Қазақ кинотану ғылымы, кино сыны, кино тарихы саласы дегенде ең алдымен өнертану кандидаты, профессор, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Бауыржан Рамазанұлы Нөгербектің есімі бірден ойға келері сөзсіз. Бауыржан Рамазанұлы – қазақ ұлттық киносына және оны зерттеу саласына ұшан-теңіз еңбегі сіңген ғалым әрі саналы ғұмырын кинопедагогика саласына арнаған ұлағатты ұстаз. «Ертегілерге жан біткенде» («Когда оживают сказки») [1], «Қазақстан киносы» («Кино Казахстана») [2], «Қазақфильм» экранында» («На экране «Казахфильм») [3], «Қазақ көркемсуретті киносындағы экранды-фольклорлық дәстүрлер» («Экранно-фольклорные традиции в казахском игровом кино») [4] монографияларының, «Қазақ киносының тарихы» оқулығының («Қазақ анимациялық киносының тарихы» бөлімінің авторы) [5], 280-ге жуық мақаланың авторы. Еңбектері көптеген шет тілдеріне аударылды.
Б.Р. Нөгербектің мақалаларындағы, баспасөз беттеріне берген сұхбаттарындағы, зерттеу еңбектеріндегітұщымды ой-пікірлері мен теориялық тұжырымдарыұлттық кино өнеріміздің бүгіні мен келешегі үшін атқаратын қызметі өте зор. Оның еңбектері шын мәніндегі қазақ кәсіби кинотеория саласының негізін қалады деп айтуға толық негіз бар. Осы ретте кинотанушының ұлттық анимациялық кино туралы зерттеген «Ертегілерге жан біткенде» және қазақ көркемсуретті киносындағы фольклорлық дәстүрлерді тарихи-теориялық тұрғыдан қарастырып, ұлттық кино өнерінің қалыптасуы мен даму кезеңдері туралы тың көзқарас қалыптастырған «Қазақ көркемсуретті киносындағы экранды-фольклорлық дәстүрлер» атты монографияларын ерекше айтуымыз керек.
Әрине, зерттеушінің қай еңбегі болсын, қазақ кинотану саласы үшін маңызы зор екені даусыз. Солардың ішінен мақаламыздың басты нысаны ретінде – 2008 жылы «RUAN» баспасынан жарық көрген «Қазақ көркемсуретті киносындағы экранды-фольклорлық дәстүрлер» атты монографиясын алып отырмыз. Ең алдымен, бұл монографияның қазақ ұлттық киносының қалыптасуы мен даму тарихын ғылыми тұрғыдан жүйелі түрде зерттеген ірі теориялық еңбек екеніне назар аударуымыз қажет.
Қазақ киносы туралы алғашқы монография 1966 жылы жарық көрді. Бұл – кинодраматург Қабыш Сирановтың «Кеңестік Қазақстанның киноөнері» («Киноискусство Советского Казахстана») атты еңбегі болатын [6]. Осыдан тек қырық екі жыл өткен соң ғана қазақ киносының қалыптасуы мен даму кезеңдері тарихи-ғылыми тұрғыдан зерттелген Бауыржан Рамазанұлының «Қазақ көркемсуретті киносындағы экранды-фольклорлық дәстүрлер»монографиясы жарыққа шықты.
Әрине, екі монографияның арасындағы кезеңде «Қазақ киносы туралы очерктер» («Очерки истории казахского кино») [7] жинағы, кинотанушылар К. Айнағұлова мен К. Әлімбаеваның«Қазақ киносының даму үрдістері» («Тенденции развития казахского кино») [8], Қ. Сирановтың «Шәкен Айманов – кинорежиссер және актер» («Шакен Айманов – кинорежиссер и актер») [9], К. Смайыловтың «Кино осылай туады» [10] сияқты қазақ киносындағы мәселелер тақырып аясы ретінде алынған еңбектер әр жылдары жиі болмаса да, жарық көріп отырды. Дегенмен, бұл аталған еңбектердің көпшілігінде қазақ киносындағы мәселелер эссе, рецензия, публицистика, шығармашылық портрет т.б. жанрларында көрініс тапты. К. Айнағұлова мен К. Әлімбаеваның авторлығымен жарық көрген «Қазақ киносының даму үрдістері» атты еңбекте қазақ көркемсуретті және деректі киносының тек белгілі бір кезеңдері ғана қарастырылды. Әрине, қазақ киносының қалуыптасуы мен даму кезеңдеріне тарихи-теориялық зерттеу тұрғысынан обьективті көзқарас аталған еңбектерде кездесе бермейді.
Отандық кинотану саласында қалыптасқан бұл мәселе туралы Бауыржан Нөгербек «Қазақ көркемсуретті киносындағы экранды-фольклорлық дәстүрлер» монографиясының кіріспесінде кеңес үкіметі жылдарындағы қазақ кинотану саласының кинематографиялық үдерістің көшбасы болудан гөрі, оның соңынан тек ілесіп отырғанын, негізінен мерзімдік баспасөз беттеріне жарияланған очерктік-баяндау жанрымен ғана шектеліп отырғанын атап өтеді [4, 12 б].
Сонымен, «Қазақ көркемсуретті киносындағы экранды-фольклорлық дәстүрлер» монографиясының қазақ кинотеориясы, киносыны, кинотарихы үшін атқаратын қызметі қандай? Ең алдымен айтпағымыз – аталмыш монографияның авторы күні бүгінге дейін ең бір өзекті болып келген төмендегі маңызды үш сұрақтың жауабын іздейді:
- Кеңес үкіметі жылдарында тарихи-революциялық және тарихи-биографиялық жанрларда түсірілген қазақ фильмдерінің көркемдік-эстетикалық құндылықтары бар ма?
- Кеңес заманындағы қазақ киносын бүгінгі күн тұрғысынан қалай бағалауымыз керек: кеңестік тоталитарлық фильм моделінде айқын көрініс тапқан идеологиялық әлде ұлттық фольклордың дәстүрлері сақталған өнер ретінде ме? Кеңестік тоталитарлық фильм мен фольклорлық киношығарманың арасында генетикалық байланыс бар ма?
- Кеңес үкіметі жылдарындағы және одан кейінгі кезеңдегі қазақ ұлттық киносының, Ш. Айманов, М. Бегалин, А. Қарсақбаев, С. Қожықов фильмдері мен «жаңа толқын» киносы шығармаларының арасында байланыс бар ма?
Осы үш сұрақты уақыттың өзі сүзгіден өткізіп барып, алдыңғы қатарға алып шығады. Бұл сұрақтардың жауабын іздеуде автор көптеген белгілі кинотеоретиктердің, кино тарихшыларының пікірлеріне кеңінен шолу жасайды. Олардың кейбірімен келісе, ал кейбірімен теориялық көзқарас тұрғысынан пікір-сайысқа түсе отырып, өзіндік теориялық ұстанымын алға тартады. Автордың өзі жоғарыдағы үш сұрақтың жауабы «кинематографиялық дәстүрлер мен кинодағы экрандық-фольклорлық дәстүрлердің өзара байланысында жатыр» дейді [4, 9 б].
Б. Нөгербектің пікірінше, қазақ киносының аға буын өкілдері мен «жаңа толқын» киносы өкілдерінің шығармашылығы арасында бір қарағанда ешқандай байланыс, сабақтастық жоқ секілді көрінеді. Алайда, актер ойыны мен сюжеттің басымдылығы, таза жанрлық фильм түсіруге деген талпыныс тұрғысынан С. Апрымовтың (кейбір фильмдері), Т. Теменовтің («Адамдар арасындағы бөлтірік»), А. Әмірқұловтың («Отырардың күйреуі») және қазақ киносының аға буын өкілдері фильмдерінің арасында ұқсастықтар бар екеніне назар аударады [4, 20 б].
Монография авторы кеңестік және посткеңестік кезеңдердегі қазақ көркемсуретті киносын фольклорлық және тоталитарлық фильммодельдеріне сәйкес шартты түрде фольклорлық, тоталитарлық, тоталитарлық емес және антитоталитарлық фильм деп төрт топқа бөліп қарастырады. Автордың пікірінше, фольклорлық фильмді кеңестік және посткеңестік кезеңдердің екеуінен де көруге болады. Тоталитарлық және тоталитарлық емес фильмдер кеңес үкіметі жылдарында түсірілді, ал антитоталитарлық фильм негізінен қазақ киносының посткеңестік кезеңіне ғана тән болды [4, 22 б].
Автор жоғарыда аталып өткен төрт топқа нақты қандай фильмдерді енгізуге болатыны туралыбылай деп баяндайды:«Фольклорлық фильмдердің қатарына ұлттық эпостар бойынша экрандалған фильмдерді, фильм-ертегілерді, фильм-әпсаналарды, сондай-ақ фольклор шығармаларының желісімен түсірілген немесе цитата ретінде қолданған киношығармаларды айтуға болады. Олардың арасынан ең бір сәтті шыққан «Махаббат туралы аңыз», «Қыз Жібек», «Құлагер», «Жол», «Аңшы» және тағы басқа фильмдерді атап өтуге болады. Тоталитарлық фильм ең алдымен кеңес үкіметі жылдарында тарихи-биографиялық және тарихи-революциялық жанрларында түсірілген киношығармаларды қамтиды... Ал, тоталитарлық емес фильм кеңестік тоталитарлық фильмнің эстетикасымен сәйкес келе бермейтін шығармаларды біріктіреді. Бұл топтың фильмдерінде кейіпкерлер әлемін жағымды немесе жағымсыз деп нақты бөлінгенін көрмейміз... Қазақ киносындағы тоталитарлық емес фильм моделін Ш. Аймановтың, М. Бегалиннің, А. Қарсақбаевтың көптеген шығармаларынан кездестіруге болады, ал кейінгі жылдары С. Нарымбетовтың, Қ. Салықовтың, тағы да басқа көптеген режиссерлердің шығармашылығында көрініс табады.
Антитоталитарлық фильм бағытында түсірілген фильмдердің барлығында кеңестік жүйеге деген қарсылық көрініс тауып отырды, яғни олар кеңес идеологиясы таңып берген мифті ыдыратты. Қазақ антитоталитарлық фильм моделі алғаш рет 1980 жылдардың соңындапайда болады. Антитоталитарлық фильм эстетикасы, әсіресе, С. Апрымов, Д. Өмірбаев, Ә. Қарақұлов және басқалардың шығармаларында басымырақ көрініс тапты» [4, 22-23 бб].
Тоталитарлық фильм туралы мәселелерді жан-жақты зерттеу барысында монография авторы белгілі кинотанушылар Н. Зоркаяның, Ю. Богомоловтың, К. Разлоговтың, А. Силадидің (Венгрия) т.б. теориялық еңбектерінен сілтемелер жиі келтіріп отырады. Бауыржан Рамазанұлы қазақ көркемсуретті киносының жалпы даму схемасын кеңестік тоталитарлық фильмнен тоталитарлық емес фильмге және антитоталитарлық фильмге дейінгі эволюциялық жолы ретінде қарастыруға болады дейді [4, 41 б]. Сондай-ақ, 1960-1970 жылдары аса белсенділікке ие болған жанрлық фильмдерде, «батырлықты дәріптеуден» гөрі қарапайым адамдардың өміріне басымырақ назар аударатын киношығармаларда революция тақырыбы мен кеңес киносының эстетикалық заңдылықтары қатаң сақталмаған, сондықтан оларды тоталитарлық емес фильм ретінде қарастыруды ұсынады [4, 41 б].
Тоталитарлық фильм моделінің дәстүрлі жанрлары ретінде қарастырып отырған тарихи-революциялық және тарихи-биографиялық фильмдердің қазақ киносының барлық кезеңдерінде, тіпті тәуелсіздік алған жылдарға дейін түсіріліп келгенін, алайда бастапқыдағы мағынасынан біртіндеп айырыла бастағанына айрықша мән береді. Яғни, кеңес үкіметінің идеологиясын қатаң сақтаған дәстүрлі тарихи-революциялық және тарихи-биографиялық фильмдер біртіндеп өзгеріске ұшырайды. Осы ретте монография авторы Ресей кинематографистерінің қазақ жерінде түсірген алғашқы тарихи-революциялық фильмдерде («Бүліншілік», «Жұт», «Дала әндері», «Қаратау құпиясы», «Жау соқпағымен», «Амангелді», «Райхан») саяси-идеологиялық сарынның тікелей көрініс тапқанын, кейінірек тарихи-революциялық фильмдегі революция тақырыбы біртіндеп тарихи-биографиялық фильмдерде («Абай әндері», «Жамбыл», «Шоқан Уәлиханов») бейнеленгеніне назар аударады [4, 45 б].
Монография авторының пікірінше, қазақ киносының даму кезеңінің жаңа белесі «Махаббат туралы аңыз» (1953, реж. Ш. Айманов) фильмінен басталады. Өйткені, бұл шығармада революция тақырыбы, большевиктер мен азамат соғысы батырларының бейнесі, ұжымдастыру науқаны мүлдем кездеспейтінін атап өтеді [4, 45 б].
Бұдан кейінгі жылдары қазақ киносында тарихи-революциялық тақырыптағы шығармаларбіртіндеп азая бастайды. Есесіне, тың жерлерді игеру тақырыбына басым назар аударылады. Монография авторының пікірінше, бұл шығармаларды да тоталитарлық фильм деп атауымыз керек, өйткені, олардың барлығы жоғарғы жақтан арнайы нұсқаумен түсірілген фильмдер.
Кинотанушы қазақ тарихи-революциялық фильмінің даму кезеңіндегі ерекшеліктердің бірі – шығарманың негізіне тарихи оқиғалар мен тарихи тұлғалардың өмірі алынғанымен, олардың бейнесі сценарий жазу кезінде көп өзгерістерге ұшырағанына назар аударады. «Нәтижесінде,биографиялық фильмніңпараметрлері тарихи-революциялық фильмге айналып шыға келді. Бұл жағдайда революция ісінің куәгерлері немесе қатысушылары көркемдік және идеологиялық тұрғыдан жалпыламакөрініс тапты» – деп жазады [4, 47 б].
1960-1970-1980 жылдардағы қазақ киносындағы тарихи-революциялық жанрдың ерекшеліктері туралы Б.Р. Нөгербек былай деп жазады: «1960-жылдары қазақ көркемуретті киносына тарихи-революциялық жанр қайта оралады да, ұлттық кинематографияның көрнекті шығармаларының бірі – «Қилы кезең» фильмі (1966) түсіріледі. Аталмыш жанрдың қарқыны 1970 жылдары бәсеңдейді, алайда Шәкен Аймановтың «Атаманның ақыры» (1970) атты соңғы фильмінде тарихи-революциялық жанрды қайта жаңғыртуға деген талпыныс сезіледі. 1980жылдары Олжас Сүлейменовтің сценарийі бойынша түсірілген «Соңғы асу» (1981) фильмінде революцияға қарсы кейіпкерлер бейнесінің тереңдей түскенін және кеңестік тарихи-революциялық жанрдың өзгергенін көреміз. Революцияның таптық жаулары бұл фильмде жағымсыз, зұлым, қатігез болып көрінбейді. «Соңғы асу» фильмін Абдолла Қарсақбаевтың «Қилы кезеңінде» тұңғыш рет көрініс тапқан тарихи-революциялық фильм кейіпкерлері әлемінің өзгеріске енуі тұрғысынан кинематографиялық ізденістің соңы деп қабылдауға болады» [4, 47 б].
Автор қазақ киносындағы кеңес үкіметінің алғашқы жылдарынан бастап, кейінгі бірнеше онжылдықтарда әрқилы даму және түрлену сатыларынан өткен тоталитарлық фильмнен түбегейлі арылуүдерісі тек 1990 жылдардың басымен тұспа-тұс келуінің себебін КСРО-ның ыдырауы, идеологиялық институттардың, кеңес үкіметінің символдары мен мифтерінің келмеске кетуі сияқты елдегі саяси өзгерістермен байланыстырады.
Ұзақ жылдар бойы алғашқы қазақ ұлттық фильмін анықтауда әртүрліпікірлер айтылып келгені белгілі. Отандық өнер, соның ішінде кинотану саласы үшін өте маңызды болып табылатын бұл мәселені «Қазақ көркемсуретті киносындағы экранды-фольклорлық дәстүрлер» монографиясының «Кеңестік тоталитарлық фильм және қазақ киносының тарихын зерттеу мәселелері» («Советский тоталитарный фильм и проблемы изучения истории казахского кино») атты бірінші бөлімінің «Қазақ киносы тарихнамасының сұрақтары» («Вопросы историографии казахского кино») атты үшінші тарауында кеңінен қарастырып, тарихи деректерге, фильмографиялық фактілерге сүйене отырып, ғылыми тұрғыдан тұңғыш рет жүйелі түрде баға беріп, тұщымды көзқарасын білдірген Бауыржан Рамазанұлы болды.
Монография авторы кинотанушы, кинодраматург Қабыш Сирановтың «Кеңестік Қазақстанның киноөнері» атты еңбегіндекелтіретін «Амангелді» –қазақ киносының тұңғыш ұлттық фильмі» деген пікірімен келіспейтіні және ұлттық фильм деп аталуының негізгі факторлары туралы ғылыми тұжырымдарын ұсынады. Б. Нөгербектің айтуынша, ұлттық фильм деп аталу үшіннегізгі үш фактор болуы тиіс. Олар: фильмнің тақырыбы ұлттың өмірімен байланысты болуы тиіс, өзінің техникалық базасыболуы керек және авторлары жергілікті ұлттық киномамандарынан болуы қажет. Егер, осы үшеуі де бір фильмнен табылып жатса, онда ол шығарманы ұлттық деп атауға бұлтартпас негіз бар дейді кинотанушы. Осы ретте «Амангелді» фильмінің сценарийін жазуға қазақ әдебиетінің өкілдері, актерлері қатысып, тақырыбы мен кейіпкерлері қазақ халқымен байланысты болғанымен, оны толықтай алғашқы қазақ фильмі деп айтаалмаймыз дейді. Өйткені, фильм Ресей киностудиясында («Ленфильм») түсірілген. Бұған қоса, режиссері–ресейлік кинематографист, яғни жергілікті ұлт өкілінен емес.
Автордың пікірінше «Амангелді» «Бүліншілік», «Дала әндері», «Жұт», «Қаратау құпиясы», «Райхан» фильмдерінің қатарында тұруы керек. Әрине, бұл фильмдердің түсірілу жұмысына қазақ әртістері мен әдеби кеңесшілері, кейінірек сценаршы-драматургтер тартылды. Бірақ, олар бәрібір Ресей кинематографистері тарапынан Қазақстан материалына түсірілген шығармалар болып табылады. Өйткені, ұлттық киноөндірісінің базасы мен ұлттық режиссерлердің, операторлардың болмағанын ұмытпауымыз тиіс. Сондықтан, жоғарыда аталған фильмдер туралы сөз болғанда, тек ұлттық кино өнерінің пайда болуына себепкер болды немесе қазақ, орыс мәдениет қайраткерлерінің арасындағы өзара шығармашылық байланыс деп қана қабылдауымыз керек» деп жазады [4, 64 б].
Біз жоғарыда монография авторының ұсынған ұлттық фильмнің негізінде болуы тиіс үш фактормен таныстық. Осы тұста, әсіресе ұлттық мамандарға келгенде пікірін тағы да нақтылай түседі: яғни, фильмнің режиссері жергілікті ұлттан болуы керек екенін баса айтады. Тек, сонда ғана (тақырып және техникалық базаны қосқанда, әрине) фильмді толыққанды ұлттық шығарма деп атауға негіз бар дейді. Осы ретте кинотанушы төмендегідей схеманы ұсынады:
- Фильмнің тақырыбы – «Бүліншілік» (1928)
- Тақырыбы және мамандар (түгелі емес) – «Амангелді» (1938)
- Тақырыбы, база және мамандар (түгелі емес) – «Абай әндері» (1945)
- Тақырыбы, база, мамандар (толығымен) – «Махаббат туралы аңыз» (1954) [4, 67 б].
Көріп отырғанымыздай, кинотанушы қазақ ұлттық киносының алғашқы қарлығашы ретінде «Махаббат туралы аңыз» (реж. Ш. Айманов, К. Гаккель) фильмін ұсынып отыр. Өйткені, фильм қазақ ұлттық фольклорының негізінде жергілікті киностудияның (Алматы көркемсуретті және хроникалық-деректі фильмдер студиясы) базасында түсірілген. Қазақ киносы мен театрының актерлері ойнаған және өте маңыздысы, режиссері – қазақ. Сонымен, кеңес үкіметінің идеологиясы мен саясатының нәтижесінде дүниеге келген және кеңестік дәстүрлі тарихи-революциялық фильм болып табылатын «Амангелді» емес, ұлттық эпостың негізінде түсірілген «Махаббат туралы аңыз» фильміқазақ ұлттық киносының тұңғышы деген қорытындыға келеді. Бауыржан Рамазанұлының қазақ ұлттық киносының алғашқы шығармасы туралы нақты жүйеге келтіріп, дәлелдеп берген осы теориялық көзқарасының өзі ұлттық кино саласының болашағы үшін зор қызмет атқаратыны сөзсіз.
Бауыржан Рамазанұлы монографияның «Кинодағы экранды-фольклорлық байланыстың үлгілері» («Модели экранно-фольклорных связей в кино») атты екінші бөліміндефольклордың анимациялық киноға тигізетін әсерінің маңызды ерекшеліктерін қарастырады. Автордың пікірінше, фольклордың анимациялық киноға әсері тек тақырыбы мен жанры тұрғысынан ғана емес, бейнелеу тәсілдері жүйесімен де ерекшеленеді. Яғни, анимациялық бейнені қалыптастыруда халық ертегілері, әпсаналар мен аңыз-әңгімелер сияқты фольклордың тағы да басқа көптеген жанрларына тән бейнелеу тәсілдері қолданылады. Сондай-ақ, анимациялық кино мен фольклор шығармаларында бейнеленетін уақыт пен кеңістіктің арасында ұқсастық өте көп екендігіне назар аударады [4, 79 б].
Монография авторы фольклор шығармалары мен анимациялық киноның арасындағы байланыс туралы ойын әрі қарай тереңдете түседі. Автордың пікірінше, фольклор дәстүрлерін тек анимациялық кинодан ғана емес, көркемсуретті кинонын кейбір жанрларынан, соның ішінде кеңестік тарихи-революциялық және тарихи-биографиялық фильмдерден, тіпті бүгінгі антитоталитарлық фильмнен де көруге болады [4, 104 б].
Осы ретте айта кетеріміз –анимациялық кино өнеріндегі теориялық мәселелер туралы қазақ кинотану саласында бірінші болып қолға алған да Б.Р. Нөгербек болатын. Кинотанушының 1984 жылы жарық көрген «Ертегілерге жан біткенде» атты қазақ анимациялық киносын теориялық тұрғыдан сараптаған монографиясынан кейін де, әлі күнге дейін бірдебір ғылыми еңбектің жарық көрмегені белгілі. Жалпы, әлемдік кинотану ғылымында анимациялық кино туралы жарияланған тұщымды еңбектердің саны аса көп те емес. Сондықтан, Бауыржан Рамазанұлының қазақ анимациялық киносы туралы зерттеулерінің ұлттық кино өнері үшін маңызы зор екенін атап өтуіміз керек.
Қазақ киносының тарихында ұзақ жылдар бойы ақиқатын күтіп жатқан көптеген маңызды мәселелердің аз болмағаны белгілі. Солардың бірі – «Амангелді», «Райхан», «Абай әндері» фильмдері мен олардың сценарийіне қатысты болатын. Бұл фильмдер туралы Қабыш Сирановтың «Кеңестік Қазақстанның киноөнері» (1966), «Шәкен Айманов – кинорежиссер және актер» (1970) атты еңбектерінде, кейінгі жылдары жарық көрген «Қазақ киносы туралы очерктер» (1980) атты ұжымдық жинақта және тағы да басқа көптеген жеке мақалаларда жазылғанымен, олардың ұлттық кино тарихында алар орны туралы жүйелі зерттелгенжұмыстардың жоқтың қасы деуге болады. Осы ретте,біз қарастырып отырған монографияның «Қазақ кеңестік тоталитарлық киносындағы экранды-фольклорлық дәстүрлер» («Экранно-фольклорные традиции в казахском советском тоталитарном кино») деп аталатын үшінші бөлімінде жоғарыда аталған және тағы басқа еңбектерге сүйене отырып, «Амангелді» (1938), «Райхан» (1940), «Абай әндері» (1945) фильмдері тұңғыш рет жан-жақты әрі тиянақты зерттеу нысанына алынады.
Осы бөлімде кинотанушы кеңестік идеология мен құйтыртқы саясаттың нәтижесінде бұрмаланған «Амангелді» фильмі сценарийінің авторларына (Б. Майлин, Ғ. Мүсірепов) қатысты дәйекті деректер келтіре отырып, олардың қазақ ұлттық кинодраматургиясында алатын орнына әділ бағасын береді.Монография авторы қазақ кинодраматургтерінің экранға тек қолына қылыш ұстаған көтерілісшіл емес, ойшыл әрі зиялы кейіпкерді алып шығуда үлесі зор екендігіне назар аудартады.«Алайда, бұл талпыныстың толық орындалмай қалуының басты себебі –кеңестік дәстүрлі тарихи-революциялық және тарихи-биографиялық фильм моделінің шеңберінен шыға алмады» деп жазады кинотанушы [4, 115 б]. Автор аталмыш бөлімде «Дала әндері» фильмінің сценарий авторларының бірі Бейімбет Майлин болуы мүмкін» деген тағы бір үлкен маңызды зерттеудің ұшын шығарады [4, 106 б].
Монография авторы қазақ әдебиетінің классигі М. Әуезовтің кинодраматургиядағы алғашқы еңбегі болып табылатын «Райхан» киносценарийі мен осы сценарий бойынша түсірілген «Райхан» фильміне тоқталып өтеді. Фильмнің басты кейіпкері Райханның әдеби сценарийдегі бейнесі «азат етілген шығыс әйелі» ұғымынан алшақ кете алмағанына, іс-әрекеттері мен сөздерінде оның жеке басының ерекшеліктері көрінбейтініне, есесіне өзге кейіпкерлердің бейнесі анағұрлым ұтымдырақ шыққанына назар аударады. Кинотанушыосы ретте «Райхан» фильмінің сценарийі кеңестік тоталитарлық фильм заңдылықтарының кинодраматургияға тигізген әсерінің жарқын мысалы екендігін атап өтеді.
Әрине, Бауыржан Рамазанұлы қазақ кинотану саласында бұрын-соңды әртүрлі мағынада айтылып та, жазылып та келген «Абай әндері» фильмінің қазақ киносының тарихындағы алатын орны туралы зерттеулерін бұл монографияда да назарынан тыс қалдырмайды. Кинотанушы бұған дейін қалыптасып қалған қазақ ұлттық кинематографиясының тұңғыш шығармасы туралы пікірлердің тарихи тұрғыдан дұрыс болмай келгендігін «Абай әндері» фильмі туралы тұщымды ойларымен дәлелдейді. Автордың пікірінше – Алматы көркемсуретті және деректі-хроникалық фильмдер студиясы өзінің жұмысын «Абай әндері» фильмінен бастады, сондықтаносышығармаменұлттық киноөнері дүниеге келді деуге толық негіз бар.Бауыржан Нөгербектің бұл пікірі қазақ киносының тарихына, жалпы отандық кинотану ғылымына тыт серпіліс алып келді. Кинотанушының тек бұл пікірі ғана емес, барлықтеориялық зерттеулері мен тұжырымдарыұлттық кино өнеріміздің қалыптасу және даму тарихына қатысты бүгінгі күн тұрғысынан тың көзқарасты қалыптастырғаны белгілі.
Қазақ әдебиетінің классигі М. Әуезовтің кинодраматургиядағы шығармашылығытек «Райхан» киносценарийімен ғана емес, «Абай әндері» фильмімен де тығыз байланысты. Монография авторы жазушының қаламынан шыққан «Абай әндері» киносценарийі мен фильмді салыстыра отырып, әдеби сценарий мен экрандық нұсқаның арасында көптеген айырмашылықтар бар екеніне мән береді. Алайда, әдеби сценарийдің қазақша нұсқасындағы кейіпкерлерінің шұрайлы тілі, астарлы, мазмұнға бай диалогтары орыс тіліне аударылып, экранға көшкенде алғашқы ерекшеліктерінен айырылып, жұтаң болып шыға келгенін атап өтеді [4, 147 б].
Сонымен, кинотанушы Бауыржан Рамазанұлы Нөгербек «Қазақ көркемсуретті киносындағы экранды-фольклорлық дәстүрлер» атты монографиясының «Қазақ кеңестік тоталитарлық фильмдегі экранды-фольклорлық дәстүрлер» («Экранно-фольклорные традиции в казахском советском тоталитарном фильме») атты бөлімінде 1930, 1940, 1950 (әсіресе, алғашқы жартысында) жылдары түсірілген қазақ фильмдеріндегі революционерлер мен большевиктердің, азамат соғысы батырларының, Абай, Жамбыл сияқты тарихи тұлғалардың экрандық бейнесі дәстүрлі кеңестік тарихи-революциялық және тарихи-биографиялық фильм моделінің шеңберінен шыға алмады деген қорытындыға келеді.
Бауыржан Нөгербектің қазақ кинотану ғылымына тың серпіліс алып келген тағы бір қыры – қазақ кеңестік дәстүрлі тоталитарлық фильм моделіне ұқсамайтын, көркемдік, философиялық арнасы мүлдем бөлек ұлттық тоталитарлық емес фильмдерді анықтап, оларға жан-жақты талдау жасап, бір жүйеге келтіруі болды. Біз қарастырып отырған монографияның «Қазақ тоталитарлық емес киносындағы экранды-фольклорлық дәстүрлердің күрт өзгеруі» («Преломление экранно-фольклорных традиции в казахском нетоталитарном кино») атты төртінші бөлімі тақырыбы меңзеп тұрғандай, тұтасымен қазақ киносы тарихындағы 1950 жылдардың ортасынан басталған жаңа бетбұрыстың ерекшеліктеріне арналады.
Автор «Қозы Көрпеш-Баян сұлу» дастаны бойынша түсірілген «Махаббат туралы аңыз» (1954, сц.авт.: Ғ. Мүсірепов, реж.: Ш. Айманов, К. Гаккель) фильмінің қазақ ұлттық киносының тарихында алатын орнына кеңінен тоқтала отырып, орыс кинематографы сияқты қазақ киносы да өзінің алғашқы қадамын фольклор мен театр өнерінің дәстүрлерін игеруден бастағанын атап өтеді [4, 174 б].
Қазақ кинотану саласының алғашқы кезеңінен бастап, ұзақ жылдар бойы «Махаббат туралы аңыз» фильмінің «көркемдік құрылымы, эстетикасы театр өнеріне тым жақын» деп сын көзіне жиі алынғаны белгілі. Алайда, Бауыржан Нөгербек: «Ресей, Франция, тағы басқа елдердің алғашқы фильмдерінің де театрлық қойылымдардан еш айырмашылығы болмады. Сондықтан, «Махаббат туралы аңыз» фильмінен кинематографқа тән эстетикалық ерекшеліктерді талап етудің қажеті жоқ... Әрбір кинематографиялық мектеп кино өнерінің барлық даму кезеңдерінен өтеді, сондықтан «Махаббат туралы аңыз» фильм-спектаклін қазақ ұлттық кинорежиссурасының басы екенін дәлелдейтін кинематографиялық шығарма деп қабылдауымыз керек», – деп жазады [4, 175 б].
Б. Нөгербектің қазақ кинотану ғылымына сіңірген орасан зор еңбегінің тағы бір қыры – 1950 жылдардың екінші жартысы мен 1960-1970 жылдардағы қазақ киносының жалпы бағыт-бағдарын, кинодраматургиядағы, кинорежиссурадағы, актерлік өнердегі т.б. шығармашылық ізденістер мен жаңалықтарды ғылыми зерттеудің сүзгісінен өткізе отырып, дәстүрлі кеңестік тоталитарлық фильмнің тоталитарлық емес фильм моделіне көшудегі ерекшеліктерін назарынан тыс қалдырмауы болды. Осы ретте «Шоқан Уәлиханов» (1957, реж. М. Бегалин), «Қилы кезең» (1966, реж. А. Қарсақбаев), «Тұлпардың ізі» (1964, реж. М. Бегалин), «Ана туралы аңыз» (1963, реж. А. Карпов), «Атамекен» (1966, реж. Ш. Айманов), М. Әуезовтің шығармалары бойынша экрандалған «Қараш-Қараш оқиғасы» (1968, реж. Б. Шәмшиев), «Көксерек» (1973, реж. Т. Өкеев), «Шыңдағы шынар» (1965, реж. С. Қожықов) фильмдерін жан-жақты талдау нысанына алады. Автордың пікірінше, бұл шығармалардың барлығында қазақ халқының ұлттық болмысы, мінез-құлқындағы ерекшеліктер, рухани әлемі, өмір сүру салты, әрине ең бастысы ұлттың тағдыры көрсетілген. Сондықтан, бұл фильмдердің алдыңғы онжылдықтарда түсірілген шығармалардан ерекше айырмашылығы бар. Бір сөзбен айтқанда, кеңес үкіметінің идеологиясы мен саясаты таңған модельден алшақ жатқанфильмдер.
Кеңес үкіметі жылдарындағы және одан кейінгі кезеңдегі қазақ ұлттық киносының, Ш. Айманов, М. Бегалин, А. Қарсақбаев, С. Қожықов фильмдері мен «жаңа толқын» киносы шығармаларының арасында байланыс бар ма деген теориялық маңызды сұрақтың жауабын табу – «Қазақ көркемсуретті киносындағы экранды-фольклорлық дәстүрлер» монографиясының авторы өзінің алдына қойған үш мәселенің бірі болғанын жоғарыда айтып өткен болатынбыз. Кинотанушы осы мәселеге қатысты терең әрі жан-жақты ғылыми зерттеулері мен теориялық тұжырымдарын монографияның «Посткеңестік кезеңдегі антитоталитарлық фильм»(«Антитоталитарный фильм постсоветского периода») атты бесінші бөлімінде ұсынады. Шын мәнінде, отандық кинотану ғылымында қазақ киносының аға буын өкілдері мен «жаңа толқын» киносы өкілдері шығармашылығының арасындағы байланыстың болуы немесе болмауы осы монографияда тұңғыш рет ғылыми тұрғыдан қарастырылып, жүйеге келтірілді.
Монография авторы 1980 жылдардың соңы мен 1990 жылдардың басындағы қазақ киносы мен елдегі, қоғамдағы саяси, экономикалық ахуалды тығыз байланыста қарастырады. Әрине, тек халықтың әлеуметтік өміріне ғана емес, өнері мен әдебиетіне, мәдениетіне тікелей әсер еткен қоғамдағы өзгерістер фильмдердің эстетикалық-көркемдік жағына да ықпал еткенін, сондай-ақ киноөндірістің, дубляждың,прокаттың т.б. жағдайын назардан тыс қалдырмайды. Бұл ретте автор тек «жаңа толқын» киносы өкілдерінің ғана емес, басқа да режиссерлердің шығармашылығына кеңінен тоқталады.
Автордың пікірінше, «жаңа толқын» режиссерлерінің шығармашылық қолтаңбасы бір-біріне ұқсамайды. С. Апрымов, Д. Өмірбаев, А. Әмірқұлов, Ә. Қарақұлов, Р. Нұғмановтың әрқайсысының фильмдерінің кейіпкерлері мен стилистикасына талдау жасай отырып, «жаңа толқын» режиссерлерінің фильмдерін стильдік ұқсастықтан гөрі, кейіпкерлері, тақырыбы мен тоқсаныншы жылдардағы әлеуметтік өмірді бейнелеу жағы біріктіреді. Сондай-ақ,кейіпкерлерікеңес киносының кейіпкерлеріне мүлдем ұқсамайды және таза авторлық режиссерлік киноның стилистикасын алып келді деп тұжырымдайды [4, 275 б]. Кинотанушы тек «жаңа толқын» режиссерлерінің ғана емес, Б. Қалымбетов, Д. Манабай, С. Нарымбетов, Е. Шынарбаев, Қ. Салықов, А. Айтуаров, Е. Болысбаев т.б. режиссерлердің де фильмдерін де назардан тыс қалдырмайды және ол шығармалар антитоталитарлық фильм моделіне сәйкес келеді деп жазады [4, 271 б].
Белгілі кинотанушы, өнертану докторы, профессор, В.И. Фомин «Қазақ көркемсуретті киносындағы экранды-фольклорлық дәстүрлер» монографиясы авторының тарихи деректер мен оқиғаларды талдауда қатаң логиканы ұстанғанын және бұл ұстанымның кең ауқымдағы материалды тарихи-теориялық тұрғыдан ғылыми жүйеге келтіруге емін-еркін мүмкіндік бергенін атай отырып, былай деп жазады: «Б.Р. Нөгербек – пайымы мен қарымы қатар үйлескен, аналитикалық талдау қабілеті өте мықты ғалым. Осы қабілеті оған тарихи үдерістің көрінісін, деңгейі мен сапасы әрқилы факторлардың өзара күрделі әрекетін логикалық тұрғыдан мейлінше кең ауқымда дәлелдеуіне мүмкіндік берген» [11].
Сонымен, белгілі кинотанушы, профессор Бауыржан Рамазанұлы Нөгербектің «Қазақ көркемсуретті киносындағы экранды-фольклорлық дәстүрлер» монографиясы – қазақ жерінде түсірілген алғашқы көркемсуретті фильмдерден бастап, ұлттық кино өнерінің күні бүгінге дейінгі даму тарихы экранды-фольклорлық дәстүрлер тұрғысынан жан-жақты әрі терең зерттеуге ие болған ірі теориялық еңбек. Бұл монографияның қазақ кинотану ғылымы, кино сыны, кино тарихы үшін атқаратын қызметі ұшан-теңіз.
Қолданылған материалдар:
- Нугербеков Б. «Когда оживают сказки: мультипликационное кино Казахстана». – Алма-Ата: «Өнер», 1984
- Ногербек Б. «Кино Казахстана». Сборник статей, рецензий, эссе. – Алматы: Национальный продюсерский центр, 1998
- Ногербек Б. «На экране «Казахфильм». – Алматы: «Ruan», 2007
- Ногербек Б. «Экранно-фольклорные традиции в казахском игровом кино». – Алматы: «Ruan», 2008
- Нөгербек Б. «Қазақ анимациялық киносының тарихы» // Нөгербек Б.Р., Наурызбекова Г.Қ., Мұқышева Н.Р. «Қазақ киносының тарихы: оқулық». – Алматы: «ИздатМаркет», 2005
- Смаилов К. «Киноискусство Советского Казахстана». – Алма-Ата: «Казахстан», 1966
- «Очерки истории казахского кино». – Алма-Ата: «Наука», 1980
- Айнагулова К., Алимбаева К. «Тенденции развития казахского кино». – Алматы: «Ғылым», 1990
- Сиранов К. «Шакен Айманов – кинорежиссер и актер». – Алма-Ата: «Жазушы», 1970
- Смаилов К.С. «Фильм осылай туады». – Алматы: «Өнер», 1981
- Фомин В.И. Отзыв на диссертационную работу Ногербека Бауыржана Рамазанулы «Экранно-фольклорные традиции в казахском игровом кино», представленной на соискание ученой степени доктора искусствоведения по специальности 17.00.03 – «Киноискусство и телевидение». Рукопись