«Наурыз нақыштары» көрме-фестивалі

Қазақ және Парсы халықтарының арасындағы терең тамырлы қарым-қатынас бүгінде дәйекті жалғасуда. «Наурыз нақыштары» мейрамы баянды достық, мәдени дәстүрлер ортақтастығының символы болып табылады.
«Наурыз нақыштары» көрме-фестивалі

2017 жылдың 17 наурызында сағат 15.00-де Қазақстан Республикасы Мемлекеттік Орталық музейі мен Иран Ислам Республикасының Алматы қаласындағы Бас Консулдығы жанындағы Мәдени Өкілдігі бірлесіп Наурыз мейрамына арналған «Наурыз нақыштары» атты фестиваль өткізеді.

Көктемгі күн мен түннің теңелген уақытын тойлау дәстүрі түркі тілдес Шығыс халықтары арасында ертеден – ислам діні қабылданғанға дейінгі кезеңнен бастау алады.  Шуақты көктем мерекесі – Наурыз мейрамы түркі халықтарының көпшілігі үшін тіршіліктің бастауы, табиғаттың жаңаруы, мейірімнің, махаббаттың, молшылықтың және бауырмалдықтың нышаны. "Наурыз мейрамы"  Қазақстанда  2001 ж.  Мемлектеттік мереке болып жарияланды.

Қазақ және парсы халықтарының арасындағы терең тамырлы қарым-қатынас бүгінде дәйекті жалғасуда. «Наурыз нақыштары» мейрамы баянды достық, мәдени дәстүрлер ортақтастығының символы болып табылады.

Фестиваль аясында ашылған көрмеде Иранның дәстүрлі мәдениеті, өнерімен толығырақ танысуға мүмкіндік беретін, бүгінде сирек ұшырасатын көне бұйымдар, яғни кемпірқосақша құбылып, түрлі амал-тәсілде  жасалған миниатюра, шағын мүсін, живопись, бедерлі металл, бояма  қыш (құты, құмыра, табақ, қобдиша, тұғыр) сынды қолөнер туындылары байырғы қолөнерші, суретші, каллиграфистердің биік талғамы мен шеберлік деңгейін аңғартады.

Ертеден-ақ, Наурыз мейрамы кезінде әр ауыл-аймақтың жұрты жиналып, бір-бірімен көрісіп-жүздесіп, есен-саулық сұрасқан, түрлі ұлттық   ойын («Қыз қуу», «Айқыш-ұйқыш», «Аударыспақ», «Тоғыз құмалақ» және т.б.), дәстүрлі  ат жарыстары («Бәйге»,
«Жорға жарыс», «Көкпар») ұйымдастырылып, ән шырқалып, күй тартылып, мың бұрала би билеп, арқа-жарқа болысқан.

Музей мамандары бұл күні Оқушылар сарайы, Республикалық спорт
колледжі,  «Халықтық- ұлттық спорт түрлері және бұқаралық дене шынықтыру-сауықтыру клубы» атты ЖШС қызметкерлерімен бірлесіп дәстүрлі ұлттық спорт, ойын (асық иіру, тоғызқұмалақ, қазақша күрес, арқан тарту) түрлері  бойынша шеберлік-сабақтарын
өткізеді.

Дәстүрлі қазақ мәдениетінде «Тұсау кесер», «Бесікке салу» сынды ғұрыптық жоралғылардың маңызы зор. Фестиваль барысында мерекенің ең кішкене қонақтары – тәй-тәй басқан балақайлардың алғашқы қадамы сәтті, яғни  ғұмыры ұзақ, болашағы жарқын болсын деп, «Ақ жол» деген тілеумен «Тұсау кесер» жоралғысы атқарылады.  «Тұсау кесер» жоралғысын ҚР Халық артисі Нұрғали Нүсіпжанов өткізеді.

Қазақ шеберлерінің ғасырлар бойы шыңдап, көзінің қарашығындай
ұрпақтан-ұрпаққа жеткізген дәстүрлі қолөнерінің бүгін де өресі биік
деуге болады.  Бұл мереке кезінде  музейдің ғылыми қызметкерлері қазақ кестесі, зергерлік өнер техникасы жайлы, ал шебер Мұса Әділ қазақтың музыкалық аспабы – домбыра жасау технологиясы жөнінде шеберлік сабағын өткізеді. Музейдің қор коллекциясынан алынған «Дәстүрдің жарқын жалғасы» тақырыбындағы көрме Е.Даубаев, И.Жалмұқанова, И.Брякина, Е.Христова, А. Абдулдаева, А.Мұқажанова, М.Әлімбаева, В.Шершнева сынды зергерлердің әшекей бұйымдары және Қазақкөркемөнер  кәсіпорны (Казхудпром) шығарған көркемдік өнімдерін ұсынады. Қазақ мәдениеті, тамыры терең бейнелеу өнері, қолданбалы-қолөнер туындыларының құнды
да қайталанбас үлгілерімен екшеленеді. Фестиваль аясында көрермендер Н.В.Бубэ, Ф.Тарази, Ж.Тәкен, Т.Волкова, Б. Балташева, Д.А.Байдаралиндер, Д.Өтелбаев, Е.Шарапова,  Е., А.Маусариева,  М. Қорқыт, Р. Өмірзақ , Ж. Керімбек А.Сәкежан, М.Алиев, М. Әбілжан,  Н.Жеңісұлы, З.Ниязова, А. Мустафаев, М.Нарбаева, А.Түзелбаева  сынды қазіргі қазақ суретшілерінің шығармашылығына бойлап өзіндік стиль, сан-қырлы жанрда берілген ұлт тарихы, мәдениеті, тұрмысымен таныса алады. Мемлекеттік қуыршақ театрының
«Наурыз-Думан» және Мұзафар Әлімбаевтың шығармасы желісімен С. Бегалин атындағы Орталық мемлекеттік балалар кітапханасының қызметкерлері дайындаған «Мен дала баласымен» атты театрландырылған қойылымдары да көрерменді қуантары сөзсіз.

Фестиваль бағдарламасына сай балаларға «Армысың, Әз Наурыз», «Әжемнің сандығындағы заттардың тарихы», «Ертегі әлеміне саяхат» тақырыбында  интерактивті  сабақтар, музейдің экспозиция залдары бойынша экскурсия өткізіледі, Алматы қ. баспалардан шыққан түрлі әдебиеттер көрмесі, Алматы сән және дизайн колледжі, «Сымбат» сән Академиясының
технология және дизайн коллледжі студенттері дайындаған қазақ  ұлттық киімінің дефиле-көрсетілімі ұсынылса, ҚР халық артистері, этнографиялық ансамбль, музыкалық ұжымдардың қатысуымен концерт ұйымдастырылады. Осы шараны өткізудегі музей серіктестері мен демеушілері: «Copy lider» компаниясы; «Бахыт» сәнді-қолданбалы өнер орталығы; «Викрма импекс(II)ЛТД» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі; Аквапарк «Гавайи»; «Алматы нан»; ТОО «Карапуз»; «GerkulesGames» дамытушы ойындар бойынша сауда компаниясы;   Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық
консерваториясы; Қазақ Мемлекеттік әйелдер педагогикалық университеті; Өзбек мәдени орталығы; «Көкжиек», «Алматыкітап», «Сардар» баспалары, «Sweetbox flower», «Долина роз» және т.б. ҚР  Мемлекеттік орталық музейі  қала тұрғындары мен қонақтарын қазақ ұлтының мәдениеті мен дәстүрлерінің әлемін тамашалауға шақырады!

Ашылу күні сағат 15.00-ден 18.00-ге дейін музейге кіру тегін

Көрменің жұмыс уақыты: 2017 ж. 17-31наурыз, 15.00 - 18.00