Әлімхан Жанболат
кинотанушы
10 сәуір күні Т.Жүргенов атындағы ҚҰӨА-да «Қазақ киносындағы әйел репрезентациясы» тақырыбында ғылыми семинар өтті. Кездесуді өнер академиясында өтіп жатқан «Жүргенов оқулары» ғылым апталығы аясында «Көзімнің қарасы» мәдени-танымдық клубы ұйымдастырған болатын. Кинотанушы, PhD, СДУ қауымдастырылған профессоры Молдияр Ергебековтың аталған тақырыптағы семинарына Т.Жүргенов атындағы ҚҰӨА-ның ғылыми жұмыс жөніндегі проректоры Қ.Халықов, «Өнертану» факультетінің деканы Б.Нұрпейіс бастаған академия ұжымы басшыларымен қоса оқытушылар, студенттер және осы тақырыпқа қызығушылық танытқан қонақтар келіп қатысты.
Соңғы жылдары қазақстандық медиа және кино саласы негізінде белсенді гендерлік зерттеулер жүргізіп келе жатқан ғалымның кезекті семинары ұлттық кинематографтағы әйел өкілдігі (репрезентациясы) айналасында өрбіді. М.Ергебеков бір қыры кино арқылы көрініс тауып отырған мәселенің себебін арыдан бастап тарқатады. Семинарда антропологиялық ұғымнан бастау алатын әйел және еркек болып өмірге келу мен әйелдігіміз һәм еркектігіміз арасындағы айырмашылықты жете түсінудің маңызы зор екендігі алға тартылды. Яғни біздің еркектік пен әйелдік қалпымызды біз өмірге келген отбасы, қоғам және мемлекет бірлесе қалыптастыратындығына тереңірек үңілуіміздің мәні зор дейді ғалым. Осы арқылы кинотанушы өнердегі әйелге немесе еркекке байланысты көрсетілітін дүниелер де қалыптастырылған (структивті) деп тұжырымдайды.
Біз әйел болуды кинода қалай қалыптастырып отырмыз деген саулға жауап іздеуді М.Ергебеков аз-кем тарихи шегіністер жасаудан бастайды. Кеңестік кезең киносындағы бейне – образ ұғымы мен батыстық қолданыстағы репрезентация – өкілдік атауларының беретін мағыналарындағы айырмашылықты ғалым эстетикалық және өкілдік сынды бір-бірінен біршама парықталатын түсініктер арқылы сипаттайды. Баяндама барысынан білетініміз белгілі бір шешуші қоғамдық қозғалыстардағы әйелдердің белсенді әрекет етуші рөлі болғанына қарамастан ұлттық мемлекеттердің құрылу барысында әйел – символ сынды жалаң түсінікке біздің де ұрынып келе жатқанымыз сынды шындық еді. Осының әсерінен қазақ киносындағы әйелдер де симолдық немесе репрезентациялық бейнелер екенін алға тартады баяндама авторы.
Контент анализ және сыни дискурс талдау тәсілдерін қолдана отырып М.Ергебеков қазақ киносында жиі кездесетін ана, келін, модерн әйел, жезөкше, белсенді әйел, этникаралық үйленудегі әйел характерлеріне сараптама жүргізеді. Шын мәнінде қазақстан тәуелсіздіктің алғашқы жылдарынан БҰҰ-ның әйелдерге деген зорлық-зомбылық пен өшпенділікті болдырмау мәніндегі декларациясына қол қойғанымен сол негізде қабылданған мемлекеттік ішкі заң-ережелер көбінде отбасылық қайшылықтарды болдырмау мақсатындағы тар шеңберде қалып кеткенін байқаймыз. Зерттеуші бұдан кейін аталып өткен символдарға жекелей тоқталып өтті. Ергебеков әйелге ана ретінде ғана қарау түсінігінің біз байқай бермейтін салдарын, яғыни ана емес әйелдердің елеусіз қалдырылуы сынды шындықты айта келіп, еліміздің бас газеті – «Егемен қазақстанда» әр жылдары әйелдер күніне арналып жарияланған тақырыптық құттықтау мәтіндеріндегі бір жақтылықты өкінішпен тілге тиек етеді. Сонымен қатар бұл келеңсіздіктің түпкі себебі қоғамның өзінде жатқандығын да жасырмайды.
Келін, яғни келіндікті құрастыру барысында экранда екі типтегі шешімдерді көреміз дейді баяндамашы. Айталық Нұртас Адамбаев пен Асқар Ұзабаевтың фильмдерінде дәстүрлі келін ұғымына қарама-қарсы көзқарастар арқылы келін мен ененің түсіністігі дәріптеліп, «отбасы ұйытқысы» ретінде көрініп жатса, өзге фильмдерде келіндер арқылы әйел жауапкершілігінің «әу бастан ауыр» екендігі басты тақырып болып жататындығын еске салады. Модерн әйел ұғымына деген көзқарасымызда да шикілік барын кинотанушы фильмдегі осы типтегі бейнелердің ақыр соңы «жазаға ұшырап жататындығы» сынды шешімдермен дәлелдейді. С.Нарымбетовтың «Қыз жылаған» фильмінен келтірілген нақты кадрлар бұл пікірдің шынайылығын айғақтай түседі. Яғыныи еркектің «көмегінсіз» әйелдердің трагедияға ұшырауы бұған дәлел болғандай.
Ғалым этносаралық неке көрсетілетін басым көпсанды фильмдерде өзге ұльтқа тұрмысқа шыққан қазақ қызының бойында ақыр соңы бақытсыздыққа ұшырау немесе өкініш арқалау сезімі болатындығын да мысалға келтіре кетті. Қоғамдық көзқарастардан бастау алаты бұл дикурсты үрдісті «Тұзды көл жағасындағы үй» немесе «Дала экспресі» фильмдері мысалында дәлелдейді семинар авторы.
Атаулы тақырыптық мәселе ішінара әйел режиссерлар фильмінде де кездесетінін өкінішпен баяндай келе, зерттеуші патриархалды сезім отандық кинода еңбектеніп жатқан әйел кинематографнда да байқалады дейді. «Ауылым көктөбенің баурайында», «Бақсы» немесе «Шиза» қатарлы кинокартиналардағы патриархалды атмосфераны (еркектік көзқарасты) байқау аса қиын емес екенін айтады. Алайда, баяндамашы бұған керісінше жағымды үрдіс ретінде гендерлік мәселеге сезімтал Жанна Исабаеванің фильмдерінде қалыптасқан қоғамдық стреотиптерге қарсылық байқалатынын атап өтті.
Беделді феминистердің зерттеулеріне сүйене отырып қоғамымызда қалыптасқан «Әйел-әйелге дұшпан» көзқарасынан туындап отырған немесе «Сен қатынсың» сынды сыни тіркестерден шығатын ұғым біздегі мәселенің тағы бір қыры деп топшылайды Ергебеков. Әрине, қазақ киносында жағымды ұл бала кейіпкерлері көп екені анық, алайда дәл осындай қыз балалар киноэкранымызда жоқтың қасы екені шындық.
Ұлттық кинематографиядағы әйел репрезентациясы мәселелерінің қорытындысы ретінде зерттеуші аталған кінәраттардың себебіне тоқталып өтті. Нақтырақ айтқанда медиа болсын, кино болсын, күнделікті өмірдің барлық саласында аталған стреотиптерге, гендерлік сауатсыздыққа жол беретіндігіміздің салдары осыған алап келіп отыр деп түйіндейді. Зерттеуші біздің қоғамда гендерлік теңдікті әйелдерге басымдық беру деп қарайтын көзқарастардың бар екендігін жасырмады. Орын алып отырған мәселеге көзжұма қарау немесе қоғамда қалыптасқан үрдістерді заң ретінде қабылдау да гендерлік мәселенің бір себебі деп қортындылайды. Елдік санаға әлі дұрыс сіңірілмей жатқан «Рухани жаңғыру» аясында аталған мәселе керісінше өршіуі мүмкіндігіне зерттеуші алаңдаушылық білдіреді. Ендеше біз де ғалымың бастамалары негізінде қоғамымызда еркін пікірталас алаңы мен иқуатты гендерлік сынның қалыптасуын қолдаған болар едік.