Жақында Ақтау қаласының Н.Жантөрин атындағы Маңғыстау облыстық музыкалық драма театрында «Әбіш әлемі» атты ІІ халықаралық театрлар фестивалі өтті. Облыс әкімінің Н.Ноғаевтың қолдауымен жүзеге асқан бұл мерекелік іс-шараның негізгі мақсаты халқымыздың көрнекті жазушы-драматургы Әбіш Кекілбайұлының әдеби мұрасын көпшілікке насихаттау.
Фестивальге елімізден басқа Түркия, Иран, Грузия, Қырғызстан, Башқұртстан сынды мемлекеттердің театр қайраткерлері жиналып, байқауға тоғыз спектакль қатысты.
Мерекенің ашылу рәсімі қарт Каспийдің толқын соққан жағалауындағы амфитеатрда сән-салтанатымен жарасымды өтті. Әбіш Кекілбайұлының шығармалары бойынша сахналанған қойылымдардың үзінділері көрсетіліп, көрнекті театр және кино актері, Қазақстанның халық артисі Тұңғышбай Жаманқұлов Ә.Кекілбайұлының «Абылай хан» драмасынан хан Абылайдың монологын оқыды. Ән мен жыр төгілді, халықтың мерейі асқақтады.
Фестиваль бағдарламасында жазушы-драматургтың аудармалары бойынша қойылған спектакльдер басымдылық танытыпты. Әсіресе, У.Шекспирдің «Ромео мен Джульетта» және «Король Лир» трагедиялары қазіргі таңда қазақ сахналарынан түспей келе жатқан шығармалар.
«Король Лир» трагедиясын Алматыдағы Ғ.Мүсірепов атындағы қазақ мемлекеттік академиялық балалар мен жасөспірімдер театрының ұжымы көрсетті. Мәңгілік тақырыпты арқау еткен жақсылық пен жамандықтың бітіспес күресін көрсететін бұл туындының өзектілігі әсте талас тудырмас. Классикалық бұл пьесаға кез келген ұжымның да тісі бата бермейтіні анық. Классикалық дүние ұжымның шығармашылық даярлығы мен мүмкіндігін көрсетіп береді. Бұл ретте, мүсіреповтіктер репертуар таңдаудан жаңылыспаған сыңайлы. Ең бастысы, Лир бейнесін сомдайтын актері бар.
Қоюшы-режиссер Фархад Молдағали өзі театрдың көркемдік жағын басқарып отырғандықтан осы жағдайды аса тимді қолданған. Өзіне дейінгі қоюшыларды қайталамауға талпынған Ф.Молдағали пьесаға жаңа көзқараспен келген. Трагедияның қайбір тұстары ықшамдалып, оның орнына жаңаша сахналар кіріктірілген. Қазіргі режиссурада бұл қалыпты жағдай екенін ескерсек, театрлық мәтін жасауға деген Фархадтың ізденісін құптап отырдық. Әсіресе, Эдгар бейнесін басқаша пайымдауы жалпы спектакль контекстінде тамаша оқылып тұрды. Қойылым барысында режиссер «театр ішіндегі театр» тәсілін қолданғанын байқадық, алайда, бұл әдіс оның тұжырымын қуаттай түспегенін айта кеткен жөн. Екінші бөлімдегі қаңғыбастар жиналатын көріністің де көтетер салмағын арттыра түсу маңызды. Сол сахнада спектакльдің темпо-ритмі қатты түсіп кетіп жатты. Сонымен қатар ескі пианино қолданатын тұсы да көркемдік идеяға еңбек етіп тұрмағанын айтар едік. Ескі пианино кәрі Лирдің қазіргі қалпын беруге деген деталь десек те, спектакльдің хронотопына сәйкес келмей тұрды. Осы тұста сахналық декорацияның функционалдық көптүрлігі болмағыны да байқалды. Сахналық костюмдердің де жұтаңдығын да еріксіз байқап отырдық.
Алайда, актерлік құрамның бейне жасаудағы шеберліктерін қызығушылықпен тамашаладық. Король роліндегі Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, «Құрмет» орденінің иегері, актер Сағызбай Қарабалин спектакльдің орталық темірқазығы бола білді. Бастапқыда биліктің буымен өктем кейіпте көрінген ол спектакль барысында өзгере берді. Актер тағдыры күйреген корольдің жан-дүниесіндегі арпалысты, өзегін өртеген өкінішті бар шынайылығымен көрсетіп берді. Тақтан бақыт тапқанымен, баладан құт-береке көрмеген сорлы әкенің Корделиямен жүздесетін сахнасындағы сорақы жайы кімді болса да алаңдатса керек-ті. Қойылым финалында қаңыраған көрермендер залында жалғыз қалған Лирдің тағдыры тарих сахнасынан елеусіз түсіп қалған қоғам қайраткерлерін еске салады.
Режиссердің Эдгар бейнесіне жаңа үн беруі спектакльде оны мен Регана арасындағы қарым-қатынастың күшейіне әкеліп, нәтижесінде сәтті актерлік дуэт пайда болыпты. Регана (актриса Толқын Нұрбекова) мен Эдгардың (актер Мақсат Сәбитов) шектен шыққан санасыз қылықтары кез-келген король сарайында ғана емес, сонымен қатар қазіргі таңда да қалыпты жағдай дей аламыз. Актерлердің мықты сахналық серіктестігі, қимыл-қозғалыс үндестіктері жарасымды шығып, көрушісін сендіре білді.
Сайқымазақ ролімен актер Сафуан Рысбайұлының тұңғыш кездесуі емес. Сондықтан болар сахнагер өз кейіпкерінің мүддесін дұрыс түсініп іс-әрекет етеді. С.Рысбайұлының Сайқымазағы өз патшасына шынымен қамқор, бірақ оның көзсіздікпен қабылдаған шешімдеріне наразы жан ретінде көрінеді. Алайда, есінен адаса бастаған қарияны тағдырдың тәлкегіне тастапта кете алмайтын қимастығын да актер шебер жеткізеді. Сахнагердің тіл тазалығы, дауыс екпінін дұрыс қоя білетін қабілеті еріксіз жанды баурайды.
Эдмунд ролі актер Шағуан Үмбетқалиевтің ізденісін көрсетті. Арам пиғылын астыртын іс-әрекетімен бүркемелеген Эдмунд-Шағуанның арманы некеде туған Эдгардың орнын алып, рахатта өмір сүру еді. Ол спектакль барысында осы ойына жетті де. Аяғына Эдгардың «қызыл етігін» киді. Режиссер қызыл етік арқылы бассыздықтың, биліктің нышанын жеткізеді. Осылайша, рольді диалектикалық даму процесінде көрсете алған өнерпаз өз кейіпкерінің пластикалық-үндік ерекшеліктерін өте дұрыс тауып, бейнесін нанымды көрсетіп береді.
Қорыта айтқанда, фестивальдің Бас жүлдесін алған бұл трагедия көрерменді алуан сезімдерге бөледі.
Әбіш Кекілбайұылының аудармалары арасында ерек тұрған «Ромео мен Джульеттаның» осы байқауда екі нұсқасын көрдік. Алматы қаласының Мемлекеттік қуыршақ театры бұл туындыны «трагедия емес» деген жанрмен айдарлапты. Жанр табиғатына сай қоюшы-режисер Дина Жұмабаева қойылымды жаңаша пішінге бағындырып, оның мазмұнын тың театрлық әдіс-тәсілдерді пайдалана отырып ашып берген. Мұнда перформативтік, физикалық, заманауи би мен музыка, көлеңкелі театрдың элементтері еркін араласып келіп, ортақ режиссерлік идеяға жұмыс жасайды. Режиссердің жаңа оқылымында күйбің тіршілікке негізделген қазіргі алмағайып заманда (хаоста) әлі де болса махаббатқа, мөлдір сезімдерге орын бар деген идеяны жеткізу. Әр пенде өмірге келгенде өз парағына өз қолымен тағдырын жазады дегенді де оқуға болады. Режиссерлік шешімдері сахналық декорациясымен үндескендіктен спектакльде басы артық затты (метафораны) көрмейміз. Тірі пландағы актер ойыны мен қуыршақтар арқылы ой жеткізу барысыда сәтімен шыққан. Актерлердің қуыршақты жүргізудегі шеберлігі, бір өнерпаздың бірнеше рольді бір-біріне ұқсатпай қатар ойнай алуы сынды артықшылықтары тағы бар. Ең бастысы, кейіпкердің сахнада өмір сүруінің жаңа тәсілдерін артистер жақсы меңгергені қуантады. Американдық әнші Billie Eilish-тің композициясы қойылымның негізгі қуатын ашып тұрды, сондықтан жас көрермендер туындыны зор қызығушылықпен қабылдады. Актерлік құрамда мықты түзілген. Алайда, синьор Монтекки, синьор Капулетти, Тибальт және пірәдар Лоренцо рольдерін орындаған Шохан Құлназаровтың актерлік шеберлігі, ішкі-сыртқы пластикалық даярлығы, қуыршақ техникасын жетік меңгергені бірден көзге түсіп тұрды.
«Үздік режиссура» аталымын жеңіп алған бұл қойылым көрерменнің есінде ұзақ уақытқа қалатынына дауымыз жоқ.
Қуыршақ ұжымының камералық, нәзік те сыршыл қойылымынан кейін Қызылордалық Н.Бекежанов атындағы музыкалық-драма театр ұжымының «Ромео мен Джульетта» трагедиясын көріп, таныстық. Режиссер Данияр Базақұловтың сахналауындағы бұл қойылымның сыртқы пошымы, ішкі мазмұны басқа қырынан шыққан. Негізінен театрдың жаңа буын актерлері қатысқан спектакльде жастық жалын, сезім шарпысулары молынан ұшырасты. Ромео (актер Батырхан Амангелдиев) мен Джульетта (актриса Жауһар Еркінова) арасындағы ғашықтық сезім, таза ынтызарлық үлкен махаббатқа ұласып, соңы трагедияға алып келеді. Алайда, драматургияның қайсыбір тұстарының қисынсыз қысқарып қалуынан кейбір сахналардың қиюы келіспей, сұрақтарда туындап жатты. Қойылымға сыншылар тарапынан пікірлер айтылуы да сондықтан. Дегенмен, Меркуцио роліндегі Ердәулет Мамуов пен Тибальт роліндегі Еркін Асанов ойындары қызуқандылығымен есте қалды. Лоренцо пірәдар роліндегі актер Арай Көшімбаевтың трактовкасы дін адамынан қарағанда кең далаға сүйсініп жүрген ақынды еске салды. Трагедияда маңызды роль атқаратын осы кейіпкердің іс-әрекетін, ойын мәнерін әлі де қайыра қараған дұрыс болар еді. Қойылымға арнайы жазылған әуезді әндердің көрушіні сезімдер әлеміне енгізуге бағытталғаны байқалады. Спектакльдегі семсерлесу, яғни, ұрыс-төбелес сахналары тиянақтылығымен жинақы шыққан. Қойылым бұдан көп ұтқанын айту керек. Сахналық жасаулаудан бұрынғы суретшілік шешімдердің сүрлеуін байқағандай күйде болдық. Декорация актерлердің іс-әрекетін көркемдеуде, дамытуда жеткілікті мөлшерде қызмет атқара алмады. Қысқарта айтқанда, шығармашылық ұжым үлкен еңбек жасаған. Жаңашыл бағытқа деген ұмтылысты көрдік. Кем-кетіксіз дүние болмайды, сондықтанда болашақта театрдың жаңа буын өнерпаздарынан ізденістерді күтеріміз анық.
Әбіш Кекілбайұлының қаламынан туған келесі бір аударама венгр драматургы Л.Дюрконың «Электра» трагедиясы. С.Сейфуллин атындағы Қарағанды облыстық қазақ драма театры әкелген бұл қойылым идеясы қоғамдық қарым-қатынастардың мәселелерін арқау еткен. Билікке жармасу, сол таққа талас жолында қылмыстық әрекетке бару сынды қоршаған ортаның түйіткілдерін режиссер Ж.Жұманбай еш бүкпесіз ашық көрсетеді. Қарапайым халықты алдай отырып, мүдделерін күшпен басу сынды биліктің әлім-жеттік іс-әрекеттерін де жасырып қалмаған. Осындай күрделі қоғамдық мәселені көтерген дүниені сахнаға шығарған театр ұжымының батылдығын қолдауға болады. Алайда, оның жауапкершілігі мен қиындығы да бары сөзсіз. Қарағандылықтарда сондай сахналық кедергілерге жолыққан. Біріншіден, қойылымның жанры ашылмаған. Жалпыхалықтық деңгейге көтерілген трагедияны көре алмадық. Екіншіден, толыққанды сахналық бейне өмірге келмеген. Үшіншіден, безендіру мен киім үлгілері де режиссер идеясын толықтыра алмағаны байқалды. Болашақта актерлердің сахналық бейнелермен жұмысына режиссер тарапынан көп көңіл бөлінуі тиіс екен деген оймен шықтық. Яғни, режиссер-педагогтардың маңызы осындайда қатты білгені рас.
Фестивальге қатысқан Семей қаласының «Дариға-ай» жастар театры «Шәкәрім. Жолсыз жаза» спектаклін көрсетті. Шәкәрім Құдайбердіұлының «Мұтылғанның өмірі» атты поэмасының негізінде жасалған қойылымның сыртқы формасы бар болғанымен мазмұны жағынан ақсап жатты. Спектакльдегі театрлық белгілер – кітаптар, май шам, жайнамаз, т.б. бұрыннан сахна тәжірибесінде қолданылып келе жатқан жауыр болған метафоралар. Поэзиядан, прозадан драмалық дискурс жасау бүгінде кеңінен таралған тәсіл. М.Жұмабаевтың «Шолпанның күнәсі», І.Жансүгіровтың «Құлагері», А.Құнанбайұлының «Қара» спектакльдері осы тәсілмен жасалған. Жоғарыда аты аталған қойылымдар драматургиялық дискурстың сәтті үлгісі десек, бұл жолы көрген Ж.Жұманбай сахналаған «Шәкірім. Жолсыз жаза» қойылымы сәтсіз үлгіге жатқызуға болады. Біздіңше, бұл ең бірінші режиссердің жанрды анықтап алмауымен байланысты. Қойылымдағы аллегориялық бейнелердің де шешімдері дұрыс пайымдау таппаған. Келесі көңілге қаяу салған мәселе – сахналық декорация. Үңгір ішін көрсетуде қара сұр матаны қолданған. Адамға эстетика сыйлағаннан қарағанда құтыңды қашыратын бұл суық тастың түсі көрушіге жайсыздық береді. Функцианалдылық жағынан матаның мүмкіндігі көп болғанымен сахнаны бастан аяқ сұр бояумен ғана беруі суретшінің қиялының көркем жетістігі деп қабылдай алмадық. Актерлік құрам режиссер пайымын дұрыс түсінгенімен оның идеясын толыққанды жеткізе алмады. Қойылымнан ойшыл, дана, ақын Шәкәрімнің бейнесін көре алмағанымыз рас. Шәкәрімнің екінші қырын көрсететін Кәрі Шыңғыс бейнесі де өз деңгейінде көрінбеген. Сондықтан жалпы қойылымның берер әсері әлсірегені байқалады.
Фестивальде Н.Мошинаның «Дүние-ғапыл» метафизикалық драмасын Астана қаласының Музыкалық жас көрермен театры көрсетті. О дүние мен пәни өмір арасындағы нәзік байланысты байқататын бұл туындының идеясы адамды бір сәтке болса да ғұмырының мәнін түсінуге итермелеу. Кейде біздер өміріміз мәңгілік сияқты қабылдап, тіршілік етеміз. Алайда, спектакль дүниенің ғайыптылығына, мезеттігіне меңзейді. Режиссер осы идеясын сценографиялық шешімдерімен, актерлік ойын мәнері арқылы жеткізіп беруге тырысқан. Күшті сахналық белгілер бар, алайда олардың көпшілігі жеткілікті мөлшерде ойналмай жатқанын айтар едік. Дегенмен, спектакль саналы көреременді ойлануға, бір сәт толғануға шақырады.
Фестивальге қатысқан қойылымдардың бірқатары қоғамдағы әйелдер тағыдырына, әйелдер тақырыбына арналғандығымен қызықты болды. Мәселен, Грузиядан келген Месхетин мемлекеттік кәсіби драма театры әкелген Давид Кладиашвилидің «Ириненің бақыты» қойылымында жас бойжеткеннің өз сүйгеніне қосыла алмай, әке тілегіне (бұйрығына) мойынсұнғанын көрсетеді. Отбасылық драмада қоғамдағы ерлер институтының әлсіреп отырғандығы қатар өрілген. Дүниеқұмар әке, нашақорлыққа салынған жұбай, сүйгені үшін батылдыққа бара алмаған ер-жігіт бейнелері бізді сондай ойға жетелейді. Қоршаған ортасы осылайша өмір кешкен Ирине ары мен абыройы үшін бақытсыз болса да үнсіздікпен барлығын қабылдайды. Режиссер Саба Асламазишвили өзін алаңдатқан әйел мәселесіне көзқарасын сахнадағы үлкен әйел мүсінін көрсету арқылы да қуаттай түседі. Әйел – елдің болашағы... сондықтан әйелдер мәселесіне көз жұма қарамау маңызды деген ойды айтады. Алайда, қойылым финалындағы Ириненің (актриса Анано Иашвили) музыкасыз билеген биі оның бақытсыз өмірінің жалғасып жатқандығынан хабар береді. Актрисаның екінші планмен жұмысы оның шынайы бейне жасағанын айғақтап тұрды. Грузиялық өнерпаздардың қызуқанды температменті, пластикалық, әншілік қабілеттері жоғары деңгейде екенін байқадық. Грузиялық актриса Анано Иашвили қазылар алқасының шешімімен фестивальдің «Үздік әйел ролі» аталымын иеленді.
Келесі әйел тағыдыры туралы қойылымды Қырғыз Республикасының Жалал-Абад облыстық Барпы атындағы драма театры көрсетті. «Сырласу» деп айдарланған моноспектакль Жер-ана мен Толғанайдың ой-толғаныстарына құрылған. Ш.Айтматовтың «Құс жолы» повесінің желісімен жасалған қойылымның соғысқа қарсы үндеуі, майдан кезіндегі әйелдің тағыдыры туралы ойы бүгінгі таңда өзекті екені баршамызға белгілі. Монодраманың сахналық безендіруі нақтылығымен ерекшеленеді. Яғни, сахнада Жер-ананы бейнелеу үшін түсті маталар қолданылған. Жасыл – көк шөп, жаздың; ақ түс – қардың, қыстың (тазалықтың); қоңырқай түс – егіннің, яғни күздің; көк түс – судың, көктемнің белгісін жеткізіп тұрды. Актриса сол маталарды ойнату арқылы әңгіме оқиғасын дамыта түскен. Соғыс басталғаны баяндалғанда осы маталардың барлығын қара түсті матамен жабылады. Сонда түстердің семантикасы арқылы көрермен бірқатар ақпаратты қатар алып отырды. Монодрама жанры актердің сахнада жанын жалаңаштайтын күрделі дүние екенін білеміз. Алайда, спектакльде өте көп нарративке орын берілгендіктен, кей-кездері көрерменді жалықтырып алатын сәттері де болды. Монодраманың музыкалық көркемдеуі де келісті болмаған. Қорыта айтқанда, идеясы кемел туындының көркем ойын режиссер мен актерлік құрам жеткілікті деңгейде алып шыға алмағанын айтуға болады.
Башқұртстаннан келген Туймазы мемлекеттік татар драма театры көрсеткен «Бурганның үйі» атты қойылымын замандас бейнесін өрнектеген өзекті дүние деуге болады. Қалаға кетіп жатқан жастар, ішкілікке салынған, жұмыссыздықтан шарасыздыққа түскен ауыл адамдарының тіршілігі көркем дүниенің өзегіне алыныпты. Режиссер Айдар Зарипов спектакльді дәстүрлі театрлық шешімдерге негіздеген. Сахналық жасаулауда самарқау ауыл көрінісін елестетеді. Ағаш тақтайлардан салынған үй бөлмелері тұрмыстың қарабайырлығын, әрсіздігін, бірсарындылығын айғақтап тұр. Суртеші Булат Ибрагимов актерлердің қимыл-қозғалысына ыңғайлы безендіру жасап бере алған. Дегенмен, режиссер спектакльдің көкейкесті мақсатын таба алмағандықтан ой шашыраңқылығына ұрынғанын айтып өтер едік. Қойылымда актерлік құрам берік ансамбльге қол жеткізген. Әсіресе, Банат роліндегі актриса Динара Гимадиева мен Калимулла роліндегі Алик Зайлялов ойын өрнектері қойылымның ажарын енгізе түсті. Қарапайым ауыл әйелі Бадерхаят бейнесін жасаған актриса Расиля Салигарееваның ойыны тартымды әрі шынайы шыққан. Калимулла ролін ойнаған Алик Зайлялов байқаудың «Еі үздік ер адам ролі» аталымымен марапатталды.
Фестивальдің әр күні өткізілген шеберлік сыныптары қатысушылардың білім парасатын кеңейтуге ықпал етті деген ойдамыз. Ұйымдастырушы ұжым Н.Жантөрин атындағы музыкалық драма театрының басшылығы бұл жағында ұтымды ойластырғанын баса айтқан абзал. Осылайша, бес күнге созылған өнер мерекесі тәжірибе алмасу мен пікірлесудің еркін алаңына айналды. Фестивальдің салтанатты жабылу рәсімі де жоғары көркемдік деңгейде өтіп, келген қонақтардың жүректеріне көтеріңкі көңіл-күй сыйлады.
Әбіш Кекілбайұлы атындағы «Әбіш әлемі» ІІ халықаралық театр фестивалі дәстүрлі түрде өтіп жазушы-драматургтың рухани мұрасын халықпен қауыштыратынына кәміл сенеміз.