қару-жарақты көбінесе зергерлер мен көркем металл өңдеушілер айналысатыны белгілі. ХХІ ғасырдың алғашқы ширегінде дәстүрлі сәндік қару-жарақ өнерімен айналысып, елімізде және алыс-жақын шетелдерде танылып жүрген шеберлеріміз бар. Олар дәстүрлі қару-жарақ жасау өнерімізді бүгінде жаңғыртып жүрген шеберлер: Надырбек Жээренчинев, Бегзат Жақыпов, Естай Даубаев, Серікқали Көкенов және ағайынды Құлменовтар т.б. болып табылады.

Қазақ ұсталық өнері ежелден қанатын жайған ұлықты өнер. Тарихи қозғалыстар мен заманауи үдерістер әсерінен ХХ ғасырда қару-жарақ жасайтын шеберлер азайып кетті. Тек ауыл-аймақтарда ұсталық өнермен айналысатын бірлі-жарым кісілер теміршіліктің негізгі деген технологиясын ұстап отырған болатын. Прогресстік ғасыр тұсында қазақ қолөнеріне тарихи факторлар әсер етті. Оларға мәселен 1932 жылғы ашаршылық, Ұлы отан соғысы, отаршыл коммунизм т.б. жағдайлар жатқызылады. 1950-60 жылдарда қазақ бейнелеу өнерінің ішінде кескіндеме, мүсін өнерінің аяқ алысы өркендеп, қолөнердің ішіндегі қару-жарақ өнері кешеуілдеп қалады. Өнертанушы Р.Ш.Кукашев 1950 жылдары қазақы пышақ жасайтын, есімдері елге танымал «пышақшылар» әлі де бар болғанын, олардың өнері әсіресе, мал шаруашылығымен айналысатын адамдардың арасында жоғары бағаланған жайлы айтады [24, 257б].

1980 жылдары ата-баба дәстүрін жаңғырту үшін үлкен үлес қосқан, ел арасында «Ағайынды үш ұста» деген атпен әйгілі болған ағайынды Тұрсынжан, Махмұт, Айтберген Құлменовтер болды. Бұл темірші-ұсталар көшпелі түркілер мен Қазақ хандығы тұсындағы қару-жарақ үлгілерін қайта қалпына келтіріп жаңғыртып жүрген өнер иелері. Бүгінде, шеберлер ұсталық өнермен қоса қазақ қолөнерінің ішіндегі саз аспаптар, тұрмыстық бұйымдар жасайды.

Шебер Құлменовтердің жасаған қаруларының бірі «Қайқы қылыш» қынымен. Қайқылығы орташа, иран типтес болып келеді. Сабы мүйізден, балдағы крест тәрізді, түбегі иіліп темірден жасалған. Қайқының алқымы түзу келіп орта тұсынан қайқыланып кетеді, бір жүзді берен темірден соғылған. Қылыштың өзі өрнектелмеген, ал қынабына келсек, негізі ағаштан жасалып, сырты көкшіл түске боялған жарғақ терімен қапталған. Қынаптың сырты өрнектелген металл қаптамалармен қапталып, «қошқар мүйіз», «сыңар мүйіз» сынды оюлармен өрнектелген. Қылышбауы қызыл түске боялған көң терімен толықтырылған.

Ағайынды үш ұстаның кесу қаруларының ішінде қайқыдан бөлек «Семсерді» кездестіреміз . Семсердің сабы мен балдағына қарап сақ кезеңі мен көне түркі дәуіріндегі семсерлер қатарынан көре аламыз. Пішіні жағынан сақ семсеріне ұқсас болғанымен, қазақи өрнектермен әрленген. Түзу екі жүзді қысқа семсердің сабы сүйектен, балдағы мен түбегі зооморфты ою-өрнектермен әрленіп, түбегі мүйізше тәріздес болып келеді. Қынабы ағаш, жарғақ теріден және металл қаптамаларымен қапталған. Шебер ұсталар орындаған қынаптардың қаптамалары төрт бөліктен тұрады. Мойнағы мен түбегінде және қынаптың орта тұсындағы қылышбау құрсаулары екіден бекітілген. Семсердегі бұл төрт қаптамада «омыртқа» және «күмбез» тәрізді өрнектермен бедерленген.

Бұл теміршілердің кесу қаруларынан қайқы қылыштардың екі түрін (қайқылығы орташа, өте қайқы), карта сынды семсерлер, сапы тәрізді жатаған және қанжарларды кездестіреміз. Осы аталған кесу қарулары материалы жағынан берен темір, ақ темір, көк темір, жарғақ тері, көң тері, ағаш, сүйек, мүйіз және қаңылтыр қаптамалар қолданылса, өрнектері жағынан қазақи зооморфты өрнектермен көркемделген. Ал, жасалу технологиясы жағынан соғу, суару әдістері және баспа, қарала жүргізу тәсілдерімен көркемдеген.

Теміршілердің кесу қаруларынан басқада жарақ түрлері жетерлік. Соның бірі «Қалқан мен күрзі» жұмысы. Қалқан дөңес келген материалы теріден жасалғаны жиектеріндегі тігістен аңғаруға болады. Қолөнер шеберлерінің тері өңдеуде жоғары деңгейге жеткенін ешбір ою-өрнектерсіз қалқанның мөлдірлігі мен тұнықтығы көрсетеді. Туындының пішіні шеңберлі дөңес келіп, дәл ортасында темір күмбезше орналасқан. Күмбезшеден төрт жаққа жалғасқан қақталған тері жабыстырылып пішіні жағынан «Т» әрпіне ұқсайды. Осы қаптамалардың орта тұстарында темір әшекейлер бекітілген. Ішкі терінің беттерінде де жалпақ темір бекітпелер көрініс тапқан. Жалпы қалқанды жылтырату үшін арнайы лак пайдаланғанға ұқсайды. Сол себепті, жауынгерлік шарайналарға ұқсап, мөлдірлігі айқын сезіледі.

Аталған туындының жанында орналасқан күміс түсті соғу қаруына жататын екі күрзінің сабы темірден жасалған. Басының негізгі материалы ағаш безінен жасалып, сыртында бүртікшелері бар қақталған темір пластиналармен қапталған. Басының пішіні шар тәрізді, арнайы бүртіктері ұрыс кезінде жарақаттың күшін арттырады. Саптарының ұштарында арнайы қайысбаулармен толықтырылған.

Қалқан мен күрзілердің пішімімен қоса түстерінде де ортақ үйлесім бар. Қалқанның күмбезше бекітпелерімен күрзінің бүртіктері ұқсастық тапса, ал түстерінің жылтыраңқы мөлдірлігі бірін-бірі толықтырып тұрғандай. Екі жұмыстың бірігуі де осыған байланысты болса керек. Туынды ешбір өрнексіз. Кішігірім жоталары топтасқан қазақ даласының келбетін елестетеді.

Ағайынды Құлменовтердың кесу қарулары сәндік элементтерді аз болса да, жасалу технологиясы жоғары, қарапайым нақыштылығымен ерекшеленеді.

Қару-жарақ жасауда орны бөлек шеберлердің бірі Жээренчинев Надырбек. Негізгі мамандығы зергер бола тұра дәстүрлі сәндік қару жасау өнерін жетік меңгерген. Жээренчиневтың жұмыстарының арасында «Қынапты қылыш» туындысы.

Аталған қылышты жасау үшін шебер қару жасаудың әдіс-тәсілдердің барлығын қолданған секілді. Соғу әдісі арқылы қылыштың негізін болаттан жасаған, балдағы крест тәрізді болып келіп бетінде төрт бұрышына қарай созылған өсімдік тектес өрнектерді арамен кескіндеу арқылы салған. Сабы қапапайым сапының сабы тәрізді, қолға ұстайтын жері ұсақ сұр түсті халцедондарды дәнекерлеу арқылы көркемдеген. Бұл қылыштың қайқылығы орташа, барлық әдіс-тәсілдер қынапта көрініс тапқан. Қынап өрнектері сабының өрнектерімен композициялық үйлесім құраған. Сабы алтын жалату арқылы сары түске еніп, қынабы да сары түсте ортаңғы жағында екі қызыл түсті тастың айласына шеңбер құрған ұсақ сұр түсті халцедондармен көркемделген. Қынаптың басы, ортасы мен ұшында сюжеттік көріністер бейнеленген. Жоғарғы жағында екі салтататты жауынгердің алпарыса шайқасып жатқан сәті, ортасында садақ тартқан сақ жауынгерінің бейнесі және төменгі жағында шауып бара жатқан жауынгердің бейнесі бедерленген. Ширатпа тәсілі арқылы сюжеттердің айналасы өсімдік тектес өрнектер көмкерілген. Қылышбау қынаптың басы мен ортасына бекітіліп қынаптағы элементтерге ұқсас қылып, сәндік бекітпелер орнатылған. Қынап және қылышбаудың негізі жұмсақ теріден даярланған. Қынапты қылыштың жалпы сипатына қарап түркі қайқы қылышынан бастау алып, индо-ирандық мәнерде көркемделіп, қазақы өрнектер қолданылған. Шебердік бір ерекшелігі қынаптың басынан ұшына дейін әр-түрлі әдіс-тәсілдермен көркемдеген. Осы тектес кейбір қайқы қылыштарда, қынаптың үш немесе төрт жерінен кішілеу қапсырмалармен бекітіп орнатады.

Жээренчиневтің келесі туындысы «Ақинақ» қысқа семсері. Сақ кезеңінің негізгі мотивтері мен әдіс-тәсілдері осы жұмыста толық көрініс тапқан. Аң стилінде қолданылған зооморфты элементтер де кездеседі. Бұл қысқа семсердің жүзі болаттан соғылып, сабының балдағы бүйрек тәрізді және жоғары бөлігінің бастары қарама-қарсы қараған барыстың бейнесін қоладан құю арқылы ерекшеленген. Бұл сақ кезіндегі ақинақтарда жиі кездесетін көрініс. Сабының балдағы мен басының арасында ширатпа әдісі арқылы күміс сымдарды айналдыра орағанын көреміз.

Шебер ұста Надырбектің бұл туындысына қарап әр кезеңдік ерекшеліктерді жете меңгеріп және сол кезеңге сай элементтерді де дұрыс қолдана білетіндігін байқаймыз. Бұл шебердің жұмыстарының эстететикалық әрленуі кезеңге сай жасалып, қару жасаудағы әр этапты байыппен орындайтынын көреміз. Қысқаша айтқанда өз ісінің шебері десек артық емес.

Дәстүрлі сәндік суық қару жасауда өзіндік стилімен ерекшеленген зергерлік өнерімен көзге түсіп жүрген шебердің бірі Көкенов Серікқали.

«Сақ стилі» деп аталатын ақинақ қысқа семсері кәдеси үшін жасалғанға ұқсайды. Ақинақ тақырыбына сай сақ кезеңіндегі элементердің көпшілігі кездеседі. Сабының басы мен балдағы көбелек тәрізді келіп, басы балдағынан екі есе кішкентай. Балдағына өсімдіктектес өрнектер кескінделген екі кішкене пластинка бекітілген. Естеріңізге сала кетсек, сақ кезіндегі қысқа семсерлердің сабы көбелек және бүйрек тәрізді болған. Көкенов соның біріншісін таңдаған. Сабының қолға ұстайтын жері күміс сымдармен орала бекітілген. Жұмыста сәндік элементтердің басым көбі қынапта көрініс тауып, кылышбаудың орнына зооморфты композициялық шешім құраған тұғыр орнатылған.

Тұғырдың ортасында екі басты яғни бастары екі жаққа қараған жылқы нобайын көреміз. Нобайдың ортасынында шайқасып жатқан екі жауынгерді тас дәуіріндегі петроглифтік канондардағы бейнелерге ұқсатын бейнелеген. Жалпы тұғыр ішіндегі композицияның өзі петроглифтерге ұқсайды. Мұндай косымшалар сәндік қару жарақтарда сирек кездеседі. Көбінде кынап сыртында сюжеттік бейнелер қоссада дәл осындай қосымша тұғырлар аз.

Қынаптың негізгі материалы мүйізден жасалып күміс сәндік қаптамалар балдақтың астында, орта тұсында және түбінде үш жерден бекітілген. Күміс қаптамалардың дәл орта тұсында аңдық стилдің сипатын көрсететін жоғары қарап тұратын мүйізді бұғы бейнесін көрсек, айналасындағы күміс қаптама ақық тастармен көркемделген. Ақинақтың орта тұсындағы бөлікте жоғарыдағыға ұқсас, бірақ ортасында бұғы бейнесі алдынғыдан бөлек мүйізі арқасына қарай өрнектеліп жайылып тұрған бейнелі алтын пластинаны көреміз. Осы бөлікте орналасқан екі қаптаманың дәл ортасында сопақша келген өсімдік өрнекті күміс қаптамада көзге түседі. Ал түбі жағындағы пластина ұзынша келіп, құйрығы мен артқы аяқтары жоғары қараған барыс бейнесін байқаймыз. Бір айта кететіні жоғарғы екі бұғының бағыты төменгі барыстың басының бағытына қарама-қарсы тұр. Сақ шеберлері жасаған зооморфты сюжеттерде жыртқыштардың шөп қоректілерге шабуылдары кезеңіндегі сәттер жиі кездеседі. Автор осы ерекшелікті байқағанға ұқсайды. Себебі жыртқыш пен тұяқты жануарлардың қарама-қарсы бағытталуы аталған жағдайға жақын келетін секілді.

Көкеновтың бұл жұмысында үштік композициялық ұқсас элементтер байқалады. Мысалы зооморфты алтын пластиналар үштік жұптылық құраса, айналасындағы ақықпен көркемделген күміс қаптамаларда осы сынды, ал балдақтағы және орта тұстағы сопақша келген күміс жапсырмаларда үшеу.

Зергердің композициялықтепе-теңдікті сақтай отыра, тақырыпты ашуда білімінің тереңдігін және тақырыпқа сай ерекшеліктерді айқын қолдана білетіндігің байқаймыз.

Серікқали Көкеновтың авторлық атауы бар сәндік суық қаруға арналған ерекше жұмыстарының бірі «Керуен» қанжары.

Пішіні жағынан индо-ирандық талвар қылышына келетін, бұл қанжардың жүзі қайқыланып болаттан құйылып, сабы мен қынабы күміспен қапталған. Сабының ортасында шөлдің, ыстықтық символын білд көреміз. Балдағының жүзі жағындағы бөлігі сақина тәрізді қылып, екінші бөлігі қарапайым сипатта болып келген. Бұндай сап және қолға нық орнығу үшін орта ғасырдан келе жатқан суық қарудың балдақ түрі. Алтындалған кесіртке бейнесінің жан-жағы ақық тастармен балдағының төменгі шеті және басы айнала көмкерілген.

Қанжардың қынабы тақырыптық ойды насихаттап алтындалған жүк түйелерінің бейнелері жоғарыдан төмен қарай қайталама орналасқан. Бейнеленген түйелердің жалпы саны қазақ ұлтынының санасындағы қасиетті сандардың бірі жеті санына лайықтап жасалғанға ұқсайды. Қазақ салт-дәстүрінде жеті санына арналған жоралғылар жетерлік. Мысалы: бір жұмада жеті күн болуы, жеті атасын білу, жеті қазына, жетілігін беру т.б. Автор осы аталған ұғымдарды ескере отырып жеті түйе бейнелеген. Керуеннің исі келетін түйелерді және шөл кесірткесі бірін-бірі толықтырып тұрғанын көреміз. Қынаптың ұшындағы шар тәрізді қосымшаны байқаймыз. Осындай қынап ұштары керуен жолындағы парсы көпестерінің қанжар-қылыштарында болғандығы белгілі.

Көкеновтың техникалық шеберлігінің жоғарылығынан бөлек тақырыпқа сай сюжеттік ойды көрерменге айқын бере білуі шеберді ерекшелеп тұратыны рас. Зергерлік өнерде тақырыпқа сай жұмыс істеу өтеқиын екендігі белгілі. Шебердіңжалпы сәндікқару-жараққа арналған жұмыстары жетерлік және қазіргі таңда зергерлік бұйымдары Қазақстанның біраз аудандарында үлкенсұранысқа ие.

Қазіргі таңда сәндік қару-жарақтан бөлек зергерлік өнерімен жиі көзге түсіп жүрген шебер Естай Даубаев. «Жігер» сыйлығының иегері көне дәстүрді жаңғыртуда үлес қосып, жұмыстары жарты әлемді аралап елімізге өзгелердің зор қызығушылың тудыруда.

Қаруға арналған жұмысының бірі «Сұлтан» қынапты семсері. Түсі жағынан сұсты болып келетін жүзі болаттан құйылып ширатпа, дәнекерлеу сынды тәсілдерді қолданған. Тақырып атауына сай сұлтандар қолданған семсерлерге тән салтанаттылығы басым. Қынаптан бөлек сабының өзінде екі-үш өрнектер ансамблін құрайды. Балдағында мүйізге ұқсас қоладан жасалған тіремені көреміз. Тіременің ұштары қылыш жүзіне қарай бағыттылып сиыр мүйіздерінің бейнесін елестетеді. Балдақтың дәл ортасында көгілдір тыныкеден көз салынып жанжағын шеңбер құра айналған жүрекше өрнектерді көреміз. Балдақтың қалған жерлерінде дәнекерлеу арқылы сыңар мүйіз, тырна гүл сынды өрнектермен сәндеген. Сабының қолға ұстайтын жерінде ширатпа әдісі арқылы разетка тәріздес және толқынды өрнектер бедерленгенін көреміз. Сабының басы (головка) шар тәрізді ұшында тыныкеден көз орнатып дәл ортасынды разеткалы өрнек айнала бедерленеді де, асты мен үстінде қошқар мүйізді өрнектерді байқаймыз. Тек сабының өзінен өрнектік паралелді үйлесіммен түстік үйлесімді көріп, балдағындағы авторлық элемент мүізшелерді қосу шебердің жан-жақтылығының көрінісі. Кесу қаруларының көбінде балдақтағы тіремелер жоғары бағытталып жасалады. Ал, Даубаевтің бұл жұмысында төмен жүзіне қарай бағытталып жасалынғаны, ешкімге ұқсамайды.

Қылыштың қынабында тек зооморфты ою-өрнектер байқалады. Мойнағында балдақтағыдай көгілдір тыныкеден кішкене көз салынып айналасы сопақша болып келеді. Дәл осындай көз кынаптық түбек жағына таман орналасқан.Мойнағының жоғарғы бөлігінде көздің жан-жағында сыңар мүйіз, қошқар мүйіз өрнектері жайыла дәнекерленіп бейнеленген. Ортаңғы тұсындаақшыл тыныкеденбірнеше өрнектер қосындысынан туған аумағы сопақшаланып келген өрнекті көреміз. Бұл қынаптың орталық нүктесі секілді. Қылышбаудың орнына күміс шыншырлы бау бекітілген.

Жалпы «Сұлтан» қынапты семсері өзінің өрнектік үйлесімімен және жинақылығымен ерекшеленеді. Шебердің түстік шешімінің өзі сұстылықты аңғарта тұра, өрнектері оны жоққа шығаратындай көрінеді.

Естай Даубаевтің сәндік шабу қаруына арналған жұмысы «Айбалта» жалманы мен жүзі болаттан соғылып, бекітпелермен қосымшаланған. Ұңғысының төменгі жағында разетка тәрізді өрнекпен қоса тырна гүл оюы бейнеленген. Айбалтада бес өрнектік композицияға бөлінген. Басы мен сабының ұшында бұрышта ғана өрнекті көреміз. Ал, сабының ортаңғы тұстарында орталарын толқынды және розеткалы өрнектер бөліп жатқан үш зооморфты өрнектер бөлігін байқаймыз. Сабының бойына жайыла кескінделген өрнектерге қарап шебердің біраз тер төкенін байқаймыз. Автордың ерекшелігі түбін немесе ұшын шар тәрізді қылып аяқтап, шынжыр бауды жиі қолданады. Материалдары көбінде түрлі металдардан құралған. Бұл жұмысының салтанатылығын ашып тұрған сары-қоңыр түспен жылтыраған күмістің үйлесімі айбалтаға жан беріп тұрғандай елестейді.

Шебердің 2013 «Шеберлік пен шабыт» атты жеке көрмесінің өткенін білеміз. Сол көрмеде қару-жараққа байланысты біраз дүниелері қойылып, соның бірі «қынапты қанжарлар» болатын.

Бұл суық қарулардың біріншісі моңгол типінде сабы түзу мүйізден орындалып, саусақ іздерін бедерлейтін ойықтары бар, балдақ орнындағы тежеуіш пен саптың түбегінде күміс қапталып бетіне қоңыр және ақшыл түсті тастар бекітілгенін көреміз. Өрнектері өсімдіктектес гүлді өрнектермен қарала әдісі арқылы бедерленген. Жүзі болаттан соғылып, қазақ қанжар жүздерінің екінші типіне жататын бір жүзді түзу келін ұшы құс тұмсығы секілді бітетін қанжар түрі.

Қынабы тері тілімінен бүктеліп жасалғанын, жүзі жағындағы тігістен байқаймыз. Түбегіне шашақ орнатылған, осы шашаққа ұқсаған қанжар сабының түбінде шынжыр бауды байқаймыз. Бұл зергердің элементтерді теңдестірудің шебері екендігін аңғартады. Қынаптың мойнағында саптағы сақиналардағы элементтер қайталанған, қоңыр түсті ақықты мойнақтың дәл ортасына бекітіп жанындағы төрт бұрышына кішкене ақ түсті тастар орнатылған және мойнақтың оң жақ көлденең бетінде де қоңыр тасты көреміз. Қынаптың ауыс тұсындағы қалың қайысбау белдікке тігінен іліну үшін арналған, бұндай әдісті қарутанушылар (скифтік әдіс) деп атайды.

Бұл қанжардың жалпы көрінісінен Даубаевтың көркемдік элементерді теңдестіріп келіп, жалпы сипатын сүйкімді қылып және сабы мен қынаптың түсінің үйлесуі көз тартады.

Қынапты қанжардың екіншісі формасы жағынан индо-парсылық қанжарларға ұқсағанымен, материалдарымен өрнектері қазақылыққа тартып әкетеді. Сабы қайқы сиыр мүйізінен болса керек ұшы үшкір болып келеді. Балдағы күмістен, сұқ саусаққа арналған тіреуіш сақинасы бар және зооморфтық мүйізді өрнектерді де көз шалады. Бір қызығы бұл қанжарға автор мойнағының бетіне емес, көлденең маңдайына көгілдір тас орнатыпты. Жүзі қайқы бір жүзді болып ұшы үшкірленіп болаттан жасалған. Қанжардың қынабы жүзіне сай қайқыланып мойнағына дөңгелек көгілдір тыныке салған, дәл осындай тыныке түбегінде де бар, бірақ сопақшалау келген. Қынаптың мойнағы мен түбегі күмістен қапталып зооморфтық өрнектермен бедерленгенін көреміз.

Бұлкішігірім қанжардың формасы өте сүйкімді таңдалған. Сабынан ұшына дейін көз салсаңыз толқынды немесе ирек сызықты елестетеді. Мүйіз саптың түбі үшкір солға бағытталса жүзінің ұшы қайқыланып барып оңға бағытталған. Қысқаша айтқанда – белгіге ұқсас келеді.

Зергер, ұста және шебер деген атақтарды арқалап жүрген Естай Даубаевтың сәндік қару-жарақтары өзінің сан түрлілігімен ерекшеленіп тұратындай. Себебі, бір жұмыстарды алтын түстермен жарқырап сәндік элементтерге бай болса, бір жұмыстары сұсты, бірақ көркемдігі жағынан әр кез сәндік элементтерге көңіл көп бөлінетіндігі байқалады. Естайдың айтуынша бір жұмысты қанағаттанып бітіру үшін жылдар кетеді. Қару-жарақтан бөлек зергердің әшекей бұйымдарды, жылқы тұрмандарын т.б. заттарды жасайтынын білеміз. Әр жұмысын бастау алдында арнайы зерттеулер жасап, ішкі сырына үңіліп жасаған бұйымы арқылы сырттқа шығаруға тырысады.

Шебердің кез келген туындысына қарап, өткен кезеңдерде пайдаланылған техникаларды нақышына келтіріп орындауы мен көркемдігі және мықтылығы Естай Даубаевтың қас шеберлігінің айғағы.

Қазақ заманауи сәндік қару-жарақ жасауда көзге түсіп жүрген зергердің бірі Бегзат Жақыповты білеміз. Шебердің шығармашылығынан таңдалып алынған туындысы қорғаныс жарағы «қалқан» және жауынгерлік бас киім «дулыға» болатын.

Қазақ жауынгерлері жиі қолданатын шеңбер тәрізді дөңес жеңіл қалқан болатын. Қазақ жауынгерлері жалпы көшпелілерге тән теріден сомдалып жасалатын және болат темірден жасалатын қалқандарды қолданған болатын. Жақыповтың қалқаны бірінші түріне жатады. Бірнеше қабат теріден сомдалып жасалғынын қалқанның айналасындағы қайысбаулармен тігілген тігістерден байқауға болады. Музей қорларындағы бұл жарақтың орта тұсында үлкен болат күмбезше мен айналасында бірнеше кішігірім күмбезшелерді байқайтынбыз. Әрине, талдауымыздағы сәндік жарақ болғандықтан, автор қалқанның дәл ортасына күмістен күмбезше орнатыпты. Осы күміс күмбезшенің сыртын айнала жезден жасалған жалғасын көреміз. Меніңше бұл жұмыста түстік үйлесім жақсы көрсетілген. Ақшыл түсті күмістен кызғылт түсті жезге ауысып барып, қоңыр теріге жалғасуында контрастық ой жатқаны белгілі. Әдетте, терінің түсі қоңыр болғандықтан, жарақтың боялғаны байқалмайтындай көрінеді. Қалқанның сыртында ою-өрнектердің тек нобайлары байқалады. Ал, күмбезшедегі өрнектердің жөні бір бөлек, шебердің басқа қару-жараққа арналған жұмыстарына қарап басып өрнек салу әдісін жоғары деңгейде қолданатынын байқаймыз. Орталық күмбезшеде «тырна» немесе «тырна гүл» ою-өрнегінің нұсқаларын көреміз. Айналасындағы жез (латунь) бетінде дәл осы ою-өрнектің түрлі комбинациядағы нұсқаланған бедерін көре аламыз. Қалқанның бетінен бір сызықта шеңберлі орналасқан бекітпе шегелерді көреміз. Бегзаттың геометриялық өлшеу деңгейінің жоғарылығы байқалады. Соңғысы дәл ортада орналасқан қайысбаумен байланған жылқы жалын көреміз. Бұндай шашақтар найза мен сүңгі бастарында жиі кездесетін қосымша болатын. Автор осы магиялық қызметті атқаратын жылқы жалын культтік негізде қасқан секілді.

Қысқаша айтқанда қалқан көшпелі типтегі қазақы сарынды насихаттайтын, қарапайымдылығы мен көркемдігі үйлескен, заманауи дәстүрлі қорғаныс жарағының көрінісі.

Жақыповтың келесі жұмысы «Сарбаздың бас киімі» жалпы қолданыста «дулыға» деп аталады. Бұл жұмысты талдап бастасамас бұрын, типтік ерекшелігін аша кеткен жөн болар. Көшпелілер орта ғасырда қолданданып бастаған күмбез түріндегі, металдың бір кесігінен соғылатын дулыға типі.

Бұл жұмыс сәндік сувинер ретінде жасалғандықтан автор бірнеше нұсқалық ерекшеліктер қосқан екен. Қазақтың күмбез типті дулығасын негізінде жезден жасаған, төбелдірігі (төбесі) екі бөліктен тұрады. Яғни, біріншісі кұты тәрізді төбесіүшкірленіп барып оның үстінде дөңгелек орналасқан. Осы дөңгелек күмбезшенің төбесінде үш жаққа қараған үкіні қосыпты. Бұндай дулыға басындағы құс қауырсындары қазақтың хан, патшалары және әскербасылары қолданған. Бірақ,қауырсынның өзін емес, соған ұқсас күмістен, алтыннан жасалған сұлбасын қолданған. Жақыпов осы ерекшелікті көрсеткісі келгендей. Дулығаның төменгі жағында арнайы шегелермен бекітілген жиегі қосылған. Төменгі жиектердің бөлек жасалып бекітілуі, төбесі төрт немесе одан да көп сайдан тұратын қазақ дулығаларында жиі кездеседі. Дулығадағы бұл қосымша баспа әдісі арқылы өрнектеліп, қайырма шегелермен бекітілгенін көреміз. Дәл осындай өрнектер жоғарыдағы қалқанның жез бөлігінен көрген болатынбыз. Төменгі жиегімен жалғасып мойын және құлақты қорғайтын кіреуке шығыршық бекілілген.Дулығаға кіреукенің қосылуы кіреуке сауыттың шығуымен байланысты болған.

Зергердің қолынан шыққан сарбаздың бас киімінің маңдай тұсынан сәнді қаруқағарды көреміз. Қалиолла Ахметжановтың айтуынша, мұндай «қаруқағар» мен қасты жауып тұратын бөліктер манчжур-монғол дулығаларының әсерінен келген дейді [2, 153 б]. Бұл қаруқағарды ерекше ұзын қылып төбелдірік үстіндегі күмбезшеден биік жасаған екен. Төбесінде қошқар мүйізге ұқсас күмбезшеленген ою-өрнек бедерленген. Екі жағында дулығаға дәнекерлеу әдісі арқылы жоғарыдағы өрнекке ұқсастығы бар пластиналар бекіткен. Композициялық тұрғыда үшеуі ұзын үшбұрышты құрайтындай.

Жалпы, Жақыповтың бұл жұмысы қазақ дулығаларындағы қосымша ерекшеліктерді ескере отырып жасаған. Шебер әр жұмысында магиялық қызметті атқаратын элементерді жақсы пайдалана біледі. Мысалы, қалқандағы жылқы жалынан жасалған шашақ пен дулығадағы үш үкі қанаттары көркемдігімен қоса белгілі бір ойды айтқысы келетіндей.

Бегзат Жақыповтың жұмыстары қарайым материалдарды қолдана отырып, көркемдік пен шеберлікті үйлестіре білетін шебер. Көшпелі қазақ халқына тән ерекшеліктерді көрсетіп, қару-жарақ жасаудағы әдіс-тәсілдерді өз нақышымен орындайды.

Қазақ қолөнерінің бірнеше саласында жұмыс жасап жүрген атақты шебердің бірі Дәркенбай Шоқпарұлы. Қазақ қолөнерінде өзіндік экперименттер жасап, ағаштан түйін түйіп, тері өңдеу мен металды көркемдей білетін шебердің дәстүрлі қару-жарақтардыда жоғары деңгейде жасай біледі.

Туындыларының ішінде талдауға алынатын «Қынапты қанжар» кавказдық пішінмен сипатқа жақын келеді. Бірақ, ұста қазақы элементтерді де қоса білген. Қанжардың сабы ағашты күйдіріп өрнек салу әдісімен гүл типтес оюларды бедерлеген. Саптың жүзіне қарай майысқан түбегіне темір өрнекті қаптама бекітілген және қарсы қабырғасына қарай созылған. Бұндай нақыш ертұрмандардың майысқан жиектері мен қамшылардың бастарындағы бекітпе темірлерде кездеседі. Қанжардың балдағы крест тәрізді екі жанының ұшы күмбез тәрізді түймелер бекітілген. Балдақтың бетінде зооморфты ою-өрнектердің сипатына ұқсас гүл тәрізді өрнектер бедерленген. Ал, дәл ортасында дөңес конус тәрізді күмбезше орналасқан. Жүзі болаттан қайқылығы аз қылыштардың сипатында соғылған.

Қанжардың қынабымен үйлесімін ұқсас детальдардан байқауға болады. Қынабының ортасында сап бетіндегідей күйдіріп өрнек салу әдісімен орындылған ағашты көреміз. Өрнектері анық болмаса да, түсі жағынан саппен үйлесім тапқан. Қынаптың ұшындағы күмбезше балдақ шеттеріндегі күмбезшеге үйлестіріліп жасалған. Аталған күмбезшенің пішіні қынап бетіндегі қаптаманың жиегтерінде де көрініс тапқанын көреміз. Қаптаманың бетінде өсімдік тектес түрлі гүл пішінді қазақша нұсқаланған ою-өрнектер бедерленген. Ою-өрнектердің ұштарының жіңішкеріп бітуі қанжардың ұшына ұқсастырылғандай көрінеді. Қынаптың жоғарғы бөлігінде балдақ ұшымен түйісіп тұратын арнайы ізінің бедері байқалады. Қанжар мен қынап көркемдігімен және материялымен де үйлесім тапқан туынды.

Дәркенбай Шоқпарұлының кей жұмыстары қарапайым нақыштылығымен қызықтырса, кей жұмыстары салтанатты көркемдігімен де көзайым қылып жататыны бар. Зерттеу жұмысына алынған бұл туындысынан бөлек қолөнер шеберінің қару-жарақ өнеріне арналған түрлі пышақтар, шоқпарлар, қалқандар және т.б. жұмыстары көптеп кездеседі. Бүгінде шебердің қолөнершіліктен бөлек ұзтаздық етумен ұлтық құндылықтарды насиқаттаушылардың бірегейі болып саналады. Жалпы қазақ қолөнерін насихаттайтын жеке альбомыда кездеседі [25].

Қазақ дәстүрлі қару-жарақ өнерінде қолданбалы сәндік өнерінің ішіндегі көне құндылықтарымыздың бірі тері өңдеумен айналысатын шеберлерлердің де туындылар кездеседі. Соның бірі, М. Асанбаев кәсіби білім алып терінің қыр-сырын жетік меңгерген шебер.

Дәстүрлі қару-жараққа арналған туындысы «Қалқан» пішіні шеңберлі көң теріден жасалған. Шебер бұл туындысында теріні бедерлеу және қалыптау әдістерінің жоғары деңгейін көрсеткен. Ою-өрнектік композиция үш бөліктен тұрады. Жоғарғысы аққу мойын ою-өрнегі айнала бедерленіп орталарында және қалқан жиегтерінде гүлдің басына ұқсайтын өрнектік элементермен толықтырылып, кезекті тәртіппен орналасқан түрлі сипаттағы күміс түймешелермен бекітілген. Ортаңғы бөлігінде тырна немесе тырна гүл ою-өрнегі айнала бедерленіп төрт бұрышы бар кішкене күміс түймешелер өрнек бастарында бекітілсе, екі бөліктің ортасында күміс әшекейлер тізілген шеңбер орналасқан. Қалқанның дәл ортасында күн пішініне келетін үлкендеу күміс әшекей орналасқан. Әшекейдің жан-жағын айнала бекітпе шегелер мен төбе тұсында түрлі пішінді кішікірім әшекейлермен көмкерілген. Айналасы мен аралықтарында үшбұрышты бедерлер қалқанның сәнін артырып тұрғанын көреміз.

Туынды көне шеберлер мен заманауи шеберлердің сабақтастығын айқындайды. Заманауи технологиялық мүмкіндіктерді қолдана отырып, қалыпталған (штамповонный) қазақы ою-өрнектерді бедерлеп, осы әдіспен жасалған әшекейлермен толтыра отырып көркемдігін артырған бұл жұмыс құнды бұрыштарды толтыруға лайықты.

Түйіндей келе қазақ дәстүрлі қару-жарақ жасау өнерінің өлмейтіні белгілі. Көне дәстүрлерді жаңғырту ұлт пен ұрпақ рухына қуат беріп мәдениетімізді алға сүйрейтіні анық. Дәстүрлі қару-жарақтың көркемдік ерешелігін ашып көне дәстүрді қайта жаңғырту үшін өнегелі үлес қосу жауапкершілігі мол іс болып саналады. Аталған өнер иелері осы істі арқалап жүргені ұлттық өнердің өлмейтініне кепілдік береді.

Қолөнер шеберлерінің әрбірінің өздеріне лайық сарыны сезіліп тұрады. Құлменовтердың қару-жарақтарының материялдарына жете мән беріп алғашқы сатыдан соңғы сатыға дейін өз қолдарынан шығарып жатады. Бұлай дейтініміз, зергерлер көбінде туындыларының негізгі бөлщектерін сатып алып немесе тапсырыспен жасатып көркемдеу әдістерін өздері жасап жатады. Ағайынды үш ұстаның мықтылығыда осында. Ел ішін аралап жүріп көне көз қарт-қарияларымыздан ұсталық өнердің қыр-сырын зерттей келе төл өнерімізді жалғастыруға бел шешкен ұсталар.

Жээренчинев Надырбектің негізгі мамандығы зергер болғандықтан болар туындыларына көркемдік әдістерді аямай қолданады. Жұмыстарын көріп қару емес құдды бір үлкен әшекейді көргендей боламыз. Түрлі асыл тастармен қоса қару беттеріне сюжеттік көріністер бедерлеу осы өнер иесінің еншісінде екені рас. Заманауи дәстүрлі қару-жарақ деген атқа толық сай келетін туындылардың авторы Көкенов Серікқали. Зергердің әшекей бұйымдары Қазақстанның біраз аудандарындағы зергерлік дүкен сөрелерінде кездеседі. Әшекейлерінің қайсысы болмасын тақырыптың атаулар қойылған. Қару-жарақтарында да қойылған тақырыпқа сай шығармашылық және композициялық элементтерді қолдана білетін өнер иесінің туындылары бүгінде құндылыққа ие.

Зергерлердің қатарында туындылары түрлілігімен көзге түсіп жүрген өнер иелері Естай Даубаев пен Бегзат Жақыпов. Даубаевтың қару-жараққа өнеріне арналған туындылары ұсақ көркемдік элементтерді пайдалана отырып композициялық ойды толық жеткізе біледі. Әрбір жұмысында өзіне тән белгілі өрнектерді қолданып қолтаңбасын қалдырып отыратын шебердің бірі. Ою-өрнектерді ретті қолдана білетін Бегзаттың қару-жараққа арналған жұмыстары толық жиынтықа ие. Қару бір түрін емес, жарақтармен қоса орындайтынын айта кету керек. Қалқанды, сауытты, дулығаны және қылышты бір жиынтыққа жиып көркемдіктерін үйлестіре білу кез-келгеннің қолынан келе бермейді.

Қолданбалы өнердің басқа саласында жүріп шығармашылығының бір бөлігін қару-жараққа арнап қолөнердің басқа түрінің тәсілдерін қолданып жүрген қолөнер шеберлері Дәркенбай Шоқпарұлы мен тері өңдеу шебері Асанбаев М. қазақ қолөнерінің жанашырларының бірегейі. Туындыларына қарасақ қазақи көркемдік ерекшеліктердің ешқайсысын айналып өтпегенге ұқсайды. Түрлі эксперименттер жасап дәстүрлі қолөнердің құндылығын арттыруда. Тері өңдеу саласында жүрген Асанбаев рельефті пішіндердің пластикасын сезініп бедерленген өрнектері қалыптылығымен және нәзіктігімен көз тартатын өнер иесі. Жоғарыда айтылған барлық ұста-зергерлердің қай-қайсысын алсақта шығармашылықтары кемелденген, жасаған әр қару-жарақтарында өз ерекшеліктерін сіңіре білетін қас шеберлер. Ұлттық тарихи құндылыққа дәстүрлі қару-жарақ өнерін ұмыттырмай халыққа танытып негізін сіңіре білсе, рухты көтеруге және мәдениетімізді тереңірек тануға көмектеседі. Байлығымен емес мәдениетімен бағаланатын бұл ғасырда еліміздің мерейін үстем етіп туындылары халықаралық көрмелерде орын теуіп жүргенде осы өнер иелері.

Қолданылған материалдар:

  1. Эреджен Хара-Даван. Чингисхан как полководец и его наследие. Алматы, 1993
  2. Ахметжан Қалиолла Саматұлы. Қазақтың дәстүрлі қару-жарағының этнографиясы. – Алматы: «Алматыкітап» ЖШС,
    2006. – 216 бет
  3. Готтенрот Ф. История внешней культуры. С-Пб., 1998
  4. Валиханов Ч.Ч. Воружение киргиз в древние времена и их военное доспехи // Валиханов Ч.Ч. Собрание сочинений. В 5-ти томах / Редкол: А.Х.Маргулан и др. – Алма-Ата: Издательство Академии наук  Каз ССР, 1961. – Т.1. – 778 с.  (464-466).
  5. Ахметжанов Қ.С. Жараған темір кигендер (батырлардың қару-жарағы, әскери өнері, салт-дәстүлері). – Алматы: Дәуір, 1996. – 256 б.
  6. Жумажан Баймужин. История рождения, жизни и смерти постуха Авеля. Арийский лексикон.
  7. Хазанов А.М. Золото скифов. Алма-Ата, 78
  8. История Казахстана с древнейших времен до наших дней. Алматы, 93
  9. Пугаченкова С.К. Искусство Бактарии эпохи Кушан. М., 91
  10. Акишев А.К. Искусство и мифология саков. Алма-Ата, 84
  11. Оспан-улы Н.А. Кочевники и культура. Алматы, 94
  12. Антонов Н.К.  Лекции по тюркоолгии. Алма-Ата, 76
  13. Казахский народный орнамент. Алма-Ата,
  14. Кочетков Н.В. Народное искусство монголов. М, 73
  15. Sheila S. Blair. Islamic ornament. New York, 98
  16. Маргулан А.К. Казахское народное прикладное искусство. Алма-Ата, 86
  17. Фазлаллах ибн Рузбихан  Испахани. Михман –намеий  Бухара (Записки бухарского гостя) / Пер., предисл. И примеч. Р.О. Джалиловой. – М.: Наука, 1976. – 197 с.
  18. Манас. Киргизский героический эпос. Книга 2. – М.: Наука. Гл. Ред.вост. литературы, 1998
  19. Бабалықов Ж., Тұрдыбаев А. Қырандар. – Алматы: қайнар, 1983
  20. Валиханов Ч.Ч. Исторические предания о батырах ХVIIIв. // Валиханов Ч.Ч. Собрание  сочинений. В 5-ти томах / Редкол:  А.Х.Маргулан и др. – Алма-Ата: Издательство Академии наук  Каз ССР, 1961. – Т.1. – 778 с.  (220-227).
  21. Будагов Л.З. Сравнительный словарь турецко-татарских наречий в двух томах. – Т.1. – Спб: Типография Императорской Академии наук, 1869. – 816с.
  22. Арғынбаев Х. Қазақ халқының қол өнері. Ғылыми-зерттеу еңбек. – Алматы: Өнер, 1987. – 128 б.
  23. Шойбеков Р.Н. Қазақ зергерлік өнерінің сөздігі. – Алматы: Ғылым, 1991
  24. Көне дәстүрлерді қайта жаңғыруы. Бейнелі альбом. ЖШС «Apple print”,
    2010
  25. Дәркембай Шоқпарұлы. Альбом – Алматы: Өнер, 2005 – 176 б.
  26. Қазақстан Суретшілер Форумы 12-25 қараша, 2009 жыл. Материалы Междунарадной научно-практической конференции. Алматы, 2010. – 140 с.
  27. Құлментегі Т., Құлментегі М., Құлментегі А.. Темірші-ұсталар: Альбом. – Алматы: Өнер, 2006. – 160 б.
  28. Агапов П. Кадырбаев М. Сокровища древного  Казахстана. Алма-Ата, 79
  29. Басенов Г.К. Прикладное Искусство Казахстана. Алма-Ата, 58
  30. Джанибеков У.Д. Культура казахского ремесла. Алма-Ата, 74
  31. Джанибеков У.Д. Эхо. Алматы, 91
  32. Оразбаева Н.А. Народное декоротивно-прикладное искусство казахов. Л.,70
  33. Тохтабева Щ.  Казахские ювелирные  изделия. Алма-Ата, 81
  34. Хазанов А.М. Золото скифов. Алма-Ата, 78
  35. Хазанов А.М. Очерки военного дела сарматов.  М., 76
  36. Худяков Ю.С. Вооружение центральноазиятских кочевников в раннего средневековья. Новосибирск, 91
  37. Плетнев С.А. Кочевники средневековья. М., 74
  38. Плетнев С.А. Кочевники средневековья. М., 82
  39. Попенко В.Н. Холодное оружие Юга. М., 85
  40. Горелик М.В. Оружие древного востока М, 93
  41. Алманиязов Т. Қазақтардың қару-жарағы. Алматы, 2000
  42. Қазақстанның көне алтыны. Алма-Ата, 83
  43. www. Sheber-craft.kz
  44. Жанарбек Әшімжан. Ұста дүкені. Ағайынды Құлменовтардың теміршілігінен шетелдіктер не құпия іздеп жүр. Жас қазақ. Ұлттық апталық. №23 (127). 15-маусым, 2007
  45. Шексіз тарих. World Diccovery. 01.2003
  46. Қазақы сауыт-сайман. Мәдениет жур. 4 сәуір, 2007