Пьесаның жанрын анықтау
Жанр - өмір шындығына, болмысқа қай қырынан қарауымыздан түйгеніміз. Үйткені өнер - болмыстың (действительность) көркемдік көрінісі. Кезкелген зат әр қырынан әртүрлі болып көрінеді. Әр түрлі әсер қалдырады. Көлеңкенің өзі: таңертең бөлек, түс пен кеште тіптен бөлек. Көп қырлы өнерде сан қырлы сыр(құпия) жатпай ма!? Жанр, біріншіден - болмысты танып білу процессі, екіншіден – суреткердің болмысты бағалау процессі, үшіншіден – көркемдеп көрсету процессі. Біз оны драматургиялық шығарманың құрылымынан анық көре аламыз. Автордың неменеге күйініп күйзелетінін, не болмаса неменеге қуанып мәз боладытынын пьесаны мұқият зерделеп барып көз жеткіземіз. Автордың стильдік ерекшелігін, кейіпкерлердің іс-әрекеттерін талдау барысында қай жанрдағы шығарма екенін бірден байқауға болады. Жанрды шығарманың жазылуынан, ондағы үсынылған шартты жағдайлардың жиынтығынан, сахналық әрекеттерге көрермендерді тарту тәсілінен анықтауға болады. Ендігі жерде автор ұсынған шартты жағдайлардың өзімізге қажеттісін таңдап ала біліуіміз керек те, оны көрермендерге жеткізудің, олардың сана-сезімін баурап алудың тәсілін қарастырамыз. Авторлық ойды жеткізудің өзіндік «ойын өрнегі мен үлгісін» жанрға байланысты іздестіреміз. Соған байланысты актердің бағалау, әрекет ету процесстері, суретшінің шешімі мен композитордың күй-сазы, т.т. жанрлық ерекшелікке ие болмақ. Жанр ерекшелігі түрде (формада) ғана емес, шығарманың, біздің тілмен айтқанда қойылымның мазмұнында. Жанрды дұрыс тауып, зор мән берсең қойылымыңның көркемдік шешіміне қол жеткізер құралыңа, атүсті қарасаң орға жығар апаныңа айналары сөзсіз. Жанрды дұрыс анықтай білу – пьесаның мән-мағынасын, айтпақ ойын, стильдік ерекшеліктерін табудың кепілі болмақ.
Стиль – драматургтің шығармашылық мәнері, суреткерлік ойын жеткізу тәсілдерінің жиынтығы. Пьесасына арқау етіп алған өмір көрінісінен, сюжетті құруынан, композициясынан, жанрынан, тіл көркемдігінен, екпін-ырғағынан, кейіпкерлерінң сөз саптауынан автордың стильдік қолтаңбасын анықтау қиын емес. Шығарманың қай автордың қаламынан туғанын стилінен жазбай тануға болады. Режиссер үшін автордың стилін анықтап, соны қойылым барысында жүзеге асыру басты шаралардың бірі. Қойылымның жанрын режиссер анықтайды. Бұл пьесаның авторлық жанрынан өзгеше болуы мүмкін. Қойылым жанры ең алдымен актерлік ойын үлгісінде жүзеге асады. Жанрмен бірге болашақ қойылымның стильдік ерекшелігін – ойнау мәнерін, формасын, былайша айтқанда авторлық ойды жетікізудің сыртқы көрінісін табуымыз керек. Қойылымның көркемдік үлгісін (формасы) – көріп, есту арқылы қабылдаймыз. Актерлардың іс-қимылын, мизансценалар, декорация, жарық, нақышты бояулар арқылы көрсек, актерлардың сөз сөйлеуі, интонациясы, дауыс тембрі, музыкасы, шулар мен дыбыстар арқылы естиміз.
Пьесаны терең зерттеп, талдаулар арқылы автор ойын түсініп қана қоймай, соның негізінде өзінің режиссерлік көкейкесті мақсатын тауып, болашақ қойылымның көркемдік шешімін қарастырады. Режиссердің ол ойы қойылымның пластикалық шешімімен: мизанценалық құрылымымен, кейіпкерлердің пластикалық іс-қимылдарының екпін-ырғағымен, сахналық безендірілудің элементтерімен тығыз байланысты.
Жанрдың түрлерімен бәріміз жақсы таныспыз. Оқытты. Оқыдық. Әлі де оқуға тура келеді. Жанр туралы жазылған кітаптар да жетерлік. Дей тұрғанда, уақыт өткен сайын, әсіресе өнерде жаңа жанрлардың: футуризм, абсурд, авангардизм, т.т. пайда болғандарын білеміз. Фарс, буффонада, драма, мелодрама, халықтық драма, водевиль, памфлет, гротеск, дастан, әфсана, фантастикалық драмалар, трагедия, комедиялар (эксцентрикалық, күлмейтін, мұңды, трагикомедиялар, т.б.) т.т. Әрқайсысының өзіне тән сахналық ерекшеліктері бар. Осылардың көп кездесетін бір-екеуіне тоқтала кетейік.
Комедия(грек. Komos – шеру өткізу) - жақсылықпен, қуанышпен аяқталатын драматургиялық шығарма. Басты мақсаты – жұртты күлдіру. Сөздікте осылай анықтама берілген. Шеру өткізу дегені Дионисий мерекесі кезінде хордың бимен, әзіл әндермен, қағытпа қалжыңдарымен көшеге шеруге шығу дәстүрін айтады.
Комедиялық қақтығыстың түп-негізі өмірдегі жасандылық пен жалғандықты, кертартпа ұғымдағы кейіпкерлердің керенау мінез-құлықтарын әшкерелеп келеке етуінде. Ашықауыз аңқаудың алданып, ақымақ болуында («в наличие дурака»). Комедиялық актердің басты ерекшелігі айтылар сөздің астарын ашуды емес, сол сөздерге астар сала білуінде. Өзге жанрдағы қойылымдарда актерлар автор сөзінің не үшін айтылатынын, нені меңзейтінін дөп басып, сол ойды жеткізуге тырысады. Ал, комедияда автордың айтпағын толық зерттеп, зерделеген актер сол сөзге мүлдем басқаша рең беріп, өзгеше ой береді. Айтылар сол сөзге, оқиғаға немесе кейіпкердің іс-әрекетіне актер мен режиссер өзінің көзқарасын білдіреді, бағасын береді. Сондықтан сөз бен әрекетке астар салады. Мысалы бір ғана «айналайын» деген сөзге әртүрлі астар салып: жақсы көруді, жек көруді, сүйсінуді, келеке етуді, таңдануды, түңілуді, т.б. білдіруге болады.
Комедия – драматургиядағы ең күрделі жанр. Ол тек алғыр, ұшан теңіз қиялға бай, өмірден түйгені көп актердің ғана еншісі. Драманы, тіпті трагедияны ойнап, көрерменді иландыруға болады. Үйткені адамдар жаратылысынан біреудің қайғы-қасіретін түсінуге, ортақтасуға, көмектесуге бейім тұрады. Көшедегі көмектесуді сұрап, қайыр тілеп жүргендер «мұңын шағып» зарлағанда көзіңнен қалай жас шығып, жаныңның езіліп, еріп кеткенін сезбей де қаласың. Міне сізге драма да, трагедия да!..
Ал, жұртқа күлкі сыйлағысы келседе екінің бірінің миына ұтымды ойлар келе бермейді. Келген күннің өзінде іске асыра алмайды. Себебі күлкіге кенелту үшін ерекше дарын қажет. Жасағандарын көрермендеріне сендіру үшін, өзі сеніп те және сол жасағанына өзінің ирониялық көзқарасын көрсетіп те әрекет етуі керек.
Адамдарда өмірде белгілі бір әдет қалыптасады. Оқыс жағдайларға тап болған кездерінде келсін-келмесін ескі әдетіне басып әрекеттенеді. Онысының орынсыз қылық екенін сезсе де сезбегендей бола қалады. Аңқауси қалып, соңынан ақтала бастайды. Нағыз комедияға қажетті нәрсе. Комедия - қойылымның сыртқы құрылымына (формаға), кейіпкерлердің типтік келбетіне (типаж) де көп көңіл бөледі. Кез-келген «типте» комедиялық элементтің болатыны анық. Мысалға Қожанасырды немесе Дон Киходты көрмесекте қандай екенін өзімізше топшылай аламыз. М.Сүртібаевтың Аңғарбайы, Л.Гайдайдың «Үштігі»(Бывалый, Балбес,Трус) типтік жағынан дәл табылған бейнелер.
Классикалық комедиялардың сюжеттік желісіне көңіл аударсақ ең басты шарттың «шатасу» екенін байқау қиынға соқпайды. Шекспирдің, Гальдонидің, Молердің, Бомаршенің комедияларын, тіпті өзіміздің Мұхаңның «Айман-Шолпанын» алыңыз: шатасу мен өз дәрежесінде дұрыс түсінбеушіліктен басталған алашапқын әрекеттер, солардың кесірінен күлкілі жағдайларға тап болған кейіпкерлердің «сырлары» соңында ашылып, сәтімен аяқталады. Француздарда мынадай сөз бар: «Комедия – өзекті мәселенің жоқтығында!»(«Комедия – без проблем!») дейді. Сонда қалай болғаны? Комедия ешқандай мәселе көтермеуі керек пе?! Жоқ мүлде олай емес. Драматургияда жазылған келелі мәселені жұрт онсызда түсініп отыр. Режиссураның міндеті сол мәселені күлкіге орап көрерменге «сату». Өмірдегі, қоғамдағы, саясаттағы келеңсіздіктерге кейде ащы, кейде жеңіл әзілмен қарау. Мольер Тартюфті әшкерелеу арқылы католик шіркеуінің бітіспес жауына айналды. Гоголь «Ревизорді» жазып еді, патшаның қаһарына ұшырады. Майлин сатиралық комедиялары үшін «халық жауы» атанып атылып кетті. Жалған «құдайларды» әжуәләп әшкерелей алатын құдіретті күш - комедия. Өзге жанр «идея қуып» ащы ақиқатты қаз-қалпында жеткізуге тырысады. Ал, комедиялық жанрдың басты қаруы әжуә, сықақ, әзіл-қалжыңмен әшкерелеу, сол арқылы сананы тазарту. Көкірегі ояу көрермен бәрін ой таразысынан өзі-ақ өткізіп отырады. Анекдотты тыңдағанда адам екі түрлі жағдайдың бірлігіне күледі: бірінші анекдоттың құрылымына, екіншісі айтылу шеберлігіне. Ал, әзіл әңгімені айта білу үлкен өнер. Көз алдымызға елестете отырып күлеміз, бір рахатқа батып, бойымызды билеген ауыртпалықтан арылып, жеңілденіп қаламыз. Жанымыз тазарады! Тіршілікте көрсек те көңіл бөлмей жүрген келеңсіздіктерімізге енді басқаша көзбен, анекдоттағы жағдайдың безбеніне салып қарай бастаймыз. ХҮІІ-ші ғасырда француз Ларошфуко комедиялық формуланың шартын өзінше өрнектеп еді: «Адамның өз бойындағы қасиетті емес, өзінде жоқ қасиетті көпке көрсетуге ұмтылуы күлкілі».
Трагедия(грек. Tragoidia – теке жыры) - әдебиеттегі драматургияның бір түрі. Трагедияның құрылымында өмірлік қайшылықты тереңдете көрсететін және басты кейіпкердің өліміне әкеліп соғатын шиеленіскен қақтығыс жатады. Сөздіктегі анықтамада осылай делінген. «Теке жыры» деген сөзді әркім әртүрлі түсіндіреді. Біреулері Дионистің серіктерін ойнағандар ешкі терісін жамылып қайғылы хорды көрсеткендіктен десе, енді біреулері мереке кезінде қайғылы халді көрсететін қойылымдардағы жеңімпаздардың сыйға алған текесі үшін айтқан, Дионис құдайына арнаған алғыс жыры деп түсіндіреді. Қалай болғанда да теке ұғымы Дионистің символикасы екені анық.
Трагедияның басты ерекшеліктерінің бірі оқиғаларының ауқымдылғында, кейіпкерлерінің болмыспен үйлесімсіздігінде (дисгармония действительности). Сондықтан, трагедияда жалғандықпен, жауыздықпен сыбайласып ымыраға келмейтін басты кейіпкер, ел мен өз арының алдындағы борышын адал орындау жолында қазаға ұшырайды. Өмірлік қайшылықтардан туындаған идеялық қақтығыстар, қызбалығы мен қызуы жоғары тартыстар сөз болады. Трагедияда басты кейіпкердің қазасына ұрындыратын қайшылықтардың шешімінің таптырмауы көрініс табады. Жалғыз адам қоғамдық жүйемен тартысқа түседі. Қоғамдық жүйенің билік күші (армиясы, соты, полициясы, т.б.) бар. Жалғыздың үнін шығармау үшін арпалысады. Әрине, қоғамдық «алып машинамен» арпалысқа түскен жеке адам құрбандыққа ұшырайды. Қоғамдық жүйе өз «заңдылығынан» айырылмайды. Қоғам қаншама түрін өзгерткенімен, биліктің міндеті өзгермейді. Бұрынғы трагедияларда басты кейіпкелер қоғамда өзіндік орыны мен салмағы бар тұлғалар: патша, патшайым, ханзада, ел ағалары, сал-серілер, ерекше дарын иелері болып келгенін аңғарамыз. Үйткені олардың іс-әрекеттері жекелеген адамдарға да, көпшілік қауымға да зор әсерін тигізері сөзсіз. Қоғамдық пікірдің қалыптасуына себеп болады. Ал, жәй адамның құрбандығы ондай деңгейге көтіріле алмайды және «жүйе» ондайды көп өлімнің бірі ретінде жылы жаба салады.
Тіршіліктің тауқыметін тартқан адам үнемі күйзелісте болады. Басынан кешкен азапты ауыртпалығын ұмытқысы келеді. Ертеңін ойлағанда бойын үрей билейді және осындай тірлігіне өзін кінәлі сезінеді. Осыдан барып адамда өзін-өзі ақтау сезімі пайда болады. «Менің ойлағаным болмай қалды», «оның ондай екенін білмедім-ғой, әйтпесе...» дегендей өзін ақтарлық түрлі себептер іздейді. Өзгенің алдында қаншалықты ақталғанымен, кінәлі адам өз арының алдында ақтала алмайтынын жақсы біледі. Ромео өзін Джульеттаның «өліміне» кінәлі санап у ішсе, ұйқыдан оянған Джульетта өзін Ромеоның өліміне кінәлі санап өзіне қанжар салды. Екеуі де өздерін кінәлі санады, сол үшін өлім арқылы ақталғысы келді. «Қозы Көрпеш-Баян сұлу» трагедиясында автор бұл «кінәні» толық көрсете алмасада (Қозыны Қодар Жантықтың азғырумен өлтірді. Ал, Баянның өліміне дәлелдер тым жұтаң құрылған) екеуінің өлімі ақталудың нәтижесі екені анық. Қантөгіскен соғыс та жауласқан екі жақта (Сталин мен Гитлер) өздерін ақтап жатады. «Біздің ісіміз ақ!» деп, әлемдік билікке таласты, күш сынасты, концлагерьлерде қаншама арлы азаматтар құрбан болды. Миллиондарды қырғандарға қандай ақтау қажет!?
Трагедиялық кейіпкер өзінің кешірілмес қателігін біле тұра, ақталуға ұмтылса, мелодрамада «кінәсіз періште» жан, қаражүрек арамнан жапа шегеді. Әрине әркім өзін кінәлағаннан гөрі, өзін жарға жыққан жанды жазғырғанды дұрыс көреді. Сондықтан болар қарапайым көпшілікке трагедияға қарағанда мелодрама жақын. Екі жанрдың да бір-бірімен үндестігі мен ұқсастығы көп. Отелло Ягоның алдауына түскен «адал жан» деп есептесек – мелодрама боп шыға келеді. Отелло мүлдем ондай емес. Оның кінәсі тәжірибелі қолбасының Ягоның алдауына бірден илана салуында. Неге ол тексермейді? Ягоның айтқандарына көзін жеткізбестен сене салады? Неге Дездемонадан сұрамайды? Қисынсыз күдіктің жетегіне көне кетеді. Бар пәле Отеллоның нәсіліне байланысты жан-дүниесінің қайшылығынан туындаған: «қаралығымды кемсітіп, опасыздыққа барғаны үшін аярлыққа жол бермен!» - деген кекті намыс. Қодардың да қан төгуі содан. Ақыр соңында екеуі де қанішер қарақшы болып шыға келді. Ашу-ызаң мен аяушылық сезіміңді қатар келтіреді. Жай аяушылық сезім көбіне мелодрамаға тән. Отелло мен Қодарға деген аяушылықтан гөрі, өкініш пен ашынуға жақын «қолыңмен істегеніңді мойныңмен көтердің» ұғымындағы - ақтау басымырақ.
Трагедияның бір шарты кейіпкердің өлімі екен. Өлім – тұманды тұңғиық. Көріп-білген, өліп-тірілген ешкім жоқ. Солай дегенімен тіршілікте өлімнің не екенін білеміз. Бірақ, онымыз - өлім жайлы біздің түсінігіміз, ойымыздың жемісі ғана. Ұйқы да өлімнің бір түрі. Трагедиядағы құрбандықтың биік мақсаты болуы керек. Өлім - өзінің ақтығын дәлелдеудің, жеңіске жетудің жалғыз мүмкіндігі болғанда ғана трагедиялық деңгейге көтірлімек.
Трагикомедия – трагедиялық және комедиялық белгілері үйлесім тапқан драмалық шығарма. Ерекшелігі қақтығыстың шешілмеуінде, жағдайдың билігіне тәуелділігінде, машақатқа толы сюжетінде, құпияны ашар оқыс жағдайлары бар және сәттілікпен аяқталуында. Сөздікте осындай анықтама берілген. Қарсы топтардың бір-біріне агрессиялық қысым көрсетуінен болған қақтығыстың шешімі екі жақ ымыраға (компромисс) келмейінше табылмайды.
Драматургияның барлық жанрларында (фарс, буффонада, комедия, трагедия, т.б.) қақтығыстың болуының бір себебі қарсыластардың қысымынан, өштесуінен, кектесуінен, үстемдік көрсетуінен басталып агрессиялық шабуылға ұласып кететінін байқау қиын емес. Пьесаның қозғаушы күші де осында.
Қайта өрлеу дәуірінен бері келе жатқан трагикомедияның екі түрін білеміз. Біреуі - «шаттықпен аяқталатын трагедия», екіншісі – «қайғымен аяқталатын комедия». Алдыңғысында – қарсыластар кектесуді – кешіріммен, қақтығысты – ымыраға келумен алмастырып, трагедияны «болдырмай» шаттықпен аяқтайды. Соңғысында – бітімге бармас екі жақтың біреуі комедиялық теңдікті «сақтай» алмай трагедиялық күйреуге ұшырайды. Көрермендер ар-ұяттың жеңгенін қалайды. Біріншісінен рухани рахатқа батып шықса, екіншісінен тауы шағылып шығады. Қалай болғанда да өзге жанрлар сияқты, бұл екеуіде адамды рухани селқостықтан арылтады.
Адамдар үшін кек қайтарудан гөрі, сол туралы ой қызықтырақ. Өштесуді көбіміз айыптағанымызбен, кек қайтаруды әділдіктің салтанат құруы деп ойлаймыз. Әрине, жазықты жан әділ жазасын алуы керек-ақ шығар. Бірақ, біздің жазамыз әділ ме, жоқ әлде тағы бір жауласудың басы ма!? Бәлкім, өзімізді жұбату үшін жасалған алдау болар. Б.Шоудың юристерге: «Адамдар жолбарысты өлтірмек болғанда, оны спортқа балаймыз; Ал, жолбарыс адамдарды өлтірмек болғанда, оны қанішерлікке балаймыз. Қылмыс пен әділ соттың айырмасы онша көп емес» - дегені бар. Кек жолына қарағанда, әділ сотқа жүгінген әлде қайда жақсы болғанымен де, тым қарабайыр. Қоғамдық жүйе бар жерде әділдік шартты түрде орнағанымен, толық салтанат құруы мүмкін емес. Ондайға кешірімділіктің көмегімен бір табан жақындауға болады. Осыны жақсы білген бабаларымыз: «Алдыңа келсе атаңның құнын кеш!» - дегенді бекер айтпаған болар.
Драматургия үшін сөз жоқ қайырымдылықтан гөрі қатыгездікті, жетістіктен гөрі күйреуді жазған ұтымды. Қақтығысты көрсетуге мол мүмкіндіктер береді. А.П.Чеховтың, Г.Ибсеннің, Ж.Б.Мольердің, керек десеңіз Н.В.Гогольдің пьесаларын, Ч.Чаплиннің фильмдерін мысал етсек де жеткілікті болар.
Адам басындағы ауыртпалық көрермендердің ризашылығына ие бола ала ма? Иә! Белгілі бір шартты жағдайда қанағат сезімін тудырып, риза ете алады. Сахнадан көрген қатыгез тағдыр, қайғылы хал көрерменнің аяушылық сезімін тудыру арқылы жанын тазартады. Комедиялық көріністер өмірдегі келеңсіздіктерді күлкі арқылы қабылдап мойымауға шақырады. Тағы да жанымыз тазару(катарсис) процессінен өтеді. Рухани тұрғыдан қанағат табамыз, эстетикалық ләззәт алатынымыз сөзсіз. «Шағаланы» алып қарайық: автор бізді өмір-тіршіліктің «иттігімен» беттестіре білді. Нина мен Треплевтің үміттерінің күйреуі біздің дүние-танымымызды байыта түсті. Ч.Чаплиннің фильмдері өмірдегі әділетсіздікті өзгерте алмағанымен, күлкі арқылы тіршіліктің тауқыметіне мойымауға, жеңіл қабылдауға көмегін тигізері хақ. Шығармашылығымыздағы көкейкесті мақсат – адамдардың басына ұжымақ орнатпасақта, тіршіліктегі ізгілік атаулыға деген үміт отын өшірмеуіміз де! Ол үшін Прометейдің күйін кешуіміз керек!