Мақала / #студентСөзі
Қаланың ауыр жалғыздығы
"Әлемнің мейірлі енжарлығы" фильміне рецензия
Бөлім: Кино
Датасы: 23.10.2018
Авторы: Дамир Амантай
Мақала
Қаланың ауыр жалғыздығы
"Әлемнің мейірлі енжарлығы" фильміне рецензия
Бөлім: Кино
Датасы: 23.10.2018
Авторы: Дамир Амантай
Қаланың ауыр жалғыздығы

«Құрылысшылар», «Қожайындар», «Қаратас ауылындағы оба», «Таңсәрі» сынды фильмдерімен танылған режиссер Әділхан Ержановтың «Әлемнің мейірлі енжарлығы» аталатын көркем киносы 2018 жылы әлемге әйгілі Канн кинофестивалінде «Ерекше көзқарас» бағдарламасы аясында алғаш рет көрермен назарына ұсынылған болатын. Алайда өз еліміздегі бірінші көрсетілім алғашқы халықаралық Алматы фильм фестивалі кезінде болған еді.

Аталмыш іс-шара қыркүйек айының он бесі мен он тоғы аралығында елімізге белгілі режиссер Ақан Сатаевтің («Рекетир», Жаужүрек мың бала», «Анаға апарар жол», «Районы», және т.б.) басқаруымен және Алматы қаласының әкімшілігі қолдауымен ұйымдастырылған тұғын. Фестивальға әлемнің түпкір-түпкірінен келген ерекше кинокартиналар қатысып, өзара сайысқа түскен еді. Солардың ішінде «Әлемнің мейірлі енжарлығы» да бар болатын.

Әрине, Әділхан Ержановтың фильмі фестивальдің гран-приін иелене алған жоқ, бұл атақ режиссер Дарья Жуктың «Хрусталь» атты туындысына берілді, бірақ та оператор Айдар Шарипов пен қоюшы-суретші Ермек Утегенов өздерінің жұмыстары үшін арнайы сыйлықпен марапатталды. Ал бұның өзі әжептәуір жетістік.

Енді «Әлемнің мейірлі енжарлығына» толығырақ тоқталып өтсек. Кинотуынды көрсетілімі өткізілген кезде отандастарымыздың көпшілігі қатты қызығушылық танытып, сайысқа түскен фильмдер көрсетілген «Lumiera Cinema» кинотеатрына қаптап келген еді. Олардың көп болғаны соншалық, кинозал қас-қағым сәтте лық толып, тіпті кейбір көрермендер симай сыртта қалған болатын.

Фильмнің сюжеті ауылдан қалаға көшіп келген Салтанат (Динара Бақтыбаева) және Қуандық (Қуандық Дюсембаев) атты екі жан достардың бастарынан кешкен оқиғаларын баяндайды. Олардың арасындағы романтикалық химия көрерменге анық сезілгенмен ашық түрде көрсетілмейді. Керісінше, қыз бен жігіттің өмірлері екі бөлек бағытта өрбіп, параллельді түрде ілгері жылжиды. Осылайша фильм махаббат туралы емес, үлкен қаланың ауыр өмірі мен жалғыздық мәселесі айналасында өрбиді. Жігітті де, қызды да бір-біріне мүлде ұқсамайтын жабайы ортаға тап болып, аман қалу және жақсы жағдайға жету үшін қолдарынан келгенін жасай бастайды. Көрермен фильмді тамашалап отырып Салтанат пен Қуандықтыққа жанашырлық танытып, қиындықтарын жақсы түсініп, бақытты финалға жетулерін тілеп отырады. Фильм нағыз драма болғанымен де ішінде комедия және трагедия үлкен орын алады. Күлкілі жерлері күлдіреді, ауыр жерлері мұңайтады. Ал фильмнің соңында ащы әрі тәтті деп сипаттауға болатын ерекше сезім пайда болады.

Әрине, фильм сценариін өте жақсы деп айтуға болмайды. Диологтары тым ұзақ, кейде тыңдап отырып жалығып та кетесің, бірақ бұнысын кешірімді. Әділхан Ержанов артхаустық фильмдерге жақын болғандықтан бұл жерде сценарийден гөрі режиссерлік шешімдерге көбірек көңіл бөлген. Әсіресе Салтанаттың айна алдында отырып, артындағы шалға: «Сендерге ақша ғана маңызды емес пе?» - деген сөздері жақсы көрсетілген. Қыз өзінің ренішін шалға ғана емес, айнадағы өз кескініне айтқандай болады. Бұл бір. Екінші бір қызық нәрсе: қыздың көйлегі. Салтанат ашық-жарқын, жүрегі таза, болашаққа деген үміттерге тола кезінде қызыл түсті көйлекпен жүреді де, артынан ауқатты шалдың көңілдесі болып, қара түсті көйлек киеді. Ал Қуандықтың қатты оптимисттен реалистке айналуы гүлдеп тұрған гүлдің солуымен көрсетіледі. Бұлардың барлығы нағыз режиссерлік шешім.

Ал актерлік ойынға келер болсақ, қатты мадақтауға келмейді. Динара Бақтыбаева кейбір сценаларда театр сахнасында жүргендей пафосты мәнермен сөйлеп қалады. Онысы әсіресе Салтанаттың Қуандыққа өзінің болашағы жайлы айтқан жерлерінде байқалады. Ал актер Қуандық Дюсембаев өз сөздерін жаттанды айтады. Әсіресе кейіпкер өз төл-құжатын жоғалтып алғаны біртүрлі естіледі. Алайда жоғарыда аталған екі әртістің арасындағы өте жағымды тандем әжептәуір қуантады.

Сөз қорытып айтар болсақ, «Әлемге жылы бейжайлық» мынадай екі ой-тұжырымды алдыға итереді: 1) өмір деген өте әділетсіз, ауыр құбылыс, бірақ онда шынайы махаббат жоқ емес; 2) үмітсіз – шайтан, оны жоғалтып алуға болмайды; 3) қандай қателік жасасаң да, бәрін дұрыстауға болады. Және де, фильм қазіргі замандағы кеңінен таралған парақорлық, сексизм, бәрібіршілік сияқты құбылыстарды қатты сынға алып, әрдайым бағаланып келген адами құндылықтарға берік болуға шақырады. Негізі, Әділхан Ержанов – өзіндік стилін қалыптастыра алған жас режиссер. «Әлемнің мейірлі енжарлығы» фильмі оның бұрынғы еңбектеріне қарағанда әлдеқайда жақсырақ. Яғни шығармашылық көркею бар.

Қолданылған материалдар:

  1. brod.kz
Сізге қызық болуы мүмкін:
Қоғамның төменгі сатысы
Кино Қоғамның төменгі сатысы
12.10.2018
#студентСөзі