Мақала
Тұңғыш қазақ кинорежиссері кім?
Шәкен Айманов қазақ киносының үшінші жаңғыруы туралы идеяны алға тартты. Себебі, іштей, «Амангелді» фильмін тұңғыш кино ретінде ұсынған тезистің осалдығын, ғылыми тұрғыдан объективті емесін сезінсе керек
Бөлім: Кино
Датасы: 12.09.2017
Авторы: Бауыржан Нөгербек
Мақала
Тұңғыш қазақ кинорежиссері кім?
Шәкен Айманов қазақ киносының үшінші жаңғыруы туралы идеяны алға тартты. Себебі, іштей, «Амангелді» фильмін тұңғыш кино ретінде ұсынған тезистің осалдығын, ғылыми тұрғыдан объективті емесін сезінсе керек
Бөлім: Кино
Датасы: 12.09.2017
Авторы: Бауыржан Нөгербек
Тұңғыш қазақ кинорежиссері кім?

12 қыркүйек – қазақ киносының күні ретінде аталып келе жатқанына 10 жылдан астам уақыт өтті. Бұл күнді Қазақстан киногерлерінің кәсіби, төл мерекесі ретінде атауды 2005 жылы ұсынып, оның ресми түрде бекітілуіне үлесін қосқан, жақында ғана дүниеден озған белгілі кинотанушы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, профессор Бауыржан Рамазанұлы Нөгербек болатын. Бұл күнді таңдау себебін Бауыржан Нөгербек еліміздегі ұлттық кино өндірісінің пайда болу кезеңімен байланыстырады. 1941 жылдың 12 қыркүйегінде Қазақ КСР Халық Комиссарларының №762 жарлығымен Алматы көркемсуретті фильмдер киностудиясы ашылады, яғни осы күннен бастап Қазақстанның төл киностудиясы (көркемсуретті фильмер студиясы, деректі-хроникалық фильмдер студиясы 1936 жылы ашылған) жұмысын бастайды.

Оқырман назарына Бауыржан Нөгербектің 25 жыл бұрын жарық көрген «Тұңғыш қазақ кинорежиссері кім?» деп аталатын мақаласын ұсынамыз. Бұл мақала қазақ киносының пайда болуы тарихына қатысты пікірталас тудыра отырып, ұлттық кино тарихымызға жаңаша, кеңестік идеологиядан ада, таза ғылыми, кинотанушылық көзқараспен қарауға мүмкіндік берді.

Баубек НӨГЕРБЕК, кинотанушы, PhD докторы


Ақылға салсақ, тұңғыш қазақ кинорежиссері алғашқы ұлттық фильмді қойған адам болуы тиіс. Алайда, кеңестік киноның көптомды тарихында, кеңестік көрерменнің бірнеше буынының санасында қазақ киносының бастау бұлағы «Амангелді» фильмі болғандықтан, демек, осы фильмді қойған Моисей Левин тұңғыш қазақ кинорежиссері.

Әйтсе де, бұл тұжырымның айтарлықтай осал тұсы бар – «Амангелді» алғашқы қазақ киносы емес. Парадокс, дегенмен, «Қазақ халқының алғашқы ұлттық киносы» жайлы мифті шығарушылар, М.Левинді қазақ кинорежиссурасының атасы деп жариялауға жүрексінді.

«Амангелді» фильмі ресейлік кинематографистердің Қазақстан хақында түсірген алғашқы жұмысы емесін растайтын дәйектер бар.

Қазақстан Республикасының Кино құжаттар мен дыбыс жазбалары орталық мемлекеттік мұрағатында мәскеулік кинематографистердің 1925-ші жылдан бастап түсірген деректі фильмдері сақтаулы. Солардың ішінде, әйгілісі «Востоккино» Бүкілресейлік акционерлік қоғамының режиссері В.Турин түсірген бей бөлімді «Түрксіб» фильмі. Танымал әлемдік кино тарихшысы Жорж Садульдің пікіріне сүйенсек, бұл туынды француз киносының дамуына да едәуір әсер еткен.

Отызыншы жылдары «Востоккино», «Востокфильм» тресттері Қазақстан аумағында деректі-хроникалық фильмдермен қатар, көркемсуретті кино түсіріп келген. Солардың алғашқысы – «Дала әндері» (1930) Қазақстанда кеңес билігінің орнауының он жылдығына арналған. Бұрынғы малай, қазіргі мемлекет қайраткерінің ролін сомдаған Серке Қожамқұлов еді. Бұл оның кинодағы дебюті. Одан кейін, «Жұт» (1931), «Дұшпандардың соқпағы» («Вражьи тропы») (1935) фильмдері түсірілді. Мұнда да негізінен идеологиялық тұрғыдан көкейкесті тақырыптар қозғалды: «қазақ еңбекшілерінің таптық санасының оянуы», «қазақ даласының жер асты байлығының игеріле бастауы», «ауылшаруашылығын ұжымдастырудың қиындықтары туралы, бай мен кулактардың қитұрқы әрекеттері туралы, кедейлердің жаңа өмір үшін жан алысып күрескені туралы». Қазақ киносының алғашқы тарихшысы Қабыш Сиранов Қазақстан киносының фильмографиясын «Көтеріліс» («Мятеж») (1928) фильмінен бастайды. Бұл Дм.Фурмановтың Верный (Алматы) қаласында орналасқан Қызыл Армияның Жаркент батальонының қилы тағдыры туралы баяндайтын осы аттас романының экрандалуы.

Көріп тұрғанымыздай, Қазақстан жайлы алғашқы фильмдер жиырмасыншы жылдары түсіріле бастаған. Алматы кинохроника студиясы «Союзкинохроника» трестінің қазақстандық базасында 1935-жылы құрылды. Ал, осы тресттің өзі «Кеңестік Қазақстан» атты арнайы киножурналын, сонымен қатар, бүкілодақтық киножурналға арнап хроникалық-деректі сюжеттер түсіру үшін 1933-жылы құрылған болатын.

Ал, дербес көркемсуретті фильмдер киностудиясының құрылуы Екінші Дүниежүзілік соғыс кезеңімен тұспа-тұс келді. Нақ осы шақта Алматыға «Мосфильм» мен «Ленфильм» студиялары көшірілген еді. Әйтсе де, іс жүзінде жалғыз ғана Орталық біріккен киностудиясы (ЦОКС) ғана жұмыс істеп келді. Сондықтан, көркемсуретті фильмдер Қазақстанда түсірілгенімен, республикамызда ұлттық фильм өндірісі жолға қойылмаған еді.

Қазақстанда кино өндірісі тек 1944 жылдан бастау алады. Яғни, сол жылы ЦОКС таратылып, кинохроника студиясы мен көркемсуретті фильмдер студиясы Алматы көркемсуретті және хроникалық-деректі фильмдер киностудиясына бірігіп, кейін оның аты «Қазақфильм» болып ауыстырылған-тын.

Басқаша айтқанда, Кеңес еліндегі «мәдени төңкеріс» тұсында қазақ ұлттық киносы ауық-ауық пайда болып отыратын: ұйымдастырушылық тұрғыдан – түрлі студия, трест, филиал іспетті, шығармашылық тұрғыдан – іс-сапармен келген Мәскеулік және Ленинградтық кинематографистердің түсірген көркемсуретті және деректі фильмдерінің кейпінде. Ұлттық киноның осылайша талай мәрте «пайда болуының» сыры мынада – біздің қоғамдық және жеке өміріміз секілді кино өнері де күштеп идеологияланған және биліктің ырқына қарай мифтер мен аңыздарға толы еді.

Осындай тұрақты мифтердің бірі «Ленфильм» киностудиясының қазақ жазушылары мен актерлерін жұмылдыра отырып түсірген «Амангелді» фильмін тұңғыш ұлттық кино туындысы дәрежесіне дейін көтергендігі. Қабыш Сиранов «Кеңестік Қазақстанның кино өнері» монографисында (Алматы, 1966) ұлттық кинематографтың тууын «Амангелді» фильмімен байланыстырады. Сірә, бұған көпшілік санасында осы пікірдің қалыптасып қалғаны әсер етсе керек.

"Амангелді" 1938

Әрине, қазақ киносының алғашқы туындысы ретінде «Амангелді» фильмін алға тартатын миф сол кезеңнің идеологиясы мен саясатының салдары. Кез-келген көрермен – «Ленфильм» түсірген «Амангелді» ­–­­ үгіт-насихат фильмдерінің, революционерлердің кинобиографиясының, ағайынды Васильевтердің «Чапаев» фильмінің жалғасы екенін түсінеді.

«Амангелді» фильмін қастерлеушілер мені дұрыс түсінер деген ойдамын. Фильмнің көркемдік жетістіктерін, мысалы, Е.Өмірзақов, Ш.Жандарбекова, С.Қожамқұлов, К.Бәйсейітова, Қ.Қуанышбаев, Қ.Бадыров сынды қазақтың ұлы актерлерінің ойынын сөз етіп отырғаным жоқ. Мен фильмнің «тапсырыспен» жасалғанын, осындай сипатқа ие болғанын меңзеп отырмын.

Фильм 1938 жылы түсірілді. Бұл мемлекеттік, анығында мемлекеттік-партиялық тапсырыс болатын. Мұны растайтын құжаттар сақталған. Қазақстан үкіметі Орталыққа 1916 жылғы ұлт-азаттық көтерілістің жетекшісі, халық батыры Амангелді Иманов жайлы фильм түсіру туралы өтініш білдірген. Тоталитарлық билік миф жасауға мұқтаж болатын, ал, аңызға айналған халық батыры Амангелдінің өмірбаяны олардың бұл мақсатын орындауға сай келіп тұрды. Сондықтан, «өтініш» жерде қалмады.

Әдеби сценарийді жазуға Қазақстан мәдениетінің көрнекті қайраткерлері Бейімбет Майлин һәм Ғабит Мүсірепов ат салысты. Олардың тағдыры да заманына сай өрбіді. Фильм экранға шықпай жатып, Бейімбет Майлин репрессияға ұшырағандықтан, оның есімі не титрда, не «алғашқы фильмнің» жарнамалық афишаларында, не мақтауға толы мақалаларда аталмайды. «Хрущев жылымығына» дейін осы фильм авторларының бірінің есімінсіз қала берді. Бірақ, миф жасауға, сталиндік социализм гүлденген шақта қазақ киносының тууы жайлы миф жасауға қызмет етті. Қазақ әдебиетінің классигі, жазушы, драматург Ғабит Мүсірепов те баспадан шыққан «Амангелді» фильмінің әдеби сценарийінің авторлар тізімінен «түсіп» қалған. Ал, шын мәнінде, киноповесть Мүсірепов пен Майлиннің пьесасының негізінде жазылып, Қазақстанда туған мәскеулік жазушы Всеволод Иванов осы материалды сценарий ретінде жазғаны белгілі. Көпшілік сілтеме жасайтын «Ұлттық фильмдердің сценарийлері» (Мәскеу, 1939) жинағында сценарийдің мұқабасында жалғыз-ақ Всеволод Ивановтың есімі жазылғанын көргенімде жағамды ұстағаным рас.

Алғашқы қазақ кинотанушысы Қабыш Сиранов пен ұлттық кинодраматургияның зерттеушісі Камал Смайылов осы бір тарихи әділетсіздікті елемей қойғаны таң қалдырады. Бәлкім, осының өзінен-ақ, ондаған жылдар бойы мысымызды басып келген, бойымызға сіңген көнбістіктің салдарынан айналамыздағы кез-келген жайтты қалыпты ретінде қабылдауымыздың белгісін тануға болар.

Қалай болған күннің өзінде, «Амангелді» фильмі мен сценарийінің авторлығына қатысты мәселе біздің мәдениетіміз бен тарихымызға абырой әкелмейтіні анық.

Өкінішке қарай, әлі күнге дейін «Амангелді» тұңғыш фильм, қазақ киносының «бастау-бұлағы» деуден жалықпай келеміз. Мен, 1980 жылы республикалық «Өнер» баспасынан, ленинградтық журналист А.Назаровтың құрастыруымен шығарылған «Тұңғыш қазақ киносы» атты естеліктер жинағын айтып отырғаным жоқ. Бұл өткен іс. Алайда, әлі күнге дейін қазақ киносы туралы барлық баяндамалар мен басылымдарда осы «тарихи дәйек» қайталанып келеді, көпшіліктің санасына құйылып келеді.

Егер, ленфильмдіктер түсірген, халық батыры туралы «Амангелді» фильмі алғашқы қазақ көркемсуретті киносы болса, демек, «Түрксіб» деректі-хроникалық фильмі де Қазақстан деректі киногерлерінің алғашқы еңбегі. Материалға қарап, өнердегі «ұлттық» сипатты айқындауға болмайды. Айталық, Ресей кинематографистері жапон режиссері Акира Куросаваның Ф.М.Достоевскийдің «Нақұрыс» («Идиот») романының негізінде түсірген әйгілі фильмі – орыс кинематографының шедеврі деген ойдан аулақ қой. Ал, біздің жағдайда дәл солай. Себебі, идеология бәрінен жоғары қойылып келді – ой-санамыздан, халықтардың табиғи тарихи дамуынан, мәдениеттен, тіпті, қарапайым логикадан да.

Осындайда, қазақ ұлттық киносының тууын қай кезеңнен, қай фильмнен бастау керек, деген сұрақ туындайды. Менің ойымша, ұлттық кино өнері деген ұғымды ашатын екі дүние барын ешкім жоққа шығармас: кино өндірісінің меншікті базасы мен ұлттық кадрлар.

«Амангелді» фильмі түсірілген отызыншы жылдары бірімен бірі сабақтасып жатқан осы екі фактор болған емес. 1938 жылы көркемсуретті фильмдерді жасайтын өндірістік база, тиісінше, кинематографиялық мамандықтарды игерген ұлттық кадрлар болған жоқ. Ал, әдеби-көркем, ғылыми-педагогикалық зиялы қауым өкілдері жоспарлы түрде жойылып келді. Кино да бұл нәубетті айналып өткен жоқ. «Востоккино» тресті таратылды, ал, әйгілі жазушы, қоғам қайраткері, кинотресттің сценарлық бөлімінің жетекшісі, алғашқы қазақ кинематографистерінің бірі Ілияс Жансүгіров репрессияға ұшырады. Тек, жоғарғы жақтың пәрменімен ұйымдастырылған Алматы кинохроника студиясы ғана қазақ даласындағы социализм «жеңісі» жайлы сюжеттерді үздіксіз түсіріп жатты. Қанды террор, күштеп ұжымдастыру, Сталин мен Голощекиннің қитұрқы ұлттық саясаты жүзеге асырылып жатқан шақта алғашқы қазақ киносын түсіру кімнің ойына келер?! Алайда, шындық сол – кеңестік биліктің мемлекеттік-партиялық диірмені мінсіз жұмыс істеп жатты – Мәскеуде КСРО халықтарының мәдениеті мен әдебиетінің мерекелік декадалары ұйымдастырылды, ұлттық мәдениетті дамыту туралы қаулылар шығарылды. Тап мұндай жағдайда, халықтың «Амангелді» фильмін қуана қабылдағаны заңды да. Қайталап айтайын, мен бұл фильмнің көркемдік жетістіктерін сөз етіп отырғаным жоқ. Сөйтіп, «Ленфильм» түсірген «Амангелді» фильмі орыс ағайындардың көмегімен түсірілген алғашқы қазақ көркемсуретті фильмі деген ой да санаға сіңірілді. Алайда, кино өнерінің тарихы бұл «дәйекті» жоққа шығарады.

«Амангелді» фильмін тұңғыш фильм ретінде телудің салдарынан, республикамыздың ұлттық кинематографының тууы мен дамуы туралы объективті ой түюден қалдық.

Бұл мақаланың көлемі, Қабыш Сирановтың «Кеңестік Қазақстанның кино өнері» монографиясындағы қазақ киносы тарихының кезеңдеріне кеңірек тоқталуыма мұрша бермей тұр. Қысқаша айтқанда, Сиранов ұлттық киноның дамуының мынадай негізгі кезеңдерін бөліп қарастырады: бірінші (1926-1937 жж.), екінші (1938-1945 жж.), үшінші (1946-1952 жж.), төртінші кезең 1953 жылдан басталады.

Қ.Сирановтың тұжырымы бойынша, орыс кинематографистерінің Қазақстан жайлы түсірген фильмдері, ұлттық киноның бастауы. Олай болса, неліктен тарихшы Қ.Сиранов «Түрксіб» пен «Дала әндері» фильмдерін, тиісінше, Қазақстанның деректі және көркемсуретті фильмдерінің алғашқылары деп атамайтыны күмән туғызады. Оның үстіне, бұл фильмдерді «Востокфильм» (1929) және «Востоккино» (1930) түсірген. Осы дәйектерге қарамастан, алғашқы қазақ киносы ретінде «Ленфильм» киностудиясы бірнеше жылдан кейін түсірген «Амангелді» фильмі айтылады. Ал, мұның сыртында, Алматы көркемсуретті және деректі фильмдер киностудиясының алғашқы туындысы, 1945 жылы М.Әуезовтің сценарийі бойынша, Г.Рошаль мен Е.Арон түсірген «Абай әндері» фильмін қайтеміз?

Яғни, жоғарыда келтірілген қазақ киносының кезеңдері ұлттық кадр мен кино өндірісінің базасы сынды маңызды факторларды ескермейді. Объективті тұрғыдан алғанда, «Абай әндері» фильмін қазақстандық кино өндірісі базасында, ұлттық тақырыпта, қазақ актерлерінің қатысуымен орыс кинематографистері түсірген алғашқы республикалық кино деп атауымызға толық негіз бар.

Шәкен Айманов

Ұлттық киноның тарихының кезеңдеріне қатысты идеологияланған, ғылыми емес әдістеме болғандықтан, Шәкен Айманов қазақ киносының тууына қатысты өз пайымын алға тартады. Алғашқы қазақ кинорежиссері Шәкен Аймановпен ұзақ жылдар бойы жұмыс істеген кинооператор Марк Беркович, өзінің естелік кітабында Шәкен ағаның қазақ киносы жайлы ойларымен бөліскен сұхбатын келтіреді. Шәкен аға республикамыздың кино өнерінің рухани тұнығын халқымыздың ежелгі мәдениетінен, аңызға айналған Қорқыт атаның күйлерінен, Абай мен Махамбеттің әндері мен өлеңдерінен, Шоқан Уәлиханов пен Мұхтар Әуезовтың шығармаларынан іздеуіміз керегін алға тартады. Ал, Қазақстандағы киноның пайда болуына қарасты айтсақ, оның үш кезеңі болған: бірінші – хроника, киножурналдардың түсірілуі, республика жайлы алғашқы деректі фильмдердің шығуы; екінші – Қазақстан материалы негізінде түсірілген көркемсуретті фильмдер – «Амангелді», «Райхан», «Абай әндері», «Алтын мүйіз», «Жамбыл». Республикамыздың ұлттық киносының қалыптасуына орыс кинематографының ерекше әсер еткенін айта келе, Айманов былай дейді: «Кинода алғашқы қарлығаштың өзі көктемнің белгісіндей. Сондықтан, 1953 жылы режиссер Карл Гаккельмен бірге түсірген «Махаббат туралы аңыз» фильмім, маңызды кезең. Шындығын айтқанда, бұл осал фильм. Оны фильм деп айтудың өзі артық, бұл Ғ.Мүсіреповтың «Қозы Көрпеш – Баян сұлу» пьесасы бойынша түсірілген фильм-спектакль. Дегенмен, бұл біздің үшінші жаңғыруымыз, себебі, өз күшімізбен фильм түсіре бастадық. Ұлттық кинематография басталды» (М. Беркович. Кадры неоконченной ленты. Алматы. Өнер, 1984, 141 б.).

Шәкен Айманов қазақ киносының үшінші жаңғыруы туралы идеяны алға тартты. Себебі, іштей, «Амангелді» фильмін тұңғыш кино ретінде ұсынған тезистің осалдығын, ғылыми тұрғыдан объективті емесін сезінсе керек.

Бауыржан Нөгербек

Меніңше, Шәкен Айманов ұсынған қазақ киносының пайда болуының кезеңдері – ғылыми тұрғыдан толық негізі бар пікір. Әрине, ұлттық киноның үш мәрте пайда болуы туралы идеяны ысырып тастасақ болғаны. Дәл осындай ойдың айтылуының өзінен стереотиптердің қаншалықты күшке ие екенін аңғаруға болар. Шәкен Аймановтың ерлігі сол, ол бірінші болып, көпшілікке мәлім «дәйектерге» басқа қырынан қарай алды.

Республикалық кинематографты мынадай негізгі кезеңдерге бөліп қарауға болады. Бірінші – 40-шы жылдар мен 50-ші жылдардың алғашқы жартысы, фильмдерді жасауға қазақ шығармашыл зиялы қауым өкілдерін тарту, меншікті кинематографиялық база – Алматы көркемсуретті және деректі фильмдер киностудиясының құрылуы, ұлттық кадрларды даярлаудың басталуы. Екінші – 50-ші жылдардың екінші жартысы – ұлттық кинематографтың пайда болуы, ұлттық кадрлардың көркемсуретті және деректі фильмдерді түсіре бастауы, қазақ кинорежиссурасының, кинодраматургиясының пайда болуы, Ораз Әбішев, Шәкен Айманов, Мәжит Бегалин, Сұлтан Қожықовтың шығармашылығының басталуы. Үшінші – 60-70-ші жылдар, қазақ ұлттық киносының қалыптасуы, Шәкен Айманов, Мәжит Бегалин шығармашылығының толысқан шағы, қазақ мультипликациясының, ғылыми-көпшілік киносының пайда болуы. Және де төртінші – қазіргі кезең, Серік Апрымов, Рашид Нұғманов, Талғат Теменов, Сергей Әзімов, Ораз Рымжанов, Владимир Тюлькин сынды жас режиссерлердің шығармашылығымен тығыз байланысты кезең, көркемсуретті кинода «жаңа толқынның» пайда болуы.

Қазақстан аумағында Мәскеу мен Ленинград кинематографистері 20-шы және 30-шы жылдары түсірген алғашқы хроникалық сюжеттер мен деректі фильмдерді ұлттық кино өнерінің пайда болуы кезеңіне жатқызуға болмайды. Себебі, ол шақта меншікті кинематографиялық база мен жергілікті кадрлар болған жоқ. Бұл кезеңді – орыс кинематографистерінің шығармашылығындағы Қазақстан тақырыбы тұрғысынан қарастыруға болады. Бірінші кезең – 40-шы жылдар мен 50-ші жылдардың алғашқы жартысы Қазақстан кинематографының пайда болуының алғы шарты іспетті. Ал, нағыз ұлттық киноның пайда болуы 50-ші жылдардан бастау алады. Анығын айтқанда – Шәкен Аймановтың 1953 жылы түсірген «Махаббат туралы аңыз» атты режиссерлік дебютінен басталады.

Қазақ кино өнерінің тарихын 1938 жылдан 1953 жылға дейін 15 жылға қысқарту, «жасарту» көп дүниені өзгертеді. Ең маңыздысы біз ұлттық кино тарихына миф туындысы ретінде емес, ғылыми пән ретінде қарай аламыз.

Сонымен, тұңғыш қазақ кинорежиссері – Шәкен Кенжетайұлы Айманов. Біз ұлттық кино өнерінің пайда болуын оның есімімен байланыстыруымыз керек.

1992 ж.