Бауыржан Нөгербек
өнертану кандидаты, профессор, кинотанушы
Алғашқы қуыршақ мультфильмдер
Қазақ анимациясының қалыптасуындағы ерекшеліктердің бірі — оның түрлі жанрларда, пішіндер мен бағыттарда көрніс табуы. Мұнда, коллаж, аппликация, салғастыру техникасын қолданатын сызба мультфильмдер, сондай-ақ, кәдімгі актер мен сызбалы кейіпкерлердің ойынын пайдаланатын, көлемді фильмдер бар.
“Ақсақ құлан” атты екінші сызба фильмде жұмыс істеген уақытында, қазақ мультипликаторлары өндірісті кеңейту туралы, қуыршақ фильмдеріне түсіру туралы байыппен ойланған тұғын. Эстондық қуыршақ шеберлерінен тәлім алып, қуыршақ фильмдерін шығару техникасы мен өндірісін тану үшін, Алматы көркем-сурет училищесінің түлектері Эрнст Бисейітов пен Ғани Қыстауов жіберіледі. Олар, мульттоп алғашқы құрылған кезден бері жұмыс атқарған еді, Эрнст Бисейітов Әмен Хайдаровтың екі сызба фильмінде анимациялық қимылдың негізін үйренген. Ол бірден күлкілі, трюк сипатындағы мультипликатты салудың шебері ретінде шыңдала бастады, Ғани Қыстауов суретші есебінде фондарды салатын; фазада қатар жұмыс істей отырып, ол, мультқимылдың принципі мен техникасын игерді.
Екі айлық дайындық курсынан өткен соң, жас энтузиастар, жаңа іске кіріседі — қазақ ертегісі “Аю мен қоянның” желісі бойынша, түрлі-түсті қуыршақ фильмін түсіру (1969). Фильмнің режиссері Ғани Қыстауов, қуыршақтарды жүргізуші-суретші Эрнст Бисейітов.
Кинокартинада үш кейіпкер бар: дөрекі, өркөкірек аю, жуас қоян мен қу және ширақ аралар. Аю — орманның қожасы, бір әуенді ыңылдап алдынан кездескеннің бәрін қиратып, көңілді және ширақ жүргені соншалық, әуелде күлкілі бейнені келтіреді. Алғашқы және негізгі текетірес — кішкентай қоян мен аралардың Жауыз Аюға қарсы күресіне дейін, ол көрерменнің назарын өзіне аудартады.
Авторлар мультқимыл техникасына, қимылдың сыртқы динамикасына аса мән беріп, онысын сәтті орындаған, әйтсе де, драматургия әлсіз болды. Оқиға желісін драматургиялық ұйымдастыру тәжірибесі жоқ дебютанттар, халық ертегісінің фабуласын жаңарта алмады, қызықты, дара ситуацияларды ойлап таппады. Нәтижесінде, мультфильмнің ортасына таман, әуел бастағы ритм бұзылып, масалар сахнасы тіпті мазаңды алады. “Аю мен қоян” атты алғашқы қуыршақ мультфильмінің ұрымтал тұсы кейіпкерлердің мінездемесінде емес, қуыршақтардың қимылында емес, драматургияда — көркемдік идеяның ұсақтығында.
Ғани Қыстауовтың екінші қуыршақ лентасы, “Кәусар бұлақ” (1970) мультфильмі — өзіндік ерекше, осы күнге дейін қазақ аниматорлары толық меңгере алмаған, қағазды салғастыру техникасымен орындалған. Эстетикалық тұрғыдан да, бұл фильм алға басу еді. Осы алғашқы салғастырылған қуыршақ фильмінде жас суретшілер, осының алдындағы сызба фильмдерге тән, көркем-суреттік натурализмнен толық ада болды. Картоннан қиылған жалпақ қуыршақтардың—кейіпкерлердің қимылы, актерлік ойыны бойынша шартты және ұстамды. Оған қоса әр кейіпкердің өзіне ғана тән мимикасы мен пластикасы бар.
Кейіпкерлердің бейнелерін суреттеу үшін, бұрынғыдай доғал емес, үш бұрышты, геометриялық суреттер қолданылған. Алайда, кинокартинаның кей жерлерінде кейіпкерлер мен фонның сәйкессіздігі кездесіп жатады. Айталық, жаман істерден өліп, жақсы істерден тірілетін, Жақсылық пен Бейбітшілікті бейнелеген құстың қанат қағуы, кеңістіктің жазық шешімін бұзады.
Жалпы алғанда, әрине, қуыршақ топтың екінші жұмысы өзіндік ерекшелігі бар қызық дүние.
Қуыршақ анимациясындағы, Строгонов училищесінің түлегі Арсен Бейсембиновтың дебюті өте қызықты һәм үміт арттырар жұмыс болды. “Кәусар бұлақ” фильмінің өте нәзік көркем-суреттік мәнері жайлы, 1971 жылдың желтоқсанында, Алматыда өткен, КСРО Кинематографистер одағының, қазақ анимациясының даму проблемаларына арналған, мультипликациялық кино жөніндегі бүкілодақтық комиссиясының пленумында көп айтылды.
Режиссер Ғани Қыстауов, өзінің “Аю мен қоян”, “Кәусар бұлақ” қойылымдарымен қазақтың көлемді қуыршақ анимациясының және қағаз салғастыру немесе жалпақ қуыршақтар күйіндегі қуыршақ мультфильмінің туғанын көрсетті.
Және де, халық ертегісі “Үш тілек” бойынша жасалған келесі мультдүниеде, қуыршақшылар — сценарий авторы мен режиссер Ғани Қыстауов, қуыршақты жүргізуші-аниматор Әбдікәміл Жүнісов — фильмнің көркемдік деңгейі өскендігін дәлелдеді. Қоюшы-суретші Елена Бейсембинованың жұмысы—анимациядағы дебют — жоғары бағаға ие. Фильмдегі көлемді қуыршақтар мінезді және пластикалық, тиісінше қимылдап, драматургиялық салмақты көтере алған, айта кеткен ләзім, драматургия қарапайымдау. Бірақ, режиссердің әдеби сценарий драматуригясына дайындық пен түсіру кезеңінде мән бере қоймағаны, монтаж кезінде айқын білінді. Мультлентаның көптеген оқиғалары драматургиялық тұрғыдан монтаждауға келмейді, мультфильмнің ішкі ырғағы мен толыққанды болуын былай қойғанда, кей сәт баяндаманың қисыны мен түсініктілігі жоғалып жатады. Қуыршақ фильмін шығарушыларға сөзді қолдануға тура келді. Кинохикаялардың мазмұнын түсіндіретін титрлар — “тамақтандыр”, “күлдір”, “қорқыт” — фильмнің бейнелі әлеміне сырттан телінгені көрініп тұрады, һәм оған ешқандай ырғақ қоспайды, тек, шашыраңқы оқиғалардың басын қосады.
Ғани Қыстауовтың шығармашылығындағы белгілі бір өзгеріс, үшінші көлемді қуыршақ мультфильмі “Шынашақтай баланы” жасағанда білінді. Мультертегінің сценарийін атақты драматург Роза Хұснұтдинова жазды, оның миниатюралары бойынша, “Союзмультфильм” киностудиясында Андрей Хржановский “Көбелек”, “Шкаф” атты керемет анимациялық дүниелерді шығарды. “Көбелек” кинокартинасы Алматыда өткен VI Бүкілодақтық фестивальда сыйлықты иеленді.
Кәсіби кинодраматургтың әдеби сценарийі бойынша мультфильм түсіру, режиссердің шығармашылығына оң әсерін тигізді. “Шынашақтай бала” кинокартинасында аласұру жоқ, жинақылық, кәсібилік, жаңа лирикалық екпін бар. Біздің қуыршақ фильмдерінде тұңғыш рет әрекеттің музыкалық баяу қалпы сезіледі, асықпай баяндау, пейзаждардың кескінінде, кейіпкерлердің мінездемесі мен өзара қарым-қатынасында жылылық пен лиризм бар. Шынашақтай баланың ғажайып саяхаты жайлы хикаяны экранға шығаруға талпынған режиссер қозғалыссыз композиция мен орта пландарға көп көңіл аударады. Экранда сыртқы динамикалық қимылдың болмауын, режиссер, кейіпкерлерінің ішкі толғаныстарын көрсету үшін қолданады. Фидьмдегі кейіпкерлердің танысуы мен қоштасуына қатысты сахналар ұтымды. Осы сәттерде камера лирикаға толады, сөйтіп, әлемге мультфильмнің басты кейіпкері Шынашақтай баланың көзімен қарайды. Бұл жаңа ракурс еді, бұрын-соңды қазақ анимациясында кездеспеген жаңа көзқарас еді.
Өкінішке орай, режиссер Ғани Қыстауов, бұдан кейін түсірілген “Бала мен Жын” атты қуыршақ фильмінде, өзінің мәнеріне жақын поэтикалық екпіндерді дамытпай, лирикалық кейіпкер ізденісін доғарады. Сценарийдің драматургиялық материалы бұған жол бермеді. Оқиға желісіне қарай бұл комедиялық мультфильм. Режиссер тағы “өз” сценарийін таңдамағаны, шығармашылығындағы бүршік атқан жаңалықты көре алмағаны, өкінішті-ақ. Мұның бәрі көңіл-күй сипатындағы сахналарда айқын көрінді. Мультфильмнің лирикалық эпизодтары кәсіби шеберлікпен, талғаммен түсірілген. Жын мен Баланың қоштасар сәті қандай тамаша. Режиссер кадрдың ұзақтығын есептей алған, бұл кадрлердегі қимылдың атмосферасы толық берілген. Ал, трюк сипатындағы кадрлер ондай емес. Олар сан жағынан да асып түседі.
Кинокартинада ойға алынғанның көбі жүзеге аспады. Дыбыс тиісті орнын таппады. Актерлардың рольдерді дауыстауы техника жағынан да, кәсібилік тұрғысынан да кенже қалған. Әрине, “Бала мен Жын” — кейіпкерлері сөйлетін алғашқы қуыршақ фильмі екенін алға тартуға болады. Дегенмен, бұл ақталудың амалы ғана. Өйткені, әдемі дауысталған һәм дубляждалған анимациялық фильмдерді көптеп мысалға келтіруге болады.
Бірақ, жалпы кинокартинаны бағалағанда обьективті болған жөн. Жынның көркемдік-анимациялық шешімі өте ұтымды. Ғани Қыстауовтың эскиздері бойынша, “Союзмультфильм” киностудиясында жасалған, Жынның қуыршағы қимылдатуға өте ыңғайлы болып шықты. Қуыршақтың актерлық мүмкіндіктерін үнемдеп қолдана отырып, аниматорлар, ақ көңіл, ішінде бір шері бар, ер жүрек баламен шын дос болуды армандайтын, дәудің бейнесін шығарды. Таныс бейненің жаңа интерпретациясы да таң қалдырады. Оны ұсынған сценарий авторы — режиссер Серік Райбаев. Ал, біз болсақ, ертегідегі жынды, өзін құмыраннан босатқан қожайынына қалтқысыз қызмет ететін дүлей күштің иесі ретінде қабылдауға үйрендік.
Жынмен түсірілген екінші фильм — “Жынның ғарыштағы бастан кешкендері” — алғашқысынан асып түсті. Мұнда таза трюк сипатындағы, күлкілі сахналар аз. Негізінен, ойда жоқта ғарыш кемесіне түскен, аңғал да білімқор Жынның бейнесін ашуға мән берілген. Дымбілмес оқушы Жынды батыр екеуі де, оқыған—жарық, оқымаған—қараңғылық екенін түсінеді. Мультфильмнің ұзын-ырғасы осы.
Мектеп сабағында өзінің ғарыш туралы байырғы көзқарасымен Жын ұятқа қалатын фильмнің соңғы эпизоды әдемі шыққан. Эпизод бір демде түсірілген. Оқушылардың бет-әлпетін көрсететін ұзақ панорама, Жынның, мұғалімнің, Жынды батырдың жеке ірі пландары кадрлардың үздіксіз тізбегіндей, біртұтас кинохикаядай қабылданады.
Соңғы эпизод әдеби сценарийде жоқ еді. Ертегіден келген Жынның хикаясын аяқтап, онымен қоштасу үшін, эпизод кейіннен түсірілген. Айда тұрып, ғарыш кемесінің катастрофасынан үрейленген Жынды батыр көзіне жас алып “Мен оқуға ант етем” деп жар салуы, Жынның да оның артынан қайталап “Мен де” деп айқайлауымен фильмді аяқтау көркемдік тұрғыдан сенімсіз еді. Сөйтіп, түсіру тобы мектеп сабағы өтетін сахнаны ойлап табады. Мұғалімнің оңай сұрағына жауап бере алмаған Жын, ақырын ғана “Сау болыңыздар” деп, ашық тұрған терезе арқылы өзіне етене жақын ертегі әлеміне аттанады. Осындай нәзік те, езу тартар финал жалпы алғанда кинокартинаның ырғағына сай келетін, бірақ, өкінішке орай, декорация мен кеңістіктің көркем-суреттік шешіміне қарай, операторлық түсірудің таза ырғақтық мәнеріне қарай бұл эпизод біртүрлі қосымша есебінде қала берді.
Бұдан кейінгі “Бөктерде”, “Қадырдың бақыты” атты анимациялық фильмдерде режиссер және суретші Ғани Қыстауов өзінің мәнеріне сай динамикалық статика амалын шыңдай түсті. Жазық қуыршақтар Борсық пен Кірпі, Қадыр мен оның “Еріншек Бақыты” лирикалық, ой-толғамдық сахналарда бар қырымен көрсетілген. Бейнелілік динамика мен кейіпкерлердің әрекеті арқылы білдірілетін мультфильмдерде статикада белгілі бір күйді беретін қалыпты ұстау, қозғалыссыз тұрғандағы кейіпкердің психологиялық мінездемесін табу өте қиын. Мұны істей алатын аниматорлар аз. Ғани Қыстауовтың бұл тәсілді жете меңгергені тамаша. Дегенмен, оқиға желісінің драматургиялық толымсыздығы, нақтырақ айтқанда, сценарий материалының режиссердың көркемдік талпыныстарына сай келмеуі осындай жартыкеш ленталарды туғызады.
Ғани Қыстауов шығармашылығының жандануы, оның қоюшы-суретшісі, аниматор-режиссер Жәкен Дәненов екеуі бірлесіп жұмыс атқарған уақытына сай келеді. Қазақ анимациясы шеберлерінің бірлескен шығармашылығы жайлы өзге бөлімдерде айтылатын болады.
Қолданылған материалдар:
«Қазақ киносының тарихы» (оқулық)
ҚР Білім және ғылым министрлігі, Т.Жүргенов атындағы ҚазҰӨА,
Б.Р.Нөгербек, Г.Қ.Наурызбекова, Н.Р. Мұқышева – Алматы: ИздатМаркет, 2005.