Мақала / #студентСөзі
«Танакөз»  спектаклінің тұсаукесері
Жұмат Шанин атындағы Шымкент қалалық академиялық қазақ драма театры қаңтар айының 9-10 жұлдызы қала тұрғындарын «Танакөз»  премьерасымен қуантты
Бөлім: Театр
Датасы: 13.01.2020
Авторы: Ұлжан Құрманбай
Мақала
«Танакөз»  спектаклінің тұсаукесері
Жұмат Шанин атындағы Шымкент қалалық академиялық қазақ драма театры қаңтар айының 9-10 жұлдызы қала тұрғындарын «Танакөз»  премьерасымен қуантты
Бөлім: Театр
Датасы: 13.01.2020
Авторы: Ұлжан Құрманбай
«Танакөз»  спектаклінің тұсаукесері

Белгілі режиссер Қуандық Қасымов адамгершілік тақырыбын арқау еткен, махаббат пен достықты дәріптейтін Мұхтар Шахановтың «Танакөз» поэмасының инсценировкасын жасап сахнаға шығарды. Бірінші жақтан жазылған шығарманың сөзін өзгертпей, кейіпкерлерге бөліп, әдемі махаббат оқиғасын баяндап берген қойылымға ақынның «Туған күнге тілек», «Махабатты қорғау» сынды туындыларын да қосып, көркемдей түскен.

Режиссер қаламгердің идеясына сәйкес достықты алдыңғы қатарға шығарады. Спектакльде махаббаттан достықты жоғары қоя білген, адами қасиеттің ең биік нүктесін көреміз. Оқиға негізгі үш кейіпкер арасында өтеді. Ал, оқиғаны баяндаушы, автор бейнесінде – Бауыржан Сегізбаев. Көрерменге осы кейіпкердің ішкі сезімі берілетіндіктен, актерге бәрібір де белгілі бір деңгейде күш түсті. Соған қарамастан оның серіктестерімен байланысы, поэманы оқу ерекшелігі, көпшілік сахнасымен ара қатынасы, бір адамның атынан жазылған сөзді өзгемен бөлісуі, Мұратпен сахнада түсінісе білуі толыққанды оқиғаның шығуына әсер еткен. Ол жасаған кейіпкердің де әр сахна сайын өсіп отырғаны анық білінеді. Дегенмен, Б.Сегізбаевтың ойынында асыра сілтеушілік те байқалып қалды. Айталық, мұны Мұраттың Танакөзді ұнататынын білгенде және досының мүгедек болып қалғанын естіген сәтінде байқаймыз. Дауысын тым қатты көтеріп, құр айқайға басқанымен, сөздері анық шықпайды. Осы сахналарында актердің кейіпкерсындылыққа бой алдырып қойғаны анық сезіледі. Танакөзбен жеке қалғандағы, өз сезімін білдіретін сахналарында лирикалық бояу кемшін түсіп жатты. Тым тез ойнатылғандықтан, махаббаты сенімсіз шыққан.

Танакөз - ақылына көркі сай кейіпкер. Негізгі ерекшелігі болмысында бар адалдығы еді. Сұлулық жағынан екі күнде ойнаған, екі Танакөз де бір-бірінен асып түседі. Бірақ, алғашқы күні ойын көрсеткен Мөлдір Зияеваның дауысынан көбірек жасандылықты сеземіз. Ол камералық спектакльде академиялық дауыспен ойнауына байланысты болды. Нәтижесінде жастық пен балаңдықтың лебі де сезілмейтін кейіпкер туды. Салыстырмалы түрде екінші құрамда Танакөзді сомдаған – Айдана Тәттіқұлова ән айтуымен ерекшеленді. Серіктестерімен де жақсы байланыс жасай алатынын көреміз. Оған мысал ретінде Мұратпен айырылысу сахнасында орындаған «Өмір-өзен» өлеңін айтсақ болады. Актерлер шын ғашықтардың қоштасуын ән арқылы көркем де шынайы бере алған.

Мұратты сомдаған жас актер Нұркен Орынбек қарапайым адамның өз іс-әрекетімен биік бола алатынын көрсете білді. Адалдығың мен құрбандығың кейде елеусіз қалғанымен, түбінде сол үшін бақытқа кенелетініңді дәлелдеді. Алғашында көрермен Мұраттың досы үшін жасаған әрекетін емес, Танакөзбен арақатынасын ғана бағалап отырған. Ақын үшін Танакөзді қызғанған сәттері де жетерлік. Бұны Танакөз бен Мұраттың тым нәзік сезімді көрсете білуінен десек те болады. Н.Орынбек кейіпкерін режиссер шешімдері арқылы да, өзі де толықтай ақтап шыға алған. Мысалға: олар үшін ақ көйлек әкелерінен қалған достықтың белгісіндей болды. Сабақтастықпен келген достықтарын бәрінен биік көретінін режиссер осы затқа акцент беріп, оны жоғары көтереді. Ал, өзгені ұната тұра Зергүлге махаббатсыз үйленді деп те кінә таға алмаймыз. Себебі, актер автордың Зергүл екеуінің мұңдас екенін айтқан жолдарын соңғы сөзі етіп алған.

Спектакльдегі негізгі кейіпкерлердің бірі – Нұргүл апа. Бұл кейіпкерді де екі актриса ойнап шықты. Бірінші құрамдағы Нұржамал Қаламбаеваның ойынынан үлкен аналық махаббатты көреміз. Әрине, онысы өз кейіпкеріне тән болмыс еді. Соғысты бастан өткеріп, бар бақыты баласы деп білген, өзге баланы да өзіне жақын тартып, екеуін теңдей көрген ананың бейнесін нанымды сомдаған. Ал, екінші күні ойнаған Анипа Қарабекова кейіпкерінің ақынға ттиттей де реніш сақтай алмайтынын ұмытты. Бастысы оның дауысында зілдің болмауы маңызды еді. Актриса ақынды ана ретінде өзіне жақын тарта алмағандықтан, кейіпкер бейнесі дұрыс ашылмады.

Спектакльдің көркемдік тұтастық табуына сахналық эффектілердің режиссер тарапынан дұрыс қолдынылуы үлкен үлес қосқан. Қойылым құстардың дауысымен басталғаннан кейін, әдемі табиғат сахнасына жарық түсіреді. Ай, жұлдыздар, көктемде гүлдеген ағаштар, кейіннен толық сахнаны қамтып, бейбіт өмірдегі ауыл тіршілігін көрсетеді. Қоюшы суретшісі Қалтөре Жұмақұлов режиссер ой-тұжырымын дөп басқан. Спектакль символикалық шешімдерге құрылған. Жоғарыда кейіпкерлеріміз өмір өткелінен өткен көпір тұрса, оның жанынан үш шымылдықты көреміз. Ол таулардан биік, тағдырды жеңген үш кейіпкеріміз еді.

Суреткер автордың шығармашылығын терең зерттеген. Қойылымды көркемдей түсу үшін, бірнеше жазбаларын біріктіріпті. Мысалға: М.Шахановтың сөзіне жазылған «Өмір-өзен», «Гүлдәурен» әндері музыканттардың сүйемелдеуімен жанды дауыста айтылғандықтан көрермен үшін ыстық болды. Көпшілік сахнасындағы актерлермен жұмыс істеген хормейстері Әліхан Айдархановтың еңбегі осы тұста көрінген. Спектакль кіші форматта өткендіктен, сахнада орындалған әндер ерекше сезім қалдырады.

P.S: автордың туған өлкесінде қойылған, Шәмшінің әндерімен безендірілген бұл спектакльді көрермен өте жақсы қабылдады. Біздің пікірімізше, аталмыш спектакль театр репертуарында ұзақ тұрақтайтын, ностальгиялық қойылым. Театр ұжымы болашақта да сахна өнерін дамыту мақсатында әртүрлі бағытта, үздіксіз жұмыс істейтініне сенімдіміз.