Әли Бақтыгереев – өзіндік этноромантикалық стильде жазатын сан бояулы көрнекті суретші. Кескіндеменің пластикалық-образдық жүйесін және алуан түрлі композициялық шешімдерді жете меңгерген. Суретшінің шығармашылығында ұлттық тақырып маңызды орын алады. Қылқалам шебері Ұлы дала халықтарының дәстүрлеріне, мәдениетіне, тұрмысына ден қояды. Ол суретші ретінде де, педагог ретінде де Қазақстан заманауи кескіндеме мектебінің дамуына зор үлес қосты. Ұстаздықпен өткен 25 жыл ішінде Ә.Бақтыгереев О.Таңсықбаев атындағы Алматы сәндік-қолданбалы өнер колледжінің қабырғасында тұтас бір ерен жүйрік суретшілер қатарын даярлап шығарды. Оның шәкірттері қазіргі таңда «Бақтыгереевтің мектебінен» шыққанын дәлелдеп, белсене жұмыс істеуде. Қ.Телжановтың, Ж.Қайрамбаевтың, К.Дүйсенбаевтың және т.б. шеберханалары сияқты Ә.Бақтыгереевтің шеберханасы да аса танымал.
Суретші 1962 жылы 15-сәуірде Қызылорда облысының Арал ауданында Құланды деген шағын елді мекенде дүниеге келді. 1984-1989 жылдары Н.В.Гоголь атындағы Алматы көркемсурет училищесінде оқыды. Одан кейін Т.Қ. Жүргенов атындағы Алматы мемлекеттік театр-көркемсурет институтында білімін жалғастырып, жоғары білім алды. 1994 жылдан бері О.Таңсықбаев атындағы Алматы сәндік-қолданбалы өнер колледжінде арнаулы пәннен сабақ береді. ҚР Суретшілер Одағының мүшесі. Көптеген республикалық, қалалық және халықаралық көрмелерге қатысты.
Экспозицияға суретшінің 80 шақты жұмысы қойылды, оның 40-тан астамы суретші өз шығармашылығының әр түрлі кезеңінде жазған кескіндемелік картиналары. Көрермендер Ә.Бақтыгереевтің «Көш» (2010), «Батыр» (2010), «Күннің батуы» (2010), «Әуез» (2015), «Өмір» (2014), «Кеш» (2019) және т.б. жұмыстарын тамашалайтын болады. Көрменің екінші бөліміне оның халықаралық және республикалық конкурстардың жеңімпаздары болған шәкірттері мен жас суретшілердің туындылары қойылған суретшінің шеберханасы ұсынылады.
«Алау» топтық көрме екендігіне қарамастан, экспозицияның басты бөлігін Ә.Бақытгереевтің туындылары құрайтындықтан, көрмені бейнелеу өнері шеберінің өзіндік бірінші жеке көрмесі деп айтуға болады.
Көрме 2019 ж. 11қазан – 3 қараша аралығында өтеді.
Еркежан Омарова
көрме кураторы