Мақала
М.Әуезов театры сахнасындағы жаңа туынды - «Бақыт кілті»
Жуықта М.Әуезов атындағы Қазақ академиялық драма театрының репертуары тағы бір жаңа қойылыммен толықты. Еліміздің бас театрында алғаш рет жас драматург Қолғанат Мұраттың «Бақыт кілті» пьесасы сахналанды. Режиссері Қазақстанның халық артисі, профессор Есмұхан Обаев
Бөлім: Театр
Датасы: 01.03.2017
Авторы: Меруерт Жақсылықова
Мақала
М.Әуезов театры сахнасындағы жаңа туынды - «Бақыт кілті»
Жуықта М.Әуезов атындағы Қазақ академиялық драма театрының репертуары тағы бір жаңа қойылыммен толықты. Еліміздің бас театрында алғаш рет жас драматург Қолғанат Мұраттың «Бақыт кілті» пьесасы сахналанды. Режиссері Қазақстанның халық артисі, профессор Есмұхан Обаев
Бөлім: Театр
Датасы: 01.03.2017
Авторы: Меруерт Жақсылықова
М.Әуезов театры сахнасындағы жаңа туынды - «Бақыт кілті»
"Бақыт кілті" қойылымы

Қолғанат Мұрат – Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының «Кинотеледраматургия» бөлімінде Қазақстанның Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, көрнекті жазушы-драматург Дулат Исабековтың шеберханасынан білім алған. Қазіргі таңда оның пьесалары Арқалық Жастар және Ақмола облыстық қазақ музыкалы-драма театрларының сахнасында қойылып үлгерген. Сондықтан жас драматургтың кезекті туындысын тамашалауға үлкен қызығушылықпен келгеніміз рас.

«Бақыт кілті» пьесасы бүгінгі таңда елімізде көп айтыла бермейтін кен байыту өндірісі тақырыбын арқау етіп, осы ауқымды салада жүрген жұмысшылардың сан қилы тағдырын, әлеуметтік шындығын драма тілінде жеткізуге тырысқан.

Тәуелсіз Қазақстанның тарихында адал еңбегімен ел игілігіне тер төгіп, қарабастарының қамы үшін ғана емес, бұқара жұрттың да әлеуетін ойлаған азаматтар баршылық. Бірақ халық түсінігінде «бизнесмен» деген кейіпкер тек бір жақты жағымсыз түрде қарастыру дәстүрі бар. Бұл кеңестік кезеңнен қалған стереотип. Драматург қалыптасқан осы ұғымға қарсы шығып, бас қаһарман Бауыржан арқылы зиялы кәсіпкер бейнесін жасауды құп көрген.

Бүгінгі рухани құндылықтардың құлдыраған кезеңінде Бауыржандай іскер жігітті сахнадан көрсету заман талабы. Қоғамда парақорлар мен жегіштер көбейген сәтте жең ұшынан жалғасқан жемқорлықпен күресудің бір құралы – театр екені сөзсіз. Осы ойды мықтап ұстанған Қ.Мұрат «Бақыт кілті» драмасында қазіргі қоғамымыздың парақорлық, сыбайлас жемқорлық, екіжүзділік, т.б. кеселді мәселелерін ашық көрсетіп, замандастарымыздың (Билік адамы, Полиция бастығы, т.б.) жинақтық бейнесін жасаған. Пьесадағы негізгі тартыс Бауыржанның қасындағы етжақындарымен оның кәсібінен нәпақасын алғысы келетін қанды қол қарақшылар арасында өрбиді. Тартыстың көрігін қыздыра түсу үшін әлеуметтік ортадағы дімкәс бала, ауыл адамы, шахтерлер сынды қосалқы кейіпкерлерді енгізген. Дегенмен, басы артық кейіпкерлер де бар, мәселен, Қара киімді адам (Елес) бейнесінің драмада атқарар көркемдік функциясы шамалы. Бұл бейне арқылы драматургтің екі әлемнің байланысын көрсетуге деген талпынысы сезілгенімен, ол ойы толықтай жүзеге аспай қалған. Сонымен қатар Бауыржанның кей сәттерде бас ауруының ұстап қалатын көрінісі логикалық жағынан күмән тудырады.

Шымылдық ашылған сәтте сахна кеңістігінің визуалды түрде бірнеше бөлікке бөлінгенін аңғарамыз. Сахнаның орта тұсында алтын қазатын шахтадағы жұмысшылардың іс әрекеті өтсе, ал алдыңғы жағы шахта басшылығының офистегі өмірін көрсетеді. Ал сахна көкжиегінде орналасқан видеопроекция көмегімен жол апатының бейне (видео) көрінісі беріледі. Спектакль «Бүгін белгілі бизнесмен Бауыржан Асаубаев жол апатынан қайтыс болды» деген ақпараттан басталады, бірақ бұл спектакльдің соңы, ал нағыз оқиға көрерменнің көз алдында қайта жанданады. Режиссер спектакльді дәстүрлі шешімге құрған. Сценографиялық безендіруді жүзеге асырған суретші Мұрат Сапаров ұсынған спектакльдің кеңістіктік шешімі ондағы оқиғалардың жіті ауысуына әбден лайық. Бірде кабинет, бірде шахта ретінде көрінетін сахна алаңын режиссер де сәтімен қолданған. Дегенмен бірыңғай қара-сұрқай түстердің қойылым соңына қарай жалықтырып жібергені рас. Спектакльді жарықтандыру партитурасы тағы бір жіті қадағаланса, туындының ұтары көп. Қойылым барысында жаңа технологиялардың жетістіктерін қолдану сәтімен жүзеге асқаны байқалады. Техникалық құрылғылардың көмегі қойылымның көркем идеясының ашылуына септігін тигізген.

Режиссер жұмысының жемісі қашанда актерлер ойыны арқылы байқалатыны белгілі. Осы ретте, спектакльдегі актерлік ансамбльдің бір деммен өнер көрсетуі режиссердің түпкі мақсатына жеткенінен хабар береді. Сөзіміздің дәлелді болу үшін қойылымдағы бірқатар актерлердің ойынына жекелей тоқталуды жөн көрдік.

Бас кейіпкердің бейнесін нанымды сомдау қашанда күрделі мәселе екені әлімсақтан аян. Әсіресе, пьесада мінсіз жасалған қаһарман мінезінің сахналық мүсінделуінде пафосқа ұрыну қаупі бары екі бастан түсінікті. Бауыржан роліндегі артист Е.Дайыров та осы қиындыққа жолыққанын бейнені жасау процесінен байқау қиын емес. Актер пьеса мәтініне қашанда тәуелді. Ал «Бақыт кілті» драмасында Бауыржанның іс-әрекеті мен айтар сөздері бейнені пафосқа бағыттайтын алғышарттардан ада емес. Сондықтан актер ойнында да кей сәттері салтанатты мәнерлілік, көтеріңкі леппен сөйлеу басымдылық танытады. Соған қарамастан, Е.Дайыров сіз бен біз танитын шынайы адамды көрсетуге тырысты. Бауыржан-Е.Дайыровтың өмірлік жары Жанармен (актриса Л.Қалдыбекова) сыр бөлісетін сәті мен бас геолог Казаковпен (актер Б.Қаптағай) ақылдасып, болашақ жайында әңгімелесетін кездерінде сахнагер кейіпкердің психологиялық тебіреністерін нанымдылықпен жеткізе алды. Актердің ойлы көз жанары, терең толғаныспен айтылған сөз орамдары көрерменді шынайылығымен баурап, кейіпкердің өмір-тіршілігіне қалтқысыз сендірді.

Спектакльде ойнаған актерлік құрам арасында толыққанды бейне жасай білген Ермек роліндегі А.Жұмабаевтың есімін ерекше атап өтеміз. Өз ролінің кескін-пішінін дөп басып тапқан актер ойыны бір көріністен келесіне өткен сайын күрделеніп, рольдің даму эволюциясын байқатты. Жанашыр дос деп жүрген Ермектің түбінде сатқын болып шыққаны сіз бен біз өмір сүріп отырған қоғамның сүреңсіз суретін еріксіз еске салғаны рас.

«Бақыт кілті» қойылымы

Жоғарыда айтқанымыздай, пьесадағы Елес бейнесінің сахналық қалпы да көрушіні екіұшты ойға жетелейді. Сондықтан тәжірибелі актер Ү.Сейтімбет рольдің негізгі мәнін түсінбегендіктен оны кіріп-шығар қосалқы эпизодтық бейне қатарында қалдырған. Сол сияқты, Әкім роліндегі актер Азат Сейтметов пен Мафияны ойнаған артист Т.Сағынтаев бейнелерінде бір жақтылық басым. Біз олардың арам пиғылын алғашқы сахналардан танимыз. Соның салдарынан спектакльдің қалай аяқталарын алдын-ала сезініп, кейіпкерлерге деген қызығушылық бәсеңсіп қалды. Екінші сөзбен айтсақ, бұл қос бейнеге тереңдік, ізденіс жетіспейді. Спектакльдегі Бауыржанның әкесі Қанат (актер Т.Аралбай) пен анасы Маруся (актриса Г.Жакупова) бейнелері схемалық қалыптың аясында қалған. Ал эпизодтық сахнада көрінсе де көрерменнің көкірегінен орын тепкен актриса Л.Қалдыбекова жасаған Жанар бейнесі лирикалық нәзіктігімен ерекшеленді.

Қорыта айтқанда, арнайы тапсырыс бойынша жазылған дүниенің тігісін жатқызып, көркем, драма тілінде сөйлеткен драматургтің төккен тері текке кетпеді. Пьесаға жан бітірген қоюшы-режиссер Е.Обаевтың да еңбегі еселі. Бүгінгі күн тақырыбын арқау етіп, жаңа заман кейіпкерін көреременге ұсынған шығармашылық топтың бұл туындысы көптің көңілінен орын тебері сөзсіз.