Мақала
Кейіпкердің экзистенциалық әлеміне енетін «Кардиограмма»
«Кардиограмма» фильмі 2023 жылдың 24-қаңтарында "QAZAQ KINOSY: TOP 10 FILM" жобасы аясында талқыланды
Бөлім: Кино
Датасы: 28.02.2023
Мақала
Кейіпкердің экзистенциалық әлеміне енетін «Кардиограмма»
«Кардиограмма» фильмі 2023 жылдың 24-қаңтарында "QAZAQ KINOSY: TOP 10 FILM" жобасы аясында талқыланды
Бөлім: Кино
Датасы: 28.02.2023
Кейіпкердің экзистенциалық әлеміне енетін «Кардиограмма»
Кардиограмма

Дәрежан Өмірбаев «қазақ жаңа толқынының» белді өкілдерінің бірі. Режиссердің «Кардиограмма» фильмі «қазақ жаңа толқынын» халықаралық деңгейге шығарды. Д. Өмірбаев шығармашылығы десе біздің есімізге бірден кино тілі ұғымы келеді. Ол «А» класындағы белді кинофестивальдерге қатысып, жүлделі болған режиссер. Осы талқылауда оның шығармашылығын биік дәрежеге жеткізген қандай факторлар деген сұраққа жауап іздеп көреміз.

Зейнет Тұрарбекқызы: Дәрежан Өмірбаев қазақ киносында өзінің қолтаңбасы, стилі бар режиссер. Талқылау барысында режиссердің шебер қолданатын эпизодтарын, операторлық стилін айтып өтпеу мүмкін емес. Өмірбаев шығармашылығын зерттеушілер режиссердің фильмдерінде автобиография көп қолданылатынын айтады. Бұл фильмде де режиссер бала кезінде ауырып, бір айға ата-анасы шипажайға жібергенін және осы фильмде әсерімен бөліскенін сұхбаттарында айтады.

«Кардиограмма» балалар жайлы фильм болғанымен, балаларға арналған фильм емес. Дәрежан Өмірбаевтың фильмдерінде ең бірінші көтерілетін мәселе – тіл мәселесі. Қала мен ауыл арасын, қазақ тілі мен орыс тілі және сыртқы орта мен ішкі конфликтті барлық фильмдерінде алып жүреді. Алғашқы кезеңдерінде Дәрежан Өмірбаев кейіпкерлері ортаға үйрене алмайды, тіпті, осы фильмде ең соңында кетіп қалады. Ал, кейінгі фильмдерінде кейіпкерлер ортаға бағынады, қабылдайды.

Дәрежан Өмірбаев «аралас тілді қолданған алғашы режиссермын. Өйткені, қоғам солай болды. Бәріміз екі тілді араластырып сөйлейтінбіз» дейді. Димаш Зиядин: «Кардиограмма» фильмінде автор тіл мәселесі бар екенін, қазақ тілді орта, қаладан келген, ауылдан келген адам секілді конфликттерді көрсеткісі келген болар. Қазіргі кезде тіл мәселесін проблема ретінде қабылдамайтын секілді авторлар. Олар жасаған кезде тіл мәселесіне қалыпты нәрсе секілді қабылдап, оған акцент қоймайды» деген ойды алға тартады.

Зейнет Тұрарбекқызы: Бұл жердегі Жасұланның проблемасы қандай? Автор басты қойған мәселе – кейіпкердің ортаға бейімделу оқиғасы. Жасұлан ауылдан мегаполиске келген адам. Орта индивидті қысты. Жасұлан ортаға бейімделуге тырысқанымен, қоғам оны ысырып тастады. Кейіпкерлер бірін бірі басады.

Фильмде кейіпкерлердің образ ашуында Дәрежан Өмірбаев міндетті түрде түсті қоладанады. Фильм түстен басталады. Түсінде отбасын көреміз. Баланың әкесімен қарым-қатынасы суық екендігін, анасымен арасындағы қарым-қатынасын көрсетеді. Екінші, үшінші түсі - анасына деген сағыныш.

Дәрежан Өмірбаевтың фильмдері кино тілінде сөйлейді. Оның әлемдік кинематографияда ерекше орын алуының себебі де осыдан. Ол – көбіне режиссер-импровизатор. Фильмнің фабуласы болғанымен, түсірілім барысында қатып қалған сценариймен жұмыс жасамайды.

Димаш Зиядин «Кардиограмма» фильмі туралы:

Фильм құрақ көрпе секілді боп көрінді. Көп оқиға мен үшін бітпей қалды. Баланың әрекеттерінің салдары ары қарай айтылмайды. Бұл фильм рационалды тұрғыда емес, иррационал тұрғыдан қарауды талап ететін фильм. Елес, абстрактілі сезімдер, әр жекелеген эпизоды өзің көрмеген, бірақ ата-анаңнан естіген өмір сәттерін көзалдыңа әкеле қоятын, немесе осы уақытқа дейін сен білмеген я сағыныш, я ыза, қыжыл, я бір жаныңды жейтін мұң, сондай түрлі сезімдердің калейдоскопын араластырып әкеліп, алдыңа әкеле қоятын фильм боп көрінді. Мен үшін бұл фильмнің құндылығы мені уақыт бойынша саяхатқа алып барғанында.

Әннәс Бағдат: Әлем киносында, арт синемада көптеген бағыттар бар. Дәрежанның фильмдерін түсіну үшін оған ықпал еткен режиссерлерді көріп, дайындықпен келу керек секілді. Өзі көп айтатын, эстетикасын көп қолданатын Р. Брессон, М. Антониони, Л. Бунюэль, режиссер айтатын «кино тілінің пайғамбары» Ж. Годар. Бітпей қалған эпизод жайлы айтқым келген еді. Кинода сюрреализм деген бағыт бар. Оны Д.Өмірбаев алғашқы қысқаметражды «Шілде» фильмінен бастап пайдаланады. Сюрреализмнің қолданатын кілті – түс. Яғни, логикадан кету. Дәрежанның түсі логикадан кетуден бұрын, адам ішіне енеді. Сыртқы және ішкі әлемді қосатын жер.

«Кардиограмма» фильмі не туралы? Баланың ержетуі туралы. Жасұланның санаторийге тап болуы – бөтен ортада өмір сүру оқиғасы, алғашқы ғашық болу туралы хикаясы және өзін-өзі табу мектебі. Кинематографта мұндай фильмдер көп болып көрінгенімен, Дарежан Өмірбаев өзінің ерекше, қазақ жасөспірімінің есею оқиғасын айта білді.

Дәрежан Өмірбаевтың 1995 жылы жарыққа шыққан «Кардиограмма» фильмі режиссердің 1988 жылы шыққан «Шілде» қысқаметражды фильмінің жалғасы іспетті. Бала кейіпкер есейген, қазір ол он екі жаста, ал анасы оны алғаш рет туған ауылынан алшақ Алматының жанындағы шипажайға жібереді. Алғашқы махаббат, жыныстық жетілу уақыты келгенде, ол мүлдем жат әлемге енеді. Біріншіден, санаторийде бәрі орыс тілінде сөйлесе, екіншіден ортасы қалалық. Режиссер фильмін алғашында «Сығалақ» (Вуайер) деп атағысы келетіні туралы сұхбаттарында айтады. Осылайша экранда баланың байқампаз екенін көреміз. Шынында да, ол әрекет етуден гөрі детальдарды – адамдардың мінез-құлқын, олардың қарым-қатынасын бақылайды.

Жасұлан өзінен әлдеқайда үлкен медбикеге ғашық болады, бірақ бұл сүйіспеншіліктің медбикеге тамасану және мүмкіндігінше оның жанында жиі болу талпынысы ғана. Медициналық пунктке алғаш рет аяғын таңу үшін кірген кезде, ол медбикенің иісін жұтып, жуыну бөлмесіндегі тесік арқылы мүсініне қарайды. Оның жалаңаш денесіне Веласкездің «Айна алдындағы Венера» картинасына қараған қызығушылықпен қарайды. Ол медбикеге де, басқа ұлдарға да өзінің сүйіспеншілігі туралы айтпайды. Ол үнсіз. Үнсіздігіне қарамастан күрескер. Дегенмен, жан-тәнімен үйіне, анасына ұмтылады, оның түстері осы сөзімізге дәлел.

Зейнет Тұрарбекқызы: Қарда жанып жатқан картинаның шешімі. Бала аяғын таңуға келген кезде бас дәрігерге өзінің қарсыласы ретінде қарайды. Аяғын таңып біткеннен кейін ол бірден кете қойған жоқ, ғашығын қорғай алды. Ал екінші кездесуде ол сүйіктісін қорғай алмады. Суретті жұлып, қойнына салғаны сол сезімін қорғағысы келеді. Ал өртенгені айырылып қалғанын аңдатады.

Дәрежан Өмірбаевтың бір ерекшелігі түспен (color) өте жақсы ойнайды. Жасұланның үйінде жамылып отырған көрпесі, автобустың ішінде отырған қыздың киіп отырған жемпірі, қардың үстінде жанып жатқан картина, медбикенің жуынатын сахнасындағы барлық киім қара болса, оның сүлгісі қызыл түсті. Демек, өзі жақын тартатын дүниеге акцент қойғысы келеді. Тағы бір ерекшелігі жарықпен ойнағанды жақсы көреді. Сондай-ақ, атмофсера өте мықты. Кадр асықпайды, қорытындылайды. Ішкі конфликті байқағанымызбен, сырттай жарыспайды. Ішкі сезімдер монтаж, кейіпкерлер көзі арқылы беріледі».

«Фильмді «Кардиограмма» атау арқылы режиссер қоғам, қоғамның көрінісін беруге тырысты» дейді Зейнет Тұрарбекқызы.

Димаш Зиядин: Кардиограмма – бала үшін маңызды рөл ойнайтын элемент. Өйткені, кардиограмма оны өзі туып өскен ортадан суырып алып, шалғайға анасыз жіберіп, жалғыз қалдырған дүлей күш.

Көрермендер пікірі:

Жұлдыз Әбілдә: Жасұлан есіктің алдына барып, тың тыңдағанда ештеңе естімейді. Бәрі меңіреу секілді. Соңын хэппи-энд деп атай алмаймыз. Себебі, қап-қара түнекпен бітеді.

Зейнет Тұрарбек. Дәрежан Өмірбаев кейіпкерлері ішкі конфликттің әсерінен шешім шығарады. Ол шешім міндетті түрде ортамен әрекетке алып келеді. Бала барлық жерде жалғыз. Ал футбол ойнаған кезде қоғамға кіргісі келгенінің дәлелі. Кітаптан оқылатын цитаталар Өмірбаевтың әр фильмінде көрініп отырады. Сол жердегі кадрдан тыс цитата оқығанда бақыттың нышаны беріледі. Қоғамға кіріп, одан соң шығып қалады. Айкезбе оқитын цитатада «Мінсіз адам болуға тырыспаңыз» дейді. Өмірді қалай бар солай қабылдау керек.

Дәрежан Өмірбаевта жоғарыда айтып кеткендей үлкен қоғамның индивидке әсері айтылады. Бала кетті, себебі, бұл қоғамға кіре алмады, ене алмады. Көліктің ішіне тығылғанда менің пайымдауымша үйіне қайтады. Себебі, түсінің барлығы анасына алып келеді.

Әннәс Бағдат: «Дәрежан Өмірбаев дәстүрлі драматургияға аса мән бермейді. Басты нәрсе оны қандай құрал арқылы жеткізді: кадрмен, дыбыспен, операторлық жұмыспен, реңмен, монтажбен, яғни кино тілінің қай құралымен жеткізгені маңыздырақ.

Соңғы кадрға келетін болсақ, ашық финал. Өмірбаев үшін бұл фильмде нәтиже қандай болғаны емес, Жасұланның экзистенциалдық әлемі маңызды болды. Ол Алмарасан тауларында адаса ма, жоқ әлде ауылына қайтады ма маңыздысы бұл емес, оның осы ортадан үмітсіз жеңіліп шыққанын қараңғы образды көрсеткен шешімі маңыздырақ».

Арман Әділ: Бұл фильм Эдип комплексі жайлы болған секілді. Ауылдан қалаға келе жатқан сәтте автобуста қызға қарауы, санаторийге келгеннен кейін медбикеге ғашық болуы жаңадан объективизация іздегендей көрінді. Жасұлан аяғын, бас дәрігер саусағын таңып жатқан кезде екеуі бір деңгейде болды. Одан кейін медбике мен дәрігердің жақын қарым-қатынасын көргенде сағы сынды. Алайда, дәрігермен жекпе-жекке шыққан кезде ол мықты қақпашы екенін көрсетті. Келесі деңгей оның қорғаушы болу деңгейіне өтуі бөлмелесін қорғағысы келгенінен білінеді. Фильмнің соңында ол есейді, анасынан сепарациясы өтті, қорғаушы деңгейіне жетіп, енді үлкен өмірге кеткен секілді көрінді. Үшінші түсінде «Мама!» деп айқалайды, алайда, анасы оны таппай қалады. Сонда, Эдип комплексінен өтіп, үлкен өмірге қадам басқан секілді көрінді.

Дәрежан Өмірбаев бұл фильмді қалай ойлап тапты?

«Мен Ленин көшесіндегі автобус аялдамасында тұрдым. Қасымда жас келіншек, оның жанында 3-4 жасар бала жүгіріп жүр. Жүгіргенімен, алысқа бармайды. Мен бұл баланың анасымен байланысы қаншалықты екенін сезіндім. Анасына байланбаса да, бала осы аналық аураны сезініп жүрді. Бір кездері есімде, біз үйде күшік асырадық - сенің артыңнан жүгіреді, бірақ алысқа барсаң, ол сенің артыңнан ермейді. Себебі ол үйге, үйдің аурасына байланған. Бұл аялдамада да солай болды. «Кардиограмма» – осы туралы. Кейбіреулердің әкесімен мұндай байланысы бар, бірақ мен әкеммен интеллектуалды байланыста болдым. Ал эмоционалды күшті байланыс анамен болды. Егер анасы эмоция берсе, әкесі принциптерді береді, бұл да маңызды».

«Кардиограмма» – Венеция кинофестивалінің негізгі байқауына қатысып, ЮНЕСКО жүлдесіне ие болған алғашқы қазақстандық фильм.

Фильм 1995-1996 жылдары Парижде прокатта жүрген.


Фильм туралы дерек

Атауы: Кардиограмма
Шыққан жылы: 1995
Мемлекет: Қазақстан
Жанр: драма
Компания: Қазақфильм, ЖШС «Дебют»
Премьера: 7 қыркүйек, 1995
Ұзақтығы: 176 мин.
Режиссер: Дәрежан Өмірбаев
Сценарий: Дәрежан Өмірбаев
Оператор: Борис Трошев
Суретші: Сәбит Құрманбеков
Монтаж: Р.Белякова
Фильм директоры: Владимир Джалюк, Дина Нұрмұханова
Басты рөлдерде: Жасұлан Асаубаев, Сәуле Тоқтыбаева, Алтынай Тәттібекова, Гүлнар Дұсматова, Серік Жұбандықов, Бауыржан Ишпанов, Ілияс Қалымбетов, Алмас Бекдуллаев, Мұса Тақтыбаев, Бауыржан Ахметов, Шыңғыс Қарамысов, Ғазиза Коршиева, Серік Келдібаев.