"Атбайдың шайқасы" Якутск кинофестивалінде жеңіске жетті

Режиссер Әділхан Ержановтың "Атбайдың шайқасы" фильмі VI Якутск Халықаралық кинофестивалінің "үздік фильмі" атанды.
"Атбайдың шайқасы" Якутск кинофестивалінде жеңіске жетті

Бастапқыда кинофестивальді 18-22 наурыз аралығында Якутск қаласында толыққанды форматта өткізу жоспарланған болатын, алайда коронавирус індетіне байланысты оны "жабық режимде" өткізіп, тек қазылар алқасы үшін қатысушы фильмдердің көрсетілімі ұйымдастырылып, жеңімпаздарды жариялау туралы шешім қабылданды. Халықаралық қазылар алқасын ресейлік кинорежиссер Борис Хлебников ("Коктебель", "Аритмия") басқарды, сондай-ақ оның құрамына режиссерлер Эдуард Новиков пен Элла Манжеева енді.

"Жеңімпаз фильм "Атбайдың шайқасы" - бұл әркелкі кейіпкердің таңқаларлық оқиғасы, басында ол жағымсыз боп көрінгенімен, соңына қарай оның қайғылы өмірін түсіне, сезіне бастайсың. Қарапайым оқиға өте керемет тілмен айтылған. Бұл оқиғаның айтылу мәнерінің өзінде бір сиқыр жатыр. Әрине бұл басты жүлде", - деді қазылар алқасының төрағасы Борис Хлебников.

"Фестиваль командасы мен бағдарламалық директор Алексей Медведевке алғысым шексіз! Мұндай қиын уақытта кино мен өнер үшін күресетін нағыз жанашырлар бар екенін мойындауымыз керек. Сонымен бірге, қазылар алқасының барлық мүшелері мен менің сүйікті ресейлік режиссерлерімнің бірі Борис Хлебниковқа "Атбайдың" жеңуіне мүмкіндік бергені үшін рахмет. Сондай-ақ, фильмнің бүкіл командасын осы жеңіспен құттықтаймын және баршаңызға денсаулық тілеймін!" - деді Әділхан Ержанов.

"Short Brothers" және "Arizona Productions" компанияларының қатысуымен "Sunny Production"компаниясы жасаған картинаның әлемдік тұсаукесері өткен жылы 35-Варшава Халықаралық кинофестивалінің негізгі конкурстық бағдарламасында өткен болатын. Фильмнің бас продюсері Асель Садвакасова картинада басты рөлдердің бірін орындап шықты.

Естеріңізге сала кетейік, "Атбайдың шайқасы" жеңімпазы алдын ала белгілі болатын аралас жекпе-жек бойынша турнирге қатысуды шешетін көше бұзақысы Атбайдың (актер Данияр Алшинов) өмірі жайлы баяндайды. Бірақ, ол бұл турнирды жеңуге бел буады, себебі ол үшін бұл жеңіс - жаңа өмірді бастау, үлкен спортқа қайта оралу және өзінің сүйіктісі Аиданы (Динара Бақтыбаева) қайтару мүмкіндігі. Атбайдың ринг бойынша басты қарсыласы, атақты Рафаэльдің рөлін Санжар Мәди сомдады.

VI Якутск Халықаралық кинофестивалінің жеңімпаздар тізімі!

Сізге қызық болуы мүмкін: