Жинақта Б.Нөгербектің әр жылдары орыс тілінде жарияланған "Суреттерге жан бітірген", "Бала асыраған бөлтірік ("Адамдар арасындағы бөлтірік") фильмі туралы", "Анимация және фольклор", "Жаңа толқын және ұлттық өрнектер", "Тақыр кедей болса да тасжүрек емес", "Дала сайрап қоя берді", "Қазақ киносына қанша жыл?", "Қазақ киносы кімге керек?", "Қазақ киносы ұлттық па?", "Тұңғыш қазақ кинорежиссері кім?", "Шәкен Айманов және қазақ киносы", "Сатыбалды Нарымбетовтың "Көзімнің қарасы" фильмі туралы", "Абай" біз күткен фильм бе?", "Қазақ фильмдері бар, қазақ киносы неге жоқ?", "Өнер өкілдері өкпелі", "Көшпенділер / "Nomad" - тинейджерлерге арналған фильм", "Ораз Рымжанов - кино романтигі", "Режиссер-мультипликатор әрі... декан", "Қазақ кинематографиясының және кинодраматургиясының пайда болуы", "Ұлттық кинематографияның алғашқы фильмдері", "Қазақ анимациялық фильмінің тууы мен дамуы" және басқа да еңбектері мен сұхбаттары қазақ тіліне аударылды. Сондай-ақ, Б.Нөгербектің шығармашылығы туралы мақалалар мен зерттеулер, әріптестері және шәкірттерінің естеліктері кітапқа енді.
Құрастырушы-редакторлар Б.Нөгербектің жары Гүлжаһан Бекхожина мен кинотанушы Баубек Нөгербек. Кітап «Қазақ университеті» баспа үйінен басылып шықты. Көлемі 375 бет.
Нөгербек Бауыржан Рамазанұлы (6.08.1948-27.06.2017) – кинотанушы, кино тарихшысы, киносыншы, педагог, өнертану кандидаты (1989), өнертану профессоры (2005), Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері (1999), «Құрмет» орденінің иегері (2011).
1948 жылы Қарағанды облысы, Ұлытау ауданы, Ұлытау ауылында туған. 1971 жылы Мәскеу қаласында ВГИК-тің сценарлық-кинотанушылық факультетінің кинотану бөлімін (профессор Н.П. Туманованың жетекшілішгімен) тәмәмдаған.
Нөгербек Б.Р. «Қазақфильм» киностудиясында Мультипликация бірлестігінің бас редакторы, «Қазақфильм» киностудиясының сценарлық редакция алқасының мүшесі (1971-1981), Қазақстан кинематографистер одағының хатшысы (1981-1985), М.О.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институты, театр және кино бөлімінің аға ғылыми қызметкері (1985-1999), Т.Қ. Жүргенов атындағы Қазақ мемлекеттік театр және кино институтының (Қазіргі Т.Қ. Жүргенов ат. ҚазҰӨА) проректоры (1993-1994), ҚР Мәдениет, ақпарат және қоғамдық келісім министрлігі, Мәдениет комитеті, театр өнері және кинематография бөлімінің бастығы (1999-2001) қызметін атқарған. 1993 жылдан бастап педагогика саласында жұмыс атқарды. Қазақстанда кинопедагогиканың негізін қалаушыларының бірі, кәсіби кинотану мамандығының негізін қалаушы болып табылады. 1993-2010 жылдары Т.Қ. Жүргенов ат. Қазақ ұлттық өнер академиясында кинотанушылар шеберханасына жетекшілік етіп келді. Отандық кино тарихында кинотанушылардың алғашқы буын түлектерін оқытып шығарғды (1993-1997; 1998-2002; 2002-2006; 2006-2010). Қазақстан Республикасы Білім саласының үздік қызметкері атанды (1998). 2010-2017 Қазақ ұлттық өнер университетінде «Өнертану» кафедрасын құрып, кафедра меңгерушісі және кинотаншулар шеберханасының жетекшісі болып қызмет атқарған.
Б.Р. Нөгербек қазақ киносының өзекті мәселелерін зерттеген өнертанушы ғалым. Қазақ анимациялық, көркемсуретті киносына арналған ғылыми еңбектері және отандық кино өнерінің дамуына үлес қосқаны үшін Қазақстанның Ленин комсомолы сыйлығының (1978), КСРО кинематографистері одағының сыйлығымен (1985), «Құлагер» ұлттық кинематографиялық сыйлығымен (2008) марапаттанған. Ол төмендегі кітаптар мен брошюралардың авторы: «Қазақ киносының жылнамасы» (авторлар ұжымы, Алматы, «Ғылым», 1980), «Ертегіге жан біткенде: Қазақстанның мультипликациялық киносы» (Алматы, «Өнер», 1984, монография), KASACH FILM (ГДР, Берлин, 1985), Cinema Kazakho — Kazakh Cinema (Италия, 2002); «Қазақстан киносы» (Алматы, Ұлттық продюсерлік орталық, 1998), «Қазақ киносының тарихы» (қазақ тіліндегі оқулық, Г. Наурызбекова және Н.Р. Мұқышевамен бірлесіп жазған, Алматы, 2005), «Экранда «Қазақфильм» (Алматы, «RUAN», 2007), «Қазақ киносындағы экрандық-фольклорлық дәстүрлер» (Алматы, «RUAN», 2007), «Қазақ көркемсуретті киносы: экрандық-фольклорлық дәстүр және кейіпкер бейнесі» (Баубек Нөгербекпен бірлесіп жазған, Алматы, «Дәстүр», 2014), сондай-ақ, Қазақстанда және шетелде қазақ, орыс, ағылшын, неміс, корей, голланд, серб-хорват, итальян тілдерінде жарық көрген 250-ден астам мақала, рецензия мен эссенің авторы.