Бауыржан НӨГЕРБЕК
Өнертану кандидаты, профессор, кинотанушы
Қазақ мультфильмінің тууы
Қазақстанда анимация өнері 1960 жылдары, күллі одақтас республикаларда ұлттық кино өнерінің қарқынды дамуы кезінде туындады.
Ұлттық кинематографияның қарқынды дамуы алпысыншы жылдарға тән. Нақ сол кезде экран өнерінің түр-түрі мен пішіндерін ұлттық кинематография ұтымды пайдалана білді. Осы кезеңнің айтулы сәті республикалардағы мультипликация өндірісінің дамуы деп танығанымыз абзал.
Осы кезде графикалық анимация Грузияда, Украинада, Арменияда пайда болды. Прибалтикада қуыршақ киносы туады. 1960 жылдың көктемінде УССР Министрлер Кеңесінің Киев киностудиясына қарасты көркемдік мультипликация цехында ғылыми-көпшілік фильмдер шығару жөніндегі Қаулысы шығады. 1967 жылы Қазақстан кинематографистерінің алғашқы анимациялық туындысы жарыққа шығады, ал, 1969 жылы—Арменияда, Әзірбайжанда және Молдавияда.
КСРО-ның одақтас республикаларында анимациялық кинематографтың шығармашылық кадрлері мен өндірістік базасының дамуы келер жылдары ілгерілей түседі. Ұлттық мультипликацияның қарқынды дамуына сол жылдары түсірілген мультфильмдердің саны-ақ куә бола алады. Егер 1965 жылы республикалық киностудиялар бас-аяғы 13 мультфильм шығарса, 1969 жылдың өзінде одақтас республикалардың оннан аса студиясында 30 сызба анимациялық және қуыршақ фильмдері шығарылды, бұл «Союзмультфильм» киностудиясынан түлеп ұшқан түлектердің санына пара-пар. Басқаша айтқанда, 60-жылдардың ортасына таман Қазақстанда анимацияның тууына барынша жағдай жасалған, себебі, республиканың көркем және деректі кинематографы бүкіл жанрларды қамтыған, ал, кеңестік ұлттық кинематографтың толыққанды көрінуі үшін анимациялық кино ғана жетпей тұрған.
Қазақ анимациясының ерекшелігі сол, өзінің алғашқы қадамдарын ол анимацияның күрделі жанры—кәсіби мамандардың, суретші-аниматорлардың көптеп болуын талап ететін, графикалық мультфильмнен бастаған. Сондықтан, қазақ аниматорларына шығармашылық процестің неғұрлым қолайлы тәсілдерін іздеуге тура келеді.
Қазақ мульттобының ұйымдастырушылық-өндірістік ерешелігі
Ұлттық киностудиялардың базасында, мультипликациялық топтарды жасақтау, біріншіден, таза ұйымдастыру мәселесін шешуден басталады: мульттоптың құрлымы қандай болуы керек, оның, айталық, түсіру ұжымдарынан ерекшелігі неде сынды мәселелер.
Қиындығы сол, ірі анимациялық киностудиялардың мол тәжірибесін қолдану мүмкін болмады. Мысалы, «Союзмультфильм» студиясындағы өндірістік және технологиялық процесті ұйымдастыру ісіне, кино өндірісіне түрлі цехтарды кіріктіру қарастырылған. Цехтардың ішіне — фаза, контур, сызба, бояу цехтары жататын, һәм олардың ішінде жүздеген тәжірибелі мамандар жұмыс істейтін.
Республикалық киностудиялардың базасында мульттопты құрған кезде бастамашылар, әдетте, мамандар тапшылығына ұрынатын. Сондықтан, олар «Союзмультфильмнің» шағын ғана, «микростудия» іспетті, үлгісін шығаруға ұмтылды. Мұндайда бір не екі суретші күллі цехтың орнын басатын. Бірақ, мұның өзі, Алматы, Киев және Тбилисидің мультбірлестіктерінің тәжірибесі көрсеткендей, жемісті бола бермейді. Бір не екі суретшінің, екі бөлімді сызбалы фильмнің фазасы, сызбасы және бояуына қатысты бар жұмысты атқаруға мұршасы жетпейді. Сондықтан, режиссерлар мульттоптың шығармашылық күшін аралық процестерді орындауға жұмсайды. Айталық, жұмыстың алғашқы сатысында режиссер суретшілердің бәрін мультипликат жасауға жұмылдырады. Бұл жұмыс зор тәжірибе мен дарынды қажет етеді. Жұмыс барысында тәжірибесі барлар жастарға мультипликациялық жан бітірудің сырын үйретеді, қимылдың көркем-суреттік ерекшеліктерін игеруге көмектеседі. Мультипликаттың сұлбасы дайын болған соң, режиссер, фильм толық аяқталып болғанша, топтың күшін келесі сатыларда тиісінше пайдаланады — таза фаза, контур және т.б.
Осындай, көбіне-көп «амалсыздан» жасалған өндірісті ұйымдастыру тәсілі, мульттоп суретшілерінің белгілі дәрежеде жан-жақты болуын талап етеді, яғни, әр-бір суретші кем дегенде төрт-бес мамандықты игеруі тиіс. Алайда, осының өзі мульттопты ширата түсіп, оның құрылымын иілмелі жасайтыны сөзсіз.
Осылайша, үнемі қиындықтарға ұрына отырып, энтузиаст суретшілердің шағын ғана тобы қалыптасып, тәжірибе жинай бастады. Алғашқы мультфильмдерді дүниеге келтіру барысында суретшілер өзді-өз іріктеліп, әлсіздердің орнын дарынды, осы өнерге шын берілген жандар басты.
«Қазақфильм» киностудиясының басшылығы, мультипликаторлардың шығармашылық жетістіктерін, олардың кәсіби білігін ескере отырып, 1970 жылдың мамырында арнайы бұйрығымен мультипликаторлар ұжымын комбинациялық түсіру цехынан бөлек шығарып, дербес мультипликаторлар тобын құрды. Осы топқа екі павильонды кеңес берілді. Сызбалы фильмдер де жасала бастаған. Мульттоптың жалпы жетекшілігі Әмен Хайдаровқа жүктелді. Ол бұл топтың көркемдік жетекшісі іспетті болды, кадр іріктеу, жұмыс тапсыру мәселесін шешетін.
1970 жылдардың орта шенінде қазақ мульттобы біршама ширап, нығая түскен. Шығармашылық топтың негізін, арнайы кәсіби дайындықтан өткен, дарынды жастар құрады. Мультипликация бірлестігінде негізінен Алматы көркем-сурет училещесін бітірген суретшілер, ВГИК-тің көркем-сурет факультетінің түлектері жұмыс істейтін, бұл, әрине, кейіннен түсірілген мультфильмдердің мәдени һәм кәсіби деңгейіне әсерін тигізбей қоймады.
Шығармашылық кадрлерді орнықтыру кестесі қарапайым. Барлық суретші-аниматорлар бірнеше топқа бөлінеді. Әдетте, екі-үш түсіру тобы жасақталады—екеуі сызбалы, біреуі қуыршақ. Бірақ, топ мүшелерінің уәжіптері өзгеше: олар жұмыстың бәрін меңгеруі тиіс. Түсіру кезеңін бастан-аяқ бір ізге қою арқасында, бүкіл суретшілерді, олардың топтарына қарамастан, мультфильмді шығарудың маңызды процестеріне дер кезінде жұмылдыруға мүмкіндік бар. Сол жылдары шығарылған кинокартиналардың саны мен сапасы, анимациядағы шығармашылық және технологиялық процесті ұйымдастырудың Алматылық үлгісінің өміршеңдігін көрсетті. Қазақ мульттобы, аниматорлардың азғантай тобымен де жылына бес-алты бөлімді сызба және көлемді мультфильмді шығаруға болатынын іс жүзінде дәлелдеді.
Қазақ анимациясының жетістігі, 1976 жылы Қазақстанда, кино тарихында тұңғыш рет, Азия, Африка және Латын Америкасы елдері мультипликаторларының симпозиумын өткізуге түрткі болды. Оған отыздан аса мемлекеттік аниматорлар қатысты. АСИФА (Аниматорлардың халықаралық қауымдастығы) мүшелері қазақ анимациясының жетістігін атап өтті. Бұл, әрине, «Қазақфильм»киностудиясы мульттобының шығармашылық және өндірістік жұмысының жолға қойылуы арқасында жүзеге асты.
Әрине, бүгіндері, компьютерлік технологияға көшу есебінен, мульттоптар шағын болуы мүмкін, бірақ, ХХ ғасырдың 60-жылдары технологиялық процесті бастан-аяқ кәсіби мамандармен қамтамасыз ету шынымен қиын еді, һәм бұл мәселе үнемі назарда болатын.
Әмен Хайдаров және оның мультфильмдері
Қазақстандағы анимациялық киноның тууы мен дамуы, режиссер, суретші және сценарист, өнерге еңбегі сіңген қайраткер, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты — Әмен Әбжанұлы Хайдаровтың есімімен тығыз байланысты.
Әмен Әбжанұлы кинематографқа мектеп қабырғасынан келген жоқ. 1941 жылы, оныншы сынып оқушысы Әмен Хайдаров еріктілердің қатарында майданға аттанады, сөйтіп, Оңтүстік—Батыс, Дон, Сталинград шайқастарына, Бірінші Украин майданына қатысып, Корсунь-Щевченко қарулы тобымен соғыста ауыр жарақат алып, бірнеше жыл госпитальдерде жатып шығады. Үйге оралған соң, Алматы көркем-сурет училищесіне оқуға түседі. Оны тәмәмдағаннан кейін, “Қазақстан әйелдері” журналында суретші редактор қызметін атқарады, «Ара» сатиралық журналында қосымша жұмыс істеп, плакат пен кітап графикасының сырын меңгеріп, артынша... 35 жасында ВГИК-тің көркем-сурет факультетіне оқуға түседі. Фашизммен соғыстың мүгедегі, майдангердің қайтадан студент болуына не түрткі болды екен? Бұл жөнінде Әмен Әбжанұлының өзі былай дейді:
«Сатиралық «Ара» журналында карикатура, шаржбен етене жақын жұмыс істеген уақытта, мен осы өнердің шексіз мүмкіндіктеріне тәнті болдым. Ал, енді, карикатурадан мультипикацияға дейін бір-ақ елі. Сөйтіп, мен, іштей, мультипликацияда жұмыс істеуді армандадым. Осы қалауым мені ВГИК-ке жетеледі. Белгілі бір өмірлік һәм шығармашылық тәрбиемнің арқасында емтиханды қиындықсыз тапсырдым. Алты жылдық оқу, әрине, оңай тиген жоқ: отбасым болды, оның үстіне бұрынғы жарақаттар сыр бере бастаған...
1965 жылы ВГИК-ті бітірген соң, мен «Қазақфильм» киностудиясына жолдама алдым. Студияның штатында мультипликациялық киноның суретшісі қызметі болмағандықтан, маған ғылыми-көпшілік фильмдерде жұмыс істеуге тура келді. Бірақ, мен, соншалықты қиындықпен игерген мамандығымнан бас тартқым келмеді. Осы уақытта мен «Қарлығаштың құйрығы неге айыр?»атты сызбалы фильмнің сценарийін іштей қорытып жүрген едім. Бірақ, халық нақылы айтқандай «бір қарлығаш көктемнің белгісі емес». Не база жоқ, не құрал-саймандар жоқ, бір ғана сценарий мен құр арманмен қаруланған мен, жалғыз өзім не істер едім. Ертегіде кішкентай ғана құс жеңіске жетті. Ал, өмірде ше?
Өмірде де «Қарлығаштың» жолы болды. Егер де, Камал Сейтжанұлы Смаилов басқарған «Қазақфильм» киностудиясының басшылығы алғашқы сызба фильмді түсіруге келісім бермегенде, менің тағдырым, сонымен бірге алғашқы мульфильмнің тағдыры қалай шешілері белгісіз. Осы тұрғыдан алғанда, Камал Сейтжанұлы қазақ мультипликациясының кіндік әкесі іспетті. Бізге бөлме үлестіріп, оған қоса, болашақ мультипликаторлар отыратын жарығы бар үстөлдерге тапсырыс берілді. Шығын өзге жоспарлы фильмдердің есебінен өтелетін».
Осылайша, көптен бері ойда жүрген дүниені жүзеге асыру мүмкіндігі туды. Артынша, қазақ киносының тарихындағы тұңғыш анимациялық топты ұйымдастыру жолындағы қыруар еңбек басталды.
Алматыда көркем-сурет училищесін бітірген бес түлек — Эрнст Бисейітов, Галина Дусенко, Еркін Сұлтанбеков, Борис Калистратов, Флобер Мұқанов — Әмен Хайдаровтың ұсынысын жастарға тән энтузиазммен қабылдайды.
Киностудия басшылығы мен республиканың мемкиносы оларға барынша қолдау көрсетеді.
1966 жылдың сәуір айында, «Қазақфильм» киностудиясының дирекциясы «Қарлығаштың құйрығы неге айыр?» мульфильмінің сценарийін мақұлдады.
Сценарий авторы, режиссер әрі суретші Әмен Хайдаровқа бәрін басынан бастауға тура келеді. Кәсіби кадрлер, өндірістік база атымен жоқ. Бұрын-соңды анимацияда жұмыс істемеген суретшілер анимациялық фильмнің қыр-сырын енді-енді үйрене бастады.
«Қарлығашты» шығару жұмысы тура бір жолға созылды—1966 жылдың тамызынан 1967 жылдың тамызына дейін. Әмен Хайдаров режиссер де, қоюшы да, суретші де, әкімшілік қызметкер һәм жас мультипликаторлардың ұстазы да бола білді.
Жас суретшілер бәрін, түпнегізінен – қимылды игеруден бастады. Әр-бір сахнаны шығару машақаты он бес-жиырма күн, тіпті, бір айға созылып жатты. Суретшілердің шағын ғана тобы, фаза, контур, бояу мен суретке «жан бітіруге» қатысты, бүкіл аралық жұмыстарды атқаратын.
Техникалық, ұйымдастырушылық, кадрлық және өзге де, өндірістің айнымас сипаттары белгілі дәрежеде жас буын мультипликаторлардың шығармашыл, экспериментальдық талпыныстарына шектеу қойғаны аян. Бірақ, ең негізгі, ішкі, психологиялық бөгет еді: осы жас суретшілерден бұрын жұмыс атқарған орта буынның жеткен жетістіктері, қалыптасқан мектептері бар-тұғын. Алайда, жаңа мәнерді іздестірудегі бірізділігімен айшықталмаса да, тұңғыш мульфильм қазақ аниматорларының бағдарламалық бастамасы іспетті зор қызығушылыққа ие болды.
Мульфильм бүкілодақтық экранға бірінші категория бойынша қабылданады. Бұл дүние жайлы көп жазылады, оның көркемдік қарапайымдылығы, қазақ фольклорына тән көркем-суреттік, дыбыстық және түсті-бояу шешімдері ерекше аталып өтті.
Фильм қазақ ертегісінің негізінде жасалды. Бірақ, халық ертегісі мен сызба фильмнің құрылымы бірдей еместігін, ұқсамайтындығын ұмытпаған жөн, өйткені, бірінші жағдайда біз сөз құдіретіне тап болсақ, екінші жағдайда — бейнелеу өнеріне тап боламыз. Мульфильмнің халық ертегісіне жақындығы жайлы айтқан кезде, шамасы, бізге бұл жақындықтың тек баяндау шеңберінде екенін ұмытпаған абзал. Халық ертегісінде де, мультфильмде де назар аудартудың тәсілі асқақтау мен гиперболаға сүйенеді.
Халық ертегісінің негізінде жасалған мультфильмді қосалқы дүние деп санаған жөн емес. Өзге өнердің тілімен айтылған кез-келген мәтін түпнұсқасына ұқсайтыны анық.
«Қарлығаштың құйрығы неге айыр?» деген хайуанаттар жайлы қарапайым ертегі, ондағы жануарлар адамға не қас не жанашыр ретінде көрсетілген. Кинобаяндаушылардың жетістігі сол, олар, қазақтың жан-жануарлар жайлы қарапайым ертегісін аңыз-әпсанаға айналдырған. Фильмде тек оқиға желісі ғана өзгеріссіз қалған, ал, адам жанын алып қалу үшін құйрығынан айрылған қарлығаштың баяны эпикалық, тіпті, фәлсафалық тереңдікпен жеткізіледі.
Халық ертегісінде қарама-қайшылықтар жоқ, онда бәрі түсінікті, қаһармандар нақтыланған әлемде өмір сүреді.
«Қарлығаштың құйрығы неге айыр?» ертегісінде қарсылас топтар арасы нақты бөлінген. Ондағы бейнелер: қарлығаш—адамның досы, үшбасты жылан Айдаһар—жау, маса—айдаһардың қол шоқпары. Олар, Жақсылық, Жамандық пен Сұрқиялықтың белгісі сияқты. Масаны сипаттайтын «сұм-сұрқия» эпитеті ұтымды пайдаланған («сұрқия маса оның шабарманы болатын...»), осы кейіпкердің бүкіл іс-әрекеті адамзатқа қарсы жасалған қылмыс есебінде қарастырылған.
Экранда ертегі кейіпкерлерінің мінез-құлқы тәптіштелмейді, фильм Жақсылық пен Жамандықтың шартты сипаттарына сүйенген. Экран оқиға желісіндегі драматизмді тереңдетудің арқасында, текетіресті жалаңаштандырды, қарама-қайшылықтарды күшейте түсті. Ертегідегі Айдаһар—тәтті қанды аңсаған, алып күштің иесі болса, фильмде ол күні санаулы, қартайған аждаһа. Ертегіде адам қаны Айдаһардың асы болса, фильмде — жасартатын дәрі-дәрмек. Қарсылас кейіпкерлердің текетіресі ішкі драматизмге толы, бұл фильмнің желісін қоюлата түседі—сырқат Айдаһар бір тамшы адам қанының арқасында жасарып, Жамандық қайтадан етек алуы мүмкін.
Фильмде Жамандықтың күні біткені алдын-ала белгіленген, ал, Жақсылық мейірбан, жауапты. Қарлығаш, болашақта да етек жаюы мүмкін Жамандықпен күреседі. Бұл Жамандықтың бүгінгі — Айдаһардың сауығып кетуіне ықпал етіп жүрген, өткен зұлымдықтың болашақта жаңғыруын аңсаған, маса. Һәм фильмдегі қарлығаштың орны ертегідегіден бөлек: мұнда бәрі жақсылықпен аяқталмайды. Адам қанының тамшыларынан жерде гүл өсіп, тас-талқан болған Айдаһардың денесінен түрлі зиянкестердің шығуы бекер емес. Жамандық жойылған жоқ. Ол бар, һәм, ол тек ұтылып қалады. Жамандық қайта жаңғыруы мүмкін. Біздің алдымызда жай ғана ертегі емес, қазіргі заманғы киноертегі.
«Қарлығашта» біз кадрден тыс поэтикалық түсініктемені көреміз. «Қарлығаштың құйрығы неге айыр?» мультфильмінде өлең жолмен жазылған мәтін, картинаның алғашқы нұсқасы дайын болғаннан кейін пайда болады. Ол бейнелі қатарды жиі қайталайтын, кейде сөз кадрдың мазмұнын ашатын, былайынша айтқанда, кейіпкердің сөзі орнына пайдаланылатын.
Бірақ сонымен қатар, «Қарлығаштың құйрығы неге айыр?» фильмінің поэтикалық мәтінінің ерекшелігі сол, өзінің қолданысы жөнінен дәстүрлі (бейнеге пара-пар) болғанымен, ол шығарманы эмоциональды бояуға толтырады, жануарлар жайлы қарапайым ғана ертегінің желісіне аңыздың сипатын береді. Осы тұрғыдан алғанда, мәтін—фильмнің бейнелілігін арттыра түскен маңызды бөгенайы еді.
Халықтың қолөнеріне иек артқан мультфильмнің көркем-суреттік шешімі де қызығушылық тудырды.
Қазақстанда кілем тоқу өнері қатты дамығаны белгілі.
Кілем тоқу өнеріндегі ұлттық өрнек нақыштары ғасырлар бойы өз тілін, заңдылықтарын, өз эстетикасын қалыптастырып үлгерді. Біз, оларға, қазақтың сызба фильмдеріндегі көркем-суреттік пластикасын сараптаған кезде ғана тоқталып өтетін боламыз.
Табиғат келісті жарасымдылығымен сұлу. Өрнектің әдемілігі де оның жарасымдылығында. Онда симметрия бар.
Көрерменнің көңіл-күйіне өрнек өзінің конфигурациясы, салынған суретімен ғана әсер етіп қоймайды, әрине, мұның да белгілі бір салмағы бар, дегенмен, ашық түсті бояумен, түрлі-түстілігімен де елең еткізетіні сөзсіз. өрнектің суреті кей сәт қайталанып отырады, ал, түрлі-түсті бояуы — ешқашан.
«Қарлығаштың құйрығы неге айыр?» фильмінде өрнек қолданылған сахна бар.
Шаңқай түс. Сәби аппликациялы-кесілген техниканың киізінде ұйықтап жатыр. Ана ошақ қасында. Камера балаға жақындаған сайын, бізді үрей билейді. Киіздегі өрнектің иірімдері бейне бір хайуанның тырнақтарына ұқсағандай. Бекер үрейленбеппіз — маса баланы шағады — ыдыстағы балық тіріледі — демек, адам қаны Айдаһардың шипасы.
Бұл мысалда, өрнектің көңіл-күйге тікелей әсері қолданылған. Әйтсе де, фильмнің өне бойында көркем-суретті қатарда өрнекті қолданудың осы тәсілі ғана қолданылмайды. «Қарлығашта» киіз өрнектері жай ғана жаңғырып қоймай, ойнатылады.
Ортаазиялық миниатюраларда кеңістікті көрсетудің жазық, таза киіз үлгісі қолданылады. Миниатюраның композициясы көрерменнің санасында қалыптасады. Мағыналы детальдар, заттар, пландар суретінің көлемімен көңіл аудартады. Онда перспективалық иллюзия жоқ, кеңістік шартты түрде белгіленген, жазық.
Ортаазиялық миниатюраның, киіз өрнектерінің элементтерін қолдана отырып, «Қарлығаш» диснейлік эстетиканы да жатсынбайды: кейбір сахналарда сызбалы перспектива кездеседі, кейде, адамдар мен жануарлардың суреттерінде натурализм басым.
«Қарлығаш» өзінің лирикасымен де тартымды. Бұған көбінеки шығыс пейзаждары тудыратын көңіл-күй мен түсті-бояудың қоюлығы ықпал етпей қоймайды. Кадрлердің композициясы қарапайым, детальдермен қабаттастырылмаған, симметриялы. Бояулар нәзік, ашық. «Қарлығаштың құйрығы неге айыр?» мультфильмінің дара көркем-суреттік пластикасы мен тазалығы гормониядан, кейіпкер мен пейзаждың, қаһарман мен ортаның бірлігінен туындаса керек.
Қазақ фольклоры музыкамен тығыз байланысқан. Әмен Хайдаровтың бүкіл фильмдері мен жас қазақ мультипликаторларының дүниелері аңыздар мен ертегілердің желісімен түсірілмеген. Осы шығармалардың авторлары да, халық шығармашылығын біліп, танығандықтан, музыкаға ерекше көңіл бөледі.
Әмен Хайдаровтың түсірген шығармаларының ерекшелігі сол, оған музыкалық қатардың гармониясы тән. Оның фильмдеріндегі музыка қосалқы дүние емес, кейіпкер іспетті ол, қазақтың аңыз-күйлеріндегідей, оқиға желісі мен бағдарламалық сипатқа ие.
«Қарлығаштың құйрығы неге айыр?» мультфильмінде қарлығаштың музыкалық келбеті домбырамен келтірілген. Домбыра—ұлттық аспап, түрлі аңыздардың басты бейнесі, онда ол, Жақсылықтың символы ретінде көрсетілген. Айдаһардың келбетін үрмелі аспаптар келтірді, көңіл-күйіне қарай не минор, не мажор қалыпта: масаның келбеті болса—скрипкамен.
Домбыраны бәрі мойынсұнған, классикалық аспап — скрипкамен қатар қою үшін шығармашылық батылдық керек еді. Домыра кең ауқымды нюанстарды орынды келтіре алды, сөйтіп, өзіне артылған үмітті ақтап шықты.
«Қарлығаштың құйрығы неге айыр?» фильмі қазақ мультипликаторларының жемісті дебюты болды. Бұл дүние, көпшіліктің назарын өзіне аудартып, ІІІ бүкілодақтық кинофестивальда екінші премияны иеленді. Студияға, Ф.Хитрук бастаған арнайы комиссия келіп, «Союзмультфильм» киностудиясымен өндірістік, шығармашылық тығыз байланыстар орнатылды.
«Қарлығаштың құйрығы неге айыр?» жеңісінен кейін, Әмен Хайдаров мульттоптың ұйымдастырушылық мәселелерімен, бар кадрлерді жасақтап, бекітудің айналасындағы проблемаларды шеше бастайды.
Әуелі мультипликацияның ұлттық кадрлерін оқыту мен даярлау проблемасы кес-кестеді. Бұл ретте мультипликациялық кино жөніндегі Бүкілодақтың комиссиясының пайдасы тиді: Алматы, Ереван, Рига қалаларының мультипликаторлары «Союзмультфильмде» бірнеше айлық дайындықтан өтті. Алайда, мұның өзі кадр мәселесін толыққанды шеше алмады. Тәжірибе көрсеткендей, үш-төрт айлық дайындықтың берері шамалы: ол тек өндірістің жалпы сипатымен таныстырып, мамандықты игеруге аздық етеді. Екінші — ең маңыздысы — мульттоптың келешегі үшін алғашқы шығармашылық жеңіске жету керек еді. Бұл жұмысқа жастар араластырылады, көбісі ВГИК студенттері мен түлектері.
Шығармашылық топ, идеялық, көркемдік тұрғысынан күрделі, «Ақсақ құлан» фильмін түсіруге кіріседі.
Әмен Хайдардың «Ақсақ құлан» (1968) атты екінші сызба фильмі де фольклорға сүйенген. Бірақ, бұл жолы фильмнің негізіне ертегі емес, «Ақсақ құлан, Жошы хан» атты аңыз алынды.
Жошы хан, Шыңғыс ханның тұңғышы, һәм хан Батудың әкесі еді. Аңыз бойынша Жошы хан құландарға саят құрып жүрген кезде көз жұмған.
Аңызды екінші түрінде, әкесіне көнбеген Жошы хан Шыңғыс ханның бұйрығымен өлтіріліп, басыбайлы тайпаларға (қазақтарға) былай хабар таратылады: ұлы қағанның ұлы, қыпшақ даласының көсемі Жошы ханды құландардың серкесі жұлқылап өлтірген.
«Ақсақ құлан» — өнердің құдіретін жырлайтын көптеген қазақ аңыздарының бірі.
Ұлы күйші Кет-Бұғаның әуені ғана қағанға Жошының өлімі жайлы шындықты жайып салады. Қаһарына мінген Шыңғыс хан, қара хабар жеткізгеннің тамағына қорғасын құю туралы айтқан уәдесін орындау үшін, домбыраны жазалауға әмір етеді. Домбыраның бетіндегі ойық, осы қорытылған қорғасыннан қалған дақ дейді...
Фильмге кіріскенде, режиссер Әмен Хайдаров, музыкалық драматургияны шығаруға көп мән берген. Фильмдегі музыка өте маңызды уәзіптерді атқарады. Композитор Нұрғиса Тілендиев «Ақсақ құлан» атты ұлттық-музыкалық пьесаның әуендерін қолданып, оркестрге арналған музыканы жазып шығады. Фильмнің музыкасы эпизодтарды көңіл-күйге толтырып қана қоймай, көркем-суреттік қатардың ұзақтығын білдіртпей, қатқылдығын жұмсартып қана қоймай, аңыздың эпикалық қатарын түзейді.
Орта Азия және Қазақстан республикалары кинематофрафистерінің VIII байқауындағы «Ақсақ құлан» фильмі ең үздік мультипликациялық фильм ретінде дипломға ие болды. Бірақ, кәсіби біліктіліктің өсу тұрғысынан алғанда, оны алға адымдау деп есептеуге болмайды.
Әмен Хайдаровтың тобы оқиғаны мультипликациялық тұрғыдан қайталайтын даңғыл жол таңдады, алайда, «Ақсақ құланның» фольклорлық, музыкалық және әдеби нұсқаларына қарап, аңыздың тақырыбы мен сюжетін әлдеқайда батыл, мүлде ерекше және асқақ поэтикалық шығармашылық тұрғыдан екшеп, сара жол салуға болар еді. Фильмде аңыздың кейбір мағыналық акценттері алмастырылды, бұл әрине фильмнің баяны мен атмосферасына әсерін тигізбей қоймады. Негізінен аңыздың тарихи, әлеуметтік астарын іздеуге мән берілген: мультфильмдегі көптеген эпизодтар моңғол шапқыншылығына арналған.
Авторлар аңыздың мағыналық тармақтарын тарылтқан, қаһармандардың санын қысқартқан: Шыңғыс хан мен ұлы күйші. Бір қарағанда, фильмде нақты текетірес бардай, қарсылас күштер де айшықталғандай, дегенмен, шындығында, өзді-өз шектеудің (кейде, өнерде оның пайдасы да бар) көмегі тимеді.
Жас қоюшы-суретші Д.Жұмабеков, фильмнің басты кейіпкерлерінің графикалық келбетіне аса мән бермеген. Ордалықтар (Шыңғыс хан, оның ұлы Жошы, төлеңгіттер) драматургиялық тұрғыдан жекеленбеген. Фильмде олар бірінен-бірі аумайды. Оның үстіне, мультипликат кейіпкерлердің көңіл-күйін анық көрсете алмаған: айталық, жаралы құланның аяқ алысы жұтаң да құлықсыз.
Бірақ, кейбір кәсіби жетіспеушіліктеріне қарамастан, «Қарлығаштың құйрығы неге айыр?», «Ақсақ құлан» мультфильмдері осы күні қазақ ұлттық анимациясының киноклассикасы деңгейіне көтерілді. Осы алғашқы сызба фильмдердің маңызы өте зор. Олар қазақ анимациясының шығармашылық болмысының жетілгенін дәлелдеді. Осы фильмдер жасалған уақыт ішінде, ұлттық анимация жайлы арманмен қанаттанған энтузиаст-суретшілердің ұжымы қалыптасты.
Алғашқы мультфильмдер, графикалық кино өнеріндегі ұлттық ерекшелік проблемасын айшықтады, көркемдік-эстетикалық тұрғыдан қазақтың графикалық мультфильмін дамытудың жолын көрсетті. Бұл, біріншіден, ұлттық фольклордың көркемдік дәстүрін игеру еді.
Әмен Хайдаровтың анимациялық фильмдеріндегі бейнелер әлемі айқын, онда көмескілік жоқ. Ертедегі халық ертегілеріндегідей ол ақ пен қараға, Жақсылық пен Жамандыққа бөлінген. Тіпті, жеңіл, ойнақы, көңілді мультфильм шығуы тиіс Қожанасырдың бейнесін сомдағанда да, Әмен Хайдаров өзінің көркемдік көзқарасын өзгерткен жоқ. Ол, фильм-әпсәнаны түсіреді. Бұл жанр оқиға желісінің тиісінше құралып, дамуын қажет етеді.
Бір ауыз сөз қолданылмай, тек, пантомимоның күшімен түсірілген фильм-толғау, фильм-тезисте, бірінші қатарға, тәптіштеуден ада, автор идеясын (кейде өте қарама-қайшы) афоризмнің бейнелі тереңдігіне дейін жетілдіретін қимылдың өзі шығады. Осы бағыттағы фильмдер жалпылама көркемдік тәсілмен, мульткейіпкерлердің карикатуралық шарттылығымен, нәзіктігі және ерекше мәнерімен ерекшеленеді.
«Қожанасыр — құрылысшы» мультфильмі, алғашқы шығармаларда кездескен баяндаудан алшақтады. Экранда — өте жылдам мультәрекет, мұндағы негіз — көркем-суреттік пластика да, сызбалы контурлардың әуезділігі де емес, пішіннің конструкциясы, ойды бейнелі суреттеу.
Баспанасыз қалған Қожанасыр, жалма-жан иен далада тастан киіз үй тұрғызуға кіріседі. Жұмыс барысында ол айтулы көршілерінің пікірлеріне сүйеніп, Батыс пен Шығыстың сәулеткерлік мәнерлерін шатып-пұтып, қайдағы жоқ бірдеңе салады...
Қазіргі мультипликацияның осы күрделі жанрындағы Әмен Хайдаровтың дебюты ұтымды болды. «Қожанасыр — құрлысшы» фильмі, Тбилисиде өткен V Бүкілодақтық фестивальда кинематографиялық ізденісі үшін арнайы дипломмен марапатталып, І Халықаралық Загреб мультфильм фестиваліне қатысты (СФРЮ).
«Қарлығаштың құйрығы неге айыр?», «Ақсақ құлан», «Қожанасыр — құрлысшы» мульфильмдері өзінің жанры мен түсіру техникасы жағынан әр-алуан. «Қарлығаш» — дәстүлі ертегі, «Ақсақ құлан» — эпикалық аңыз, «Қожанасыр» — фәлсәфалық әпсәна. Алғашқы екі дүние — сызбалы, үшіншісі — кортонан қиылып жасалған қуыршақтар техникасымен түсірілген. Дегенмен, көркем-суреттік шешімдері мен жанрларының алуандығына қарамастан, осы шебердің қолынан шыққан дүниелерге тақырыптық бірлік тән, онда үнемі Жақсылық пен Жамандық текетіресі бейнеленген. Алғашқы картинада қарлығаш үшбасты Айдаһармен күреседі, «Ақсақ құланда» ұлы күйші Кет-Бұғаның әуені су мен жылқының мультипликациялық бейнесінде Шыңғыс хан мен оның әскеріне қарсы күресіп, жеңеді. Әрине, бұл соғыс шартты түрде көрсетілген. «Қожанасыр — құрлысшы» фильмінде дәлел кері жақтан келтіріледі. Еңбек ете алмайтын адам, ебедейсіз дүние тұрғызып, көпшіліктің күлкісіне қалады. Жақсылық ынжық болмау керек, ол күресе алуы керек — балалардың Жамандық пен Жақсылыққа көзқарасын тәрбиелейтін, Әмен Хайдаров шығармаларындағы негізгі ой осы.
Өзіне талап қоятын суретші іспетті, Ә.Хайдаров қол жеткен жетістіктерін місе тұтпайды. Ол үнемі ізденіс үстінде. «Қырық өтірік» атты екі бөлімді, сызбалы — қуыршақ фильмі мұның айқын дәлелі. Мультфильмде фольклорлық кейіпкерлердің әдеттегі келбетінен алшақтауға деген ұмтылыс бар. «Қырық өтірік» мультфильмінде кейіпкерлердің мінез-құлқы әлде қайда кең көрсетілген — жай ғана жақсы бала емес, нақты, тірі Тазша бала, қатыгез хан емес, өзіне тән сөйлеу мәнері мен өзін ерекшелендіретін көркемдік мінездемесі бар хан. «Қырық өтірікте» Әмен Хайдаров алғаш рет комбинациялық түсіру тәсілін қолданады — сызба бейнелер мен көлемді қуыршақтардың араластырылуы. Кинодүниенің композициясы қарапайым — өтіріктің бәрі суретпен келтіріледі де, шынайы сахналарда қуыршақтар бейнеленеді.
Сірә, халық ертегісімен таныс көрермен үшін, оның экрандағы көрінісі қызық көрінетін шығар. Кинобаянның ерекшелігі сол — ол күлкілі емес. Бұл анық. Сценарий авторы және режиссер Әмен Хайдаров үшін қатал да қатігез ханды қырық өтірігімен жеңген ақылды, тапқыр шопан бала туралы халық ертегісі комедия емес, - қаншалықты таңсық болса да — әпсәна. Фильмнің редакторы ретінде, маған, фильмді жасаудың бүкіл процесі етене таныс. Әмен Хайдаров комедиялық оқиға желісінен күлкілі нәрсе іздеуден қашты. Ол оқиғаны жаңа гэгтармен байытуды көксемеді. Ең маңыздысы оқиға желісін жаңаша байыптау еді.
Сонымен, халық ертегісі «Қырық өтірік» не жайлы?
“Ақсүйек” байлардан әлдеқайда ақылды, тапқыр да батыл шопан баласы жайлы комедия ма?
Өзінің жалғыз, сүйікті қызының қалауын қалтқысыз орындайтын ақылсыз хан жайлы драма ма?
Әлде, өтіріктен маңайына шаң жуытпайтын уәзірді қажет ететін патша жайлы баян әпсәна ма?
Ертегі астарының ішінен Әмен Хайдаров нақ осыны таңдады. Яғни, ертегі – хандар зәру, өтірікті «шындықтай ететін», уәзірлер жайлы.
Мультфильмнің алғашқы монтажында, хан Тазша балаға ғашық болып, сарайдан қашқан қызын өлтіреді. Ақиқат пен Жалғанның, Жақсылық пен Жамандықтың өшпес текетіресі, біріне-бірі мойынсұнбастығы анық көрсетілген. Шопан баласы қырық өтірігінің соңында, ойға сыйымсыз нәрсені айтады: ханның қызы Тазша балаға ғашық болып, қуанышы қойнына сыймаған қайын атасы өзінің тағын тексіз шопан балаға береді. Тазша баланың бұл өтірігі ханның қанын қоздырғаны сонша, ол уағданы ұмытып «Бұл жалған» деп айғай салады. Сөйтіп ұтылады.
Мультфильмнің қырық бірінші «өтірігі» сол, ханның қызы шопан баласына шынымен ғашық болады. Тазша баланың өтірігі, хан қабылдай алмаған, шындыққа айналады.
«Қарлығаштың құйрығы неге айыр?», «Ақсақ құлан», «Қожанасыр — құрлысшы», «Қырық өтірік» атты анимациялық фильмдердің циклі үшін, Әмен Әбжанұлы Хайдаров 1980 жылы, Күләш Бәйсейітова атындағы ҚазССР Мемлекеттік сыйлығын иеленді.
Қолданылған материалдар:
«Қазақ киносының тарихы» (оқулық)
ҚР Білім және ғылым министрлігі, Т.Жүргенов атындағы ҚазҰӨА,
Б.Р.Нөгербек, Г.Қ.Наурызбекова, Н.Р. Мұқышева – Алматы: ИздатМаркет, 2005.