Мақала
Асқар Сүлейменовтың драматургиясы хақында
Жазушы - қоғамның сүйегiнен адамның жанын іздейтiн бейбақ. Өмiр – тән, өнер – жан. Тән тұншыққанда – жан шыңғырады
Бөлім: Театр
Датасы: 11.09.2017
Авторы: Әубәкір Рахимов
Мақала
Асқар Сүлейменовтың драматургиясы хақында
Жазушы - қоғамның сүйегiнен адамның жанын іздейтiн бейбақ. Өмiр – тән, өнер – жан. Тән тұншыққанда – жан шыңғырады
Бөлім: Театр
Датасы: 11.09.2017
Авторы: Әубәкір Рахимов
Асқар  Сүлейменовтың драматургиясы хақында

Суреткер өзi өмiр сүрген уақыттың тыныс-тiршiлiгiн көпке баяндап  жеткiзушi ғана емес (ол шежiрешiнiң еншiсiндегi шаруа), ащы шындықтың себеп-салдарын ашып, өзiнiң азаматтығын таныта отырып ақиқатты айтар – Тұлға. Асқардың өзi айтқандай: «Шындық - көп, ақиқат – жалқы». Иә, әркiмнiң өзiн-өзi ақтайтын шындығы бар: жеке адамның, топтың, қоғамдық жүйенiң, т.т. Ал, ақиқат - Алланың бiр аты. Сондықтан да жалғыз. Заман ағымына iлесемiз деп жүрiп ақиқаттан ауа тартып, адасқанымызды аңғармай қалған кезеңдерiмiз аз болған жоқ.

Үрейге бой алдырып аяғымызды аңдап басамыз деп жүрiп опқа батсақ та опық жеуге жүрексiндiк. «Ертеңгi жарқын болашаққа» - деген елеске үмiттендiк. Ұлтжандылықты ұлтшылдық деген сөз тiркесiмен алмастырып, жылықы мiнез танытып, асаулық көрсеткендердi жау деп танып, адасқандарға балап бұғаулауға, буындырып бұқтыруға тырыстық. Өлермен «отан сүйгiш», дүмше зиялы топтың дүрмегiне дүбiр қосқан ұраншыл «ойшылдар» көбейдi.

Өнер мен әдебиетте «коммунизмде өмiр сүретiн адамның бейнесiн жасауды» шариғаттың шартындай қабылдадық. Кеңестiк өнерде «қақтығыссыз драматургия» («безконфликтная драматургия») жанры пайда болды. Ұлттық өнер ерiксiз ұзатылған жетiм қыздай жаутаңдап, өзгелерге телмiрiп, iштен тынып құмығып күн кештi. Елуiншi жылдардың соңында жеке басқа табынуды әшкерелеген саяси науқан басталып, қоғамдық жүйеге еркiндiк лебi келе бастады. Жоғалтқан асылдарымызбен қайта қауыштық. Дей тұрғанда, ұзын арқан, кең тұсаудың» қағидасын берiк ұстанған КСРО атты алып держава әлi де болса өз ырқына көндiру тәсiлiнен таймады. Солай болған күннiң өзiнде үмiт пен арманға жол ашқан жылымық жылдары әдебиет пен өнерге келген буын еркiн ой, жаңаша iзденiстерiмен ерекшелендi. Ұран-үндеулерге үн қосуды емес, ақиқатты iздеудi мұрат тұтты. Асқар Сүлейменов сол буынның көрнектi өкiлдерiнiң бiрегейi екенi даусыз.

Iзденiс жолын алпысыншы жылдары әдеби сыннан бастап, көркем прозада «Бесiн», «Адасқақ» сияқты кiтаптарымен, «Кек», «Ерулiк», «Ситуациялар» (триптихі) драма-диалогтарымен, сондай-ақ «Шашылып түскен тiркестер»  фәлсафалық ой-толғамдары, «Болмыспен бетпе-бет» атты сын мақалалары мен эсселер жинағы, киносценарилерi, әдебиаудармаларының санымен емес, сапасымен мол мұра қалдырған Асқарды әдебиетiмiз бен өнерiмiздегi орыны ерекше тұлға деп түсiнгенiмiз абзал.

Оның қаламынан туған туындылар - он алтыншы жылғы ұлт азаттық қоғалысынан бастап («Бесатар» повесi), тәуелсiздiк алғанға дейiнгi аралықта қандай едiк, кiм болдық деген ой-толғаулары («Ситуациялар» үштағаны) арқылы уақыт пен қоғамдық щындықтарды саралап бередi: «Уыз көкке шылқып тойған елiк пен жемге бөккен кекiлiк өрiсi мен ұясынан бездi; құндыз түгiн жаңада ғана тоғытып, түйе жүн ноқтаға жаңада ғана көндiге бастаған серек құлақ көп құлын мол нөпiрмен қуғынға түсiп, сөгiлмеген қолтығын зорланып сөктi…». Он алтының дүрбелеңi тудырған, одан кейiнгi замандардағы ұлт тағдыры осы суреттеуде бар шындығымен көрiнiс тауып тұрғаны айқын. Есiмдерiнiң өзi арғы-бергi тарихтан айғайлап аян берiп тұрған Иноземцев, Крейгель, Голоножкиндердiң сәлем берiп ұсынған қос қолына, екi бүктеген қамшысын с ұға салған түйе жүн ақ шекпендi, құндыз бөрiк киiп, қарала мiнген аққұба шалдың өрлiгiнен айырылған кейiнгi ұрпақ өз құлынын өзi құрбандыққа шалар имансыздыққа барған: Мәлiк, Сәтов, Тәбиев, Жақиялар тәрiздi тексiз тұлғаларға айналып ұсақтап кеткендiгiмiздiң бар болмысын айғақтап бердi.

Асқар Сүлейменов шығармаларының басты ерекшелiктерiнiң бiрi – тiлi мен стилистикалық құрылымында. Сөйлемнiң, тiптi, әр сөздiң астарында қат-қабат фәлсафалық ойлардың жататығында. Оларды түсiнiп, түйсiкке жеткiзу үшiн оқырман болсын немесе актер болсын автордың өзiндiк сөз саптау мәнерiне, әуез-ырғағына, ерекше үлгiсiне көңiл бөлiп, зейiн қоюы керек. Олай болмаған күнде айтылар ойды түсiну былай тұрсын, не оқып отырғаныңды пайымдау қиынға түсерi даусыз. Ал, оны сахнадан көрермендерге жеткiзе бiлу үшiн актерге хас шеберлiк пен қоса сөз зергерi болмақ қажет. Ғабит Мүсiрепов айтқандай: «Асқарды сыдыртып оқымай, iшке түйе оқу керек».

Асқардың драматургиясы Сөз құдыретiнiң қыры мен сырын паш етер күрделi туындылар. «Жетiншi палата» драма-диалогындағы Сәруәр айтқандай: «Библияны» күй басы: «алдымен туған Сөз едi, сол сөз Құдай болатын!». Мiне, бұл ұғымға Ас.Сүлейменов шығармаларын оқып отырып, қаныққандай боласың. Көне заманнан бiзге қызуы кетiп, жылуы жеткен, шоғы сөнiп, күлi жеткен жырауларға тән Сөз қадірін қайта жаңғыртқандай әсер аласың. Тiлiнiң ой-өрнегi байырғы қазақи ұғым табиғатынан тамыр тартып, бүтiндей бiр жаңа мағына алып кеткен. Шешендiк үлгiдегi сөз саптаулары, сөз иiрiмдерi ойлы жаңалықтарға: ой астарына, ұғым астарына, сезiм астарына толы.

Драматургия көп жұртқа қалпақпен ұрып алар оңай жанр болып көрiнедi. Сексенiншi жылдары пьеса жазбаған мамандық иесi кемде-кем. Ақын-жазушылар да, дәрiгер де, экономист те, милиционер де, зоотехник те, т.б. бәрi де жазды. Пьеса жазу жаппай iндетке айналды. Драматургияның не екенiн түсiнбегенi көп те, түсiнгенi аз едi. «Мен осы пьесаға кетiрген уақыт iшiнде бiр повесть жазып, баспадан бастырып шығарар едiм. Пьеса құр диалогтар ғана ма десем, мынауың қиямет-қайым екен» - деп, жүрегi шайлығып қалғандары да баршылық. Әрине, әдебиеттiң iшiндегi ең қиын жанр - драматургия. Ал, Асқар бұл жанрға көлденең келген көк атты болып емес, оның қыр-сырын зерделеп-зерттеп барып, айтар ойын талғам таразысынан өткiзiп барып, алдымен Б.Брехт, Э.Хемингуэй, Т.Уильямс, Ж.Б.Мольер, М.Булгаков, Е.Шварц, т.б. пьесаларын қазақшаға аударып барып қалам тартты. «Қазақфильм» киностудиясында сценарист, редактор болып қызмет iстеп жүрiп «Құлагер» («Ас») фильмiнiң сценарийiн жазды. «Қыз Жiбек» фильмiнiң редакторлық жұмысын атқарып, оның көркемдiк деңгейiнiң шыңдалуына көп үлес қосты. М.Әуезов атындағы академиялық театрда ұзақ жылдар әдебиет бөлiмiн басқарды және барлық пьесалары түгелдей осы театрда жазылды.

А.Сүлейменовтың пайымдауынша әрбiр тарихи кезеңнiң өз сарыны бар:
1. «Ақтабан…» - Сырым-Кенесары-Махамбет. Сарыны: «Елiм-ай!»,
2. Кенесары-Махамбет-Есет-1916 жыл. Сарыны: «Елiм-ай!», «Кiсен ашқан»,
3. 1916-1934 жылдар. Сарыны: «Елiм-ай!», «Кiсен ашқан», «Атыңнан айналайын Қарқаралы».
4. 1934-1958 жылдар. Тың. Сарыны жоқ.
5. Тың - Желтоқсан 1986 жыл. Сарыны: екi бiрдей Гимн.

Сарын- өткенiң мен жоғалтқаныңды жоқтап, ел халiнен хабардар ететiн үрей аралас ашынуы, өксiк аралас өкiнiшi бар әуен. ұндай тұстарда суреткер қайда қарап қалмақ? Асқарды түсiну мен түйсiну үшiн Сарынның («Кек») мына сөздерiне жүгiнейiк:

Қаракөк мынау
Алқаракөк фәниге
Келгендер көп –
Келмегендер көбiрек.
Келген көптiң бiрi мен.
Iрi болу, пiр болу
Келеме қолдан – бiлмеймiн.
Жай пенденiң бiрi болу
Келмейдi тағы қолымнан –
Неге келдiм?..
…Келдiм.
Көрдiм.
Сүттей аппақ бұл жарық
Отасыпты түнекпен
Күйесiндей қазанның.
Айтпауға да болған-ды
Болмады, бiрақ:
Көргенiн көрмей тұра алмас
Мен – адаммын…

Осынау тiркестерде автордың ой-толғанысы мен азаматтық мұрат-мүддесi жатқанын аңғару қиынға түспейдi. Ситуациялар үштағаны (« Жетiншi палата», «Қыздай жесiр - штат қысқарту», «Төрт тақта – жайнамаз») нақты фактiлердi арқау ете отырып, қоғамдық жүйенiң әділетсiздiгiн жайып салып отыр. Қоғам бар жерде, қоғамдық жүйе бар. Кез келген қоғам өзiн ақтау үшiн, қорғау үшiн заң шығарады, қорғаушы күштерiн ұстайды. Демек, «системаға» айналған қоғамдық мүдделер пайда болады. Әртүрлi ...измдерге бөлiнiп аламыз да, өзгенi даттап, өзiмiздi мақтап сыңар жақ жалаң ұғымдармен күн кешемiз. Үштағандағы Жұмат, Үрия, Сейтнәсiм шал, Хадиджа кемпiр, келiн бiздiң Советтiк системамен қақтығысқа ұшырасады. Күйрейдi. Бұл, классикалық кейiпкерлер: Гамлеттiң, Отеллоның, Ромео мен Джульеттаның, Еңлiк пен Кебектiң, т. б. басынан өткерген халдерi. Себебi, қандай әдiл заң болсын, ол жеке адам үшiн емес, ең алдымен қоғамдық жүйе үшiн қызмет етедi. Жеке адамның күйреуi - қауымның - халықтың - ұлттың күйреуi. Үштағандағы жоғарыда аталған кейiпкерлерден өзгелерi қоғамдық жүйенiң қуыршақтары. Билiктiң бiр қалыптан шыққан (штамповка) бетперделi  өкiлдерi. Мәңгүрттерi. Пьесаның өн бойында «актерлiк рольде» ойнаушылар. Өмiрде солай болған, болады да, бола бермек. Өйткенi қоғамдық жүйе барда, ол да бар. Бұл күн көрудiң тәсiлi. Ал, құрбандыққа шалынып, аяқ асты болған қазақы тектiлiк пен имандылық. Әдiлет әр кезде де әлсiз. «Шындық жеңедi» деген сөз -идеология. Асқардың: «Өзге халық маймылдан жаралса жаралған шығар, бiрақ қазақ жылқыдан жаралған» - деп, өзi айтқандай, жылқы мiнездi халықтың тағдыры жатыр. Оның пьесалары  жетпiсiншi-сексенiншi жылдары жазылса да сахнаға кешеуiлдеп барып шыққаны осы себептерге байланысты.

Аудармашы адамның әдебиетшiлiгi өз алдына, энциклопедиялық сөз байлығына ие болуы керек. Аударманың көптiң көңiлiне төл туындыдай болып жеткенi ғана ұзақ ғұмырлы болмақ. М.Әуезов театрында қойылған: «Қар ханым» (Е. Шварц. «Снежная королева»), «Күл қыз, күн қыз» (Е.Шварц. «Золушка»), «Ақымақ болған басым-ай!» (Ж.Б.Мольер.«Жорж Данден или одураченный муж»), «Жендеттер» (М.Булгаков. «Кабала святош»), «Келiндер көтерiлiсi»(С.Ахмад. «Келинлар қозғолоңи»), т.б. Ас.Сүлейменовтiң аудармалары еді және шұрайлы тілінің түп-нұсқадан да құлпырып кететiн тұстары мол болды. Бұл оның өзге тiлдегi ұғымдар мен оқиғалардың авторлық стилiн бұзбай қазақы баламасын дөп табуында. Мысалы, «Золушканы» - аударып көрелiк: зола- қара күйе. Сонда: « Золушка»–«Күйелеш», «Қожалақ» болып шығар едi. Бұл есiм балалардың сүйiктi кейiпкерi, болашақ ханшаға, тiптi қыз балаға жараспайды. Асқар оны: «Күлтәй» - деп, қазақы әдемi ат қойып аударған. Немесе «Жендеттердегi»  Мольердiң:

Ажал құшқым келедi!
Тас кедейдiң тiрлiгiнiң тозғаны менi шаршатты.
Тауық милы қалталының озғаны менi шаршатты.
Күні қараң сенімімнің созбағы мені шаршатты.
Көрінер көзге зұлымдықтың қозғаны мені шаршатты.
Ажал құшқым келедi!
Қыз сорлының намысының тапталғаны шаршатты.
Қас өнердiң озбасының жатталғаны шаршатты.
Әлжуаздан, құдіреттің ақталғаны шаршатты.
Жарық көрмей ақыл-ойдың сақталғаны шаршатты.
Ажал құшқым келеді!
Кемеңгердi кещелердiң зорлағаны шаршатты.
Шын мейiрдi, жендеттердiң қорлағаны шаршатты.
Бұлқынғанды бұғаулап ап торлағаны шаршатты.
Ажал құшқым келеді! Ажал құшқым...
Құшар ем.
Жалғыз досым, жан сүйерім,
Сонда бейбақ –
Халің сенің не болмақ?! - деп, айтылатын сөздерi пьесада жоқ. Режиссерге осы монологтың қажеттiлiгiн айтып, жазып әкелдi. Прологта Нұрмұхан Жантуриннiң (Мольер) орындауында оқылатын осы бiр жолдарда тек Мольердiң ғана трагедиясы емес, билiктiң бишiгiн ұстаған (түрiн өзгерткенiмен түбi бiр қоғамдық жүйе) топтардың өнерге деген үстемдiгi жатыр. Дарындыларды табанға салып таптай алмаса да (ол тiптен мүмкiн емес), тас бұғауда ұстау, түбегейлi тұншықтыра алмаса да тұмшалап ұстау  туралы ащы ақиқат.

Жазушы драматургиясының төл басы «Кек» трагедиясы. ХII-ғасыр. Ағайын арасына жiк түсiп, жаттай  жауласқандар Қанжуған өзенiнiң атқа мiнер (оң жақ) және қамшылар (сол жақ) жақ жағаларын ен салып, еншiлеп алған. Төгiлер ар мен тапталар намыстың сынға түсер орыны – күмбезi түскен ескi мешiттiң ұлы майданы… Ешкiмге тәуелсiз бейтарап жер, бейтарап ғимарат. Бiр кездерi араздасқан ағайындарды ынтымаққа шақырып, имандылыққа ұйытқан мешiт, бұл күндерi аңдысқандардың айқасар майданына, шетсiз, шексiз өшпендiлiгiнiң орындалар орнына айналып отыр… Сыныққа сылтау iздеген Қазанның Бектерге тағар айыбы: «Мен қонғанда сен қонбайсың, сен қонғанда мен қонбаймын» - деген, әкелер шартының бұзылуы. Бұл берiсi, арысы ашып айтылмағанымен Кежiмде жатыр:

Қазан.…Жобамда жұтқанды тастар кез келдi. Бiздiң қанның түсi қызыл…

Бектер.Түсi қызыл болғанмен алауы кем. Оған қосарым…

Қазан.Болды. Қандым…Саған да жұтқызғаным бар-тын… бiр сүйек аздық етер, кемiрерге Шұғаның да сүйегiн қалдырамын...

Байғыз сұңқылдайды.

Бұл жердегi жұтқаның мен жұтқызғаның не? Дұрысы - кiм? Әңгiме Кежiм туралы болып тұр. Бiр кездерi болды ма, әлде болмақ iстiң есесiн қайырудың амалын көксеп жүрген Қазан: «киелi киiкке қатын ертiп шықтың» - деген сылтауды желеу етiп, темiрқазықты куә қып, Шұғаның абройын төгедi. Айғақты айып тағылмағанымен, қарымта қайырудың әрекетi жатыр. Кек жатыр. Жаратылыс пен болмысқа тәңiрiндей табынған ел үшiн табиғаттан асқан куәгер жоқ. «Көк куә», «Жер куә», «Түн жамылып отырмын», т.т. ұғымдармен анттасып жататындығымыз содан. Темiрқазықты куәлiкке тарту бүгiнгi кектiң соңы, ертеңгi кектiң басы. Прологы осылай басталып бес жыл бұрынғы оқиғадан хабардар ететiн трагедия уақыт пен орын бiрлiгiн сақтай отырып, бiр тәулiк (жұлдыз туғаннан – келесi күннiң жұлдызды шағына дейiн) iшiнде, сол ескi мешiтте өрбидi. Бұзылмайтын шек, тапталмайтын шекара жоқ. Бiрақ, ар-намыстың шекарасының тапталғаны қасірет. Шөңге егiп, шөп орған ешкiм жоқ. Бектердiң кек қайтармақ iс-әрекетi күнәсiз бозбала Сарын мен арашашы ана Кежiмнiң өлiмiне, кекшiлдiкке толы фани-жалғанды тәрiк етiп тастауына әкелiп соғады. Жалған намысты жалау еткен ағайын арасының жаулығы қантөгiс ұлы майданға ұласады. Кектен тек қана кек тумақ. Өмiрдiң бұл иiрiм-тартпасына түскен пендесiне одан шығу жоқ. Бұл баршаға аян ақиқат. Осыны драматург қалай өрнектейдi, өрбiтедi? Ол үшiн пьесаға жүгiнейiк.

1 - көрiнiс. Бектер тобы кек қайырудың сәтiн араға бес жыл салып ақыры түсiрдi. Қазанның жары Кежiм мен ұлы Сарын тобымен құдалықтан қайтып келе жатқанда абайсызда қанжуған (атына көңiл бөлiңiз) өзенiнен өтiп кетедi. Шекара бұзылды. Тұтқынға түстi. Ұрда жық серiгi Атойға Бектер :«Өмiрдi бүлдiргеннен өнердi бүлдiрген жаман. Ойын бар бүгiн. Ойын!» - деп, кесiрлi байлам жасайды. Өмiр - ойын болған да, ойынның бәрi - өнер емес. Ойын- ермек, өнер - еңбек. Бектердiң ойыны қай ойын? Қазанның немере iнiсi Бетайға: «Уақытқа қарап шабамыз (құтырғандай). Темiрқазық... құлыны емес – енесi. Ұмытпа, бiрақ, биесi туласа құлынға қатер» - деп, келiнi Кежiммен екi араға жеңгеллiке жұмсайды. Таңдау қалдырмайды. Бес жыл бұрынғы оқиғаны тұспалдағанымен, айтпайды. Қысқа қайырылған осынау сөз иiрiмдерiнде қаншама сурет, қаншама iс-әрекет, қаншама кек, қатыгез байлам жатыр. Кек қайтару Бектер үшiн қан шығару емес, тапталған намыстың есесiн дәл өзiндей етiп қайтару. Ажал – таразы. Өлiм мен өмiр екi басы. Кiмнiң кiм екенi осы сәтте байқалмақ. Қасиет тұтқан ұғымдардың сынға түсiп, сыры ашылмақ. Мiне, Бектердiң ойлап тапқан ойыны осы.

2 - көрiнiс. Тұтқындар мен бейтаныс әйел (Шұға). Қазанның атқосшысы Сақау ғана кектiң шын себебiн бiледi, өйткенi өзi бес жыл бұрын куә болған. Бiрақ, үрейге бой алдырған куәгердiң қашанда шешендiк танытпасы мәлiм… Сарын мен Серiге болғанды баяндауға бетi жоқ. Есi ауысқан бейтаныс әйел көрiнген сайын  күдiк күшейiп, үрей үдей түседi. Бектердiң бұл iсiн аталардан қалған көп кесiрлi қыңырлықтың бiрi деп түсiнген Серi өзiнше өрлiк танытып, өзгелердi ерлiкке шақыра бастайды:

Серi. (Сақауға қадалып қарайды, Сарынға) Кеуде бастырмау керек деп бiлем. (Өлеңдей шегелеп) Бауыздалған қоңды мал жұлынға пышақ тигенде бұлқынарға мiндеттi. Намысты қамыстай орғызбау керек деп бiлем.

Бейтаныс әйел желкесiн қасып бiраз тұрады да шығып кетедi. Пауза.

Сарын. Бөлек бiр бәленiң тынысы келгендей сезiк бар. Аға, мұның атын не дейсiң?

 Сақау үндемейдi.

Серi. Қорқақтық дейдi мұны. Әйел тiрсектенiп қалтырады дейдi мұны.

Сырттай қарапайым көрiнген осынау диалогтар қарабайыр сөз емес, тұтқындардың көңiл күйiн, ой-сезiмiн анық берiп тұр емес пе? Сарынға үрей тудыра бастаған сезiгi не? Дүние-жарықты сүттей аппақ тазалықтай сезiнiп жүрген бозбала алғаш рет қақпанға түсiп, қаталдықпен бетпе-бет келгелi отыр. Қолға түскенiмен қылбұрау әлi салынған жоқ. Бейтаныс әйелдiң бұл араға қандай қатысы бар? Демек, бұл қан кегi емес, ар кегi болып шықса ше?, т.б. жауапсыз сұрақтар Сарынды мазалай бастайды…

3 - көрiнiс. Тұтқындағы Кежiм және қос келiншек. Бетай Бектердiң талабын жеткiздi. Келiнi келiссе бәрi аман қалмақ. Кежiм үшiн жар алдындағы адалдығы мен перезент алдындағы аналық абройы қымбат. Бектер күдiк пен күмәнға толы үрейлi ойын ұсынды. Қылбұрау салып қыйнау басталды. Ел ағасы боп: «Тәннiң маңдайына айқайды жазған. Жан бұқпаса болғаны» - деп, жүрген Бетай жан үшiн «жеңгетай» боп шықты. Үрей елес берген сәтте бiрi тастанды, бiрi пұшпағы қанамаған қос келiншектiң бiрi «көкбет», бiрi «ұятты» болып шыға келдi. Құлыны Сарын қылбұраудың кезегiн күтiп тұрған Кежiмге не iстемекке керек? Бiр түндiк тоят аңсаған адамның алдына күшпен барғаны аброй болар едi. Ендi мiне, ұлының амандығы үшiн өз аяғымен баруы керек боп тұр. Қандай шешiм қабылдауы қажет?!.

4 - көрiнiс. Жауаптасу. Бұл көрiнiсте тергеу мен тексерудiң, айыптау мен ақталудың көне заманғы үлгiсiн көргендей әсерде болатының кәмiл:

Серi. Сен, Бектер, қаумадың бiздi, қамадың. Неге? Елсiң сен.Үлкенсiң. Үлкен болғанмен отаусың. Шаңырақ бiзде. Мен жiпсiмей сен терлеме.

Атой. Жатқан мамығыңа түн асқан найза боп, сұп-суық жылан кiрдi дейiк. Жылан. ( Серi басын изейдi) . Шоршисың ғой? Атып, қасыңдағыны тастап сыртқа шығуың мүмкiн. Мүмкiн бе? ( Серi басын изейдi ). Дегенде отаның мен ошағыңды жыланға жайлатып түзге қашпайтын шығарсың. Үрейдiң аптығын басқан соң ораласың қайтып. Езесiң жыланды. Не жыланды қармайсың да құмыраға сап қоясың. Құмырадасыңдар!

Сөз ұғар адамға турасын айтпағанымен тұспалдап жеткiзiп тұрған бұл дәйектемелер өткеннен де, өтер iстен де хабардар етiп тұрғандай. Немесе, Бектердiң мына бiр тұжырымына зер салып көрейiк: «Ғаламың сенiң қырық пұшпақ. Әр пұшпақта бiр пышақ… ғарышыңды бiлмедiм, ғаламыңда ен салынбаған мүйiс, иiн, иiрiм жоқ. Мал жоқ. Жан жоқ. Жан!». Жалғанды менiкi мен сенiкiне бөлiп алып, өзгенiкiне көз алартар пенделiктерiмiз туралы ұғымдарды ащына айтып тұрған Бектердiң өзек жарды өкiнiшi де аңғарылады. Ойына алған ойынды доғаруына да болар едi, бiрақ, құлағында қалып қойған: «Тәңiрi атсын, Қазан !..» - деген Шұғаның үні дерт болып сiңiп алған. Бейтаныс әйелге көзi түскен сайын бойын КЕК-тiң өртi шарпиды. Ендiгi жерде өзге жол қалған жоқ, таңдауды: «Жан ол - қан емес. Қан - жан. Төге алмай жүрсең өзiң бiл…» - деп, Серiге тастайды. Осыған дейiн өр мiнездiлiк танытқан ол сатқындыққа дейiн барады. Неге? Бектердiң «ойынын» алғашында ағайын арасының араздығындай сезiнген едi. Қабыландай Қазанға сенiп едi. Қақпан боп қапқан Бектердiң құпиясына қанықпаған едi. Ендi мiне, сезiнген сайын бойын үрей билей бастады… шыдамады морт сынды. Тұтқын топтың арашаға жарар деген ақсақалы Сақау - өзi куә болған оқиғаның кегiнен үрейленiп бұғып қалудан өзге айла таба алмай, қыл үстiндегi Серiнi кiнәлеуден арыға бара алмайды. Перезент сүймей жүрген келiншектiң өжеттiк танытып, арашаға түсiп ащынған кезiнде ғана «намыстанып» батылдыққа барған оның құрбандығын енді Бектер қабылдамады. Кеш қалды - бiр. Екiншiден, Қазанға жеткізерге - қайтар кекке Бектер үшін куә керек. Өлiм өлшеуiш болғанда, iрiлiк пен iзгiлiк қасиеттердiң сыналар тұсында адамдық адыра қалып, пендешiлiктiң бел алғаны шеберлiкпен өрнектелген. Тұтқындардың тағдырына араша болмақ оймен, берiлу үшiн емес, беттесу үшiн Кежiм өзi келдi. Кек қайтармақ Бектерге керегi осы. Күшпен зорлап емес, өз еркiмен (баласы үшiн бе, басқасы үшiн бе, бұл тұста есеп емес ) берiлсе болғаны. Кек қайтып, жалғасын таппайды - себебi Кежiмнiң «өзi» берiлдi, зорлық болған жоқ, тұтқындар қысым көргенiмен қан шықпайды деп ойлады.

5 - көрiнiсте Бiз Кежiм мен Бектер арасындағы ертеректегi бiр қаңқу сөздiң куәсi боламыз.
1- келiншек: «…Көнер жерде кергiме, көнбес жерде бүгiлме. Кезiнде барған қойныңа». Кежiмнiң келiспеске амалы қалмайды. Келесi көрiнiсте Бектердiң Сарынға: «Қақтың ауылын құлан, баланың әкесiн шеше бiлген дұрыс қой өзi… Шешең бiзден кеткен… Бiр орайда жиенсiң-ау сен маған» - деген тұстары қаншама ой иiрiмдерiне жетектейдi. Ненi меңзеп, ненi тұспалдағаны бiр өзiне ғана аян: сезгенi ме әлде  сезiгi ме, жиенге бұрғаны – аяғаны ма… Қаншама шешiм табуға мүмкiндiк берер астарлы ойлар жатқан жоқ па!.. Бектер кектiң себебiн айтпай тұрып, Сарын мен Серiге шарт қойып: «Қазанның ақтығына» бастарымен жауапты болатындықтары үшiн келiсiмдерiн алып алады. Пролог қайталанады. «Кiршiксiз» - деп, жүрген әке күнәһар, «Қабылан» - деп жүрген Қазан қорқау болып шықты. Көмбесi терең құпия ойынның сыры ашылды. Уәденiң бiр аты – ажал. Майысқақтығы үшiн Серi ажал құшты. Әншейiнде айғайшыл, жеме-жемге келгенде жымысқы тiрлiктiң табары осы. Бектер ойлаған ойынның шарты бұзылды. Қан төгiлдi… Келесi көрiнiстердегi Бектер мен Кежiмнiң, Кежiм мен Сарынның арасындағы өтетiн сахналар Асқар Сүлейменов драматургиясының ешкiмге ұқсамас ерекшелiктерiн, өрелi сөздiң өрiсi мен фәсафалық ойдың тереңдiгiн көрсетер тұстар. Жыраулық үлгiдегi толғаныстар, шебер өрiлген шешендiк сөз тiркестерi мен астарлы ұғымдар - бұрын қайталанбаған жаңа теңеулерге бай сипатта шешiм тапқан:

Кежiм.
…Сарын? Алпыс екi шiлдеңдi
Қаңтар қапса мен кiммiн?
Он екi сенiң мүшеңнен
Құнар қашса мен кiммiн?
…Марқасқа сенiң әкеңнiң
Шаңын жұтып қалатын
Тез барлығар кей жабы
Басын жерге салып ап
Сауырлап менi қуғанда
Қайырылып жанар төсесем -
Жаңғыз Сарын жұлын-ай -
Мына да Кежiм,
Мен кiммiн?
Немесе,

Бектер.
Шиден сұлу тамырлы жоқ
Үкi шашақ шисiң ғой сен -
Не тұрыс бар?
Басқа емессiң сыланатын.

 Кежiм.
Кекiредей ащы жеген -
Бұрқыраса
Сары сиыр iш тастар
Бiр тума сендей бурадан
Бота алмайтын
Шарам қайсы… ( пауза ).
Айт алымен алайда;
Ойың бар ма әлi де
Тағы қанға малынып
Әлi де жан шығаратын? – деген жолдардағы тың теңулер көзге сурет болып көрiнiп, күй болып естiлiп тұрған жоқ па? Айтарын нықтап, сөзiн шегелеп үйренген Бектер тiлегiн «сызылсада» сыналап жеткiздi. Құлынының амандығы үшiн Кежiм көндi. Сарын көрдi. Түсiндi. Кектiң өртiне оранды…

Сарын.
...Сөкпегей.
Әкеге емес,
Астамдықпен азар қылған айналасын
Саған да емес, аналығын әйел жеңген
Әйелдiгi қайнағасын;
Оған да емес – Бектерге
Өш алмаққа бекiнген;
Көкке мынау қаныпезер,
Суға сайқал сылдыраған,
Тауға анау тұнжыраған мазардай -
Жұлыныммен жұлдыздай боп
Алып қашып, ағып қашып барады
Ақыл да емес, сезiм де емес
Өзi,
Өзi- сыңарындай табиғаттың КЕК деген.

Кежiм.
Ұмыт. Ұмыт – табиғаттың садақасы,
Көлеңкесi КЕК деген.
Дауаламай тұрып ем.
Бекiндiрдiң. Мен кетем.

Сарын.
Сөкпегей
Естiдiм де тыңдап қана қойғам жоқ.
Тастамағам. Тастамаймын сөзiңдi.
Болсын, қалсын табиғат пен болмысың.
Ешкiмге емес –
Мен ендi, мына өзiме кектенем.
Туғаныма кектенем.
Туғаныңа кектенем.
Мен кетемiн.
Сен кетпейсiң - мен кетем.

Трагедиялық әуенге толы осынау жолдарда кектiң де жауабы шебер өрнектелiп тұр-ғой. Бектер дегенiне жеттi. Кежiм мен Сарын жалған дүниенiң жасанды намысын тәрiк етiп тастап кеттi. Кегi қайтты ма? Жоқ. Өзi де түсiндi. Қазанның қасиетсiздiгiнен аса алмағанын кеш бiлдi. Шегiнерге жол қалмады. Ендi алда қанды соғыс, ұрпақтарға жалғасар КЕК-тердiң қырғыны тұр. «Жау азғанда - жiгiт тозған. Жақынымен жаттай жауласқанның күнi осы». Бұл Бектердiң соңғы түйгенi. Автордың да фәлсафасы осы.

Пьесада көтерiлген сұрақтар адамзат алдындағы келелi мәселелердiң бiрегейi. От басының қақтығысынан бастап әлемдiк соғыстарға дейiн тоқтау бермес, келiсiмге көндiрмес күш – КЕК. Құрбандық - ұрпақ. Сарын. Кежiм мен Шұғадай аналардан өрбiр келер ұрпақ. Жеңген - Кежiм. Ана. Аналық сезiм, парыз. Жеңiлген Бектер мен Қазан. Өзгенi өз илеуiне көндiрмек болған «өркөкiректiк» байламға бой алдыру. Абыл мен Қабылдан берi сүйегiмiзге сiңiп қалған қастандық пен кек деген ұғымның неге апарып соғарын  жақсы бiлсек те, шешiмiн тауып, келiсiмге келер кезеңдi өткiзiп алып, өкiнетiнiмiз не? Ел намысын ойлар тұстарда, өз намысымызды ту ғып көтеретiнiмiз не? Тәңiрiмiздi танып, тәубемiзге келмек болып мешiт саламыз да, арам ой, хайуандық әрекеттерiмiзбен ластайтынымыз не?, т.т. көптеген сұрақтар пьесаны оқып болғаннан кейiн ұзақ уақыт маза бермейдi. Автор оқиғалар тiзбегi мен шиеленiстi пьесаның соңына дейiн ширата отырып, бiр сәтке босаңсытпай жеткiзедi. Ашық қимылдан гөрi, астарлы әрекеттiң себеп-салдарын ашады. Тағдыр таразысының сынына түскен кейiпкерлерi кесек-кесек тұлғалар. Әрине, әр пенденiң ерлiкке де, ездiкке де барар тұстары бар. Ол әркетiн ақтайтын өз шыныдықтары және бар.Қаттының жiбiп, қайсардың қайырылар тұстары да жетерлiк. Пьесадағы iрiлi- ұсақты қай образды алсаңыз да осы електен екшелiп өткен кейiпкерлер. Кездейсоқ кейiпкер,кездейсоқ әрекет жоқ. Қатыгездiктен туған бiр қылмыстың себеп–салдарын  суыртпақтай отырып, әлемдiк ұғымдарға,фәлсафалық тереңдiктерге барады. Классикалық туындылардағы трагедиялардың түп-негiзi - КЕК. Осыны жақсы сезiген автор нағыз шеберлiктiң шыңынан көрiнгенi анық. Жоғарыда атап кеткенiмiздей әр сөзi мен сөйлемi мақал – мәтелге бергiсiз сөз құдіретiн мойындамасқа шараң қалмайды. Белгiлi әдебиет зерттеушi ғалым Зейнолла Серiкқалиевтың: «…Бұл театрға қызықтау үшiн келетiн көрерменнiңқолжаулығы емес, әманда өз арымен өзi арбасатын, сахна сазына берiле отырып, ой азабын қатар кешетiн салиқалы сезiмдер еншiсi болмақ» - деген, тұжырымына толығымен қосыласың.

Әлемдiк драматургия тарихында ортақ тақырыпқа үш трагедия мен бiр драмадан тұратын тетралогия арнау көне гректерден белгiлi (Эсхил, Софокл). Қазақ драматургиясында «Ситуациялар» үштағаны (триптих) жоғарыдағы дәстүрдi ұстанған алғашқы сәттi жазылған шығармалар екенi сөзсiз. «Жетiншi палата», «Қыздай жесiр – штат қысқарту», «Төрт тақта – жайнамаз» әрқайсысы өз алдына жеке-дара бөлек туындылар болып көрiнгенiмен, тәлкекке түскен тағдырларды байланыстырып тұрған ортақ үндестiк бар. Ол - қоғамдық жүйе (система). Жетпiсiншi – сексенiншi жылдардың әлеуметтiк ахуалдары (былықтары, Асқарша айтсақ «маразмдары») мен iндеттей жайылып етек алған оқиғалары.

«Жетінші палата»- нағыз халықтар достығының куәсіне айналған палата. Әр ұлт өкілдерінен құралған емделушілердің жеке бастарын сөз ете отырып, автор ұлт пен ел тағдырын қозғайды. Атой шалдан бастап, әжесінен өзге ешкімі жоқ Рахатикке дейінгілердің ортақ үйі осы жетінші палата. Түрмеден айырмашылығы атында ғана. Емхананың мақсаты маскүнемдіктен жазу емес, «тәрбиелеу». Бұл қоғамдық жүйенің ұстанымы, идеологиясы. «Осы жұрт неге ішеді? Несіне жетісіп ішеді? Неге?» - деп, күйініп жүретін бас дәрігер Мягковтің өзі фактілерді тізгеннен аспайды, артық әрекетке бармайды. Бұл есебі түгел, «ермегі» бар адамдардың еңбек тәртібі, күн көруінің амалы. Қоғамдық жүйенің қалыптастырған «шүкіршілігі» осындай. Ашынғансығанымен, айғайдан арыға бармайтын жан. Бұл қоғамның өзіне пайдалы, өзгеге желеу етер «демократиялық тәрбиесі». Атой шалдың айтуынша: «Жақсы адам. Бір система береді де қоя береді». Себебі бұл социалистік қоғамның адамдарға деген қамқорлығы». Мягков ауыруларға қамқоршы боп, терапевті(отырып қалған кәрі қыз) ұрсып қорласа, терапевт Жұматты қорлайды, медбрат ауыруларды келемеждейді. Қоғамдық жүйенің жоғарыдан төмен қарай сатылы басқаруының көрнекті үлгісі. Психиатр мен Жұмат арасындағы әңгімеде өнер мен ғылымда кездесер «ішкіш интеллигенцияның» - стресс тудырар келеңсіздіктің себептерін саралап береді. «...Білем: ерігіп ішетіндер жеткілікті. Олардың дені интеллигенция. Әсіресе художниктер мен жазушылар. Ішу оларда салтқа айналған. Екінші топ: жоқтан бар, аздан мол жасап, оны себеп деңгейіне көтеретіндер. Екі сомның белдігін он сомның бөтелкесімен жуады. Үшінші топ: ішуге құқы барлар. Бұл топтың негізгі контингенті – басында драмасы барлар...» - деп, топқа бөліп, ішудің бірінші себебінің үш себебін ашып береді. Бұл жалпы сол кездегі, тіпті қазірде кездесер себептер. Жындыханадан қашып шығып, бұрынғы жатқан жері наркологиялық емханаға келген жас жігіттің мына сандырағына көңіл аударып көрелік: «...ғафу өтінемін. Асығыспын. Бүгін парламенттің мәжілісі бар еді... сөз сөйлемекпін. Бір елді қорғаған боп, қорғаған елін басып алу – империализм!.. Парламент – демократия! Емес. Империализм!..».  Біздер өмір сүрген және сүрмек қоғамның сыртқы саясатының сипаты осы емес пе?! Бұл сөздерде КСРО-ның Венгрия, Чехославакия, Ауғанстан мен Шешенстанға, АҚШ-тың Вьетнамы бар, басқа мұнайлы елдерге деген «демократияны қорғау қамқорлығы» айтылып тұр.

Жұмат (тарихшы), қырғыз Келісов (жазушы), өзбек Өркіовтердің (саудагер) арасындағы пікірталастар елдік ерекшеліктер мен ұлттық ұғымдарды саралайтын тұстар. Абайдың: «Адасқан күшік секілді, ұлып жұртқа қайтқан ой» деген сөзінің мәнін саралау арқылы тағдырлары мен танымдары әртүрлі адамдардың болмысын, солар арқылы ұлттың қайда құлдырап бара жатқанын бір-ақ ауыз сөзге сиғызып тұрған жоқ па! Әр кейіпкерінің өмірбаянын бір-бір сөйлемдермен ұғынықты етіп беруде шеберлік танытқанын аңғару қиын емес. Мысалы, бозбала Рахатиктің өмірін: «..Әкең тірі болса осындай күйге түсер ме ең? Шешең сол кеткеннен мол кетті. Сенің оған керегің болмай қалды...» - деп, күңіренген кемпір арқылы жеткізсе, Атой шалдың жан қайғысын: «...Қабырғаңа бататыны жалғыз немерені жалғыз шалға жібермейтіні. Өзіміздің елдің-ақ қызы еді... Бір үйде бір өзім не істеймін? Сосын ішем... Қыз бейбақтар шақырады, бірақ қайтіп барам? Сосын ішем... Қазақ үшін қыздың қолында тұрғаннан артық пазор бар ма? Әсіресе ер адамға. Сосын ішем» - деп, ұлттық ұғымның тығырыққа тірелгенін, күйреуге шақ қалғанын соншама қанықты бояулармен дәл берген. Немесе хатына сеніп, «жазылмас дертті» жанның қасында болып, тауқыметін бөлісейін деп, қызын жетектеп Көкшетаудан жеткен Серегинаның мазаққа ұшырап, ақ ниет, адал сезімінің тапталар тұстары да тебірентпей қоймайды. Бұл жердегі Скоптің мазағы – тек күлкі ғана  емес, аяушылық, адамгершілік, ұғымдардың таптала бастағаны айтылып тұр. Ал, Жамал мен Сәруәр арасындағы қатынастар жар төсегіне опасыздық емес, сенімі өліп, сезімі семіп бара жатқан жанның (Жамалдың) жан-дәрмен  әрекеті, жан айғайы. Финалдағы Жұматтың телефон арқылы Жамал және ұлымен сөзіне назар аударалық:
Жамал. Мен...
Жұмат. Да...
Жамал. Мен құрыдым, Жұмат...
Жұмат үндемейді.
Больницадан шықтым. Бүгін шықтым, папа.
Жұмат. Да.
Бала. Папа-ау?..
Жұмат. Да.
Бала. Папа-ау?.. Папа-ау?..  (Жұмат трубканы қоймайды, жауап қатпайды) Папа-ау? Папа-ау?.. (шолақ гудоктар).

Бір жанұядағы үш бірдей жанның дағдарысын, драмалық сипатын беріп ғана қоймай, алуан түрлі ойға, көркемдік шешімдерге жетелейтіні сөзсіз. Зардап шегетін – ұрпақ. Бір кездері орыс интеллигенциясы А.П.Чеховтың «6 палатасына» ден қойған. Асқар, заманның сын көтермес кезеңінің келгенін, қоғамдық жүйенің дертке шалдығып, жекелердің жүйкесінің жұқарғанын меңзеп, пьесасын «7 палата» - деп атады. Ауыру асқынса... Қазір жолайрықта тұрмыз...

«Қыздай жесір – штат қысқарту» - «Барлығы адам игілігі үшін!» - деп, жар салған қоғамда отбасы – отан, ұрпақ, ар-ұят, ақиқат, борыш деген ұғымдардың аты қалып, заты қоғамдық жүйеге сай басқаша бір сипат алып, дертке айналуын ашып береді. Бас кейіпкер дарынсыз жазушы, «ел сөзін сөйлейді» деген Мәліктің пайымдауынша: өмір – сауда. Тірілік – сәт. Жалғыз сәт.  «Сәтінде алып қалмаса алынардың бәсі түседі. Өмірде қысқаруға түспес үшін өлік аттауға да, болмаса Тәбиев сияқтылардың табанын жалауға да дайын болу керек» қағидасымен өмір кешетін ол - елдік мүддені, азаматтық ұғымды не қылсын. Мұндайдың талайын көріп жүрген халық әлі де үміттеніп, алданудан жалықпайды.Мәліктің әйелі Ританың сырқатын (шынымен ауыру ма, әлде күйеуі ойлап тапқан, Рита ойнап жүрген ойын ба?..) шебер пайдалана білуі, жалғыз ұлын «қамқорлықпен өмір сүруге тәрбиелеуі», интервьюін жазып берген журналиспен арадағы бөтелке туралы, тіпті газы қашқан «Сарыағаш», тіл парқы, нарық туралы диалогтары күлкіге көмгенімен, күйіндірері көп көріністер.

Оқуға түсе алмай, түскендері оқудан кейін мамандығы бойынша қалада қалған қазақ жастарының, әсіресе қыздардың арман-үміті ит-тірліктің илеуіне түсіп, өмірдің тезіне көніп, ақыры жатақханадан тиетін адам айналмас бір бөлмеге қол жеткізу үшін небір құрбандыққа барып жүріп өмірлерін оздырып алады. Үриянің сөзімен өрнектесек: «Өтіріктен шаршадым... Қазіргі қыздардың көбіне бақ пен бақыт шот желкенің шұңқырындай боп қалды». Нарықтық ұғым билеген жерде, ұяттың өзі әйелге біткен мұрттай  болып көрінеді. Ұрқия айтпақшы: «...шындық, әділдік дегендерің шап жуар мочалка боп әдіре қалған» заман. Өмірдің өзі қысқарту. Өмір штатынан жеке адам былай тұрсын рулы ел, тайпалар мен ұлттар қысқартылып кеткен. Қалай өмір сүру керек? Лас болсада тасқынға көзді жұмып қойып кету қажет болар?..  Он бес жыл оқытқан «сенімнің» кертекенің сүтіне айналған шағында не істемекке керек?.. Жас келіп, жалғыздық таяйды. Жар сүймегенімен, жібі түзу еркектен перезент сүюді мақсат еткен Үрияға керегі болашақ нәрестеге «парасатты» қаламгер әкесі аты-жөнін берсе болғаны. Өзге ештеңе талап етпейді. Елдік пен азаматтықтың үлгісін көрсетер Мәлік: «Заман – жел, пенде – селеу... Мен бұқышпын» - деп, тайып кетуі, «...тұрқы қозыдай ғана бола тұрып, шөкпеген түйеге мініп» алатын Дәрісін мақтауы, немесе «Ұлылықтың өзі сізге таласады» деп Сәтовқа көпшік қойып өз дегеніне қол жеткізуінің барлығы құр көріністер емес, кейіпкердің іс-әректі арқылы автор қоғамның сипатын ашады. «Қоғамды қатты кірлетіп алдық-қой» - деп, «қынжылатын» Тәбиевтің, партия билігіндегі адамдардың алаяқтық әрекеттерін, парақорлық пен сыбайлас жемқорларды қалай жазалау керектігі жайлы Лениннің бұрын жарияланбаған жазбаларынан цитата келтіре отырып, сарказм араластыра жеткізер тұстардағы ойлар – осы драманың көкейкесті мақсатын айқындап тұр... Пьесадағы штаттан қысқартылған – дүние есігін әлі ашпаған төрт айлық нәресте! Ұрпақ! Түптеп келгенде – ұлт! «Заманымыздың ар-ожданына» айналған партияға кандидаттық бланканың өзі сатылып берілген тұстарда, автор айтқандай ақиқаттың әдіре қалған кезеңдерінің кесірі ұрпаққа тиеді. Финалда: «Ойпырмай, қазақтан өткен балажанды халық жоқ, олар да өстетін болғаны ма? Сонда бұлар қайтып өседі? Қайтіп өнеді? ...Жарты жасқа келіп қалған нәрестені құрбандыққа шалғанша алған айлығыңа қақалып өлмеймісің, әдіре қалғыр!.. Иесіз әйел – егесіз ел! Егесіз елге не істемейді. Талайды оны. Талан-таражыға салады» - деп, жағасын ұстап зар қаққан өзге ұлттық (жасырын түрде ота жасап, бала түсірген) кемпірдің сөзінде сексенінші жылдардың басындағы көптеген оқиғалардың саяси астары жатқанын танып - білудің еш қиындығы жоқ. Империяның жаулау саясаты мен ұлт тағдырының сипаты жатыр.

«Төрт тақта – жайнамаз» драма-диалогы бір тәулік ішінде, кешкі көз байланар іңірде басталып, келесі күнгі іңір қараңғылығы аралығында өтеді. Аудан іргесіндегі әлдебір отарды талан-таражыға салған басшылар, «санақ комиссиясы кеткенше» деген сылтаумен, шеткері жатқан Тоқтасынның отарынан екі жүз саулықты алып кетеді де, етке өткізіп, пұлға айналдырып жібереді. Артынша «жеп қойдың» - деген жаламен өзін істі қылып, ауданға тергеуге айдап әкетеді. Ай-күні жетіп отырған ауыраяқ Келіні мен иттері Құтжолды үйге тастап, жалғыз ұлын іздеп – Шал, соңғы алты ай бойы келмеген зейнетақысын іздеп – Кемпір, май таситын трактордың желкесіне жармасып аудан орталығына сапар шегеді. Бұрынғы имандылықтың ордасы болған мешіт, бүгіндері бір қалыптан шыққан(штамповка) қуыршақ жандардың мекемелеріне айналған. Райсобес, Райфин, Райстат, РайЗАГС, Сот орналасқан. Олардың түр-түсі, тыныс-тірлігі, сөз мәнері, тіпті киген киімдеріне дейін ұқсас «қоғамдық үлгідегі» жандар. Бар саналы ғұмырын «Отан үшін! Жарқын болашақ үшін!» - деп, түсініп келген қарт майдангер, еңбек ардагері Сейітнәсім ұлын арашалай алмай, «жалғызының қылмысына куәгерге» айналып, жер болып, рухы күйреп шығады. Өмір бойы сеніп келген, көңіліне медет тұтқан ұғымдарының күлі бір-ақ сәтте көкке ұшады. Күйрейді. Ақиқаттың арашашысы дейтін әділ соттың өзі прокурордың: «Сотты сайлайды. Прокурорды тағайындайды. Сайланғанның құйрығы - өтіріктің құйрығы. Бір-ақ тұтам!. Ал, тағайындалған тағалы ат. Оған ақпан-қаңтардың да көк мұзы қатер емес!» - деген дәлеліне ешбір уәж айта алмай күмілжіп қолжаулық сүлдеге айналады. Мұндай қоғамдық сот құрылымынан әділдік іздеудің өзі әбестік. 1932-37 мен 1968 бар, басқасы бар осы бір ойды дәлелдеген жоқ па?! Қазір де сол үрдістен асқанымыз шамалы. Ескі арнамен ағып келеміз. Соның өзінде де «ақ жеңедіге» сеніп келген, көнбіс халықпыз...

Ұлттық салтты бекем сақтаған Хадиджа (қазақшасы-Хадиша) кемпір, өзіне тиесілі зейнетақысын алудың орнына тірілердің тізімінде болмай шығады. Тіпті қоғамдық мекеменің әкім-қараларына, Асқарша қайырсақ: «...отыра-отыра, ойламай-ойламай, қақсай-қақсай, алақан-өкшесіне дейін түк пен мүк басып кеткен акселераттарына...» өзінің тірілігін дәлдей алмайды. Бұл дегеніңіз – ұлттық ұстанымдар мен салт-саның өшкені. Кемпірдің соңында табытқа жатуы, Шалдың жайнамазға жығылғанымен фатихасынан жаңылуы - Прокурор айтқандай: «Өш десе өшетін, көш десе көшетін қазақтың» жеткен жері. Көкжиегінің шегі. Орталықтан(Мәскеуден) келген қонақтың көңілін аулауға аңға шыққан өңшең жандайшап қазақтардың жағыну үшін: «Текесін атыңыз, текесін! Текесінен айырлған аңның өзі мал боп кетеді!» - деуі, ұлтсыздану емей немене?! Жан ұшыра қашқан киіктер мен бытырлата атқан оқтан Келін ішін басып, үрей құшағында үнсіз қалады... Құтжол безіп ол кетті... Тұмса қозының маңыраған дауысы ғана қалды... Тағдыр тауқыметін тартар тағы да сол, дүние есігін қағып тұрған – ұрпақ!

Идеалы күйреп, имансыздыққа бел алдырған елдің тағдыры осы болмақ. Жеке адамның күйреуі – қауымның, халықтың, ұлттың күйреуі. Бетперде киген лауазым иелері өз «рольдерін» ойнаумен күн кешудің тәсілін жақсы меңгергендер. Триптихте құрбандыққа шалынып, аяқ асты болған – қазақы тектілік пен имандылықтың ащы айғайы бар. Жылқы мінезді қазақтың тағдыры жатыр. «Шындық жеңеді» деген - құрғақ сөз, жалаң идеология. Әділет қашанда қуатты қорғауды, қолдауды қажет етеді. Өз пайдасын ойлағандар оған ешуақытта бара алмайды.

Өнерді ар-ұятына балап өткен Асекеңнің тағы бір туындысы – «Ерулік» пьесасы. Бұл шығарма - өнерге өгей бала болып кіріп, төл баласының жолын кесер кемталанттар жайлы. Көкектері хақында. Жақиядай дүмшелігін – дарынға, қырттығын – қасиетке балап саудалап жүргендер туралы. Әр пьесасында өнерге байланысты терең ой тастап жүрген Асқар: «Өмірді бүлдіргеннен өнерді бүлдірген жаман» («Кек»), «Кемталант болғаннан, бейталант болған жақсы. Бейталант – бейтарап. Ал, кемталанттың араласпайтын жері жоқ» («Төрт тақта – жайнамаз»), «Күшеншектік те өнер шығар, бірақ, Өнер – күшеншектік емес!» («Ерулік») деп, саф-таза өнер үшін күресіп өтті. «Ерулік» сол жайында. Бар айтар ойы ащы мысқылмен өрнектелген. Өзі алғы сөз ретінде алған Б.Брехтің: «Когда думает сапоги, мозгам приходится маршироват» деген сөзінің астарын ашар, ақиқатын жеткізер пьеса.

Ас.Сүлейменов пьесалары кез-келген үлгіде, кез-келген шешімде қоюға мүмкіндік беретін, еркіндікке жетелейтін, қатпарлы сөз астарларынан сан-қилы ой табуға мүмкіндігі мол шығармалар екеніне ешкімнің күмәні де, дауы да болмақ емес. Құнарлы сөз, құнды ойдың нағыз қоймасы деуге болады. Мінезге толы көріністер ең ақыры ремаркалардан да айшықтанып көрініп тұрады:

«Кекте» кектің кезегін күтіп тұрғанда – Бәрі үнсіз.Сахнаның оң бұрышы қан құйғандай, қан-қызыл рең алады. Байғыздың дауысына домбыраның үні қосылады. Тұнып тұрған сурет пен саз емес пе!

«Жетінші палатада» - Жамал осы тұстан бастап өзгереді. Эпизодтың соңына дейін түрлі-түрлі қалыпқа түседі. ...Су ішеді де, маңдай терін сүртіп ап орнына отырады. ...Жүйкесі әбден ширатылған, енді оны тоқтату мүмкін емес... немесе  Медсестраның ашу қысқаны соншалық – орысша сөйлейді...

«Қыздай жесірде» - Үрия келмейді. Бірақ, келерін, келгісі келерін, келмей қоймасын диванға жақындамай-ақ, шаруасымен айналысып жүріп-ақ ойнап береді... Қаншама психофизикалық әрекет жатыр.

Мәлік ін түбінен шыққандай басын оңды-солды сілкіп алады; жұмырлап, шымыр айтады....есік жабылар-жабылмастан Мәлік ішке кіреді. Жоғары өтеді, амандасады; Тәбиевке қос қолын, Ахановқа бір қолын береді. Аханов Мәлікке қос қолын береді...  Міне сізге мінездің сипаттамасы. Мұндай әрекетті ремаркаларды көптеп келтіруге болады.

Асқар Сүлейменовтың драматургиясы мен шығармалары санымен емес, сапасымен, өзіндік даралығымен, тереңдігімен, көркемдік деңгейімен, жазылу үлгісімен ерекшеленеді және уақыт өтіп, өмір көші озған сайын құндылығы арта берер асыл қазынамызға айналары хақ.

6-қараша 2000-жыл.