Бурса қаласында «Ұлы дала рухы» атты көрме өтіп жатыр

2018 жылдың 26 қарашасында Көш тарихи музейінде (Бурса, Түркия) «Рухани жаңғыру» бағдарламасының аясында «Ұлы дала рухы» көрмесі ашылды. Ол  ХХ ғ.аяғы –  ХХI ғ. басындағы қазақстандық суретшілердің 32 кескіндемелік және графикалық жұмыстарын ұсынады. Көрме ҚР Мәдениет және спорт министрлігімен, халықаралық ТҮРКСОЙ ұйымымен және Ә. Қастеев атындағы ҚР Мемлекеттік өнер музейімен ұйымдастырылған. Мұның алдында көрме 14 қарашадан 24 қарашаға дейін Түркияның астанасы Анкарада сәтті өтті.
Бурса қаласында «Ұлы дала рухы» атты көрме өтіп жатыр

Бурса – Түркиядағы көлемі жағынан Стамбул, Анкара, Измирден кейінгі Мәрмәр теңізінің жағалауына жақын Улудаг тауының (2500 м) етегінде орналасқан төртінші қала. Бурса қаласы б.з.д. 2 ғасырда Вифиния облысында құрылды және өркендеуші мегаполиске айналды. Мұндай өркендеуге атақты Ұлы Жібек жолының өтуі үлкен ықпал етті. 14 ғасырға шейін мұнда византиялықтар билік жүргізді, кейін оларды селжұқтар ығыстырып Бурсаны Осман империясының алғашқы астанасына айналдырды. Бурса өзінің мешіттерімен, Осман империясының ерте кездегі монументтерімен, көптеген саябақтары мен әдемі тау бөктеріндегі ормандарымен танымал. XIV ғасырдағы Ұлы-Жәми мешіті (Үлкен мешіт) селжұқ стиліндегі 20 күмбезі мен қақпасымен өзіне назар аудартады.

Түркі мәдениетінің халықаралық ұйымы (ТҮРКСОЙ) түркі елдерінің әдебиеті мен өнері саласында түркі мұрасын сақтау мен түркі халықтарының нығаюына бағытталған көптеген жобаларды жүзеге асырып келеді. 2008 жылдан бастап бүгінге дейін Түркі мәдениетінің халықаралық ұйымының (ТҮРКСОЙ) Бас хатшысы қазақ музыканты, профессор, дипломат әрі қоғам қайраткері Дүйсен Қорабайұлы Қасеинов болып табылады.

 

Ә. Қастеев атындағы ҚР Мемлекеттік өнер музейі – қазақ бейнелеу өнерінің әлемдегі ең ауқымды коллекциясына ие Қазақстандағы ірі көркемсуретті музей. «Ұлы Дала рухы» көрмесі көшпенділер мәдениетінің, қазақтың тұрмыс дәстүрі, ұлттық ат-спорттық ойындары, дәстүрлері мен әдет-ғұрыптарының бірегей ерекшелігін көрсетеді. Ол қазіргі заманғы түркітілдес елдердің бейнелеу өнері, өткенге, тарихқа, оның аумағында болған ежелгі өркениеттерге, қазіргі заманғы адамзат проблемаларына және рухани ізденістерге деген үлкен қызығушылығының айқын үлгісі болып табылады.

32 кескіндеме және графика туындылары түрік көрермендері мен Бурсаның қонақтарын қазақстандық Евгений Сидоркин, Әбдірашит Сыдыханов, Дулат Әлиев, Ғани Баянов, Бахыт Бапишев сынды өнер шеберлерінің, сондай-ақ Марат Бекеев, Шамиль Гулиев, Нелли Бубэ, Асқар Есдәулет, Алмагүл Меңлібаева, Андрей Нода, Гүлжамал Тагенова, Алпысбай Қазығұлов және Вячеслав Люй-Ко сияқты қызықты заманауи суретшілердің шығармашылығымен таныстырады.

Музей директоры, профессор Гүлмира Шалабаева атап өткендей: «Көрме Қазақстанның заманауи өнерінің кең стилистикалық әртүрлілігін ұлттық бояуы мен өзіндік ерекшелігін айқын көрсете отырып, көрнекі түрде ұсынады. Ә. Қастеев атындағы өнер музейі шетелдік көрмелерді әр түрлі елдерде ұйымдастыру арқылы, қазақ өнерін халықаралық деңгейге көтеріп, әлемді төл мәдениетіміз, тарихымыз бен бейнелеу өнерімен таныстырады».

Клара Исабаева – Ә. Қастеев атындағы өнер музейінің баспасөз қызметінің жетекшісі.

Сізге қызық болуы мүмкін: