Гүлжан НАУРЫЗБЕКОВА
Т.Жүргенов атындағы ҚазҰӨА профессоры, кинотанушы
III.4. Замандас бейнесінің экрандағы көрінісі
Алпысыншы-жетпісінші жылдар тұсында жалпы кеңес киносының басты тақырыптарының бірі – замандас бейнесінің экрандық көрінісі болды. Қазақ киносы тарихында осы кезең аралығында жаңа заман тақырыбын меңгеру деңгейі бірнеше бағыттардан құрастырылды. Маңызды деген тақырыптар қатарында тың игеру тақырыбы болды. Қазақ киносының тарихында тың игеру тақырыбы бастапқыда деректі кино шеберлерінің үлесінде болса, көркемсуретті кино жанрының бұл тақырыпты меңгеруі 1955 жылы экранға шыққан Сұлтан Ходжиковтың «Ана мен бала» («Мать и сын») фильмінен басталады. Фильмге сценарийді Сұлтан Ходжиков В.Шрейберг және С.Мартьяновтармен бірлестікте жазады. Фильм мазмұнына Гриша есімді қарапайым жас жігіттің өмірінен алынған оқиға негіз болған. Ол трактор айдағысы келеді, анасы қарсы болады. Екі кейіпкер (анасы мен баласы) арасындағы тартыс киновелланың екінші жартысында драматургиялық шиеленіске ұласуы тиіс еді, алайда авторлардың бұл ойы жүзеге аспайды. Фильмнің бастапқы эпизодтарындағы Гришаның көрсеткен ерлігі (ол бензин құбырын апаттан аман алып қалады) келесі кадрларда композициялық шешім үйлесімділігінен алшақтап, өз бетінше жеке дара қалып қойған, мұнда не кейіпкер санасындағы өсу деңгейі жалғасын таппайды, не оқиға бастапқы сарында өрбітілмейді. Жеке дараланған қысқа эпизодтар характерлік шешім мүмкіндігін әлсіретіп жіберген.
Тың игеру тақырыбы «Мазасыз көктем» (1956, реж. А.Медведкин) көркемсуретті фильмінде жалғасады. Фильм авторларының бастапқы ойы комедиялық жанрда түсіру болатын. Бас кейіпкер Женя Омега – тың игерушілердің алдыңғы легімен қазақтың кең даласына тап болады. Жаңа жағдайға бірден үйреніп кете алмаған Женя еңбек процессіне селсоқ араласады. Режиссердың мақсат еткені - алаңсыз өмір кешіп жүрген жас жігіттің тың игеру даласында еңбекке үйреніп, әбден шыныққан деңгейіне дейінгі өмір жолын көрсету және сол арқылы кейіпкер мінезіндегі өзгерістерге сипат беру. Фильмнің басты кемшілігі -Женя Омега бейнесінің тым солғындығы, тың игеру тақырыбының өмір суреттері арқылы берілуі шынайылықтан алшақ жатыр.
Тың тақырыбына түсірілген жоғарыда аталып өткен және тағы бірқатар («Ана мен бала», «Мазасыз көктем»,1956, реж. А.Медведкин, «Мальчик мой», 1962, реж. Э.Файк) фильмдерден кейін 1957 жылы режиссер Шәкен Аймановтың «Біз осында тұрамыз» фильмі экранға шығады. Авторлардың бұл фильмде бас кейіпкерлердің мінездері арқылы тың игерушілердің рухани өсу деңгейін көрсетуге деген талпыныстары байқалады.
Замандас бейнесінің өте сәтті шыққан айқын көрінісі Мәжит Бегалиннің «Тұлпардың ізі» (1964) фильмінде байқалады. Фильм мазмұны адам психологиясының тереңге тамыр жайған толғаныстарына құрылған. Көзге көрінер кейіпкерлік тартыс байқалмайды. Драматургиялық шешім шиеленісі жеке кейіпкерлердің өз ішіндегі ой арпалысы төңірегінде өрбітіледі. Жаухаз (Фарида Шәріпова) бен Тұрар (Асанәлі Әшімов) арасындағы рухани сәйкессіздік Жаухаздың қарт адамдарға (Тұрардың әкесі- Каукен Кенжетаев, анасы- Хадиша Бөкеева) деген құрметі арқылы теңесіп отырады.
Өгей анасының «қалауымен» Жаухаз өз келісімінсіз айттырылып қояды. Болашақ күйеуін жүрегі қаламаса да, ата дәстүрді кесіп-бұзуға жас қыздың шамасы келмейді. Үлкендердің айтқанына көніп, ол енді, міне, жаңа семьясымен қыстауға көшіп бара жатыр. Малшы өмірінің қиындығы сезілмес пе еді, егер сезім болса жүректі жылытар... Жаухазға Тұрар тарапынан жылулық сезімі жетіспей жатады. Жаңа түскен жас келіншек махаббатты аңсайды. Тас қамалға тірелгендей Тұрардың «суықтығы» Жаухаздың өмірін өкінішке жетелейді.
Оператор тарапынан аса ұтымды шыққан ірі пландар Жаухаздың жан-дүниесіндегі аласапыран арпалысты көрерменге соншалықты табиғи түрде жеткізе алған. Жеке кейіпкер (Жаухаз) жалғыздығы төрт адам арасындағы көзге көрінбес рухани байланыс жібін әлсірете түскендей әсер қалдырады. Қариялар жас келіндерінің аласұрған тынымсыз жағдайын әбден түсінеді, түсінеді де оған кешірімділікпен қарайды, тіпті, мүсіркейтіндей де. Бірқалыпты өтіп жатқан сұрықсыз малшы өміріне сырт жақтан келген әр адамның орны ерекше болып көрінеді. Сондай бір сәт бұлардың өмірінде көрші колхоздан келген механизатор Танабайға байланысты өрбітіледі. Қарлы боранда жапан далада шеттеп қалған малдың бас-аяғын түгендеуге Тұрармен бірге Танабай (Қуатбай Абдраимов) да аттанады. Адасып қалған малдың бас-аяғын түгендегенше Тұрардың шыдамы таусылып барады. Боранды күні бір-бірінен адасып қалмас үшін арқанмен шырмалған екі жігіт біраз жолға ұзап кеткендерін білмей де қалады. Боран үдеген сайын Тұрардың мазасы кете бастайды. Әбден әлсіреген шағында ол ауыртпалықты көтере алмайды, Танабай екеуінің арасындағы арқанды ойланбастан қиып жібереді. Тұрардың бұл опасыздығы Жаухаздың онсыз да таусылуға шақ қалған шыдамын бірден жоқ қылады.
Жаухаз Танабайға ғашық болып қалады. Жүрегіне ұялаған жаңа сезімі арқылы Жаухаз бұған дейін қандай құрсауда жүргендігін түсінеді. Бір күн ішінде оның өмірі күрт өзгеріп сала береді. Жаухаз Танабайды қалады. Кімді жоғалтып алғанын Тұрар кеш түсінді.
Әсіресе, фильмнің финалы өте әсерлі шыққан. Өз бөлмесінен келіншегін таппай аласұрған Тұрар көрші бөлмеде ата-анасының ашулы көзқарастарынан бар күнәсін көргендей болады. Жағдайды бірден түсінді. Жағымсыз кейіпкер болса да, фильм соңында Тұрар бейнесі жоғары нотада берілген. Ендігі жерде көрермен тарапынан бұл кейіпкерге деген кінәлау сезімі азаяды, оған түсінікпен қарайды. Камера қозғалысының жоғарыдан алынған ракурсы оқиға динамикасының шарықтау шегіндегі айқындықты дәлелдей түседі.
Қолданылған материалдар:
«Қазақ киносының тарихы» (оқулық)
ҚР Білім және ғылым министрлігі, Т.Жүргенов атындағы ҚазҰӨА,
Б.Р.Нөгербек, Г.Қ.Наурызбекова, Н.Р. Мұқышева – Алматы: ИздатМаркет, 2005.