2021 жылдың 16 маусымынан бастап, Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Ә. Қастеев атындағы өнер музейі Жамбыл Жабайұлының туғанына 175 жыл толуына арналған «Бақыт туралы жыр» атты мерейтойлық көрмесін ұсынады.
Көрмеде, Жамбыл бейнесін жазған қылқалам шеберлерінің туындылары, оның өмірінің кең танылған, соңғы он жылын көбірек қамтыған. Жамбылды өмірде өз көзімен көріп, бейнелеген суретшілердің бірі, Б.Чекалин, Ә. Қастеев, Р. Ардатов, Н. Ягодкин болған еді. Б. Чекалин үшін Жамбыл туындылары күнделікті өмірімен ұштасып жатты, кейіпкердің әрбір сәттерін көзден таса жібермей бейнелеуге тырысты. Б.Чекалиннің Жамбыл тақырыбындағы еңбектерін ұлы жыраудың өмір жолын баяндайтын кең көлемді монография десек те болады. Ә. Қастеев, Жамбыл бейнесіне бірнеше рет тоқталған, ақынға арнап «Халық ақыны Жамбылдың портреті» (1937), «Жамбыл достары арасында» (1971) т.с.с. атты туындыларын жарыққа шығарды. Ә. Қастеев Жамбылды қанша рет бейнелесе, сонша рет бірін-бірі қайталамайтын келбет жасады. Ол өткен еңбектерін қайталамау үшін ақының психологиялық ішкі жан дүниесінің алуан қырын аша білген.
Сонымен қатар, мүсін өнерінде де Жамбыл бейнелері ерекше орын алды. 1938 жылы Қазақстанға келіп, Жамбылды өз көзімен көре жүріп, оның бейнесін жасаумен айналысқан мәскеулік мүсіншілердің бірі, И. Андреев еді. Бұл туындыда импрессоинстік тәсілде кейіпкердің бір сәттік көңіл-күйін дәл көрсеткен.
Қазақстанның мүсін өнерінің негізін қалаушы Х. Наурызбаев өз шығармашылығында Жамбылдың балалық шағынан бастап, қартайған күніне дейінгі аралықтағы бүкіл өмірін қамтыған ерекше оннан астам туындысын жарыққа шығарды. Аталмыш көрмеде, Х. Наурызбаевтың «Жас Жамбылдың бас бейнесі» (1950) мен қария «Жамбылдың портреті» (1966) туындылары бар. Сонымен қатар, мүсіншінің қоладан жасалған «Жас Жамбыл» (1958) атты туындысы Ә. Қастеев музейінің тұрақты экспозициясында орналасқан. Бұл жұмысында жалаң аяқ дала кезіп, домбырасына қосылып ән салып келе жатқан бала ақынды тұтас тұлғасымен көрсеткен.
«Бақыт туралы жыр» көрмесінде әр түрлі ұлт пен тарихи кезеңдегі кескіндемешілердің, графиктердің және мүсіншілердің шығармалары «ХХ ғасырдың Гомері» Жамбыл Жабайұлының эпикалық бейнесін өз шығармаларында нақтылы түрде көрсетуге ұмтылған біріктірілген туындылары ұсынылған, олардың өлеңдерінде ізгілік пен әділдік патшалығы туралы адамзаттың мәңгілік арманы, барлық уақытта адамдарды біріктірген бақытты жарқын болашаққа деген үміт айтылды.
Көрме шілде айының 16-на дейін жалғасады.
Көрме жетекшісі: Лаура Әбілдаева