Мақала
Алғашқы антиколониалистік «Атамекен» фильмі
«Атамекен» фильмі 2023 жылдың 10-қаңтарында "QAZAQ KINOSY: TOP 10 FILM" жобасы аясында талқыланды
Бөлім: Кино
Датасы: 06.02.2023
Авторы: Oner Portal
Мақала
Алғашқы антиколониалистік «Атамекен» фильмі
«Атамекен» фильмі 2023 жылдың 10-қаңтарында "QAZAQ KINOSY: TOP 10 FILM" жобасы аясында талқыланды
Бөлім: Кино
Датасы: 06.02.2023
Авторы: Oner Portal
Алғашқы антиколониалистік «Атамекен» фильмі
Атамекен

«Атамекен» режиссер Шәкен Айманов шығармашылығында да, қазақ киносында да шоқтығы биік туындылардың бірі. Осы фильмде белгілі ақын  Олжас Сүлейменов алғаш рет сценарий авторы ретінде бой көрсетеді.

Фильм тағдыры туған жерімен байланып, соғыс зардабын шеккен адамдар туралы баяндайды. Он төрт жасар Баян атасымен бірге әкесінің топырағын алып келуге аттанады. Әкесі Ленинград түбіндегі шайқаста қазақ тапқан. Атасы ұлының мәйітін ауыл мазарына қою үшін күмбез орнатқан.

«Атамекен» фильмінде діни, этникалық мәселелер қозғалады. Ақсақалдың көзімен археологтың қорғандарды қазып, әруақтардың рухын мазалап, онымен қоймай арақ ішкені дұрыс емес дүние. Бір шетінен, екі мәдениеттің қақтығысы көрінеді, бірақ, екеуара араздық тумайды. Ақсақал жанында отырған немересі уақыт өте келе басқа мәдениет, жаңа өмірде өмір сүретінін сезеді. 1960-жылдары цензураға байланысты діни көріністерге рұқсат берілмейтін. Алайда, осы фильмде ақсақал намаз оқиды. Қарапайым, күнделікті тіршілікті көрсететін дүниелер экранға шығуының өзі «жылымық» кезеңінде жарыққа шыққан фильмдер үшін үлкен жетістік еді.

Молдияр Ергебеков: Фильм антитоталитар сипатқа ие. Бұл фильм отаршылдық, Ұлы Отан Соғысы, депортация травмаларын қамтыған фильм. Бірінші толқын ұлтшылдықтарда әйел теңдігіне акцент жасалған болса, екінші толқын ұлтшылдарда жер, атамекен, тіл мәселесі алға шығады. «Атамекен» фильмі 1960-жылдардағы ұлтшылдық идеологиясын қалыптастырған басты туындылардың бірі. Фильмнің бірнеше жерінде айтып өткен үш травмамыздың көлеңкесі сияқты пойыздың үстінде кетіп бара жатқан кешенің көлеңкесін көреміз. Бізді тастамай, біздің жанымызда жүрген өткен шақтың елесі. Бұл тұрғыдан қарасақ, алғашқы антиколониалисттік фильм. Сонымен қатар, бұл фильмде «біз кімбіз, қайда барамыз» деген секілді кімдікті іздеу бар. Бұл жерде Айманов пен Сүлейменов антиколониалистік, кімдік бойынша қалыптастырған дискурстарын әрі батыл түрде алға тартып, әрі рационал түрде іске асырады: антиколониалист болған жақсы, алайда өзіңді тану үшін ғылым керек дегісі келетіндей. Тіпті, бұл ғылым отарлаушының ғылымы болса да, оны алуға міндеттісің. Егер ғылымға ие болмасаң өзіңді кірпіштің ошағы ретінде өртеп жіберу мүмкін. Фильмде сондай сахна бар. Баян кірпішті әкеліп, ошақтың қасына қойып қояды, оны Ресейден келген ғалымдар тауып, «бұл өте үлкен тарихи қала» дейді. Ақсақал мен археологтың айтысы екі бөлек өркениеттің өмір философиясының айтысына ұласады. Фильм тұтасынан қарайтын болсақ археолог “бұл жер бүкіл адамдыкы” деп, фильмнің соңында ақсақал да баласының сүйегін әкелмейді. Бүкіл жер ортақ деп сол жерде қалдырады. Археолог та қазақ ақсақалы жайлы қызыға, қызғана отырып ой айтады. Осылайша, екі өркениет те осы айтыста жеңіліп, екеуі де ұтқандай болады.

Әсет Құранбек бұл фильмді философиялық трактат дейді:

Шәкен Аймановтың барлық фильмінде туған жерге, елге, ұлтқа, жерге, ұлттық болмысқа деген сағыныш бар. Олар қандай фильмнен болсын есіп тұрады. Фильм терең иірімдерге құрылған, екінші жағынан бұл философиялық трактат. Шәкен Айманов  әлемдік кинематографиядағы замандастарымен қарайтын болсақ, кем қалмайтын режиссер екенін байқауға болады. Терең. Еркін кеңістікте жүзіп жүрген сол тұрғыдағы философиялық мәселелер ғана емес, ұлттық танымға, ұлттық болмысқа, ұлт тағдырына қатысты дүниелер бар. Жаһандық, азаматтық мәселеде археолог ғалым мен қазақ ақсақалының екеуінің арасында көрініс береді. Бірақ негізгі планға ұлттың тағдыры, ұлттың болмысы шығады.

Әннәс Бағдат: Қазақ киносының тарихы деген оқулықтың авторлары «Атамекен» фильмінің соңын былай қорытындылайды: «Отан бәрімізге ортақ, ұлының сүйегін туған жерге әкелудің ешқандай маңызы жоқ екен» дейді. Бұл зерттеушілердің көзқарасынан қарасақ фильмнің идеясы кеңестік идеологияның пропагандалық фильмі сияқты. Фильм осы идеяны көрсетіп тұр ма, әлде, сіз айтып отырған әр солдаттың өз туған жері бар деп, антитоталитарлық сипатқа ие болады ма?

Молдияр Ергебеков: Біз әлі күнге дейін ІІ Дүниежүзілік соғысты сипаттаған кезде Ұлы Отан соғысы деп сипаттап жатамыз. Сол кезде Резо Чхеидзе («Отец солдата» фильмінің режиссері) мен Айманов бұның Ұлы Отан соғысы емес екендігін айтқан сияқты. Егер Ұлы Отан соғысы болатын болса, екі әке де ұлдарын іздеп бармас еді. Өйткені Отан дегеніміз топырақ, топырақ дегеніміз сенің туған жерің. Ал екеуі неліктен ұлдарының сүйектерін әкелуге кетті? Бұл тұрғыда да антиколониалистік атмосфера қалыптасты ма, әлде республикалардағы Совет идеологиясы арқылы ұлы орыс ұлтшылдығының қалыптасуына реакция берді ме? 1960-жыл өте назар аударарлық жыл.

Соның өзінде де шығатын месседж ғалымның айтқан сөзі сияқты - «Жер планетасы бәрімізге ортақ». Қай жерде жатсақ та, жер адамдікі. Бір жағынан жаһанадық месседж болса, екінші жағынан әркім өзінің туған жерінде жату керек деген ұлттық месседж.

Қазақ киносы болсын, Кеңес киносы болсын ІІ дүниежүзілік соғысты жырлаған фильмдердің ішінде «Атамекен» несімен ерекшелінеді деген сауалға:

Әсет Құранбек: «ІІ дүниежүзілік соғыс туралы фильмдер легі әлі таусылған жоқ. Қанша жерден ең соңында әділеттілік жеңді деген сияқты сипатта аяқталғанымен, бәрібір олардың көбісінде белгілі бір мүдде, идеология соның төңірегінде құрылғандығын көруге болады. Бұл бір. Екіншіден, ол жерде ұлттан да жоғары тұрған амбициялар, империяшылдық сана бәрі бір көрініс береді. Ал «Атамекен» фильмі көп уақыт өтпеген, бір жағынан соғыстың жарасы да жазылмаған кез. Бірақ, екінші жағынан онда соғыс культі жоқ. Соғыс туралы болса да тікелей айтылмайды. Жан жарасы, баласының сүйегін алып кетуге бара жатқан ақсақал сезімдері арқылы береді».

Фильм руд-муви жанрына келеді. Себебі, барлық оқиға жолда: пойыздың ішінде, станцияда өтеді. Осы жол бойында Баян есейген азамат болып қайтып келеді. Қазақ ақсақалы соғыста қайтқан ұлының топырағын алып қайтуға Ресейге аттанады. Бұл кеңес кезінде түсірілген фильмнің ережесіне бағынбайтын.

Молдияр Ергебеков: «Атамекен» фильмінің кинематографиялық ерекшеліктеріне келетін болсақ, бұл жол фильмі. Әлем кинематографиясындағы ең алғашқы жол фильмдерінің бірі.

Жол дегеніміз өмірдің дәл өзі. Ол адамдар мен қоғамдардың дамуы үшін негізгі фундамент. Сондықтан да, олар бұл өмірдегі барлық мәдениет пен өркениет жол мен жолаушы ұғымдарын тұлғаның мына өмірде жеткен жетістіктері, тұлғалық қасиеттері, мінез-құлқы мен сезімдерінің қалыптасу қамтамасыз ететін метафора ретінде суреттейтін өмір жолы дейміз. Ал енді жол фильмі деген жанрға келсек, жол фильмдері фильмнің негізгі кейіпкері болған адамның немесе адамдардың саяхатын, жолаушы болған кезіндегі өмірін қолға алып көрсететін фильмдер. Жанр ретінде жол фильмдері тікелей және жанама мағынада әртүрлі шекараларды бұзып өтетін немесе шекараның тысына шығатын фильмдер. Барлық жол фильмдерінде осы нәрсе бар. Жол фильмі қоғамдық шекараны бұзады немесе тікелей мағынада шекараны бұзады. Бір елден екінші елге өтеді. Қоғамның шекарасын бұзу дегеніміз травмалармен жүздесу, басқа бір мәдениетті көру, өркениетті көру. Осылайша кейіпкердің өзгеріске ұшырауы. Басындағы шал мен немере соңындағы шал мен немере емес. Бұл фильмдерде маңызды болған нәрсе жолдың соңындағы мәреге жету емес, жолаушылықтың өзі.

Кинотанушы зерттеуші Дэвид Лейдерман «Driving Visions: Exploring the Road Movie» деген еңбегінде жол фильмдерінің кинематографиялық тұрғысынан инноватив әрекеттік камераны көптеп қолданады дейді. Бұл фильмде де қазақ киносындағы алғаш рет иыққа асылып алған камераны көреміз. Шал шешенді пойыздың төбесінен көру үшін иыққа асынған камера әрекеттерін көреміз. Осылайша субъектив көзқарасты ақсақал арқылы көреміз. Белгілі бір баяндау тәсілі монтажы мен музыкасына ие болатынын алға тартады. Көбінесе үміті азайған, ашуланшақ мінезі бар адамдар негізгі кейіпкер болады дейді. «Атамекенде» де ерекшелікті көреміз. Лейдерман бұл жанрдағы кейіпкердің өзін қоршаған мәдениетке жат сезінетінін сондықтан да бір ізденіске ұмтылатынын алға тартады. Бұл фильмде де шал, ата жат сезінеді. Неге менің ұлым басқа елде жатыр, неліктен мына жердегі жатқан адамның бас сүйегі бір ғалымның қолындағы инструментке айналу керек. Совет қоғамына, совет түсінігіне немесе модерн қоғамға жат. Осылайша, іздеуге шығады. Сондықтан да, жол фильмдерінің динамикасы мәдениет сыны екендігін айтуға болады дейді Лейдерман. Мәдениеттің, күнделікті өмірдің сыны бар дейді.

Әлем кинотарихында жол фильмдері 1969 жылғы «Easy rider» деген фильм арқылы анықтайды. Ал оның алдында Чхеидзенің фильмі «Отец солдата», одан кейін «Атамекен» бар және біз білмейтін қаншама жол фильмдері болуы мүмкін. Әлем киносында кинотарихының тарихнамасын өзгертуіміз керек сияқтымыз.

Сондай-ақ, бұл фильмде бас пландары (ірі пландар) өте көп кездеседі. Ал қазақ киносында бас пландары өте аз. Бірақ дәл осы фильмде оператор да, режиссер да қорықпаған, адамдардың тікелей басын алған. Үлкен экраннан адамның басын көру дегеніміз не? Ол психологиясына анализ жасау. Мимикаларын, сезімдерін көру деген сөз».

Әсет Құранбек:

«Ең негізгі концептілердің бірі жол мен жолаушы, бірақ осының өзіне де бір үңілетін болсақ, жолдың өзі мұрат екенін көрсетеді. Ол аяқталмайды, бітпейді. Кейбіреуі кейіпкерлер бауырластар зиратына барған жерде тоқтады деп ойлауы мүмкін. Егерде фильмнің қазақшасын көретін болсаңыз екі қарт басында бір-бірін жатсынғанымен, археолог ғалым алғашында “шал” деп сөйлейді, ал қоштасар кезін қарасаңыз “ақсақал” дейді. Бірін-бірі түсініскен адамдарды көреміз. Олар антипод емес, артынан бірін-бірі қимай қоштасты. Жол, жолаушы, сайын дала. Үнемі шексіз даланы көрсетіп отырады. Орыс жеріне кірген кезде орманды дала бірден жазық дала, кеңістік, төрт түлік мал, өмірге перзенті келген атқа мінген азаматты көрсетеді де, содан кейін ақсақалды биік өндіріс ошағының биік трубалардың қасында көрсетеді. Оған дейін даналықтың үлгісі болған, соның ерекше көрінісін берген ақсақалдың биік сорайған трубалардың жанынан дәрменсіз күйге түскен кейпін көргендей болдым».

Ақсақал мен бала өздері үшін жеке әлем ашады. Біріншісі, өмірінің соңында, екіншісі өмірінің басында. Фильмдегі конфликт осы негізге құрылады. Ақсақал далалық қазақтың көзімен қарап, әлемге бейімделуі тиіс. Баян болса, атасы мен Егордың ара-қатынасына қарап отырып, дүниетанымын таңдау керек. Ақсақал мен Егордың көзқарасынан ары өтіп, үшінші, жалпы адамзатқа ортақ дүниетаным ашылады.

Бұған дейін тарихи-революциялық «Амангелді» фильмінде басты рөлді сомдаған Елубай Өмірзақов батыр бейнесінде емес, ұлының мазарына бара жатқан қарапайым ақсақалдың бейнесін сомдайды. Актер психологиялық штрихтармен, детальдармен, ым-ишарамен кейіпкердің мінезін ашады. Кейіпкер байсалды, байыпты. Үнемі ой үстінде. Көргенінің бәрін ой талқысынан өткізіп, мейірімділік көрсе қуанып, жамандық көрсе мінеп, іштей уайымдайды. Осы рөлі үшін Елубай Өмірзақов 1968 жылы ҚазКСР Мемлекеттік сыйлығына ие болды.

Марапат

Фильм үздік режиссер шешімі үшін Халықаралық кинофестивальда (Майндағы Франкфурт, Германия) арнаулы дипломға, 1967 жылы Орта Азия республикалары мен Қазақстан кинофильмдері байқауында (Душанбе) «Тау хрусталі» сыйлығына ие болды.


Эксперттер пікірі.

Кинотанушы Бауыржан Нөгербек: «Фильм авторлары «бөгде зиратта жатуына қарсы болған» қарт ақсақалдың ұлттық болмысын философиялық идеологиялық маңызды, саяси өзекті «Кеңес Отаны» делінетін интернационал ой тұрғысынан көрсетіп қана қоймай, миллиондаған кинокөрермендерге қазақтың ұлттық менталитетінің ерекшелігін көрсете білді».


Фильм туралы дерек

Атауы: Атамекен
Шыққан жылы: 1966
Мемлекет: КСРО
Жанр: драма
Компания: Қазақфильм
Премьера: ақпан, 1968
Ұзақтығы: 91 мин.
Режиссер: Шәкен Айманов
Сценарий: Олжас Сүлейменов
Оператор: Мұрат Айманов
Композитор: Еркеғали Рахмадиев
Монтаж: Роза Жанғазина
Көркемдік жетекші: З.Бошаев
Басты рөлдерде: Елубай Өмірзақов, Мұрат Ахмадиев, Виктор Шевцов, Юрий Померанцев, Т. Котова, Яраги Зубайраев, Любовь Малинская, Шолпан Алтайбаева.

 

Қолданылған материалдар:

Oner Portal Youtube каналы - "Атамекен"