Мақала
Қазақтың латындық әліпбиі жөнінде
Серікбол Қондыбайдың бұл мақаласы жазылып, жарияланғанына 16 жылдан асса да өзектілігі еш кеміген емес. Керісінше, бүгін де күн тәртібінде тұрған «Латын әліпбиіне көшу мәселесі» айналасында ескермесе болмайтын маңызды түйткілдерді өткір түйіндейді. Тіпті, латын әліпбиіне көшудің түпкі мәнін де тап басып көрсетеді. Сондықтан, бұл игі іске белсенді пікір білдіріп, оң шешілуіне атсалысып жүрген көзқарақты әр азамат ұлы ғалымның пікірін ескереді деген ниетпен мақаланы назарларыңызға ұсынуды жөн көрдік
Бөлім: Мәдениет
Датасы: 23.04.2017
Авторы: Серікбол Қондыбай
Мақала
Қазақтың латындық әліпбиі жөнінде
Серікбол Қондыбайдың бұл мақаласы жазылып, жарияланғанына 16 жылдан асса да өзектілігі еш кеміген емес. Керісінше, бүгін де күн тәртібінде тұрған «Латын әліпбиіне көшу мәселесі» айналасында ескермесе болмайтын маңызды түйткілдерді өткір түйіндейді. Тіпті, латын әліпбиіне көшудің түпкі мәнін де тап басып көрсетеді. Сондықтан, бұл игі іске белсенді пікір білдіріп, оң шешілуіне атсалысып жүрген көзқарақты әр азамат ұлы ғалымның пікірін ескереді деген ниетпен мақаланы назарларыңызға ұсынуды жөн көрдік
Бөлім: Мәдениет
Датасы: 23.04.2017
Авторы: Серікбол Қондыбай
Қазақтың латындық әліпбиі жөнінде

Былтырғы жылдың басында Елбасының теледидар арқылы берген сұхбатында айтылған қазақ жазуын латын графикасына көшіру мәселесіне қатысты айтқан сөзі 90-жылдардың басында көтеріліп, артынан бәсеңсіп кеткен үлкен шаруаны қайтадан күн тәртібінің алдыңғы қатарына шығарғаны айқын. Осы латын әріптерін қазақ тіліне үйлестіру мәселесінде әлденеше түрлі ұсыныс айтылып жатыр. Олардың бірін баспасөз бетінде көрсек, біраз бөлігі сол жарияланбаған күйінде қалып жатқанын жорамалдауға болады. Ұсыныс көп, бірақ оларды қарастырып, саралайтын бір жауапты орталықтың болуы, яғни, жаңа қазақ әліпбиін жасауды жүзеге асыратын «бір мекеменің» болуы әлі ешкімді ойландырып көрмеген сияқты. Ал ондай орталық керек, әйтпесе айтылған сөз, ұсыныс далаға кетеді.

Жаңа қазақ әліпбиін жасауда қолданылар негізгі принциптер мен «неге жазу ауыстырмақпыз?» деген бастапқы сауалға жауап беру жағы әлі күнге дейін шешілмеген. Көріп жүргеніміздей, осындай сауал қойылғанда жауап берген ғұламаларымыз бен зиялы қауым өкілдері осы сауалдың негізгі мәніне үңіле алмай, тек үйреншікті, жанама мәселесіне ғана тоқталады. Бұлар негізгі емес, қосалқы шарттар ғана.

Жазудың жаңа жобасын ұсынатындар ең басты тілдік болмыс, ақиқат ретінде бүгінгі орыс жазуы енгізілуімен қалыптасқан тілдік ережелер базасын алмақшы болды. Ал бұл – басты кемшілік, өйткені қазақ сөздерін дұрыс айтуда (орфоэпия), дұрыс жазуда (орфография) қалыптасқан олқылықтар ең алдымен осы орыс тіліне бейімделуден екендігін көріп жүрміз. Табиғаты бөлек бір тілді екіншісінің ережесіне ыңғайластыру қазақ тілінде қосымша, іс жүзінде керексіз жаңа ережелерді қаптатуға алып келді.

Бүгінгі тіліміздің жазуы кезінде тек орыс графикасына ғана емес, ең алдымен, орыс тілінің табиғатына бейімделгені жасырын емес, оның салдары – бүгінгі қазақтың әдеби тілінде өз тіліміздің ережелері көп жағдайда орындала бермейді. Мәселен, абсолют дыбыс үндестігіне сай жазылып жүрген «қазір», «кітап», «әфсана», «биология» жуан дыбысты нұсқада – «қазыр», «кытап», «афсана», «биология», ал жіңішке нұсқада – «қәзір», «кітәп», «әфсене», «биөлөгиә» болып жазылуы тиіс, ал біз оны екі нұсқасының біріне сөзді бейімдеудің орнына қойыртпақ сөздерді жасадық. Сол сияқты дәстүрлі тілімізге сай жатық «ысмайыл», «ысқабыл», «ырамазан», «ілеген» деген сөздерді «смаил», «сқабыл», «рамазан», «леген» сияқты жарымжан сөздерге айналдырдық, мұндай шала сөздер тілдік қорымыздың елеулі бөлігін құрап отыр.

Қазақ жазуының негізгі принциптері қандай және олар ең алдымен неге үйренуі тиіс?

Біріншіден, ең басты тірек – қазақ тілінің пайда болғаннан бергі заңдылықтары мен ережелері. Қазақ тілінің табиғи заңдылықтары толықтай және дауласпайтын заң ретінде қабылдануы тиіс. Мәселен, қазақ тіліне тән бастапқы, абсолютті үндестік (сингармонизм) заңының бұлжымауы.

Кез келген, мейлі өзіміздікі, мейлі шетелдікі болсын, сөзді жазғанда қазақ тілінің табиғи заңдылығы қолданылуы тиіс.

Ең бастысы – тіліміздің бастапқы ерекшелігі мен ереже-заңы абсолют болуы тиіс, ал барлық басқа үлкенді-кішілі мәселелер ең алдымен және міндетті түрде осыған сай болуы керек. Оған сай келмесе сәйкестендіріліп, бейімделуі тиіс. Бізде әу бастан (араб жазуын қолданған кезде де, орыс жазуын қолданған кезде де) осы ережелер ескерілмей, бәрі керісінше болып кетеді. Осыны түсіне алмаған үлкен тіл мамандарына таңғалатынымыз жасырын емес.

Қазақ тілін латын жазуына көшірудің басты лейтмотиві – айтылып жүрген компьютер мен интернет, ортақ түркі жазуы мәселесі емес, басты лейтмотив – екі тілдік (орыс пен қазақ) қатар өмір сүру және тілдік теңсіздік ақиқаты (реалдығы) жайындағы психологиялық фактор. Оны қарапайым сөзбен түсіндірер болсақ, тілімізде қалыптасып, жазуға үйреншікті, көзтаныс болып кеткен сөз жазу қателіктерін қазақ тілінің табиғи заңдылығына сай өзгерту – санамызда «жаңаша жазуды ерсі көру» психологиясын туғызды. Мәселен, бүгінгі тілдегі «директор», «завод», «трактор» сөздерін тіл табиғатына сай «деректір», «забот» (зауыт емес), «трақтыр» деп айтып жүргенімізбен, сол сөздерді дәл осылайша жазуға келгенде іркіліп қаламыз. Өйткені бұл біртүрлі ерсілеу, әрі сауатсыздау, яғни «қалхозбайлау» сияқты, бұлай етуге, қазақ тілін шала білетіндерді айтпағанда, жақсы білетіндердің басым бөлігі дайын емес. Міне, осы тұста орыс графикасы осы «ерсілік психологияны» өршіте түсетін ең басты фактор болып отыр. Орыс тілімен қатар, аралас өмір сүрген заманда бір сөзді бір әріппен екі түрлі нұсқада (бірі – бүгінгі орыс тіліне сай қалыптасқан сөздер, екіншісі – қазақ тілі табиғатына сай болуы тиіс сөздер) жазу осындай психологиялық тұрғыдан мүмкін емес. Жаңа орыс жазуынан басқа жазуға көшу – осы мәселені шешуге арналған шаруа. Әлгі «ерсі» болып көрінетін «забот», «трақтыр», «стансы», «пошты», «деректір» сөзін жаңа жазумен беріп көрелікші – zabot, traktir, stansi, posti, derektir болып шығады, мұнда жазу жаңа болған соң, ешқандай ерсілік жоқ, тек қана жаңалық бар. Яғни жазу да жаңа, тіл заңдылығы мен ережесі де жаңа (дәлірек айтсақ, тілдің табиғатын ескеретін ежелгі жөн-жосық).

Екіншіден, тілдің абсолют (сингармонизм) заңын қалпына келтіру, оны қатаң сақтау, бәрін соған бейімдеу ала-құла болып отырған тілімізде сөздердің көп варианттылығын (рақмет, ырақмет, рақымет сияқты) жойып, барынша рационалды (үнемді, ықшам) сөздік қорды қалыптастырады. Бұл, өз кезегінде, тілді де табиғи рационализмге алып келеді және ақырында өте ықшам әрі рационал жаңа жазу жасауға мүмкіндік береді.

Тілдің табиғи ережелерін қатаң сақтайтын жазу (бұндай жазу жалпы түркілерде тек «орхон-енисей» әліпбиінде ғана болған, одан кейінгі мың жарым жыл ішінде бірде бір әліпби осы ережелерді ескеріп көрген жоқ, бұл орыс жазуына да, араб жазуына да қатысты айтылып отыр) өзінің қасиетін жоймайтын консервативтік құрылымға айналады да, қанша уақыт өтіп, тілдердің сөздік құрамы мен құрылысында, сөздердің айтылуында үлкен өзгешеліктер пайда болса да, әліпби өзінің бастапқы өзгермейтін қасиетін сақтап қалады. Мәселен, бүгінгі ағылшын, француз тілдерінің әліпбиі XIV-XVI ғасырларда қалыптасқан, яғни жазу сипаты сол заманғы тіл ережесін сақтаса, сөйлеу тілі адам танымастай өзгерістерге ұшырап отыр. Дәл осындай бастапқы ережеге сүйенген жаңа қазақ әліпбиінің жасалуы дұрыс болса, енді бірнеше ғасыр өткен кезде де бүгінгі қасиеттерін сақтайтын болады.

Енді интернет-компьютер мен ортақ түркі жазуы туралы бірер сөз айтсақ: біріншісі – көңіл бөлерлік мәселе, яғни қазақ тілінің компьютер жүйесіне бейімделуі өмір талабы, оған дау жоқ, ал екіншісі – түркі халықтарының ортақ жазуы – жеке тілдің тағдырын аяққа басатын, тілді іштен бұзатын «бом­ба». Ортақ жазу мәселесінде басты нысан болып отырған бүгінгі анадолы түріктері қолданып отырған латын жазуы – бастапқы түрік тілінің табиғатын ескермей жасалған жазу, осының салдарынан түріктер «қ», «ң» сияқты түркі тілінің табиғи дыбыстарынан айырылып қалды. Осындай дыбыстардан айырылып қалу әзірбайжан тіліне («ң» дыбысы «н» болып кетті), қырғыз тіліне (оларда «қ» дыбысы жоғалды) де тән. Жоқтың аты жоқ. Бір кезде жіберілген өрескел қателіктер бүгінде сол тілдердің реалды заңдылығына айналып кетті. Сондықтан олардың жазуларындағы қателіктердің бір-екі ұрпақ ауысу кезінде қандай қайта жөнделмес өзгерістер әкелгенін көре отырып, араб жазуында да, орыс жазуында да шалағайлықтан құтыла алмаған қазақ тілін енді латын жазуынан туындар тағы бір шалағайлыққа саналы түрде құрбандыққа шалып жібермекпіз бе? Оның үстіне, «жазуы ортақ болса, бірінің жазуын екіншісі оқиды» деу бос қиял ғана, герман тілдерінде сөйлейтін және бір жазуды пайдаланып отырған неміс, швед, норвег, исланд, дат, ағылшын тілді жұрттар бір тілде сөйлеп отыр ма? Неміске де қазақ сияқты ағылшын, не швед тілінде сөйлеу, оқу үшін сол тілді басқа жұрттардай оқуға тура келеді. Сондықтан жазуы бірдей болған күннің өзінде қазақтың өзбек, түрік, әзірбайжан тілінде оқу, жазу үшін сол тілдерді дұрыстап үйренуге тура келеді, ал сол тілдерде тек қана түсінісіп, сөйлесу үшін жазу ортақтығының тікелей қажеттігі шамалы. Түрік әліпбиіне де сын көзбен қарап, оны сөзсіз үлгі ретінде қарастырғанды тоқтату қажет.

Міне, осыларды ескере отырып, қазаққа тек өз тілінің о баста қалыптасқан жөн-жосығына сай жаңа жазуын қалыптастырып, өз тілінің проблемаларын сол жаңа жазу мен бастапқы табиғи ережеге сай шешіп алуы керек. Сонда ғана қазақ тілі үйренуге де, жазуға да жеңіл, тұрақты әдеби негізі бар тілге айнала алады. Тек ең бастысы – бұл шараны жүзеге асыру қолында айқын билігі болмаса да ықпал ету тетіктеріне ие, яғни өз білгенін ғана қабылдаттыру жолдарын білетін бір академиктің немесе бір мүдделі зиялы топтың сыбағасына айналмағаны жақсы, бұл мәселені келісе отырып шешу керек.

«Жас Алаш» газеті, 2001 жыл, 25 қаңтар
Толық шығармалар жинағы 15-том 183-187 б.б.