Мақала
Шәкен Айманов және қазақ киносы
Бүгін Қазақстандағы кәсіби кинотанудың негізін қалаушы, өнертану кандидаты, профессор, «Құрмет» орденінің иегері, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері марқұм Бауыржан Рамазанұлы Нөгербек тірі болса 71 жасқа толар еді
Бөлім: Кино
Датасы: 06.08.2019
Авторы: Бауыржан Нөгербек
Мақала
Шәкен Айманов және қазақ киносы
Бүгін Қазақстандағы кәсіби кинотанудың негізін қалаушы, өнертану кандидаты, профессор, «Құрмет» орденінің иегері, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері марқұм Бауыржан Рамазанұлы Нөгербек тірі болса 71 жасқа толар еді
Бөлім: Кино
Датасы: 06.08.2019
Авторы: Бауыржан Нөгербек
Шәкен Айманов және қазақ киносы

Бүгін Қазақстандағы кәсіби кинотанудың негізін қалаушы, өнертану кандидаты, профессор, «Құрмет» орденінің иегері, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері марқұм Бауыржан Рамазанұлы Нөгербек тірі болса 71 жасқа толар еді. Осы айтулы күнге орай редакциямыз ғалымның осыдан 25 жыл бұрын жарық көрген, қазақ ұлттық кинорежиссурасының атасы Шәкен Кенжетайұлы Айманов туралы жазылған «Шәкен Айманов және қазақ киносы» мақаласын жариялауды құп көріп отыр. Бұл мақала Шәкен Аймановтың туғанына 80 жыл толуына орай арнайы жазылған болатын. Ал биыл, елімізде Шәкен Аймановтың туғанна 105 жыл толуына орай түрлі шаралар ұйымдастырылып жатыр. Осы тұрғыдан да Шәкен Аймановтың қазақ киносына қосқан зор үлесі туралы Бауыржан Нөгербектің мақаласын оқырман назарына ұсынуды жөн көрдік.

Бәлкім, мәселенің осылай қойылуы таңқаларлық көрінуі мүмкін. Бірақ, мен небір халықаралық жүлделерді иеленіп жарқын белестерді басынан өткеріп отырған қазіргі кино туындыларымызға қарай отырып, бүгінгі кино өнерінің ерекше өркендеуінде Шәкен Аймановтың өмірі мен шығармашылық еңбегінің маңызы зор екеніне жете мән бермей келе жатқандығымыздан да мақаламды «Шәкен Айманов және қазақ киносы» деп атауды мақсат еттім.

Шәкен Айманов қазақтың ұлттық кино тарихындағы жарқын тұлға екендігі уақыт зымырап өткен сайын айқын сезіле түсуде. Қазақтың ұлттық кино өнерінің өрістеуіне өзіндік еңбек сіңірген хас шеберлер – Сұлтан Қожықов, Мәжит Бегалин, Абдолла Қарсақбаевтың киношығармашылық кезеңдері де Айманов есімімен басталып, Айманов есімімен аяқталады. Бұл суреткерлер Шәкен ағаның ізін ала келмеске кетті де, қазақ киносының қамшы сабындай қысқа мерзімге созылған алтын ғасыры тәмәм болды.

Сол кездегі белгілі сахна шебері Аймановтың киноға ауысуына жаңаға деген, белгісіз әлемді тануға деген табиғи құштарлығы себеп болғаны сөзсіз. Қазақ киносына Шәкен ағадай дарынның көңіл бөлуі бұл өнер бағының жануына бастады. Өзінің ұлан-ғайыр, жан-жақты табиғи таланты мен ұйымдастырушылық қабілетінің арқасында Айманов бүкіл кинематографияны аяғынан тік тұрғызды. Аймановтың Әл-Фараби көшесіндегі «Қазақфильм» мекен-жайы мен Қазбек би көшесіндегі Кино үйінің бой түзеуіне Шәкен аға бар жан-жүрегі мен еңбегін сіңіргені мәлім.

Қазақ профессионал әдебиеті мен өнері бастан кешкен жедел даму жолын кинода Шәкен қайталай отырып, жаңа мамандығының құпияларын аша бастады. Кинорежиссерлікке үйрену мерзімі тым қысқа болған суреткер жолы, көрермендерді ортақол фильмдермен алдаусыратып, дербес демалысқа шыққанша кәсібін үйренумен жүретін режиссерлерден мүлдем ерекше, тағылымы мол жол. Режиссерлікті 1953 жылы Ғ. Мүсіреповтің «Қозы Көрпеш – Баян сұлу» пьесасы бойынша «Махаббат туралы поэма» атты фильм-спектакль қоюмен бастаған Ш. Айманов көрермендер мен кинематографистерді «Біздің сүйікті дәрігер» музыкалы кинокомдиясымен, фольклорлық аңыз бойынша қойылған «Алдар Көсемен» сүйсінтсе, О. Сүлейменовтың сценарийі бойынша соғыс тақырыбына арналған жаңа да бұрын-соңды болып көрмеген «Атамекен» кинолентасымен таң қалдырды және ең соңында «Атаманның ақыры» деген символистік атпен тарихи-революциялық екі сериялы фильм қойды. Содан осы фильмнің Москвада өткен премьерасынан кейін 56 жасында тосын да мезгілсіз қайтыс болды.

Өкінішке қарай, Шәкен аға өз мүмкіндігінің тек жартысын ғана жүзеге асыра алды. Заманында Шәкен ағаның кино саласында білімінің жетіспейтіні туралы талай дақпырттар болған. Бірақ өз шығармашылығымен бір фильмнен екінші фильмге көшкен сайын шеберлігінің арта түсуі, оның кинорежиссер мамандығын «инемен құдық қазғандай» өте терең де жете меңгергендігін сөзсіз дәлелдей түседі.

Шын мәніндегі халық суреткері Шәкен Айманов өзінің фильмдерін көрермендердің көбірек көргенін бар аңсарымен қалаушы еді. Бірақ, оның белгілі, танымал болсам деген ізгі ниеті, кейінгі жас режиссерлердің табысты көп түсіру үшін жартылай жалаңаштарды көрсетіп зорлық-зомбылық, төбелесу сахналарына қызығу сияқты әдеттермен мүлдем қабыспайтын. Ол нағыз суреткер болғандықтан өз шығармашылығын құр кәсіпке айырбастап, киноны табыс көзіне айналдырған емес, сондықтан да артына жақсы фильмдер қалдырды.

Бүгін біз басқа бір рухани ахуалды бастан кешудеміз, біздерге қандай жолдармен болса да ақша табу керек екенін құлағымызға құюға тырысады, ал мен болсам «бүгінгі күні Ш. Айманов, С. Қожықов, М. Бегалин өздерінің фильмдерін қоя алар ма еді» деген ойға қала беремін. «Қыз Жібек», «Мәншүк туралы ән», «Алдар Көсе» фильмдеріне демеушілік жасайтын көзқарақты азаматтар бүгінде табылар ма еді?! «Әй, қайдан болсын! Өйткені, бұл фильмдер – демеушіге де даңғаза жарнама болатын «Азия дауысы» конкурсы, думанды спорт немесе көзбояу қайырымдылық шаралары емес қой. Бұлардан өзіңді көрсете алмайсың. Сондықтан тағдыр әділдікке басып, оларды бүгінгі күнге жеткізбей, ұлттық киноның бүгінгі ахуалын көрсетпей өмірден алып кеткен шығар.

Бір кездерде гүлденіп, өркен жайған киностудия қазір, әйтеуір, өлместің күнін кешуде. Кино үйінде фильмдерді көрсетудің орнына, шетелден әкелінген небір жиһаздар, жатын бөлменің гарнитурлары назарларыңызға ұсынылады. Ал, шығармашылық бостандықты жүрдім-бардым деп түсінген режиссер, айталық, өзі қойған фильмді өзі қабылдайды. Неге десеңіз, ол кинобірлестіктің жетекшісі, тәуелсіз киностудияның президенті, тіпті болмай бара жатса кинокартинаның демеушісі. Бір сөзбен айтқанда кино өз-өзіне сұқтанған Нарцистің (ежелгі грек аңызының кейіпкері – ред.) кебін киіп отыр. Өзімнің жазған сценарийім немесе повесім бойынша, көркемдік кеңессіз, редакторсыз-ақ, немесе өз ақшама әрине, банкіден несие алып кино түсіремін деушілерден аяқ алып жүре алмайсыз. Мұның бәрі советтік тоталитарлық жүйеден қалған дерт. Кезіндегі біртұтас мықты киностудия – құртымдай директорлары, көркемдік жетекшілері, финансистері, тек өзінен басқаны танымайтын режиссерлері бар кішкентай князьдіктерге бөлшектенуде. Ашғабадта өткен кинофестивальде қазақстандық жас режиссерлер бір-бірінің қойған киноларын бірінші рет көргенін білгенде таң қалмасқа болмады. Олардың жұмысбастылығы сонша, Алматыда бір-бірінің туындыларын көруге мұршалары да келмепті. Жастар киносының соры – өз қара басының қамынан аса алмаушылық, өзімшілдік болып отыр. Ал ең бастысы, өз таланттарына өздері сүйсініп жүрген жастарымыз көрерменнің рухани сұранымын ойлап бас қатырмайды.

Кинематографқа деген бүкілғаламдық махаббат иесі жастарда қазақ киносынан, мәселен, бір әйелмен бірге тұрған ағайынды екі жігіт “Әзәзіл” фильмі немесе таңның атысынан күннің батысына дейін апиын тартып, арзан шарап ішіп, «өмірдің жоқ қызығы» деуден танбайтын жас жігіт «Сұрғылт үштағанда» фильмі туралы фильмдердегідей сенсация ғана күтетін батыс кинофестивальдары қазылар алқасының таным-талғамына бейімделу басым.

Жастар киносы айналадағы өмірдің келеңсіздігі кеңес қоғамының соңғы дем-дірілі, ақыр ағында өздерінің жан дүниесінің үйлесімсіздігі туралы баяндайды. Бір сөзбен айтқанда, бұл – қайта құрудан кейін рухани-адамгершілік бағдарын жоғалтқан, уақытқа сай кино.

Енді, «мұның бәріне Ш. Аймановтың қандай қатысы бар?» деген сауал туындауы мүмкін. Жауап біреу - тікелей қатысы бар. Ұлттық кинематография қиын кезеңді бастан кешіп, кинотеатрлар мен телеканалдар тек батыстың сұрқай, әдепсіздікті, жауыздықты, қара күшті уағыздайтын киноөнімдерге шырмалып; ал фестивальдік қазылар алқасына ұнауды басты мақсат етіп алғандай, сондықтан да өз көрерменінің жүрегіне жол таба алмай, тіпті оны мақсат етіп те отырмағандай жас киногерлер, «жаңа толқын» бар – тап қазіргі кезде біз өзінің басты мақсатын жақын достары мен сыншылар үшін емес, тек көрермен үшін кино жасау деп түсінген Шәкен Аймановтың шығармашылық талғамын еске алуға міндеттіміз.

Өкінішке орай, біз барымызды бағалай алмағанымызбен қоса, жадымызда да сақтауға салғыртпыз. Киностудия Ш. Аймановтың есімімен аталады. Онда Шәкен ағаның кіші-гірім музей бөлмесі де бар. Бірақ мұның бәрі «аты бар да заты жоқтың» кері. Шынтуайтқа келгенде бұл музей С.Эйзенштейннің музейі сияқты болуы керек. Әртүрлі көрмелер, Айманов киносының күндерін өткізуі Ш. Аймановтың өмірі мен шығармашылығына арналған кітаптар, өмірбаяндар, естеліктер шығарылуы керек. Кинотанушы К. Айнағұлова кезінде Шәкен аға туралы естеліктер құрастырып, баспаға дайындаған еді. Ол қолжазба күйінде шаңға көміліп жатыр.

Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйініне келсек, Шәкен аға шығармашылық дәстүрін сақтау мен дамыту мәселесі ұмыт қалып барады. Бұл мәселеде «Қазақфильм», «Қазақкино», М. Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институты, тіпті үкімет тарапынан да ойласу жоқ. Себебі, біз әлі тәуелсіз мемлекет ретінде қалыптасып болған жоқпыз. Өзінің рухын, өткенін сақтап қалған мемлекет қана еркін де тәуелсіз мемлекет болмақ. Ендігі бар сеніміміз – Ш. Айманов қалдырған сабақтардың із-түзсіз жоғалмайтыны. Оның рухы мәңгі жарық, гуманистік өнері қазақ киносына қайтадан оралып отырады, ал үкімет материалдық және адамгершілік тұрғысынан ұлттық дәстүрімізді, өнерімізді қолдайды деп үміттенеміз.

Қолданылған материалдар:

  1. Қазақ әдебиеті № 10, 11 наурыз, 1994 жыл