Сырлы мұра сырсандығы - Абай әлемі

«Мен бір жұмбақ адаммын...Абай» (реж.: А.Зайцев) атты жаңа спектакльдің премьерасын кәсіби театр сыншылары, мәдениет және өнер қызметкерлері, сонымен қатар театрсүйер көрермендерге ұсынылған болатын.

Мадина Төле



...Өзім де басқа шауып, төске өрледім,

Қазаққа қара сөзге дес бермедім...

Абай



Ағымдағы жылдың 14-15 қараша күндері дана данышпан, ұлы ағартушы, ойшыл Абай Құнанбайұлының 175 жылдық мерейтойы аясында Алматы Мемлекеттік қуыршақ театры ақын тағдыры мен шығармашылығын ғана емес, сонымен қатар,   жалпы адамзат туралы ой-толғаныстар, мақсат, мұраттар мен суреткердің рухани жалғыздығын қамтыған ересектерге арналған «Мен бір жұмбақ адаммын...Абай» (реж.: А.Зайцев) атты жаңа спектакльдің премьерасын кәсіби театр сыншылары, мәдениет және өнер қызметкерлері, сонымен қатар театрсүйер көрермендерге ұсынған болатын.

Театр әлемінде қалыптасқан үрдістен ауытқыған жаңаша бағыт, заманауи форматтағы спектакль символикалық шешімдермен құрылып, ұлы ойшыл философиясының терең астарын өзгеше қырынан ашып, ақын образын классикалық тұрғыда көрсететін әдеттегі қойылымдардан өзгерек екендігін айқындай түскен. Қойылым Абай Құнанбаевтың өлеңдері, қарасөздері және М.Әуезовтың «Абай жолы» романының желісі бойынша сахналанған. Жас ұрпақ бойына ақынның асыл мұрасын тұңғыш қуыршақ бейнесінде ұсынған спектакль режиссері Антон Зайцев тек қана Абай өмір сүрген кезеңді ғана емес, күллі адамзат тарихы мен тіршілігінен хабар беріп, қазақ халқына ғана тән сипаттармен шектеліп қалмай, барлық ұлт табиғатын түрлі детальдар мен образдар жиынтығын  қамту арқылы терең астарын ашып көрсеткен.

Режиссер сынаптай сырғыған уақытты құм арқылы көрсетіп, алғашқы және соңғы сахнада көшпелі өмір кешіп білім іздеген қарапайым дала қазағы ұлы Абай образын тұңғыш қуыршақ бейнесінде қараңғы құмның астынан айналасына нұрын шашып жарқыраған жарық сәуле құдіретті қылқаламға талпынып, қол созған ойшыл бейнесін жасау арқылы данышпан  қазынасы қай кезеңде, қай уақытта болмасын қадірі артық болатындығын дәлелдеген. Әлем кеңістігінде ұшы-қиыры жоқ жолда өшпес із қалдырған ақын сөзі өлмес мұра екендігі аталмыш сахналарда көрініс табады. Қастерлі қылқаламмен ақын қасиетті сөздерін тарих жолдарына қалдырады.

Құс – бостандық пен еркіндіктің символы. Режиссер бұл тұрғыда ой мен сөз еркіндігін, арман мен қиял бостандығын көрсетуге тырысқан. Спектакль барысында құс образындағы адамдар белгілі бір өзіндік қызметті үздіксіз атқарып жүреді. Олардың өздеріне тән өмір ағымын, тіршілік қарекетін қимыл-қозғалыстарына қарап анық аңғаруға болады. Жалпы спектакльде сюжеттік желі, белгілі бір драматургиялық шешім, кейіпкерлер арасындағы диалог қарастырылмаған. Артисттер көрермендерге ұлы Абай сөзін тек қимыл-қозғалыс, іс-әрекет, әуезді әуен және би ырғақтары арқылы жеткізеді. Өмірге келген әрбір тірі жан өзіндік жүк арқалап жүреді. Спектакльде тас көтерген адамдар қозғалысы арқылы, әрбір тіршілік иесінің көтерер жүгі, атқарар қызметі әрқилы болғанымен, артына өшпес із қалдырып, шынайы адалдық пен білімге талпынатын адамдар қатарының сирек екендігін, көпшілігінің қара бастарының қамдарын күйттеген, дұрыс болса да, бұрыс болса да көптің соңынан еріп, күндік тамағы мен ұйқысы үшін ғана уайым жейтін жануардан айырмашылығы жоқ деген астарлы ойды меңзейді.

Спектакль барысында Абайдың өлеңдері, әндері мен қарасөздері артисттердің іс-әрекетімен өзіндік үйлесім тауып, бір-бірін толықтырған сахналар арқылы ақын өмірі мен шығармашылығы, сонымен қатар, адамзат ахуалынан хабар беріп отырады. Режиссер өмір, өлім, тіршілік, арман, қиял, білім сынды ұғымдарды ұтқыр детальдарды пайдалану арқылы түсіндіреді. Мысалы, Абай қиялы мен ойының самғап ұшуын тұлпардың шабысымен бейнелесе, ұшып бара жатқан қанатты ару  - Тоғжан қайғысы. Осы секілді астарлы теңеулер бүтін бір спектакльді қамтып, айтар ойын көрермен түсінігіне артады. Абай мен Тоғжан арасындағы мөлдір махаббатты әсем әнмен әрлеп, қоңыр домбыра үнімен екі ғашық зары мен мұңын күңірентіп, жанды дауыста «Көзімнің қарасы» әнін әсем әткеншекте Тоғжан мұңымен астастыра көрсетіп, шынайы сезім сырын паш еткен сахнада Абай өмірінің өткелдерін ұғындырады.

Абай өмір сүрген ортасы мен бүгінгі заман адамдарының келбетін байланыстыра қабыстыратын Абай мен Ділдә тойы режиссер А.Зайцев қолданған озық шешімдердің бірі. Артистердің әс-әрекеті арқылы бүгінгі той мәселесі, адамдар бойындағы тәкаппарлық, надандық, көрсеқызарлық, менсінбеушілік, ұятсыздық, білімсіздік, жағымпаздық, астамдық сынды қасиеттерді көрерменін күлдірте отырып, ащы шындықты ашық би әрекеттері арқылы алға тартады. Астарында ақын шарасыздығы мен қайғысы жасырынған тұңғыш қуыршақ бейнесіндегі Абай мен Ділдә арасындағы қарым – қатынас Ділдәнің тек қана «ары жатшы» деген сөзінен ғана аңғарылады. Алғашқы және мәңгілік махаббаты Тоғжан зары Абай жанынан әдемі жыр ғана болып өріледі.

Спектакльде М.Әуезовтің «Абай жолы» романынан алынған бірқатар оқиғаларды аңғарамыз. Абайдың халқына жанашырлығы мен қамқорлығы, әлсізге күш, үйсізге пана бола білген асқан адамгершілігі туралы сахнада әділдік үшін күресіп Тәкежанға қарсы шығып бір рет жеңгенімен, соңында «мыңмен жалғыз алысқан» Абайдың жапан далада жалғыздық құрсауында қалғандығын көреміз.

Режиссер қолданған ұтқыр да озық шешімдердің бірі – рухани шөліркеген халыққа Абай басының ашылып су құйылуы. Құйылған суды артисттердің көрермендерге ұсынуы. Білім нәрімен сусындап, ұлы ойшыл мұрасын жанына сіңіру, ақын сөздерінен нәр, рухани азық алуға шақырған көріністер көрерменін бейжай қалдырмайды.

Кенеттен сахна төріне шыққан Дон Кихот, көңілді сыған Кармен, шығыс ертегілері және әлемдік әдебиет кейіпкерлері көңілді әуен құшағында көрермен арасына кірігуі  Абай ашқан әлемдік жол барлық ұлт өкілдеріне тән екендігін көрсетеді. Абай сөзі білім мен әділдік іздеген, ізгілік нұрын сеуіп, тәуелсіз ағартушылық жол бастап, халқының болашағын ойлаған Ахмет Байтұрсынов сияқты ұлт зиялыларының бағытына айналғандығын Петрушка мен Ахмет арасындағы сахнадан көруге болады.

Поэзия әлемінің екі алыбы Абай мен Пушкиннің кездесуіндегі терең астармен ойластырылған декорация, түнгі қала көрінісі мен әсем ән ақындардың жұлдыздар арқылы өлең жолдарын құрастырып, шығармашылық үндесуі ұлы данышпан әлемін өзге қырынан бейнелейді.

Спектакльдің әдеттегі қойылымдардан басты айырмашылығы – оқиға барысын артисттердің тек қана іс-әрекет арқылы түсіндіруі және қойылымда тұлпар, құс, балық, арыстан, түлкі, қасқыр, сиыр секілді жануарларды адам және аң образдарында орнымен пайдаланып, өздеріне тән характерлерін оқиғамен үндестіре көрсетуінде. Сонымен қатар, режиссер қаза болған Абай ұлдарының өлімін көрсету сахнасында тұлпардың жал, құйрығын кестіртіп, әйел адамдарға шаштарын жайғызып ырғақты жоқтау айтқыза қазақы салт-дәстүрден хабар бере отырып М.Әуезовтың «Абай жолы» романындағы бірқатар оқиғаларды еске салады.

Өзге кейіпкерлерден өзгеше әлемімен ерекшеленетін өн бойына терең мағына, астарлы ақиқат тұндырған, шынайы болмысымен бөлек сезімге бөлейтін тағы бір өте қызықты образдардың бірі  -  білімге құштар, арманы асқақ, қиялы жүйрік, жан –тәнімен рухани бостандыққа талпынған, ұшуды мақсат еткен құс пен адам образдарынан керемет үйлесім тапқан бозбала немесе бала Абай бейнесі. Спектакль соңында асқақ арманына жетіп шексіздік әлемінде ұшқан кейіпкер рухани тыныштыққа, бостандыққа қол жеткізеді.

Спектакльде қуыршақ пен артист арасындағы қарым-қатынас (Абай мен Ділдә тойындағы қуыршақ пен артист байланысы), қуыршақ жүргізу шеберлігі, (Абай, арыстан, қой, балық секілді образдардағы қуыршақтарды бірнеше артист жүргізетінін ескерсек) хореография, вокал, дауыс (соның ішінде құстар мен аңдар) пен дыбыстардың қолданылуы, сахна қозғалысы режиссерлік шешіммен үндесе көрініс табады.

Тұңғыш Алматы Мемлекеттік қуыршақ театры сахнасында күллі ғаламға білім шуағын шашқан ұлы Абай туралы өскелең ұрпаққа асыл сөз құдіретін ұғындырар дара бейне осылайша өмірге келді. Ойы озық, тағылымды көрермен қауым спектакль ұсынар сыйдан қапы қалмайды деген сенімдеміз.

25 Желтоқсан 2019
369
0
0