Мақала
Режиссер шеберлігі. Сөз басы
Режиссер дегеніміз кім? Оның театрдағы міндеті мен спектакль қою барысындағы атқаратын қызметі қандай?
Бөлім: Театр
Датасы: 10.10.2016
Авторы: Әубәкір Рахимов
Мақала
Режиссер шеберлігі. Сөз басы
Режиссер дегеніміз кім? Оның театрдағы міндеті мен спектакль қою барысындағы атқаратын қызметі қандай?
Бөлім: Театр
Датасы: 10.10.2016
Авторы: Әубәкір Рахимов
Режиссер шеберлігі. Сөз басы

Автордың бұл еңбегі үш бөлімнен тұрғанымен ортақ тақырыпты қамтитын – театр өнерінің биік мұраты туралы еңбек. «Пьесадан қойылымға дейін» атты бөлімінде режиссура мамандығының атқарар істері мен ізденістері, актерлармен және театр ұжымындағы түрлі бөлімшелердің жұмыстары туралы әрі тиянақты, әрі ұғынықты түрде баяндаса, екінші бөлімде ұлт пен ұрпақ тағдыры туралы А.Сүлейменовтің драматургиясы мен өзінің қойылымдары негізінде түйген ой-толғамдарын ұсынса, үшінші бөлімде актерлар туралы естелік-эсселері берілген. Олардың шығармашылығының бізге беймәлім тұстары жайлы әңгімелейді. Театр мамандары мен режиссураны мұрат еткен, сахна өнерін қуған жастар үшін аса қажетті кітап болары даусыз.

Сөз басы

Режиссура - өнер әлемінде құпиясы толық ашылмаған қандай мамандық? Өткен дәуірлерде сахналық қойылымдарға драматургтің басшылық еткенін білеміз. Онан кейінгі уақыттарда бұл міндетті актерлар атқарып, тіпті пьесаның тексттерін шала меңгеріп, әркім өз кейіпкерінің танымы тұрғысынан қойылымдар жасағанын тағы білеміз. Драматургиялық шығарманың сахналық әрекетке айналуы басты мақсат ретінде өз шешімін толық таба алмағаны рас. Қандай керемет пьеса болсада қойылым театрдың емес, тек бір-екі артистің жетістігі дәрежесінде қалып қойды. Спектакльдің көркемдік тұтастығы мен қақтығыс табиғатын ашу, айтылар ойдың ауқымдылығы бүгінгі режиссуралық қойылымдардағы деңгейге көтеріле алмады. Сонда режиссер дегеніміз кім? Оның театрдағы міндеті мен спектакль қою барысындағы атқаратын қызметі қандай? Драматург пьесасын жазады. Актерлар ойнайды. Суретші безендіреді. Композитор музыкамен көркемдейді. Бұларды түсінуге де, естіп, көруге де болады. Ал, режиссер не істейді? Бұл күндері мұндай сұрақтар қойылмаған күнде де сирек те болса айтылып қалады. Бұл атаудың төркіні француздың regisseur-басқару деген сөзінде жатқанымен, ағылшындар - stage director, американдықтар - stage manager, немістер - regisseur деп әртүрлі атап жүр. Бұрындары режиссура ұғымын француздардың mise en scene: пьесаның сахнадағы декорациясын, музыкасын, актерлік ойынын көріністерін түсіндіруші, екінші ұғымы – пьесаның белгілі бір уақыт пен белгілі бір кеңістіктегі көрініс табуын ұйымдастырушы ретінде қарастырып келді. Бұл екі ұғымның міндеті бір екенін қиналмай-ақ аңғаруға болады. Бұл сөздің тағы бір ұғымы – ХІХ ғасырдың соңдарында актерлардың сахнадағы орналасулары мен топтардың іс-қимылдарын дәптерге жазып отыруды айтқан және ол жазуды «сценарий» (қоюшының партитурасы ұғымында) деп атаған. «Mise en scene» бүгіндері біз қолданып жүрген мизансцена ұғымы. Сөздікте: «актерлардың сахнадағы іс-әрекеті, орналасуы, сахналық кеңістіктің материалдық жағдайы». Олай болған күнде mise en scene(режиссура ұғымында қарастырсақ) актерлардың сөз әрекеті мен ішкі жан-дүниелерінің ашылуына ешқандай әсер етпейтін, тек қана сыртқы көріністермен жұмыс жасайтын адам болып шығады. «Режиссер» және «мизансцена» атауларына өзінің толыққанды ауқымды ұғымын қалыптастырған, қойылым барысындағы режиссураның маңызды орынын айқындап берген әрине К.С.Станиславский, В.И.Немирович-Данченко, т.б. театр реформаторлары екені даусыз.

Режиссер – сахналық қойылымның көркемдік тұтастығын, кейіпкерлердің өзара қатынастары арқылы саяси-әлеуметтік, фәлсафалық, азаматық және басқа көптеген келелі мәселелерді көтеретін спектакльдің қоюшысы, шығармашылық процесстердің ұйыдастырушысы, әрі авторы. Қойылымның айтпақ ойын, тақырыбы мен тартысын анықтайды. Оның сахнадағы көркемдік шешімін қарастырып, жол табады. Актерлардың кейіпкерлерді сомдауы мен «бос кеңістікте» (сахна кеңістігін П.Брук осылай атайды) орналасуынан (мизансцена) бастап, олардың пластикалық шешімі бар, жарығы бар, музыкасы мен әртүрлі дыбыстардың үндері (шумовые эффекты) бар, ең ақыры киетін киімдері мен гримдері, қолдарына ұстайтын ұсақ заттарына дейін режиссер белгілейді. Шығармашылық ұжымды бояуы қанық кейіпкерлер арқылы, айтары анық, тек сол шығармаға тән орындау мәнері (стиль) бар көркем дүние жасауға жетелейді. В.Г.Сахновский: «Қойылымның негізі болып табылатын авторлық текст пен режиссерлік нұсқаның - әрқайсысы өз алдына бөлек-бөлек шығармалар. Біреуі автордікі болып есептелгенімен, екіншісі авторлық нұсқаның негізінде жасалған театрдың туындысы» - деп, өткен ғасырдың отызыншы жылдары айтқан сөзінде режиссураның атқарар миссиясы айқын көрініс тауып тұрған жоқ па!? «Кейінгі отыз жылда нағыз драматургтер авторлар (жазушылар) емес, режиссерлар» - деп Ж.Вилар режиссураның еңбегін айрықша атап, асыра көрсеткенімен, көптеген шындықтың жатқаны өтірік емес.

Қарапайым, шағын ғана пьесаны қою үшін режиссерге қыруар дүниені білуіне тура келеді. Вл.И.Немирович-Данченко: «Режиссер болып туу керек» - дейді. Бұл сөздің астарында өзгеше ойлау ерекшелігіне, өмірден көргенін бейнелі түрде көркемдік деңгейде өзгелерге (әріптестеріне, көрермендерге) жеткізе білетін қабілетіке ие болуы керек деген ақиқат жатыр. Бұл ойды К.С.Станиславский: «...Менің тәжірибем - режиссерді дайындауға болмайды, режиссер болып туады дейді. Оның өсуіне жақсы жағдай жасауға болады. ...Нағыз режиссерде: режиссер-ұстаз, режиссер-суреткер, режиссер-әдебиетші, режиссер-администратор үйлесім табады» - деп, кең таратып айтады. Солай болғанда да бұл мамандықтың кәсіби заңдылықтары мен құпияларын меңгермей құр дарынмен ешкім ұшпаққа шықпақ емес. Сол себепті, режиссура мамандығына оқытады.

Нағыз режиссер өзінің шабыты мен қиялынан ғана емес, шығармашылық ұжымның да ой-толғанысынан туындаған көркемдік ойлар мен бейнелерді де бір арнаға, белгілі бір шешімге бағыттай білуі керек. Режиссура мамандығының арнайы жазылған теориясы жоқ. Тек қана К.С.Станиславскидің актерлармен жұмыс жасаудың тәсілі мен танымал режиссерлердің тәжірибелерінен жинақталған еңбектер мен ой-пікірлер ғана бар. Әр режиссердің өзіндік жұмыс тәсілі бар дегенімізбен В.И.Немирович-Данченконың режиссер мамандығының үш түрі туралы анықтамасына жаңалық қосқан да немесе жоққа шығарған да ешкім жоқ:

  1. Режиссер – түсіндіруші, қалай ойнауды көрсетуші, басқаша айтсақ режиссер-актер немесе режиссер-ұстаз;
  2. Режиссер – айна, актердің жеке қасиеттерін пайдалана отырып сахналық шешімнің концепциясын жасаушы;
  3. Режиссер – қойылымның барлық жұмысын ұйымдастырушы. Көрермен тек соңғысын байқап, бағалайды. Мизансценадан, декорациялық шешімнен, қолданып жүрген реквизиттерден, музыкалық дыбыстардан, жарық-сәулелерден, көпшілік сахналарынан режиссер-ұйымдастырушыны байқай алады. Ал, алдыңғы екеуінен мүлдем хабарсыз. Өйткені олар актердың шығармашылығында».

Алғашқысы – кейіпкерлерді актерларға түсіндіре білетін, «қалай ойнау» керектігін көрсете білетін қабілетке ие болу. Екіншісі – актердің сахнадағы бар мүмкіндігінің толық ашылуына, оның жеке басының қасиеттерін автор мен режиссердің ойын іске асыруға бағыттай отырып, қиялы мен сахналық бейне жасаудағы құлшынысына дем беруші. Актердің еркіндігіне жағдай тудыра отырып, өзінің шешімін жүзеге асырушы. Ал, соңғысы аты айтып тұрғандай қойылымға байланысты шығармашылық және өзгеде атқарылар көптеген іс-шараларды біліктілікпен ұйымдастыра білуші.

Сонымен қатар режиссерлердің арасында: режиссер бөлек, қоюшы бөлек, қоюшы-режиссер тіптен бөлек деген сөз бар. Алғашқысы - өз ойын теориялық тұрғыдан жақсы түсіндіріп, актерлармен өнімді жұмыс жасай білгенімен, қойылымды «жинақтай» алмайды. Екіншісі – актерлармен мүлдем жұмыс жасай білмегендіктен оны актерлардың «өз еркіне қалдырады». Бірақ, «композицияны шебер құра білгендіктен» қойылыммен ғана айналысады. Ал үшіншісі – актерлармен де тамаша жұмыс жасай біледі және қойылымның да көркемдік шешімінің тұтастығын кәсіби деңгейде көрсете алатын режиссура. Бұл өмірлік тәжірибеден байқалған байлам болғанымен де режиссуралық дарын жайлы шындық екені рас.

Режиссер - үш мырзаға бір қызметшінің міндетін атқарады. Ол - драматургтың театрдағы өкілі, ол - драматургтың алдындағы театрдың өкілі, ол – көрермендердің талап – тілегін жеткізуші басты адам. Режиссура дегеніміздің өзі – қойылымға тер төгуші барлық қызметкерлердің (актердан бастап реквизиторға дейін) күш-жігерін, ой-арманын өзінің көркемдік және композициялық шешіміне ортақтастыра білу. Қойылымның тұтастығы, айтар ойының салмағы, көркемдік деңгейі режиссердің ой-өрісіне, дүние-танымына, білімі мен біліктілігіне тікелей байланысты.

«Режиссер актер ойынында өлу керек!» - деген, қасиетті ұғым бар. Асқар Сүлейменовше айтар болсақ: «Режиссер жүрек сияқты. Соққаны білінбеу керек». Режиссердің қойылым барысында актердің диктаторы емес, кеңес берер ақылшысы бола білгені маңызды. Кей режиссер актердің намысын оятамын деп, оның шамына тиіп, жер-жебіріне жетіп жатады. Диктат қажет те шығар, бірақ, оның көбіне актерларды жанды қуыршаққа айналдырып жіберуі де ғажап емес. Ондайда актердің өзінше ізденбей, айтқанды ғана орындаумен шектелетінін жиі байқауға болады. Көрген адамға қызық болып көрініп, режиссерлік қолтаңбасы байқалғанымен, кейіпкерілері сахнада немқұрайдылықпен әрекет етсе қойылымның әсері де өз дәрежесінде болмайды. Актерлардың дегеніне көніп, жетегінде кететін режиссерлар да бар. Ондайда көркемдік тұтастығы жоқ, айтар ойы шашыраңқы қойылымдар дүниеге келеді. Демек, мұндай режиссура диктаттықтан да қауіпті. Ондайдан аулақ болуыға тырысу қажет. Актер жаны, ақын жанынан да сезімтал. Режиссер ойлап тапқан детальдарына актерларды бейімдей отырып, ақырындап бағыттау арқылы қол жеткізуге тырысқаны жөн. Қашан да, актерлардың кейіпкеріне қажетті дүниелерді олардың тура «өздері ойлап тапқандай» күй кешкендері маңызды. Сонда ғана олар өздерін өнер адамы ретінде сезініп, шабыттана ізденеді. Режиссер мен актерлардың және өзгеде қойылым топтарының арасында шығармашылық сенім орнайды.

Режиссура – тек қана көркемдік шешімді ғана емес, үлкен жауапкершілікті де қажет ететін өте күрделі мамандық. Еліңнің, көрерменіңнің, ұжымыңның алдындағы жауапгершілік. Ұстазым КСРО халық артисі, КСРО Мемлекеттік сыйлықтарының лареаты, профессор Иосиф Михалович Туманов: «Дүниеде аса қауіпті, өте қиын мамандықтар баршылық. Бірақ, режиссурадай күрделі де, жауапты мамандық жоқ. Себебі сендер автордың пьесасынан өз шешімдеріңді табасыңдар, сол арқылы актердан мүлде басқа кейіпкер жасап, көрерменге ой айтасыңдар. Автор да, актер де, кейіпкер де, көрермен де жеке-жеке тұлға. Осылардың барлығын ортақ ойға бағындырып, шығармашылық шешіміңе сендіре отырып мұраттастық (единомышленники) табу режиссердің борышы», «Драматург пьесаны жазды, бірақ, ол жансыз. Столда жатыр. Режиссер қояды. Жан беріп, аяғынан тұрғызады» - деп, қарапайым сөздермен түсіндіруші еді.

Режиссер - нақты фактілерге сүйене отырып, уақыт пен сахна кеңістігіне түрлі тағдырларды тоғыстырушы. Режиссураның ерекшелігі өзінің ойын, актерлардың ойы ете білуінде. Театр ұжымдық жұмыс болғанымен, спектакльді қоятын режиссердің жалғыз өзі. Сондықтан, режиссер қойылымға қатысатын көпшіліктің дем берушісіне, ортақ мақсатқа ұйымдастырушысына, көшбасшысына айналуы керек. Өнердің көкжиегіне жету мүмкін емес. Алға жүрген сайын тылсым бір шексіздікке тап боласың. Құпиясын ашуға ұмтыласың, тырысасың, тырбанып тер төгесің. «Межелі жерден шықтым-ау, өзімше бір жаңалық таптым-ау» деп мәз боласың. Кейінен ентігіңді басып, бажайлап қарасаң, саған дейін көпке аян болған ақиқат болып шығады. Сол кезде барып: «Жаңалық дегеніміздің өзі есімізден шығып, ұмыт болған көнеміз» - деген сөздің сырына қанғандай боласың. Сондықтан да өнер мәңгі ізденістерді, толассыз алға қарай ұмтылысты қажет етеді. Өзіңнің көкжиегіңе жетуге әрекеттенесің. Ізденіс тоқтаған жерде өнер де тоқырайды.

Қойылым барысында режиссер қандай жұмыс кезеңдерін бастан өткереді? Неге көңіл бөлу керек? Ізденістер мен дайындық (репетиция) кездерінде жұмысты қалай жоспарлау қажет? – деген сұрақтар төңірегінде өз тәжірибеммен бөлісуді жөн көрдім. Шәкірттік шақтан бергі оқып көңілге түйгендерім мен көріп үйренгендерім, режиссураны таңдап оқуға келген жастарға бағыт-бағдар болса деген ой осы еңбекті жазуға себеп болды. Станиславский көрсеткен жұмыс тәсіліндегі («жүйе» деген сөзге Константин Сергеевичтің өзі қарсы болған) қолданып жүрген терминдеріміздің анықтамалары көптеген оқулықтармен қатар М.Байсеркеұлының «Сахна және актер» атты кітабында да тиянақты жазылғандықтан, оларға арнайы тоқтауды жөн көрмедім. Теорияны білу дегеніміздің өзі білгеніңді іс-жүзінде көрсету. «Тәсілдің» басты мақсаты - әр суреткердің табиғат берген дарынын шығармашылыққа бағыттау. «Тәсіл» театрдағы қойылымның нәтижесі емес. Жұмыс жасаудың бір ғана жолы. Кез келген өнер ережесі тәжірибеден туындап, көркем туындының нәтижесімен бағаланады. Е.Б.Вахтанговтың қойылымдары мен дайындық тәсілі өзінікіне мүлде ұқсамаса да, көңіліне қонбаса да К.С. Станиславский оның спектакльдеріне таңданып, өзінің шәкірті екеніне мақтанып жүрді. Теория мен тәжірибенің негізін жасаушы ғұлама реформатор, театрларымыздың бір қалыптан шыққандай болуын ешқашан талап етпеді. Қайта ізденіс жолдарының көп болғанын қалады. Сондықтан да болар реферматордың «Станиславскидің жүйесі» деген, бұзуға болмайтын, қатып қалған ұғымды беретін сөзден қашқаны. Ол әр театрдың өзіндік ерекшелігі мен ұстанымы болғанын көкседі. Жақсы театр - театр труппасы мұраттас (единомышленники) адамдардан құралған кезде болатынын бәріміз жетік білеміз. Оны ұйымдастыратын да, рухани жетекші болатын да режиссер. Ұжымның эстетикалық талғамын қалыптастырып, ортақ шығармашылық принципке тәрбиелеу театрдың өзіндік ерекшелігін қалыптастырады.

Көп жылдық ұстаздық тәжірибемде шәкірттер мен жас режиссерлердің спектакль қою барысында көп кедергілерге тап болып, қиналған сәттерінде мамандықтан күдер үзіп, бей-берекет күй кешіп түңілгенін жиі байқаймын. Кейбіреуі туа бітті қабілетінің жоқтығын байқағаннан режиссурадан бас тартса, кейбіреуі бойындағы мүмкіндігін дұрыс пайдалана білмегендіктен сондай шешімге барады. Алдыңғысы құптарлық болғанымен, соңғылары өкінішке әкеліп соғады. Ал, кейбіреуі дарыны жоқ болсада режиссураның атына бола малданып жүретіндері де жоқ емес. Қалай болғанда да өнерге келген жас буын жаңа формаларды іздену арқылы өз жаңалығын ашып, суреткер ретінде өз сөзін айтуды шәкірт кезінен армандайтыны сөзсіз. Әр режиссер өз заманы мен замандастарының жоғын жоқтап, сөзін сөйлейді. Заманына лайық өнер формаларын іздейді. Өнер - ізеністердің жаңа түрлері арқылы дамиды. Қандай жолды таңдаса да театрдың көркемдік шынайылығынан жаңылмағаны жөн. Театр қашанда жаңалықтың жаршысы. Өткен, өтіп жатқан, өтетін оқиғаларға өзінше ой түйетін, жорамал (версия) жасайтын, ерекше пікірталас орыны болуы керек. Бұл пікірталас сахнадан өзің мен өзгелердің арасындағы астарлы диалогтар және қақтығыстарға толы көріністер арқылы жүріп жататыны баршамызға белгілі. Сондықтан режиссер көрермендер залының тынысын сезіне білуі шарт. Ең бастысы тіршіліктің тынысын, өмірді білуі керек. Суреткер өз заманының сұрқылтайы бола білгенде ғана: «Өнер адамы!» деген атқа лайық болмақ. Режиссер де осы биіктен көрінуге міндетті.

Қолданылған материалдар:

"Режиссер шеберлігі. Пьесадан қойылымға дейін". Алматы, Тарих тағылымы, 2010. – 248 б.

Сізге қызық болуы мүмкін: