Мақала
Қарағанды сахнасында жаңғырған «Жас Абай»
Қазақтың ғұлама ақыны Абай Құнанбайұлының туғанына 175 жыл толуына арналған мерейтойлық мәдени іс-шаралардың алғашқы легі Қазақ театрларында басталып кетті
Бөлім: Театр
Датасы: 28.04.2020
Авторы: Анар Еркебай
Мақала
Қарағанды сахнасында жаңғырған «Жас Абай»
Қазақтың ғұлама ақыны Абай Құнанбайұлының туғанына 175 жыл толуына арналған мерейтойлық мәдени іс-шаралардың алғашқы легі Қазақ театрларында басталып кетті
Бөлім: Театр
Датасы: 28.04.2020
Авторы: Анар Еркебай
Қарағанды сахнасында жаңғырған «Жас Абай»

Қазақтың ғұлама ақыны Абай Құнанбайұлының туғанына 175 жыл толуына арналған мерейтойлық мәдени іс‑шаралардың ұйымдастыру жұмыстары басталып кеткені баршамызға аян. Елбасы Н. Назарбаев «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты жолдауында мәдени құндылықтарымызды әлем елдеріне таныту үшін жаңашылдыққа құрылған тәсілдерді ойластыру қажеттігін атап өткен болатын. Осы орайда, ұлттық театрлар сахнасына ойшыл данамыздың бейнесін шығаруға бет алып, ақынның бай мұрасын қайта жаңғырту мен дамыту бағытындағы ауқымды жұмыстарды бастады.

С.Сейфуллин атындағы Қарағанды облыстық академиялық қазақ драма театры карантинге жабылар алдында «Жас Абай» спектаклінің премьерасын шығарып үлгерді. Т.Ибрагимовтың пьесасының біраз тұсын қысқартып, өңдеген театртанушы Мирас Әбіл. Шығарманың аты айтып тұрғандай қойылым Абайдың жастық шағын, бозбала кезін суреттейді. Қоюшы режиссер Нұрлан Жұманиязов драматургтің осы көркемдік-идеялық бағытын ұстанып, жас Абайды қалыптастырған ортаны көрсетуге тырысқан. Осыдан өзінің жастық албырттығымен, қалыптаса бастаған көзқарасымен жас ақын бүгінгі ұрпақты тазартып, рухани көтерілуіне әсерін тигізетін мол дүние күткеніміз рас.

Құнанбай рөліндегі Б.Киекбаев кейіпкерінің сыртқы тұлғасына да, мінезіне де жаңаша келуге тырысыпты. Жылдар бойы сахна төрінен көріп жүрген зор тұлғалы, жағалы шапанды, соқыр көзі жабылған Құнанбайдың орнына Қарағанды театрының сахнасынан дене бітімі жинақы, ширақ қимылды орта жастағы шапшаң саясаткерді көрдік. Сонымен қатар, актер көзін жаппай, соқырлығын ақ линза киюі арқылы беруінің өзі Құнанбай бейнесіне жаңа леп бергенін айта кету керек. Әрине, Құнанбайдың ел билейтін салмақты келбетінен гөрі, күйгелектеніп кететін, бір көңіл‑күйден екіншіге тез аусатын адамды көрдік. Осы тұста, Құнанбай – Б.Киекбаевтың баласы Абайға деген көзқарасын, оның елге, билікке аралассын деген ниеті көп жерден байқалмады. Тек, Абай төсек тартып жатып қалғанда келіп, үстіне шапанын жабатын бір ғана сахна әкелік мейірімін байқатты. Басқа сахналардан әкесінің баласына деген қарым‑қатынасы да, ұстанып отырған саясаты да толыққанды ашылмағаны өкінішті. Қодар мен Қамқаны соттайтын сахнада Құнанбай – Киекбаевтың бастапқыда әзер сөйлеп, бірнеше рет құлай жаздап (жүрек талықсымасы ма, қан қысымы ма, түсініксіз), кенет мұның барлығы халық алдындағы спектакль екенін көрсеткендей дауысын шығарып, бойын түзеп шыға келуінің астарлы ойы көрерменге толық жетпеді. Азулы да әккі Құнанбайдың өзіне тән психологиялық көңіл-күйі сезілмейді, мінезіндегі ірілік, сөзі қатты шыққанымен өктемдік, зіл жетіспейді. Б.Киекбаев кесек тұлғалы кейіпкерлердің табиғатын ашуда әлі де іздене түссе деген ниеттеміз.

Жас Абайды екі құрамда А.Жұмамұратов пен А.Амантай орындады. А.Жұмамұратовтың дауыс ырғағының кең әрі ашық шықпауынан жас ақынның батыл сөздері көрерменге естілмей жатты. Актер сахнадағы сөз әрекетін ойната алмады. Сонымен қатар, Қодардың өлімін қатты жүрегіне алған Абай – А.Жұмамұратов қойылымның аяғына дейін жылап сөйлеуі түсініксіз болды. Бұл тұста актерге Абайдың ел билеуші өкілдерінің саяси көзқарастарының қатыгездігін түсіну сәттердегі ішкі жан дүниесінің күйзелісін жеткізуге әлі де мол ізденіс қажет деп ойлаймыз.

Екінші құрамдағы Абай рөліндегі – А.Амантай жалынды жастықтың романтикалық сезім толғаныстарын, Тоғжанға деген ғашықтық сезімдері мен асқақ арманшылдық қасиеттерін барынша шынайы кескіндеуге тырысқан. Орындаушының өткір жанары, бет-әлпетіндегі өзгерістер Абайдың толғаныстарынан туындап жатты. Дауысы да анық жетуі қуантты. Дегенмен де, актерге сөз бен әрекетті байланыстыруда әлі де болса ізденіс керектігін айтқанымыз жөн. Әкесінің ұстанған саясатын қабылдап, оның іс‑әрекетінің дұрыстығын мойындаған тұстағы кейіпкердің осы ойға жету эволюциясын актерге де, режиссерге де әлі қарастыру қажет. А.Амантай жас Абайдың оқиғаға лайықты мінез құбылту, көңіл-күй ауыстыру секілді құбылыстарына алдағы уақытта жауапкершілікпен қарай түсер деген сенімдеміз.

 

Жалпы, Абайды ойнаған актердің екеуі де таулы-тасты кең далада ән айтқан бойжеткен Тоғжанның даусын естігенде елең ете қалатын бозбала жігітті шығара алмады. Ұлжан баласына Ділдаға құда түсетінін айтқан кезде Абайдан еш өзгеріс байқамаймыз. Ғашық жігіт мұндай сөздерге қарсылық, не болмаса өкініш секілді сезімдерді көрсету керек емес пе еді деген ой мазалайды.

Жалпы, қойылымға лирикалық сарын беретін сахнада Абай мен Тоғжан арасындағы махаббат жалыны, бір-біріне ынтық жандардың көңіл-күй толғаныстары, осындайда еріксіз үйіріп әкететін ыстық сезім иірімдері де сезілмейді. Екі жас ғашықтың соңғы кездесу сахнасы толыққанды режиссерлік тұрғыдан да, актерлердің ойынынан да ашылмағаны өкінішті. Актерлердің сөздерін мүлдем бір‑біріне қарамай айтуы, іштегі толғаныстарын сахнада әрлі берлі жүгіруімен жеткізуінің өзі көрерменді қынжылтты.

Тоғжан роліндегі С.Ташимбекованың да, Н.Тезекбаеваның да ойынынан Абайдың алғашқы махаббат сезімдерінің тууына себепші болған бойжеткеннің бейнесін көре алмадық. Актрисалардың сахнадағы біркелкі жүріс-тұрысы, сезімдерді құр жүгіруімен, таптауырын болған «классицистік» ым‑ишарамен жеткізуі бүгінгі театр үшін аздық ететінін ескерген жөн. Сондай‑ақ, Ұлжанды сомдаған Д.Айгазинованың ойыны да мүлдем көрінбеді. Оның қасында, екінші құрамдағы Г.Базарбаеваның ойынында шынайылық, жарқын мінезді келіншектің, ұлттық дәстүрді білетін ел анасының мінездері байқалып тұрды.

Бұл ретте Зере ролі Н.Жансүгірова мен З.Абдықалықованың орындауында шынайы бейнелеу тапқан. Абайды еркелетуі, ауырғандағы уайымы, намазын оқып отырып немересінің саулығын тілеуі сынды сахналарда екі актрисаның да қимылдарындағы еркіндік, жарасымдылықорындаушылық өнердегі ішкі үйлесімнің табиғилығын көрсетті. Осы арқылы актрисалар біздің аға буын актерлеріміздің өнеріндегі зеректігін танытты.

Спектакльдегі Б.Сүлейменов сомдаған Сүйіндік өзінің бар болмысымен шынайы шыққан кейіпкердің бірі болды. Актер оны сабырлы, ақылға бой алдырған салмақты жан етіп кескіндеп, ойынын ойлы әрекетке құрған. Әсіресе Б.Сүлейменовтың дауыс екпініне үлкен мән беруі, әр сөз, сөздегі әр әріптің нақты жетуін қадағалауы көзге бірден түсіп тұрды.

Спектакльдегі М.Садықановтың Бөжейі, Б.Ахметов пен Е.Жүнісбековтің Жетпісі, Б.Бәкіжановтың Жексені драмадағы оқиғаларды өрістетіп дамытушы, басты тартысты тудырушы кейіпкерлер. Актерлер сахнада бір‑бірін толықтырып, іштей үндестік табуға бар күштерін салғанымен де өздеріне жүктелген рольдерін ойдағыдай шығара алмаған. Әсіресе, Сүйіндік, Жетпіс, Жексеннің бір бірін қамшымен ұрғылау сахнасы тұрпайылығымен қатар, режиссерлік жағынан ақталмаған мизансценалардың бірі болып қалды.

Н.Жұманиязов шығарманы сахналауда дәстүрлі жолды ұстанғандығынан қойылымда аса жаңа режиссерлік ізденістер байқалмады. Трагедияның ең тартысты көрінісі – Қодар мен Қамқаның тағдыры шешілетін сахна мүлде ашылмағандай әсер қалдырды. Бұл қойылымның шарықтау шегіне апарар маңызды баспалдақ болғандықтан осы оқиға әркетіне басты мән берген дұрыс еді. Орындаушылардың сахнаны айнала отырып, билік айтатын тұстарда жаттанды сөздерді айтып шығумен ғана шектелді. Шығарманың бір сарында өтуі, актерлердің сахнаға шығып, өз кезегі келгенде ғана сөйлеп, қалған уақытта оқиға әрекетіне мүлдем араласпауынан режиссердің оларға роль сомдаудағы нақты мақсаттарын түсіндірмегендей әсер қалдырды.

Қойылымдағы орын алған көпшілік көріністеріне шынайылық, көркемдік логика жетпейді. Сахнадағы өтіп жатқан оқиғаға араласпай‑ақ қойсын, бірақ сол оқиғаға әрекетімен, қарым‑қатынасымен өз көзқарасын білдіретін сәттер қажет‑ақ. Оқудан келген Абайды күтіп алған жұртта қуаныш сезімі, Қодар мен Қамқаны нарға байлап асқандағы қайғы, мұң, не болмаса «өздеріне сол керек», я «обал‑ай» деген бір тобырлық қарым‑қатынасты да көрсетпейді. Осыдан бұл сахналардың барлығы плакаттық, иллюстрациялық дәрежеден аса алмай қалған. Дәл сондай, Қодар мен Қамқаның өлімі туралы шешім шыққанда көпшіліктен суырылып үш‑үш адамнан шығып, алдыға келіп тізерлеп «Жаза! Жаза! Жаза!» деп ақырын ғана айтуымен режисердің не айтқысы келгені түсініксіз. Тарихи оқиғада халық сахналары эпикалық ауқым, көркемдік тұтастық, шексіз кеңістік бергенді қалайтынын ұмытпағанымыз жөн.

Спектакльдің бейнелік шешімін түйіндеуге ат салысқан суретші – Алматыдан арнайы шақыртылған Есенгелді Тұяқовтың декорациясы да дәстүрлі бояулармен көмкеріліпті. Тарихи тақырыптың аясын, эпикалық ауқымын беру мақсатымен қазақтың кең даласын перспективалық шешіммен ұсынып, сахнадағы айналмалы шеңберге Шыңғыс тауының бір жотасын бейнелепті. Ал оның төбесіне орналасқан қақпаны суретші үлкен оймен жасағанын байқадық. Ол қақпа – Құнанбайдай қажы мен Абайдың түрлі белестерден өтіп, өрге, қияға жеткен нұрлы жолы. Осылай суретші Е.Тұяқов сахнадағы декорацияны тек өтіп жатқан оқиғаның фоны ретінде қарамай, көркемдік мазмұнын да ашуға ден қойған.

Н.Жұманиязовтың «Жас Абай» спектаклінің режиссерлік шешімі «дәстүрлі» арнадан шықпағандықтан тың ой, жаңалық пен ізденіс те болған жоқ. Режиссураға шығарманының ерекшелігінен туындайтын түрлі символдық, көркемдік қиял жетіспейді, яғни сахналық бейнелеу тәсілдерінің заманауи түрлері қарастырылмаған. Бәрі де пьесаның шеңберінде қалған. Әрине, шығармада кейіпкерлер санының көптігі де біраз бейнелердің аяқталмағанына әкелді. Осының бәрі спектакльдің даму ырғағына кедергі келтірді.

Театрлар төріне ұлтымыздың ұлы тұлғасы Абайдың бейнесі қайта жаңғырып жатқаны бәрімізді қуантады. Бірақ қойылымдар сол бұрынғы дәстүрлі жолмен шектелмей, таптауырын болған бағытта қалмай, жаңаша, театрдың өзіне тән ізденістеріне сай даралығымен көрінсе екен деген ниеттеміз. Бұл жерде біз сыртқы форманы айтып тұрған жоқпыз (заманауи дегенде көбі тек форманы қабылдап жатады ғой), ең бастысы режиссердің ой‑тұжырымының нақтылығын, актердің бейнені шығарудағы ізденіс нәтижелерін, жалпы қойылымның көркемдік тұтастығына салғырт қарамауларыңызды алға тартамыз. Заман өзгерді, уақыт өзгерді. Және әр заман мен уақыттың талғамы мен талабы да өзгеріп жатқанына көзіміз әбден жетіп отыр. Сондықтан, еліміздің көне қарашаңырақтардың бірі – Қарағанды театрының ұжымы «Жас Абай» қойылымын өткінші спектакльдердің қатарында қалдырмай, қазіргі уақытша орныққан жағдайды пайдаланып, қойлымды пысықтай түссе жаңа маусымда әдемі дүние көретінімізге сенімдіміз.