Мақала
Дәрежан Өмірбаев. КІТАП ТУРАЛЫ
Белгілі кинорежиссер Дәрежан Өмірбаевтың "Кітап әлемі" фотографиялар цикліне кіріспе сөз.
Бөлім: Фото өнер
Датасы: 06.05.2017
Мақала
Дәрежан Өмірбаев. КІТАП ТУРАЛЫ
Белгілі кинорежиссер Дәрежан Өмірбаевтың "Кітап әлемі" фотографиялар цикліне кіріспе сөз.
Бөлім: Фото өнер
Датасы: 06.05.2017
Дәрежан Өмірбаев. КІТАП ТУРАЛЫ

Дәрежан Өмірбаев

Кинорежиссер, фотограф


Мен кітап оқуды өте ерте бастағандардың бірімін. Мысалы, “Абай жолын” екінші класта, демек, сегіз жасымда оқып тастаппын. Оны “дәлелдейтін” суретім де бар, сақталып қалыпты.

1966 жылы күзге қарай біз Жамбыл облысындағы “Ойық” деген совхоздан “Ақкөл” атты аудан орталығына көшіп келдік. Сол жылғы қыркүйектің жайма-шуақ күндерінің бірінде есік алдындағы текпішекте Әуезовтың ұшы-қиыры жоқ романын оқып отырған етінмін. Бір кезде аулаға бір жағынан көршіміз, екінші жағынан туысқанымыз Темірхан деген ағам кіріп келді. (Кейін бұл қара жігіт бұзықтау болды да, көп өмір сүре қойған жоқ). Қолында фотоаппарат. Міне, бұл суреттің тарихы осындай.

Адамзаттың мәтін жазып, кітап оқығанына, әрине, мыңдаған жылдар болды. Бірақ, көпшіліктің, яғни, қара халықтың баспа-бас сауаты ашылып, әріп танығанына өте көп уақыт бола қойған жоқ. Әрі кеткенде, жүз жылдың ар жақ бер жағы шығар. “Жалпыға бірдей сауаттылық, міндетті орта мектепте оқу” – деген нәрселерді бізге алып келген, әрине, Кеңес өкіметі, социалистік жүйе. Бұл тарихи шындық, мойындау керек. Мойындап қана қоймай, социализмді, Кеңес өкіметін жамандауды доғару керек. Қарапайым халық мұны баяғыда қойған. Менімен келіспесеңіз, көшеге шығып, бұрын жұмысшы, колхозшы, ғалым болған, қазір жартылай жұмыссыз, жамырап бос жүргендердің пікірлерін біліңіз, не айтар екен.

Жасыратыны жоқ, қазіргі адамдар, әсіресе жастар, кітап оқуды ақырындап қоя бастады. Бұл бүкіл әлемдік, өте күрделі, арты немен бітетіні белгісіз құбылыс. Ал, әрбір күрделі нәрсенің екі, не одан да көп жағы болады. Әзірше, бұл процестің жаман жағы ғана айтылып келеді. Ал, мен кейде осының көп айтыла бермейтін басқа да қырын ойлап қоямын.

Мынандай бір притча бар, сопыларда.

“Мұхитпен жолаушы халыққа лық толы үлкен кеме жүзіп келе жатпай ма. Солардың ішінде өте оқымысты, білімді профессор бар екен дейді. Сол ғалым кісі кемедегі қарапайым адамдардан өзінің білімінің, оқып-тоқығандарының артық екенін көрсетіп, әбден мақтанып, ығырларын шығарыпты. Бір кезде дауыл тұрып, кеме суға бататын болыпты. Сонда, әлгі кемедегі жүзу білмейтін жалғыз адам сол профессор болып шығыпты да, қалғандарының барлығы аман қалыпты. Қайран профессор…”

Осы әңгімені естігенде Будданың: “Шындық деген не?” – деген сұраққа: “Шындық деген сенің пайдаңа асатын, қиындықта көмектесетін нәрселер” – деген жауабы еске түседі. Иә, әркімнің өз шындығы болатын сияқты.

Кітапты көп оқығанның, әсіресе, мамандыққа керек кітаптардың пайдалы, қажетті жақтары, әрине, ұшан теңіз. Оларсыз қазіргі цивилизацияны көз алдымызға елестету мүмкін емес. Бірақ, солай дегенмен де, қарапайым халықтың “Мынау байқұсқа кітап, оқу өтіп кетіпті”, “Миы ашып кетіпті” деген сияқты сөздері де бекер айтылмаса керек.

Проблема мынада сияқты.

Кітап, текст оқыған кезде адам абстракцияға, жоқ нәрсені көз алдына елестетіп, ой ойлауға үйрене бастайды. Ал, бұл процесс, егер де шектен шығып кетсе, оқырманды қияли, шыли аңқау, сенгіш адамға айналдыруы мүмкін. Менің байқауымша, қазіргі кезде, әсіресе қалада тұратын интеллектуалдардың негізгі проблемаларының біреуі осы. (“Кітапты көп оқыған сайын, адамның ақылы азая береді” – депті кезінде Қытай көсемі Мао Дзэ Дун.)

Осы тұрғыда, кезінде неміс киносыншысы Зигфрид Кракауэрдың: “Кино деген қоғамды абстракция ауруынан емдейтін өнер” – деген сөзі еске түседі. Бұл тізімге мен живопись, фотография өнерін де қосар едім.

Сонымен, мүмкін жастардың бүгінгі заманда текстен, кітап оқудан қаша бастағандарының бір себебі осы абстракция, көп ойлау сияқты нәрселерден сақтануы шығар, кім біледі?

Менің үйдегі үш шкафта тұрған кітаптарымның саны, шамамен, бес жүздің ар жақ бер жағы сияқты. Демек, бұдан екі есе көп кітап оқығанда да адам өмірінде ары кеткенде мың кітаптай ғана оқып үлгере алады екен. Ал, Жер бетінде қаншама миллиондаған тамаша да қызық кітаптар бар ғой. Бәрібір, бәрін оқып үлгермейсің…

Осы кітапты көп оқығаннан мен не пайда көрдім?

Біріншіден, әрине, оқыған кезде сол текстерден шексіз ләззат алдым.

Екіншіден, түсірген фильмдерімде қолдандым, тіпті, үш фильмді осы әдеби шығармалардың желісімен түсірген екенмін.

Үшіншіден… осыдан екі жылдай бұрын маған мынадай ой келді. Суретшілер, фотографтар адамдардың бейнелерін, портреттерін өте көп салады, түсіреді. Ал, мен осы сөрелерде тұрған кітаптардың бейнелерін түсірсем ше? Бұлар да маған тірі адам сияқты ғой, тіпті кезінде көп көмектескен достарым емес пе? (Пушкин өмірінің соңғы сәттерінде: “Қош болыңдар, достарым!” – деп сөреде тұрған кітаптарымен қоштасқан екен).

Егер де, әрбір кітапқа “режиссерлік шешім” іздеп тапсам ше?!.. Менің білуімше, бұл – әлі еш фотографтың, не суретшінің ойына келмеген – тың идея.

Сонымен, бүгінгі күнге дейін мен 96 кітаптың портреттерін түсіріп қойыппын. Сәті түссе, оларды бөлек альбом қылып басып шығармақ ойым да бар. Ашылған альбомның оң бетінде кітаптың портреті, сол бетінде – осы кітаптан алынған ең маңызды абзац, цитата басылады. Бірақ, әзірше, мен кіріп шыққан баспалардың ешқайсысы бұл проектіме қызығушылық таныта қоймады. Кітаптың суреті тұрмақ, өзі ешкімге керек болмай келе жатқан қоғам емес пе?

Бірақ, Құдайға шүкір, қазіргі кезде интернет порталдар, сайттар деген нәрселер бар емес пе? Әзірше, менің қолымнан келгені міне, осы. Мына кітаптардың фотопортреттерін көріңіздер, онан соң, егер бұрын оқымасаңыз, оларды оқыңыздар. Өте құнды, керек, қызық кітаптар. Бірақ та, суда жүзе білудің керек екенін де ұмытпаңыздар!

9.IV.2017.