Мақала
Режиссер шеберлігі. Стол басындағы дайындық
Стол басындағы дайындық
Бөлім: Театр
Датасы: 06.01.2017
Авторы: Әубәкір Рахимов
Мақала
Режиссер шеберлігі. Стол басындағы дайындық
Стол басындағы дайындық
Бөлім: Театр
Датасы: 06.01.2017
Авторы: Әубәкір Рахимов
Режиссер шеберлігі. Стол басындағы дайындық

Стол басындағы дайындық

Қойылымның қандай болмағының бастауы драматургияда жатады. Режиссер автордың жазғандарын көрерменге тартымды етіп жеткізуге күш салады. Солай болған күнде де, пьесаны түсіну мен қоюға бел байлау үлкен істің басы ғана. Қандай көркемдік шешім жасамақ? Нендей мақсат үшін сондай шешімге бармақ? Өзінің ой-мақсатын жүзеге асыру жолында қойылым тобын қалай сендіріп, қалай ұйымдастырмақ?, міне осындай тағы басқа көптеген сұрақтарға жауап іздестіруіне тура келеді. Көрерменнің ой-сезімін оятарлық ойды пьесадан тауып, қойылымның бейнелі шешіміне арқау ете білуіміз шарт. Сол себепті режиссер қойылымының көрерменді баурап алар ерекше тәсілін таңдап алады.

Режиссердің үстел басындағы дайындығы актерларына пьесаны оқуынан басталады. Пьесаны қалай оқу керек? Неге ден қойған жөн? Дайындық басталғанға дейін режиссер пьесаны сан қайталап оқып, автордың стилистикалық өзгешелігіне, сөз астарлары мен ондағы әрекеттерді, кейіпкерлердің ара-қатынастарын, тіпті мінез-құлықтарының кейбір ерекшеліктеріне дейін зерделеп алғаны жөн. Автордың айтпақ ойын, мақсатын анықтап алу керек.

Режиссер пьесаны оқығанда, актерлардың ондағы оқиғалар легін, қақтығыс тудырған факторларды, қатынасатын адамдардың бейнелерін көз алдарына елестете отырып, мақсаттарын анық сезінетіндей түсінікті етіп оқығаны абзал. Автордың ескертпелері мен тыныс белгілеріне ерекше көңіл аудару керек. Ол ремаркаларда драматург кейіпкерлердің іс-әрекеті мен олардың оқиғаларды, фактілерді бағалауларын, мінез-құлықтарын айшықтауға талпыныс жасайды. Мысалы, Ас.Сүлейменовтың «Қыздай жесір – штат қысқарту» пьесасындағы мына бір ремарканы қараңызшы:

...Есік жабылар-жабылмастан Мәлік кіреді... немесе ...Мәлік амандасады. Тәбиевке қос қолын, Ахановқа бір қолын береді. Аханов Мәлікке қос қолын береді. Алғашқысында бастықтың есігін аңдып отырған жылпостың әрекеті суреттелсе, соңғысында жағымпаздық пен мәнсапқорлық мінез қатар көрініс табады. «Төрт тақта – жайнамазда»:

Собес. Қазір өліара емес пе, апа. (Төрдегі портретке бір қарап алады да, қадап айтады) Өліара. Жанымыз қала ма, жанымызды ала ма – білмей қалдық. Айналма болған қойдай боп қалдық – деп, үкіметтің ауысып, аласапыран кезге тап келгендерін, кемпірден құтылу үшін төрде ілулі тұратын «көсемдеріміздің» суретіне жалтаңдап қараған бір ғана көрініспен төндіре де, сендіре де жеткізбек болған Собестің қулығын аңғару қиын емес.

Тыныс белгілерді автор - біріншіден грамматикалық тұрғыдан қойса, екіншіден айтпақ ойына, сөз астарына көңіл аударту үшін де, өзінің немесе кейіпкерінің сөйлеу мәнеріне байланысты да қоятын кездері жиі кездеседі. Мұны да ескерген жөн. Кейіпкерлердің іс-әрекеттеріне, әр көріністегі мақсаттарына байланысты сөз мәнерінің өзгерістерін режиссер басқаша көруі мүмкін. Тыныс белгілері мен паузаларды өзінше қоюына тура келер. Қалай болғанда да пьесаны оқудағы режиссердің мақсаты - пьесадағы ойларды, кейіпкерлердің кім екендігін терең түсіндіру. Кейбір кездері режиссер пьесаны өзі емес, актерге оқытатыны болады. Ондай да актер күні бұрын пьесаны оқып, режиссермен пікірлесіп, түсініп алғаны қажет. Адам кезкелген шығарманы алғаш оқығанда өзі түсінуге тырысса, екінші, үшінші рет оқығанда өзгеге түсіндіруге талпынады. Көз алдына елестеткен көріністерін әсерлі түрде жеткізуге құлшынады. Пьесаны оқу - әріптестеріңнің қиялына қозғау салу екенін ұмытпаған абзал.

Кейбір режиссерлер алғашқы дайындық күні-ақ болашақ қойылымының қандай болатындығы жайлы, образдар туралы, безендірілуі мен музыкасы, автордың шығармашылығы хақында өз ойын толық жайып салады. Мұндай жағдайда актерлар бірден режиссердің әңгімесі арқылы санасына қалыптасқан кейіпкерлерін жасаудың нәтижесіне ұмтылады. Ешқандайда тер төгіп, әуре болудың қажеті бола қоймайды. Режиссердің айтқанын ғана жасаса жеткілікті деп ойлайды. Ал, пьеса мен роль туралы ойдың бірден емес, жұмыс барысында, ізденудің арқасында біртіндеп қалыптасқаны дұрыс. Кейіпкердің бейне (образ) ретінде қалыптасу факторларын жан-жақты саралап барып бір тоқтамға келген дұрыс. Сахнада кейіпкердің бейнесін жасау дегеніміз - оның сырттай ғана ұқсастығын (портретін) емес, ең алдымен ішкі жан-дүниесін ашып, мақсаты мен әрекетін табу екенін бәріміз жақсы білеміз. Демек, бұларды алғашқы репетицияларымызда толық зерделеп, көз жеткізіп алмай тұрып, күні бұрын айтылған пікірлерге ғана сүйеніп сахналық бейне жасауға асығу ағаттық іс болары сөзсіз. Мұндайда пікір алмасулардың тигізер пайдасы көп. Режиссер пьесаны оқу барысындағы дайындықтарын актерлардың ойына қозғау салып, ой бөлісіп, пікірлесу ретінде өткізуі керек.

Стол басындағы актерлар алдымен өз рольдерінің сөздерін «еш ойнаусыз» оқып шығып, қатесіз дұрыс жазылғандығына көз жеткізеді. Онан кейін олар әріптестерінің не туралы айтып жатқанын түсініседі. Сонымен бірге әр сөздің астарындағы ойдың мән-мағынасына қана бастайды. Алғашқы күннен кейіпкерді «ойнағаннан» қашу керек. Рольдің тереңдігіне бойламай, сөз салмағын ойламай тұрып «ойнау» «тас қараңғы үйден, қара мысықтың жоқтығын біле тұра, табамын деп іздегенмен» (Конфуций) бірдей. Әрбір көріністің мағынасын тауып, түсінуге ден қою керек. Осылайша екі-үш рет оқығаннан кейін актер кейіпкерінің және әріптестерінің сөзіне қаныға бастайды. Осыдан кейін біртіндеп кейіпкерлердің мінез-құлқы туралы ой бөлісуге болады. Актерларда кімдерді ойнайтыны жайлы түсінік қалыптаса бастайды. Бөгде бір белгісізден гөрі, өзіне етене таныс жанды ойнау әлдеқайда оңайылау. Кейіпкерлер қандай топтың адамдары, кім мен кім не үшін тартысып, болмаса одақтасып жүргендігін сараптан өткізе бастаймыз. Орындаушылар үшін мұндай анықтамалардың маңызы - өздері жасайтын бейненің көркемдік шешімі мен іс-әрекетінің қисынын дұрыс түсінуге оң ықпал жасайды. Пьесаның күрделігіне байланысты жұмыс әртүрлі уақытқа созылуы мүмкін. Пьеса мен кейіпкерлер жайлы қажетті дәрежеде мағлұмат алғаннан кейін, тиянақты түрде әрекет арқылы талдауға кірісуге болады.

Өнер академиясында шәкірттерге әрекет арқылы талдау тәсілін тайға таңба басқандай етіп үйретуге тура келеді. Пьесаны дұрыс түсіну әрекет арқылы талдауға (действенный анализ) тікелей байланысты екенін білеміз. Театрда бұл талдаулар терезесі тең, жоғары білімді әріптестер арасында өтетіндіктен, еркін сұхбат ретінде өткені мақұл. Театрда актер - негізгі тұлға, үлкен өнер адамы болғандықтан өзіне өзгенің үйреткенін емес, өзі де бір жаңалық тауып, пікір қосқанды жөн көреді. Режиссер оның ойымен санасып, қолдап отыруға міндетті. Көкейге қонатын пікірін қабылдап, бұрысын түсіндре, дәлелдей отырып көз жеткізгені жөн. Бұл актердің шығармашылық белсенділігін артырады. Оның бойындағы шығармашылық қызығушылығын өшіріп алмай, жалынға айналдыра білу режиссураның басты міндеті болғанда, әрекет арқылы талдау тәсілі режиссура мамандығының соған жеткізер негізгі құралы болмақ.