Мақала
«QAZAQ KINOSY: TOP-10 FILM» жобасы
Бөлім: Кино
Датасы: 26.01.2023
Авторы: Oner Portal
Мақала
«QAZAQ KINOSY: TOP-10 FILM» жобасы
Бөлім: Кино
Датасы: 26.01.2023
Авторы: Oner Portal
«QAZAQ KINOSY: TOP-10 FILM» жобасы

Кино көрерменге рухани азық сыйлаумен қатар қоғамды, әлеуметті, өзін өзі тануға көмектесетін медиа түрі. Киноның бұл қызметін түсіну және сондай әдетті қалыптастыру үшін кәсіби мамандардың қатысуымен фильмді көру, талқылау мәдениетін көрсететін жобалар қажет.

Ұлттық кино дегеніміз не, ол белгілі бір ұлт туралы немесе белгілі бір мемлекет аумағында түсірілген дүние ме, әлде түрлі этностарды ұйыстырып, ұлт ретінде қалыптастыратын идеологиялық құрал ма, тарихтың бір кезеңінде түсірілген киноның саяси жүйе ауысқанда немесе қоғам дамудың жаңа кезеңіне аяқ басқанда құндылығы қандай болмақ, оны сол дәуірдің атмосферасын, шындығын жеткізетін туынды деп қарастыру керек пе әлде ұлттың даму белестерінің белгісі ретінде идентификациялауымыз керек пе? Осы сұрақтар жоба барысында әр фильмді талқылау кезінде қойылды. Ал фильмді талқылауға кинотанушылар мен әлеуметтік ғылым зерттеушілері, эксперттері қатысып кино мен қоғам өмірі тұрғысынан саралауға тырысты.

Жоба авторы әрі жетекшісі Әннәс Бағдат:

«Кино шын мәнінде тек интертеймент емес. Әрине, бұрын да, қазір де терең мағынаны өзіне де, көрерменге де жүктемейтін, ойын күлкіге негізделген фильмдер болған. Бірақ олар лап етіп тек касса жинап, кинотеатр залында, теледидар алдындағы адамға бір сәттік эмоция беруі мүмкін. Осымен кинокартина аяқталады. Алайда қоғамдағы болып жатқан процестер сценарист, кинорежиссер ойымен тоғысқанда бірнеше буынға ой салар дүние өмірге келеді.

 

Қазақ киносында мұндай фильмдер бар ма? Әрине, бар. Осы фильмдерді іріктеп, оларды талқылап, авторлардың айтқысы келгенін, сол кезең рухын сезіну үшін бәріміз фильмді бірге қарап, неге талқыламасқа деген ой туған еді. Осылайша, «QAZAQ KINOSY: TOP-10 FILM» жобасын бастадық. Қазақ киносының бүгінгі бағыт-беталысын айқындау немесе зерделеу үшін қазақ киносының тұтас картинасын, яғни кеңес дәуіріндегі фильмдерді деколониал теория тұрғысынан қайта қарастыру, ал тәуелсіздік кезеңінде түсірілген фильмдер отарлық санадан қаншалықты арылғанын әлеуметтік ғылымдар категорияларына сүйене отырып талқылау өте маңызды. Бұл жалпы көрерменге киноны ішкі – көркемдік эстетикасын және сыртқы – кино қоғам болмысының суреткері екенін түсінуге көмектеседі».

«QAZAQ KINOSY: TOP-10 FILM» жобасы бірнеше кезең бойынша жүргізілді. Алдымен Қазақстан кинематографы тарихындағы топ-10 фильмді анықтауды мақсат еттік. 1928-2021 жылдар кезеңіндегі Қазақстандық көркем фильмдердің тізімі жасалып, осы тізім негізінде үздіктерді таңдауға 30 киносыншы және 50 кинорежиссер қатысты.

Таңдалған фильмдерді кино саласының мамандары мен әлеуметтанушы, тарихшы, саясаттанушы, ғалымдармен талқылап, бірге көрсетілім ұйымдастырылды. Талқылауда кинотанушы мамандар кино теориясы контекстіндегі кино философиясын, автор айтқысы келген идеясын, көркемдік құндылығын жеткізді. Ал ғалымдар, эксперттер бүгінгі күнмен байланысын, кеңес дәуірінде түсірілген фильмдерге постколониал теория тұрғысынан көзқарасын, тәуелсіздік кезеңінде түсірілген картиналардың қаншалықты отарлық бодандықтан арылғанын адам құқықтары, әлеуметтану, психоанализ, гендерлік теорияларға сүйене отырып талдады. Талқылаудың бейнежазбасы Oner порталының YouTube арнасында жарияланған.

Жоба American Space & Makerspace Almaty кеңістігінде және Nursultan Nazarbayev қорының конференц-залында өтті.

«QAZAQ KINOSY: TOP-10 FILM» жобасы – Oner Portal ұйымдастыруымен АҚШ-тың Қазақстандағы Дипломатиялық миссиясы мен  Сhevron арасындағы Мемлекеттік-жекеменшік әріптестік демеушілігімен және қолдауымен жүзеге асырылған жоба.


QAZAQ KINOSY: TOP-10 FILM

  1. Менің атым Қожа (1963), реж. А.Қарсақбаев
  2. Қыз Жібек (1970), реж. С.Қожықов
  3. Тұлпардың ізі (1964), реж. М.Бегалин
  4. Атамекен (1966), реж. Ш.Айманов
  5. Қиян (1989), реж. С.Апрымов
  6. Қилы кезең (1966), реж. А.Қарсақбаев
  7. Балкон (1988), реж. Қ.Салықов
  8. Көзімнің қарасы (1994), реж. С.Нарымбетов
  9. Отырардың күйреуі (1991), реж. А.Әмірқұлов
  10. Кардиограмма (1995), реж. Д.Өмірбаев