Мақала / #студентСөзі
IV "Baiqonyr" ISFF фильмдеріне талдау
Бөлім: Кино
Датасы: 10.12.2019
Авторы: Алихан Туренов
Мақала
IV "Baiqonyr" ISFF фильмдеріне талдау
Бөлім: Кино
Датасы: 10.12.2019
Авторы: Алихан Туренов
IV "Baiqonyr" ISFF фильмдеріне талдау

Мақаламның зерттеу бағыты – жас кинематографистердің қысқаметрлі фильмдеріндегі тақырыптар ізденісі туралы болғандықтан, талдау фильмдердің барлығы дерлік 2019 жылы қыркүйек айында Алматыда өткен IV «Байқоңыр» кинофестивалінің конкурстық бағдарламасынан, атап айтқанда, ұлттық фильмдердің байқау бағдарламасынан алынды.

Қысқаметрлі фильмдер фестивалін жас кинематографистердің шығармашылық ізденістеріне мүмкіндік беретін өнер сайысы деп бағалауға болады. Әлемдік кино кеңістігінде қысқаметрлі фильмдер фестивалінің үздік мысалдары баршылық. Кино әлеміндегі өзекті жаңалықтарды жиі хабарлап отыратын Brod.kz сайтының 2018 жылғы 11 шілдеде жариялаған мақаласында әлемдік кино кеңістігінде дарынды жастарға алғашқы баспалдақ мүмкіндігін беретін қысқаметрлі фильмдер фестивалінің ішінен үздіктері деп танылған 10 фестиваль тізімі көрсетілген. Олар: «Оберхаузен» фестивалі (Германия), 1954 жылдан өткізіліп келеді, Оңтүстік Кореяның «Бусан» Халықаралық қысқаметрлі фильмдер фестивалі 1980 жылдан басталған, Францияда өткізілетін «Клермон-Ферран» қысқаметрлі фильмдер фестивалі 1982 жылы бірінші байқауын өткізді, ал 1989 жылдан Халықаралық деңгейде жыл сайын өткізіліп келеді. Иранда өткізілетін «Тегеран» қысқаметрлі фильмдер фестивалінің тарихы 1984 жылдан басталады. 1999 жылдан бастап Жапонияның Токио қаласында «Азия» қысқаметрлі фильмдер фестивалі жұмыс істеп келеді. 2000 жылдан Түркияның Измир қаласында тағы бір Халықаралық деңгейдегі қысқаметрлі фильмдер фестивалі ұйымдастырылды. 2008 жылдан Ресейде «Арткино» қысқаметрлі артхаус фильмдер фестивалі жұмыс істей бастады. 2011 жылдан «Қырғызстан – қысқаметрлі фильмдер мекені» фестивалі сәтті басталды.

Қазақстанда өткізіліп жүрген «Байқоңыр» кинофестивалі биылғы жылы алғаш рет Халықаралық деңгейде ұйымдастырылып, жоғарыда аталған фестивальдардың тізіміне қосылды деуге болады.

2019 жылдың 4-8 қыркүйегі аралығында ұйымдастырылған IV «Байқоңыр» кинофестиваліне қатысқан 30-дан астам фильмдердің ішінде 15 фильм тек қазақстандық жас режиссерлердің жұмыстары болды. «Халықаралық» және «Ұлттық» деп бөлінген байқау бағдарламасындағы қазақстандық фильмдердің ішінен ортақ тақырыпта түсірілген туындыларды айқындауға мүмкіндік болды.

Мысалы, басым көпшілік фильмдерде жиі кездескен тақырыптардың бірі – отбасылық мәселелер. Сондай-ақ, бірқатар фильмдерде мәңгілік деп бағаланатын махаббат тақырыбы фильм кейіпкерлерінің жас шамасына қарай түрлі көзқараспен көрініс алды: екі жас арасындағы махаббат сезімдері, егде жастағы кейіпкерлердің махаббатты аңсаған ішкі сезімі, сағым болып көрінген «арманға» деген махаббат. Жастардың қалыптасуына әсер ететін басқа да түрлі әлеуметтік, қоғамдық мәселелер де бірқатар фильмдерге тақырып болған.

Енді, осы тақырыптар төңірегіндегі жеке фильмдерге талдаулар жасайтын болсақ, махаббат пен қызғаныш сезімін қатар алып, сюжетті өрбітетін қазақстандық фильмдер ішінен режиссер Мәди Балжановтың «Статус: не свободен» және Асылбек Мұсабековтың «Шоқ» фильмдерін салыстыра отырып қарастыруға болады. Екі фильмде де қызғаныштан қиналған кейіпкерлер – жігіттер. Ал енді осы қызғанышқа себеп болған – қыздар. Екі фильмнің де авторлары кейіпкерлер арасындағы шынайы махаббат сезімін көмескілендіріп, олардың қызғаныш сезімдерін арттырады. Нәтижесінде бас кейіпкерлер (жігіттер) психологиялық дағдарысқа ұшырайды. Осындай дағдарыстың екі фильмге де ортақ шешімі – қызғанышқа себеп болған жандардың зардап шегуі олардың түс көруі сәттерімен бейнеленеді.

Қазақстандық жас режиссерлердің қысқаметрлі фильмдеріндегі жиі кездескен тағы бір тақырып – отбасылық жағдай мәселесі де әр қырынан көрініс алған. Мысалы: Еламан Шаубановтың «Бауыр» фильмінде әкелерінің жұмыссыздығы себеп болып, бауырлас екі баланың арасында түсініспеушілік жағдай орын алды. Тура осындай бауырлар арасындағы түсініспеушілік жағдай Әлішер Жәдігердің «Қағаз тікұшақ» фильмінен көрінді. Аталып отырған екі фильмде де бастапқыда оқиғаға себеп болған отбасылық түсініспеушілік жағдайлар фильм соңында бауырлар арасындағы татулықпен шешімін табады.

Отбасылық жағдайды қамти отырып, тақырыпты қарама-қайшылық сипатта өрбітетін фильмдер де бар. Темірлан Өрісбаевтың «Ізбасар» фильмінде әке мен бала арасындағы туысқандық қарым-қатынас түрлі сынақтан өтеді, фильм соңында ұлттық құндылықтарды насихаттауға жетелейтін мағыналы нәтижемен аяқталады. Фильмнің аты айтып тұрғандай, әкесі баласын өзінің ізбасары санайды, баласына атты қалай жүгендеуді үйреткісі келеді. Уақыт өте келе сол аттың жүгенін әкесі тал түбіндегі әткеншектең тауып алады. Осы көріністен әкенің ұлына деген реніші айқын көрініс алады: ізбасары әке сенімін ақтамады.

Келесі фильмде де бас кейіпкерлер - әке мен бала. Бірақ, бұл фильмнің оқиғасы «Ізбасар» фильміне қарама-қайшы келтірілген және шынайы оқиғаға негізделген Жарқын Тілеухордың «177» фильмі. Фильмде құмар ойынның салдарынан отбасынан айырылған әке жайлы. Толыққанды жұмысы бар ер азамат құмар ойынға аяқ басады. Уақыт өте келе қарыздарға батып, үйінен айырылады. Полициядан қашып, отбасын, ұлын жалғыз қалдырып кетеді. Екі фильмде де қарама-қайшылық тұстар өте көп. Темірлан Өрісбаевтің «Ізбасар» фильмінде ұлының әке алдындағы парызы, Жарқын Тілеухордың «177» фильмінде әкенің ұлы алдындағы борышы оқиғаға негіз болған. Бірі, ұлттық құндылық болса, бірі, құмар ойын.

«Байқоңыр» байқауының ұлттық фильмдер бағдарламасында кездескен тағы бір қызық тақырып – қаладан ауылға барған жастардың жаңа әлеуметтік ортадағы жағдайын сипаттайтын Талғатбек Әбішевтің «Сары көйлек» және Самғар Рахымның «Дипломмен ауылға» фильмдерін айтуға болады. Қалада интернетпен тәрбиеленген жастардың ауылға келгендегі жағдайлары тартымды сюжеттермен сипатталады. Ең қызығы, екі фильмде ауылдың экрандық сипаты екі түрлі жағдайда беріледі. Талғатбек Әбішевтің «Сары көйлек» фильмінің басында ауылдыменсінбей келген кейіпкерлер, фильмнің соңына қарай ауылдың жаңа тынысын сезіне білді. Екінші фильмде бас кейіпкер дипломмен қаңыраған ауылға қалай келіп қалғанын түсінбей қалды. Бұл фильмде, әрине, режиссер тарапынан қиал-ғажайып элементтер енгізілген: ауыл адамдарының қайдан келіп, қайда кетіп жатқандары секілді ғажап сиқырлы, алайда, түсініксіз болып көрінген көріністер баршылық.

Махаббатты және тыныштықты өз деңгейлерінде қалайтын кейіпкерлер тұрғысынан Әмір Әменовтың «Жаздың салқын түні» және Нұрмұхан Телжанның «Тыныштық» («The Quiet») фильмдерін біріктіруге болады. Бірінші фильмдегі бас кейіпкер қыз бен жігіт арасындағы теңсіздік туралы толғанады. Ал, екінші фильмдегі мүгедек кейіпкердің өзін-өзі жегідей жеген жан азабы ауған соғысынан үзінділер детальдарімен сипатталады. Екі фильмге ортақ сипат – кейіпкерлер өмірден әбден түңілген, болашақтан еш үміттері жоқ.

Өзге тақырыптарға ұқсамайтын, өзінің ерекшелігімен көзге түскен Мырза Байсамбековтың «Тыңайтқыш» (Удобрение) фильмі. Фильмнің сюжеттік құрылымы екі жақ арасындағы шешілмес жер дауы. Егде жастағы апа өзі баптап өсірген бақшасын ешкімге бергісі де, сатқысы да келмейді, ал сол жерді қалайда болсын тартып алғысы келетін және тартып алу үшін ештеңеден аянбайтын заңгер ешкім күтпеген тосын шешім табады. Осы бір тақырып және кейіпкерлер арқылы режиссер өз қолтаңбасын жасады.

Жоғарыда аталған фильмдердегі тақырыптар аясын қорытындылай келгенде, қазіргі жас кинематографистерді қызықтыратын тақырыптардың ұқсастығына қарамай, түрлі шешімдерін табуға тырысқан ізденістері қуантады. Байқауға қатысқан көпшілік фильмдердің оқиғалары пессимистік сарынмен берілген десек те, жас кинематографистер бірнеше сынақтан өткізген кейіпкерлерін, соңында адамгершілік қасиетке жетелейді.

Сізге қызық болуы мүмкін: