Кәукен Кенжетаев! Өнегелі өмір иесінің өскен ортасы туралы айтсақ, алдымен әкесінің әншілік өнеріне соқпай өте алмаймыз. Жездесі Қали әнші, Ысқақбай күйші, Дүйсенбай ертегіші, Рахметқожа қиссашы еді. Келешегін ескеріп, әнші Қали Кенжетайға: «Кенжаға, мына балаларға домбыра істеп беріңіз, үйренсін. Өнерге баулып, өзің айтатын тамаша әндеріңді осыларға үйрет. Тез үйреніп кетеді» – дейтін. «…Қолымызға домбыра ұстатып өнерге баулып, ән үйретті, тақпақ оқытты», – дейді Кәукен аға өзінің бір естелігінде. Кенжетайдан тараған үш ұлдың кішісі Кәукенге, ағалары Абдан мен Шәкеннің тигізген ықпалы зор. Тетелес өскен талантты ағасына еліктеген балалық шақтағы әсердің өзі неге тұрады?! Шәкеннің бойындағы өнер көзінің бұлағымен сусындап өскен Кәукен құлын-тайдай бірге өскен бауырларымен бірге домбыраға қосылып ән айтып, шағын аспапты ансамбльде орындаушылығымен ауылдағы той-мерекелердің сәнін келтіретін.
Ол тіпті 1934 жылы ағасы Қажымұратпен алғаш оқу іздеп Алматыға атбасын тірегенде, алдымен ел қатарлы мамандық таңдауды, оқуға ілігуді мақсат тұтады. Қайткенде де оқу-тоқусыз болмайтынын түсінген жас Кәукен бір мезгілде үш бірдей оқу орнына өтініш жазып, қалай болғанда да біреуіне ілігуді армандайды. Бір мезгілде байланыс техникумына қоса педагогика және ауылшаруашылық институттарына бағын сынаған оның жолы болмай құлап қалады. Бірақ туыстарына білдірмеу мақсатында Кәукеннің ауылшаруашылық институтының бірінші курсында оқитын студенттермен біразға дейін сабаққа барғаны өткен тарихтың өте бір қызықты беттері саналады. Студенттер тізімінде жоқ Кенжетаевты аудиториядан шығарып жібермек болған оқытушының талабына Кәукен ауыл баласына тән аңғалдықпен және құштарлықпен жауап қатады. Әлгі оқытушы ынталы жігіттің білімге деген сүйіспеншілігін бағалағандықтан институтқа қабылдайды. Осы бір шағын өмірлік эпизодтың өзінен бозбала Кәукеннің бойындағы керемет қарапайым адами қасиеттерін, айтқан сөзіне адамды иландырмай қоймайтын әртістік қабілетін де қоса аңғарамыз…
Институттың жанынан көркемөнерпаздар клубы сахнасындағы «Көзілдірік», «Бір шалбар» секілді қойылымдарға қатысып, шағын рөлдермен көрінеді. Осы кезде республиканың түкпір-түкпірінен талантты жастар іздестіріліп, Мәскеу консерваториясы жанындағы қазақ опера студиясына талапкерлерді қабылдау туралы хабарландырулар ілінеді. Іздегенге сұраған демекші, Кәукенге бұл хабар жыл құсындай жылы жаңалық болатын. Өлердегі сөзін айтып түскен оқуын қалай тастап кетпек… Қабылдау комиссиясының төрағасы, актер Қалибек Қуанышбаев, мүшелері ленинградтық жас композитор Евгений Брусиловский болатын. Бойындағы табиғи таланты мен музыкаға қабілеті Кәукенді студияға қабылдауға жетіп-артылатын. Жас жігіттің құлаққа жағымды естілетін табиғи баритон дауысы Ақан серінің «Қара торғай» әнін орындағаннан кейін комиссия мүшелерінің көңілінен шығып, ол Мәскеу консерваториясы жанындағы қазақ опера студиясына қабылданғандар тізіміне ілінеді.
Ата-ана бауыр еті – баласын оңайлықпен алысқа қалай қиып жібереді?! Режиссер С.Қожықовтың «Қыз Жібек» фильмінде өзі сомдаған Базарбайдың ұлы Төлеген алыс жолға аттанарда рұқсат бермейтін керемет эпизоды бар. Айналасындағы барша халықты уысында ұстаған Базарбай бейнесі – Кәукеннің сомдаған ең бір есте қаларлық елеулі образы. Бұл – фильмдегі әсерлі көріністердің бірі. Сол көріністегі Төлеген бойындағы құлазу сезімі жас Кәукеннің Мәскеуге барар кезінде болғандығын көреміз. Әке-шешеден алыстағы бауырларына бас-көз болып жүрген ағасы Қажымұраттың рұқсатын алу үшін алдынан өткенде, ағасының түбегейлі қарсы болуы алып-ұшқан көңілін су сепкендей басады. Бірақ бұл Төлегеннің заманы емес, Кәукен секілді оқу-білімді мақсат тұтқан жаңа қазақ жастарының серпіліске түскен ерекше бір романтикалық кезі болатын. Өзі секілді халді басынан кешкен қазақтың болашақ талантты композиторы Мұқан Төлебаев та мұны шешудің төте жолын ойластырып қойған екен. Дер кезінде досының «ақыл беруі» арқасында өзгелерге тіс жармастан жасырын түрде жолға қажет заттарын жиыстырып, Мәскеу қаласына пойызбен бір-ақ тартып кеткен екен. Кейін туған-туыстарына кешірім сұрап, хат жазады. Жас өнерпаздың болашағын айқындаған осы бір оқу білім сапары біз білетін Кәукен Кенжетаевтың кәсіби әнші, актер, режиссер, сан түрлі өнерпаз болып қалыптасуының іргетасын қалаған еді.
Кәукен ағамыз өзінің кітабында: «Маған қазір «өміріңдегі ең қызықты күндеріңді айт» десе, мен онда еш ойланбастан Москвада оқыған күндерімді атар едім. Неге десеңіз: мен Москваны бірінші рет көрдім. Өмір мектебінің де, өнер мектебінің де тылсым сырлы есігін алғаш ашып, сол өнер шыңына да тұңғыш рет сонда жүргенде қол создым» – дейді. Атақты опера әншілері Нежданова, Обухова, Лемешев, Козловский, Барсова, Максакова, Пирогов, Норцов, Ханаев, Алексей және Андрей Иванов, т.б. өнерін көріп, тыңдап өскен қазақ жастарының «болмаса да ұқсап бағуға» тырысқаны анық. Осындай ортада жас Кәукеннің әншілік өнердің қыр-сырын үйренуге деген құлшынысы артып, бар мүмкіндікті пайдаланып жақсы оқуға талпынды. Көптеген ұлттардың өкілдерімен қатар білім алған Рамазан Елебаев, Әли Базанов, Мұқан Төлебаев, Мағауия Көшкінбаев бастаған 30-дан аса қазақ жастары табандылық танытып, елдегі ағаларының үмітін ақтауға барын салады. Студия келесі жылдары Байғали Досымжанов, Шабал Бейсекова, Бекен Жылысбаев секілді талантты студенттермен толығады. Өзгелер секілді жас әнші Кәукеннің күні мен түні оқу-үйренумен өтеді.
Оқуға бар ынтасымен беріліп диплом алуға дайындалып жүрген өнерпаз жастардың болашақ жоспарларын, арман жолын шорт кескен соғыстың зардабы өз алдына бөлек әңгіме. Байғали Досымжанов, Әшім Матыбаев, Қапан Мусин, Мүслім Асылбеков, т.б. көптеген өнерпаздар алдымен Мәскеу қаласының қорғаныс шебін жасау үшін құрылған еріктілер қатарына барып қосылады. Арада аз ғана уақыт өткенде әскери жетекші командирлердің қысқа курсынан кейін қан майданға аттанады.
К.Кенжетаев 1942-1946 жылдары аралығында Хабаров қаласындағы шекарашылар ансамблінде өнер көрсетеді. Әскери гарнизондар мен қызыл армияның топтасқан базаларында жауынгерлік рухты көтеру мақсатындағы концерттік бағдарламаларда К.Кенжетаев концерттік репертуары бойынша әртүрлі бағыттағы – Отан, партия, ел мен жер туралы патриоттық тақырыптағы әндерді орындайды. 1946 жылдан бастап Абай атындағы қазақ мемлекеттік опера және балет театрының әншісі ретінде лирикалық, драмалық баритон дауысқа жазылған партияларды шырқайды. Театрдағы әншілік жұмысын жалғастыра жүріп 1948 жылы қазақ өнерінің жанашыры, ұйымдастырушысы, консерватория ректоры Ахмет Жұбановтың ақыл-кеңесімен Алматы консерваториясының жеке әнші мамандығы бойынша А.М.Кургановтың класына түсіп, екі жыл оқиды. Талай өнерпазға үлкен сахнаға жолдама берген ұлағатты ұстазының жетекшілігімен Алматы консерваториясының студенттері Бүкілодақтық консерваториялар әншілері байқауында топ жарады. Тенор Бекен Жылысбаев, баритон Кәукен Кенжетаев пен Ермек Серкебаев Мәскеу консерваториясының профессорлары А.Нежданова, И.Козловский секілді танымал опера өнері шеберлерінің ерекше ықыласына ие болады.
Театрдың соғыстан кейінгі жылдарғы күші тың белестерді бағындыруға жұмылдырылды. Кәукен Кенжетаевтың опера сахнасында орындаған партиялары негізінен орыс, қазақ опера труппасының репертуарына қойылған опералардан жасақталған. Әнші алғашқы күннен бастап ұлттық репертуарға емін-еркін кірісіп кетсе, орыс, Еуропа композиторларының классикалық репертуарынан да сүйекті образдар қатарын сомдады. Ол Е.Брусиловскийдің «Ер Тарғынындағы» – Тарғын, «Қыз Жібегіндегі» – Бекежан, «Жалбырындағы» – Жалбыр, «Дударайындағы» – Семен, М.Төлебаевтың «Біржан-Сарасындағы» – Жанбота, Ж.Бизенің «Карменіндегі» – Эскамильо, А.П.Бородиннің, А.Г. Рубинштейннің «Демонындағы» – Демон, С.В.Рахманиновтың «Алекосындағы» – Алеко, Дж.Вердидің «Аидасында» – Амонасро, М.Глинканың «Руслан мен Людмиласындағы» – Русланның партиялары болатын. Бұл партиялар орындаушының дауыс диапазоны мен музыкалық дайындығының көркемдік деңгейін көтерген, толыққанды орындаушылық шеберлігімен көзге түскен әншінің сүбелі жұмыстары болып саналады.
Театрдағы әншілік өнердің көп жағдайда кейін режиссураға ұласып жататын кездері жиі кездеседі. Бұл – қазақ опера театрының тарихында Кәукенге дейін, Кәукеннен кейін де бар, жалғасып келе жатқан дәстүр. Алдыңғы аға буын әнші-актерлер Құрманбек Жандарбеков, Қанабек Байсейітов режиссер мамандардың жоқтығынан өздері қоюшы, өздері рөлде орындаушы ретінде опера театрының алғашқы 20 жылында көрінсе, Кәукеннен кейінгі кезеңде опера режиссурасына ойысқан әншілерден Ғафиз Есімовті атауға болады.
К.Кенжетаевтың театрдағы режиссерлік жұмыстарының өзі бір төбе. Өнерде, шығармашылық ізденісте бойындағы байқампаздығы, орындаған партиясының өзіндік жеке режиссуралық желісін образдар әлемін жасауы оның режиссерлік қабілетін таныта түседі. Ол опера қойғанда негізгі материалды тереңнен қаузап, тәжірибесін молынан пайдаланады. Оның ішінде Е.Брусиловскийдің «Амангелді», «Қыз Жібек», «Ер Тарғын», «Жалбыр», П.Чайковскийдің «Қарғаның мәткесі», Е.Рахмадиевтің «Алпамыс», С.Мұхамеджановтың «Айсұлу» комедиялық операларын ерекше атап өтуге болады. Бұл қойылымдардан ұлттық операдағы дәстүрлі жалғастықты көруге болады. Ол алдымен, ұлттық спектакльдерді сахналауда алдыңғы буын салып кеткен сүрлеуді бұзбай, сол үлгіні сәтті жалғастыра алады. Ол жайлы алдыңғы аға буынның өкілі Қ.Жандарбековтің «Көргендерім мен көңілдегілерім» атты естелік кітабында арнайы «Ізбасар» атты тараушада айтылады. Автор Кәукеннің сахнадағы әншілік-шығармашылық жұмыстарына тоқтала келе, соңына ерген шәкіртінің кәсіби шеберлігіне нақтылы баға береді. Ол: «Режиссерлік, қанша айтқанмен, негізінде болмаса, техниканы игеру оңайлыққа түспейді. Мұндай жұмыстарды Кәукенмен істеу қиындық келтірмейді. Тез игереді, қажетті жерінде өзі де былай істесек қайтеді деп, кейбір мизансценаларды айтып қалады. Кәукен, әсіресе, халық эпостары негізінде жазылған операларда ойнағанда мені қатты риза етеді. Кәукен мен ойнаған рөлдерді түгелге дерлік ойнады», – дейді.
Кәукеннің опера театрының режиссурасына араласуы кездейсоқ тосын құбылыс емес. Ол үшін үлкен дайындық керек болатын. Дайындық жұмыстарын ол өзінің негізгі жұмыс орны – сахнада бастап кетеді. Құрманбек ағасы: «Кәукен көбіне-көп маған ассистент болып жүрді. Мен қойған спектакльдерге неге ассистент болуға құштар десем, сырын кейін білдім. Өзін іштей режиссерлік жұмысқа әзірлеп жүр екен, менен біраз нәрсені үйренгісі бар екен. Көп жайды үйренген де секілді», – дейді. Өзіндік ойымен режиссураға бейім, көп оқып ылғи ізденіс үстінде жүретін жан ретінде бағаланған әнші Кәукен режиссер Кәукенге айналуы ұзақ жылдарғы еңбектің нәтижесі. М.Төлебаев пен Е.Брусиловскийдің «Амангелді» операсы К.Кенжетаевтың тұсаукесер жұмысы болғаннан кейін жас режиссерді Мәскеудің Үлкен театрының 3 айлық дайындық курсына жібереді.
Режиссер шын мәнінде опера театры атты өндіріс әрі шығармашылық ұжымды басқару ерекшеліктерімен, басынан аяғына дейін спектакль жасаудың технологиялық жетістіктерімен, сол кездегі атақты реформатор-режиссер Борис Покровскийдің мектебімен танысып шығады. Бұл режиссерлік сыннан өткендердің жұмыссыз отыруы мүмкін болмайтын. Кәукеннің режиссура саласындағы жұмыстары театр мамандары мен әріптестері арасында өзінің орынды бағасын алды.
К.Кенжетаев шығармашылық шыңында кино актерлік қырымен де жан-жақты көрінеді. Тіпті, опера әншісі мансабынан бұрын киноға түсіп танылғанын біреу білсе, біразы білмей жатады. 1938 жылы ірі өнер қайраткері Г.Александровтың режиссурасымен барша Одақ жұртшылығына танымал болған «Волга-Волга» кинокомедиясы түсіріліп, консерватория студенті Кәукен көпшілік сахнада, ұлт өкілдерінен құралған президиум мүшесі болып тарихта қалады. Атағы жер жарған, белгілі театр және кино актер Игорь Ильинскиймен, кеңес киносының жарық жұлдызы Любовь Орловамен кино түсіру алаңында бірге болып, олардың жұмыс стилімен жақыннан танысады.
Актердің өзі емес, оны режиссерлердің өздері іздеп ұсыныс жасайтын бір қалыпты мінезінен біз, бұл тұлғаның шынайы өмірде қандай адам болса, шығармашылықта да өзіндік көзқарасы бар, таза, берік ұстанымның иесі екендігін көреміз. Кинодағы ғұмырында режиссер Шәкен туған інісін бір ғана – «Біздің сүйікті дәрігер» фильміне шақырып, онда да эпизодтық әнші рөліне түсіруі көп жайтты аңғартады. Осы бір фактіден біз әнші актердің өнерге тазалығын, адалдығын көреміз. Бұл қасиет өнер атты асау аттай бәсекелестіктің қан базарын қыздыратын салада сирек кездесетін керемет кейіптер.
Қазақ-кеңес кино өнерінің даму кезеңінде ұлттық бояуы мол, халықтың салт-дәстүрі мен мәдениетін бойына терең сіңірген талантты актер ретінде кинокартинада әр алуан тағдырлы көркем образдарды сомдады. Көрермен ол фильмдерде орындаушыны әр түрлі қырынан танып, бірі екіншісін қайталамас образдар галереясымен жүздесті. «Жерге қайтып оралуда» – режиссер, «Біздің сүйікті дәрігерде» – әнші, «Ел басына күн туса» фильмінде – Бауыржан Момышұлы, «Ән қанатында» – Нұртаза, «Тұлпардың ізінде» – Танабай, «Таудағы шынарда» – Жапас, «Қызыл тас заставасында» – қарт, «Қыз Жібекте» – Базарбай, «Боранды бекетте» – Қазанғап, «Гауһартаста» – қарт әке образдары санаңызда ешқашан ескірмейді… Өзге де фильмографиядан актердің бай сахналық тәжірибесі мен орындаушылық шеберлігін танытқан бейнелерді көресіз. Шағын эпизодтық сахнадан бастап толыққанды үлкен образдармен көрінген актердің кейіпкерлері ойлы, аз сөзбен көп ой айта алатындай кең ауқымды болып келеді. Осы рөлдерінің ішінен театр мен кинотанушы мамандардың, ерекше назарын аудартқан бейнесі режиссер Мәжит Бегалиннің фильміндегі талантты командир, қазақтың қайсар да қаһарман батыры Бауыржан Момышұлының келбеті болатын. Батырдың көзі тірісінде ол туралы фильмде Бауыржанды ойнау қиынның-қиыны еді. Фильмге түсіп біткеннен кейін көркемдік кеңеске тапсыру кезінде актердің бұл рөлі Бауыржанға ұнай ма, ұнамай ма деген күдікпен, екіншіден, батырдың тік айтатын мінезінен қаймыққандықтан үйінде қалып қойғаны, көрсетілімнен кейін ойда-жоқта режиссер мен кейіпкер прототипі Бауыржан Момышұлының үйіне арнайы іздеп келіп, құшақтап құттықтауы керемет оқиға емес пе?
К.Кенжетаев қаламынан «Дархан дарын», «Мәжит Бегалин», «Высокий дар призвания» атты бірнеше кітаптар жарық көрді. Өзінің заманы, айналасындағы талантты әріптестері – қазақ сахнасының шеберлері жайлы бұл кітаптардың баяндау тілі жатық, шұрайлы, қызықты тың деректерге толы. Сонымен бірге, оның артында қалған «Алпамыс», «Алдар Көсенің айласы», «Баян жүрек», «Кемпір мен шал, «Қалқаман-Мамыр», «Құсни-Қорлан», «Сапар», т.б. операларына арналған либретто мәтіндері де қазақ композиторларына аса қажет тақырыптар болатын. Бұл либреттолардың біразын қазақ композиторлары сол кезде музыкасын жазып операға айналдырса, «Қалқаман-Мамыр» опера-балеті 2007 жылы Астанадағы К.Байсейітова атындағы опера және балет театрының сахнасында қойылды.
1979 жылдан бастап Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясында шәкірт тәрбиелеп, дәріс оқып, ұстаздық қырымен де кеңінен танылған Кәукен Кенжетаев профессорлық-оқытушылар арасында сахналық, өмірлік тәжірибесі мол педагог, ақылшы аға болатын. Бірнеше мәрте жоғары жаққа ұсыныспен шыққан, қазақ тілінде ойын көрсететін музыкалық комедия (оперетта) театрын құру ісі үлкен арманы еді. Академия қабырғасында музыкалы-комедия театрына әнші-актерлерді арнайы даярлайтын мамандық ашып, біраз жылдар аталмыш кафедраның меңгерушісі болды. Осы жерде 1985 жылы К.Кенжетаевқа оқу орнының профессоры атағы беріледі. Ән айтып, би билейтін, актерлік талантымен көрінуге тиіс бұл мамандарды даярлау ісі күрделі әрі ұзақ жылдар бойы үзбей айналысуды қажет ететін еді. Арнайы музыкалық комедия театры ашылмағанмен Кәукен ағамыз бастап күні бүгінге дейінгі жас мамандар Қазақстанның түкпір-түкпіріндегі театрлардың құрамында өнер көрсетуде. Классикалық опера мен опереттаның үздік үлгілерінің қазақ сахнасында қойылып, ана тілімізде сөйлеуі маңызды саяси мәні бар мәселе деп білген ұстаз оқытушылық тәжірибесі барысында дипломдық жұмыстарына таңдап алған «Сильва», «Фигароның үйленуі», «Тыныш шаңырақ» секілді опера мен оперетта либреттоларын қазақ тіліне аударды. Бұл алдымен оқу театрында, кейін республиканың музыкалық театрлары сахналарында қойылды.
Өнерпаздың сахнадағы еңбегі мемлекет тарапынан жоғары бағаланып, 1959 жылы Қазақ КСР халық әртісі атағын иеленді. Еңбек Қызыл Ту ордені мен медальдармен марапатталды.
Ұлтымыздың кәсіби сахна өнерінің танымал өкілі Кәукен Кенжетаевтың есімі ешқашан естен шықпайды, қалдырған рухани мұрасы ұмытылмайды. Бір емес, бірнеше кітапқа татырлық қымбат өнерімен, қайталанбас қазақы келбетімен танылған тұлға өзіндік адами биік ұстанымдарымен, шынайы шығармашылық жолымен ұрпақ есінде мәңгі қала бермек.