Мақала
Режиссер шеберлігі. Режиссердің пьесаны оқуы
Режиссердің пьесаны оқуы
Бөлім: Театр
Датасы: 13.12.2016
Авторы: Әубәкір Рахимов
Мақала
Режиссер шеберлігі. Режиссердің пьесаны оқуы
Режиссердің пьесаны оқуы
Бөлім: Театр
Датасы: 13.12.2016
Авторы: Әубәкір Рахимов
Режиссер шеберлігі. Режиссердің пьесаны оқуы

Режиссердің пьесаны оқуы

Қойылымға негіз болатын шығарма ол пьеса. В.Г.Белинскидің сөзімен айтсақ: «Пьеса болмысымыздағы пікірлердің түйіні». Пьеса - сахналық қойылымның тақырыбы мен түпкі мақсатын (« идея » ұғымы сахналық өнерде «түпкі мақсатпен» астасып жатады), тіпті театрдың бағыт-бағдарын да анықтайды. М.Әуезовтың драматургиясынсыз қазақ театрынының даму барысын елестету мүмкін емес. Сол сияқты А.П.Чеховтың пьесалары МХАТ-тың дүниеге келуіне өз әсерін тигізді. Станиславский мен Немирович-Данченко оны жақсы түсінді. «Шағаласыз» да театр құрылар еді. Бірақ, МХАТ болмас еді. Тіпті аты МХАТ болғанымен де, заты басқа театр болар еді. У.Шекспир, Ж.Б.Мольер, Б.Брехт сияқты драматургтар өз театрларын құрды. Қазақ театрларының романтикалық бағытта дамуына М.Әуезов, Ғ.Мүсірепов, С.Мұқанов, Ж.Шанин, Ж.Аймауытов, т.б. жазушыларымыздың драматургиялары себеп болды. Ұлттық драматургиямыздың қалыптасуына көп еңбек еткен адамның бірегейі - Б.Майлин. Оның советтік солақай саясатты аяусыз әшкерелеген сатиралық пьесалары әлі күнге дейін өзінің мәні мен маңызын жоғалтқан жоқ. Оның шолақ белсенділері, жағымпаздары, парақорлары мен сыбайлас жемқорлары қазірде халықты қанқақсатып сорлатып отырған жоқ па!

Театр әлемі атты ғаламшарда әрбір режиссер өзінің драматургін, әрбір драматург өзінің режиссерін іздейді. Ш.Айтматовсыз Ә.Мәмбетовтың режиссурасы туралы сөз қозғаудың өзі орынсыз. Екеуінің мұраттастығынан «Ана –Жер ана», «Ғасырдан да ұзақ күн» сахнаға келді. Р.Струва Б.Брехттің «Кавказдық бор шеңберін», Дж.Стрелер К.Гольдонидің «Екі мырзаға бір қызметшісі» мен «Кампьелласын», Р.Туминас, М.Лермонтовтың «Маскарады» мен А.Чеховтың «Ваня ағайын», Ж.Хаджиев пен Б.Атабаев Ғ.Мүсіреповтің «Қыз-Жібегін» өздерінше сахналау арқылы өз авторлары мен өздерінің қолтаңбаларын табуға талпыныс жасады. Мен де режиссер ретінде драматург А.Сүлейменовты кездестірдім. М.Әуезовтың «Қилы заманын» (инсценировкасы Н.Оразалиндікі) сахналау бақытына ие болдым. Өзіңнің драматургіңді табу - режиссерлік бағытың мен қолтаңбаңды табу. Көркемдік ізденісі ортақ адамдардың бірлігінен ғана театр өнерінде жетістікке жетуге болады. Әрбір жаңа пьесаны оқыған сайын режиссер автордан өзіне шығармашылық мұраттастық табуға үміттенеді. Ұзақ жылдарға болса құдайдың бергені, болмаған күнде сол спектакльді сахнаға шығарғанша мұраттастық табудың өзі де бір ғанибет. Режиссердің пьесадан өзін толғандырып жүрген мәселерді көре білгенінде, оның уақытпен үндестігін сезінген де ғана қызығушылығы артады. Екіншіден драматург пен режиссердің ортақ ерекшеліктері (көзқарасы, талғамы, жазу мәнері, т.б.) болғанда пьесаны қоюға бел байлайды. Қызық пьеса кезігуі мүмкін, бірақ, басқа мәнерде жазылса режиссердің қиялына қанат бітіре алмауы мүмкін. Ондай пьесаны сахналауға екінің бірі тәуекел ете бермейді. Алғаш оқығаннан бастап еш құпиясыз бәрі түсінікті бола қалған пьесаны қоюдың қызығы да болмайды. Бізге әр оқыған сайын бір сырына қандырар драматургия қажет. Бұл талап өнердің барлық түрінеде ортақ.

Пьеса таңдауда режиссер: «қандай мақсат үшін қоямын?» деген сұраққа жауап іздеуі керек. Мейлі ол классика болсын, оқиғасы өткен заман туралы болсын, мейлі бүгінгі күн туралы немесе болашақ туралы болсын, бәрібір уақыт талабы мен келелі мәселелеріне үндестік табуы қажет. Тұрмыс-тіршіліктің күйбеңіне арналған, яғни бүгінгі күннің моральдік-этикалық мәселелерін көтеретін, не болмаса кейіпкердің жеке басын талдау арқылы қоғамдық жүйедегі көптеген сұрақтарға жауап іздейтін әртүрлі жанрдағы пьесалар болады. Режиссер осылардың ішінен өзінің талғамы мен танымына сай келетінін таңдайды. Пьесаның құнын оның тақырыбы мен көлемі емес, көркемдік деңгейі мен айтпақ ойы, көкейкесті мақсаты анықтайды. Драматург пен режиссер бір пьесадан әртүрлі тақырып пен мәселелерді көруі мүмкін. Ол заңды да! Кез келген мәселеге әркім өзіндік таныммен қарайды. Өзінше бағалайды. Драматург ойды сөз арқылы зерделесе, режиссер айтар ойын әрекет арқылы іске асырады. Суреткер қашанда өзіндік тұжырым жасауға ұмтылады. Олай болмаған күнде, ол суреткер де болмас еді. Демек, пьеса таңдауда режиссер өзінің ешкімге ұқсамас, ешқашан қайталанбас драматургиясын іздейді және қойылым барысында өзіндік қолтаңбасын табуға ұмтылары анық.

Болашақ қойылымда айтылар ой пьесаны таңдаудан басталады. Әр сөздің астарына үңіле, олардан әрекет пен тартыс іздей отырып пьесаны мұқият оқыған режиссер ақыры өзінің көкейінде жүрген драматургін тапқанына қуанады. Әр заман - адамзат алдына өзінің жаңа талаптары мен сұрақтарын қояды. Оның шешімін табуды талап етеді. Сондықтан, әр дәуір өзінің классиктерін тудырады. Классикалық драматургияның бүгінгі күнмен үндестігін ситуациясы мен кейіпкерлерінің сырттай ұқсастығынан емес, негізгі айтылар ойлардың тереңдігінен іздегеніміз жөн. Классикалық пьесаны қоюға құлшыныс жасаған режиссер, оның бұрын көрсетілмеген басқа қыры мен сырын ашып, көтерген көптеген тақырыптарынан уақытпен үндестігі бар біреуін ғана айшықтап көрсетуге күш салуы керек. Мұндай құлшыныс: «классиканы қойдым!» - деген атақ үшін емес, уақыт талабына сай аса қажеттіліктен туындауы қажет. Міне, сонда ғана қойылым өзінің қасиетті борышын өтей алады. Міне, сонда ғана режиссер – драматургты, драматург – режиссерді өнер биігіне бір табан жақындата алмақ. «Өзіңнің драматургің» - классик та немесе алғашқы пьесасын енді жазып жүрген жас та болуы әбден мүмкін. Тек автордың айтпақ ойы мен көтерген проблемасы режиссердің қызығушылығын тудырып, қиялына қозғау сала алса болғаны. Кейде пьесада тартыс та, қызықты оқиғаларға толы әрекет те, әдемі сөздер де кездескенімен, шындықтан алшақтанып, қолдан жасалғандықтан режиссерге ешқандай әсер етпейтін кездері болады. Кейде режиссер, сырт көзге алып бара жатқан шиеленісі жоқ сияқты көрінген жақсы пьесадан қажетті тартысты байқамауы мүмкін. Ол үшін режиссер автордың стилін, диалогтарды құру ерекшеліктеріне, сөйлеу мәнеріне мұқият зер салып оқуы шарт. Олай болмаған күнде көп сөздің құпиясы ашылмай қалуы ғажап емес. Мысалы, А.Сүлейменовтың шығармаларын оның өзіндік сөйлеу мәнеріне салып оқымасаңыз, қаншама тырысқаныңызбен терең түсінуіңіз екіталай. Сондықтан, Шекспир бөлек, Мольер бөлек, Чехов мүлде бөлек.

Пьесаның көркемдік деңгейі өмір құндылықтарының сырын қаншалықты дәрежеде аша білуінде жатады. Режиссер өмірді неғұрлым терең білсе, драматургиялық шындықтың өлшемін де соғұрлым дәл анықтай біледі. Сондықтан да режиссерге күнделікті өмірді біліп қана қоймай, оны өзінің суреткерлік көзқарасымен зерделеп, ой таразысынан өткізіп, өзгеше бір жорамал жасай білгені құба-құп. Әр режиссер, тіпті, әр театр өз пьесасын талмай іздеуі керек. Сонда ғана өнердегі қолтаңба мен бағыт туралы сөз қозғауға болады.

«Пьеса - театр үшін материал ғана. Автордың ойына керағар түрде бір әріпін қалдырмай, режиссерлік және актерлік екпінмен оқуыма болады. Автордың айтар ойын сақтап, жүзеге асыру - пьесаның әріпі үшін күрес емес» - деп, В.Э.Мейерхольд айтқандай, театрдың драматургияға аса жауапгершілік танытуы қажет. Ең бастысы автордың сөзі емес, сөз астарындағы ойы қымбат. Режиссер пьесаны оқығанда тексті ғана жеткізіп қоймай, кейіпкерлер әлеміне терең бойлап, құпия сырларын жеткізуге тырысуы керек. Пьесаның қыр-сырына қанғаннан соң болашақ қойылымның формасын іздейсің. Пьесадағы оқиғаларға көзқарасыңды білдірудің түрлерін (формаларын) табуға тырысасың. Пьесадағы оқиғалар легі мен іс-әрекеттерді көріп, түсіну өз алдына, енді оларды қалай іске асыруды, көрсетуді ойластыру қажет. Өзгелер қолданған тәсілдерді қолдансаң драматургтың айтпағын дөп баса алмай, басты мақсаттан алшақтап кетуің мүмкін. Ондай кездерде қойылымың басқалар қойған спектакльдердің жаман көшірмесіндей болып кетуі де ғажап емес. Немесе бар жағынан кемелденген тамаша пьесаны алған кей режиссердің өзінің үйреншікті «әдіс-айласына» салып қоюынан сүреңсіз қойылымдардың қатарында қалып қалуыда әбден мүмкін. Демек, режиссерге әр пьесаның қойылымына қажетті өзіндік формасын табуына тура келеді.

Кейде театрға «идеясы қоғамдық өмірге үн қосатын, заман талабын ашатын» пьесаларды қоюды міндеттейді. «Бүгінгі күннің геройын» көрсетуді талап етеді. Дұрыс та шығар. Бірақ, көрермен өз замандасының бүгінгі бейнесін қалай көрмек? Олардың өздері білетін өмір шындығынан артық білгісі келе ме, әлде өз тірліктерінің бір көрінісін көргісі келе ме? Күнделікті тұрмыстағы тірлікті көрсету кереметтей шынайы болғанымен өнер туындысы бола алмайды-ғой. Әсіресе ондайды жазған драматург пен қойған режиссерге, ойнаған актерлар үшін еш қызықсыз. Көркемдік ойға көтеріле алмаған өмір шындығы өнер туындысы бола алмайды. Өкінішке орай оны екінің бірі түсіне бермейді. Натурализмді реализммен шатастыратын адамдардың да шығармашылықта көптеп кездесетіні өтірік емес. Оскар Уайльд айтқан: «Өнердің өмірге еліктеуінен гөрі, өмірдің өнерге еліктеуі басымырақ» - деген ойын ұстаным еткеніміз дұрыс болар еді.

Пьесамен жұмыс барысында қысқартулар мен толықтырулар жасауға тура келеді. Режиссерге, өзі жаза білмегенімен өзгенін жазғанын өңдеп, түзетіп, түр беретін жақсы редактор бола білгені жөн. Сахна желсөздердің емес, іс-әрекеттердің орыны болғандықтан көбіне қысқартулар – автордың сөзбен баяндағанын, әрекетпен ұтымды етіп жеткізер тұстарда жасалады. А.П.Чехов айтпақшы: «Жақсы жаза білгеннің бәрі жазушы емес, артық сөздерді алып тастай білген жазушы». Жалпы көп сөзділіктен, «ақыл айтудан» қашу керек. Айтылған сөзде астарлы ой, ұтымды әрекет, белгілі мақсат жатпаса пьесаның да жоқ болғаны. Оқиғаларды хроникалы түрде баяндағаннан пьеса, кейіпкерлерді төбелестіріп қойғаннан әрекет тумайды. Пьесадағы әрбір диалог әбден екшеліп, електен өтіп барып жазылады. Режиссер пьесаға қысқартуды артистермен дайындық бастамастан бұрын жасағаны жөн. Олай болмаған күнде ролін көшіріп алған актердің режиссер қысқартпақ болған кей сөзді ұнатып, өзінше бір «сөз ойнатарлық» мүмкіндік көрсе қысқартуға қимай, қарсылық көрсетіп жататын кездері жиі кездесіп жатады. Ал, болашақ спектакльдегі әрекеттердің динамикалық жағынан шиыршық атып өрбуі үшін, сәтті жазылса да кей сөздерді, тіпті толық бір көріністерді режиссердің қысқартуына тура келеді. Қысқартулар мен толықтырулар пьесаның шиеленісін, кейіпкерлердің мінез-құлқын, іс-әрекетін ескере отырып жасалғаны дұрыс. А.Сүлейменовтың мына бір сөзін келтірсек: « Өмір - өнер болғанда, өнер - өлшем. Өнер - өлшем болғанда, өлшем – үнем. Ал, үнем – тірліктің күре тіні» - дейді. Айтпақ ойы мен суреткерге қояр талабы анық сезіліп тұрған жоқ па?!.